Жуалыдағы жарқын жүздесу
«Асыл тастан, ақыл жастан» дейді халық. Тың идеяға бай, ерік-жігері жоғары, жалынды жастармен пікірлесіп, қабілетін ел игілігіне пайдаланса, тындырымды іс көп болары сөзсіз. Осындай ортақ мүддені көздеген кездесу Жуалы ауданында жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен өтті.
Жуалы ауданының әкімі Жалғас Мұртаза өңір жастарымен кездесіп, олардың ой-пікірлерін тыңдады. Кездесу барысында аудандық жастар ресурстық орталығының жастармен жүргізген жұмысы көрсетілді. Жас жеткіншектердің қолөнер бұйымдарының көрмесі қойылып, домбырашылар күмбірлете күй тартты. Сонымен қатар жас ғалымдар өз қолдарынан шыққан роботтар мен 3D принтерлермен жасаған еңбектерін таныстырды.
Аталған кездесуге мәдениет, қорғаныс, денсаулық сақтау саласында еңбек етіп жүрген жастар, ауданның атын облыстық, республикалық, әлемдік деңгейде танытып жүрген спортшылар, өнертапқыштар мен ақындар, өз кәсіптерін өрлетіп отырған кәсіпкерлер, үздік БАҚ өкілдері, республикалық жоғарғы лига ойындарында өнер көрсетіп жүрген жайдарманшылар, пікірсайысшылар, шахматшылар, белсенді волонтерлер, №16 Жуалы колледжінің үздік студенттері қатысты.
Аудан басшысы өз сөзінде белсенді жастармен кездескеніне қуанышты екенін жеткізіп:
– Кез келген мемлекеттің дамуы, болашағы сол елдің жастарында, яғни сіздердің қолдарыңызда. Біздің мемлекетімізде болашақ жастар үшін барлық жағдай жасалған. «Тәртіпке бас иген құл болмайды» деген Бауыржан Момышұлының сөзі бар, сол сияқты тәртіпке бағынып, талмай еңбек етсек, алынбайтын қамал жоқ. Мен сіздерге сенемін, тек алға ұмтылыңыздар, еңбек етіңіздер, – деді.
Кездесуге келген жастардың бірқатары өз ауылындағы мәселелерді көтеріп, сұрақтарын ортаға салды. Ұсыныс-тілектерін жеткізіп, пікір алмасты. Жастар тарапынан болған сұрақтарға жауап берген аудан басшысы айтылған мәселелердің шешімі қарастырылатынын жеткізді.
Ауданда жетістікке жеткен жастарды марапаттау рәсімімен жалғасқан кездесудің көркін «МузАрт life» тобының мүшесі Нұрхат Сегізбай әнмен әрлеп, кездесуге келген қонақтарға көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Жуалы ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі
Келесі мақала