Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

17 жылқыны жер жұтып қойды ма? немесе мал ұрлығы мазаны алып тұр

17 жылқыны жер жұтып қойды ма? немесе мал ұрлығы мазаны алып тұр
ашық дереккөз
17 жылқыны жер жұтып қойды ма? немесе мал ұрлығы мазаны алып тұр
Әлімсақтан біреудің ала жібін аттауды жөн санамайтын қазақтың «Ұрлық түбі – қорлық» деген сөзі тектен-тек айтылмаса керек. Шынымен де ұрлықпен тапқан малдан адам байыған емес. Бір жағынан «Ұрының көңілінде болсаң да көзінде болма» демекші, малын қадағалап отыратын шопандардың тірлігі ғана оңға баспақ. Неге? Өйткені кейде малдың жоғалуы қараусыздығынан да болып жатады. Мұндайда қазақ «Өзіңе-өзің мықты бол, көршіңді ұры тұтпа» деген. Демек малдың жоғалуы ұрының әккілігінен ғана емес, керісінше иесінің осалдығынан болмақ. Ендеше «Аймағымыздағы ахуал қалай болып тұр?» деген оймен біз мал ұрлығы туралы біраз жайтқа қаныққан едік. – Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің мүлікті қорғау жөніндегі 2021-2023 жылдарға арналған бағдарламасы шеңберінде мал ұрлығына қарсы іс-шараларды қамтитын арнайы жоспар бекітілген. Облыстық полиция департаменті тарапынан мал ұрлығының алдын алу және ашу мақсатында кешенді іс-шаралар ұйымдастырылуда. Нәтижесінде ағымдағы жылдың 7 айында облыс аумағында мал ұрлығының тіркелуі былтырғы тиісті кезеңмен салыстырғанда 30,4 пайызға азайған. Яғни өткен жылы мал ұрлығына байланысты 69 дерек есепке алынса, биыл 48 дерек тіркелді. Ал қылмыстың ашылуы 46,3 пайыздан 55,7 пайызға өсті. Жыл басынан бері мал ұрлығын жасаған 41 тұлға қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Соның ішінде 11 адамнан тұратын 5 қылмыстық топ құрықталды. Облыс аумағында ұрланған 557 бас малдың 340-ы иелеріне қайтарылды, – дейді облыстық полиция департаменті криминалдық полиция басқармасының бөлім бастығы, полиция подполковнигi Қанат Қожамқұлов. Осылайша мамандар мал ұрлығының азайғанын, тиісінше қылмыстың ашылуы өскенін айтады. Ал шаруалар көбінесе ұрылар табылса да, жоғалған малының «сайда саны, құмда ізі» қалмайтынына наразы. – Биыл көктем кезінде мал төлдеп жатқанда бір азаматпен келісіп, қой бақтыруға алып келдім. Өзімнің шаруаларым қала жақта болғандықтан, малшыға малды табыстап, тірліктеріммен қалаға кеттім. Арада он бес күн өткенде таудағы көршім хабарласып: «Сен малыңды түгендеп жүрсің бе? Бір-екі күн болды, үйіңе көлік көп келіп жүр» деп қалды. Сөйтіп тауға барып малымды санасам, саны кем болып шықты. 22 қой, 90 қозы жоқ. Сонымен не керек, малшымен арадағы әңгімеден кейін малымды ұрлағанын мойындап, берген адамдарын айтты. Ұры алыстан келмепті. Біздің шаруа қожалықтың арғы жағында орналасқан Жаңаталап ауылының балалары екен. Қойшымен бірге арақ ішкен. Сөйтіп қойшымның мас болып қалғанын пайдаланып, малдарды басып алып кеткен. Бірден полиция бөлімшесіне қоңырау шалдым. Мән-жайға қаныққан қызметкерлер малымды ұрлаған адамдарды ұстады. Кейін 11 қой мен 20 қозыны қайтарды. Қалғаны сол күйі жоқ. Ал ең қызығы жаңағы ұсталған ұрылар қалай екенін, әйтеуір қашып кетіпті-мыс. Сөйтіп ұрыларды екі ай іздеді. Ақыры не керек, біраз айқай-шудан кейін қайтып ұстап алып келіп: «Қалған 70 қозы мен 11 қойды мойындамай отыр» дейді. Бұл полиция қызметкерлерінің жауапсыздығы. Шынымды айтсам, олардың жұмысына да күмәнмен қарай бастадым. Төрт айдан аса уақыт өтсе де іс әлі оң шешімін тапқан жоқ. Негізі ұры көп. Мал баққанның да қиындығы сол, – дейді жуалылық шаруа Бегалы Төкен. Шынында да қазір малшылар арасында ұры сырттан келмейтіні көп айтылады. Көбінесе қойшы деп апарғандардың адамдары ұры болып шығып жатады екен. Мәселен, жақында ғана Меркі ауданында осындай бір дерек тіркеліпті. Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің ұсынған мәліметіне сүйенсек, 2022 жылдың 15 тамызында Меркі аудандық полиция бөліміне осы ауданның 39 жастағы тұрғыны қойшысының сеніп тапсырылған 47 бас малын сатып жібергені туралы арызданған. Жалпы шығын көлемі 2 820 000 теңгені құрайды. Полиция қызметкерлерімен жүргізілген жедел-іздестіру жұмыстарының нәтижесінде Меркі ауданының 31 жастағы тұрғыны анықталып, полиция бөліміне жеткізілген. Малшы жеке басына қаржы қажеттілігіне байланысты сатып жіберіпті. Аталған дерекке қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 189-бабы 2-тармағымен (өзінің қызмет бабын пайдалана отырып, сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу) сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Жалпы жыл басынан бері облыста бір мәрте «Мал ұрлығы» атты кең көлемді жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізіліпті. Нәтижесінде алғашқы 10 күннің өзінде 18 қылмыс ашылған. Мал ұрлығын жасағаны үшін 16 азамат ұсталып, 3 қылмыстық топ құрықталған. Мал ұрлығымен байланысты 43 тұлға есепке алынған. Міне, бұл да облыстық полиция департаменті мамандарының нәтижелі жұмысы деуге болады. Алайда жоғалған малдың табылмай жатқан деректері де аз емес. – Зейнеттегі бақташымын. Әр жылқының басына 2 мың теңгеден аламын. Құлынға алмаймын. Бала-шағамның қамы үшін күнге күйіп, суыққа тоңып мал бағамын. Шілденің 19-ы күні бағып жүрген ірі қараның ішінен 20 бас жылқы жоғалды. 17 бие, 3 құлын. Сол күннен бастап іздеудемін. Полиция қызметкерлеріне де мәлімдедім. Сөйтіп екі бие, бір құлынымды Байзақ ауданынан таптым. Қалған жылқылардың дерегі табылмай тұр. Ал жылқының иесі егер табылмаған жағдайда 7 миллион теңгемен қоса бір айғыр төлейсің дейді. Жасым егде тартқан адаммын. Әйелім болса ауру. Балаларымның аяғы енді 9-сынып бітіріп жатыр. Үлкен екі ұлым жұмыссыз. Сонда жылқылар табылмаса отбасымды кім асырайды? 7 миллион теңгені қалай төлеймін? Полиция қызметкерлері іздеп жатырмыз дегеннен ары аспайды. Жалпы айтқанда Талас аудандық полиция бөлімі бұл бағытта жұмыс істеп жатқан жоқ, – деп кейіді Талас ауданына қарасты Аққұм ауылының бақташысы Алдиар Қыздашев. Әрине, бір үйір жылқыны айдап кету оңай емес. Жол-жөнекей көзге түспеуі де көңілге қонбайды. Біз жоғалған 20 бас жылқының дерегін учаскелік полиция инспекторынан сұрағанымызда, олар бұл істен хабары барын, барынша іздестіріп жатқанын айтты. – Жылқыларды іздестіріп жатқанымызға 20 күннен асты. Үлкен жолдың бойы мен иен далада орналасқан фазендалардан бастап Меркі ауданына дейін іздестірдік. Шымкенттің базарларына дейін іздеу салып, табу үшін жұмыс істеп жатырмыз. Алайда бір дерегі шықпай тұр. Ал жаңағы екі бие мен бір құлынды Байзақ ауданының Кеңес ауылына қарасты Көделі деген жерден таптық. Ол жердің де жылқыларын әбден қарадық. Дегенмен табылмады. Тағы бір айта кететін жайт, жоғалған жылқылар біздің ауылдікі емес. Ол Қостөбе ауылының жылқысы. Оны Ақкөл жақтағы мал жайылымына алып келіп, жаңағы бақташы құдасының малына қосқан. Содан жоғалған. Жергілікті жердің жылқысы болмағандықтан қадағалап қарамаған. Аяқты мал жерсінбей, өз жерін іздеп де кетіп қалады ғой. Оның үстіне бақташылар жылқыны кешке қораға қамамайды. Сырттай санағын алады да, еркіне қоя береді. Содан да, яғни малшының да салғырттығынан мал жоғалу дерегі тіркеледі, – дейді Аққұм ауылдық округінің учаскелік полиция инспекторы, полиция капитаны Талғат Сұлтанәлиев. Міне, бұл облыс аумағында жоғалған малдың бір дерегі ғана. Біз білмеген, естімеген дерек қаншама?! Жалпы мал жоғалса көбінесе иелері базарлардан іздестіруді жөн санайды. Өйткені ел арасында бір ауылда ұрланған малды жақын аудандардың базарына апарып сатып жібереді деген түсінік бар. Қазіргі таңда полиция департаменті тарапынан облыс аумағындағы 8 мал базарының жұмыс жасау күндеріне сай жаяу патрульдер мен мобильдік топтар және алдына ала бекітілген маршруттар кестеге сәйкес орналастырылған. Демек мал базарлары полиция қызметкерлерінің бақылауында деген сөз. «Малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы» деген қазақтың бары да, жаны да малы. Сондықтан бір малы болса да жоғалмаса, жоғалса да қайта табылса екен деп тілейді. «Қайтқан малда қайыр бар» деген сөз де тегіннен-тегін айтылмаған. Ендеше «Сақшысы күшті елдің ұрысы қорқақ» дегендей полиция қызметкерлері де өз тірліктерін тиянақты істесе, малшылар да өз малына сақтықпен қараса ғана қылмыстың жолы кесілмек.

Шапағат ӘБДІР

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар