Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Қонаев – биіктіктің өлшемі

Қонаев – биіктіктің өлшемі
qazaq1913.com
Тарихта өз дәуірінің ғана емес, келер ұрпақтың да санасында үлгілі ғұмырымен жатталып қалатын тұлғалар болады. Солардың бірі – Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев. Бұл есім жай ғана саяси қызметпен шектелмейді. Біле білсек, Қонаев – тұтас бір кезеңнің бейнесі, халықтың сенімі мен тұрақтылықтың символы.

Дінмұхамед Қонаев – өз заманының теңдесі жоқ аса ірі саяси тұлғасы. Ол Қазақстанның игілігі үшін, халқының әл-ауқатын, тұрмыс-тіршілігін, өмірін жақсарту үшін қызмет етті. Өнеркәсіптің дамуы, жаңа қалалардың пайда болуы, ғылым мен білімнің өркендеуі... Мұның ешқайсысы да кездейсоқ емес. Бұл – жүйелі жұмыстың нәтижесі.

Өнегелі ғұмыр иесінің тағы бір ерекшелігі – адами болмысы. Сол тарихтың таудай толқындарының үнінен ұлы тұлғаның туған халқына арнаған мына сөзі жүрекке жетіп, көңілді тербегендей болады. «Қалтқысыз қызмет етуге, аманатыңа адал болуға, адам баласына қиянат жасамауға, ала жіптен аттамауға тырыстым. Соңғы демім таусылғанша алақаны аялы, жаны саялы елім, саған, алтын бесігім – жерім, саған қызмет етуден танбаймын. Менің жан баласына өкпем жоқ. Ал менде кеткен өкпе, реніш, наз болса, ақ басымды иіп, мың қайтара кешірім сұраймын. Арайлап атқан әрбір таң сіздерге қуаныш әкелсін. Алдымыздан ақ жарылқап күн туа берсін, айналайын ақпейіл жұртым!». Бұл сөздерді толқымай тыңдау, тебіренбей оқу қиын. Ел иесі бола жүріп осынша кішірею, жер иесі бола жүріп осынша аласару жерін де, елін де шексіз сүйген, бүкіл саналы ғұмырын ел игілігі үшін жұмсаған, халқына қалтқысыз қызмет еткен жанның, өшпейтін жарығы, өлмейтін рухы бар адамның ғана қолынан келмек.

Қазіргі қоғам үшін Қонаевтың тұлғаның бейнесі – тұрақтылықтың қадірін, сабырдың салмағын және халыққа адал қызмет етудің шынайы мәнін айқын көрсететін биік өлшем. Уақыт алмасса да мұндай асыл құндылықтар ешқашан өз маңызын жоғалтпайды, керісінше, жаңа дәуірде жаңаша танылып, тереңдей түседі. Сондықтан Қонаев – өткеннің ғана шежіресі емес, ол – бүгінге темірқазық, ертеңге жол нұсқайтын мәңгілік рухани бағдар.

Эра ЕЛТҮЗЕРОВА,
облыстық тарихи-өлкетану
музейіне қарасты Д.А.Қонаев
орталығының маманы

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар