Спорт
«Сыңғырлаған медальдардың ар жағында қаншама төгілген тер жатыр»
- author AR-AY
- 19 қыркүйек, 2022
- 207
«Сыңғырлаған медальдардың ар жағында қаншама төгілген тер жатыр»
Елімізде тамыз айының үшінші жексенбісін Спорт күні ретінде атап өту дәстүрі қалыптасқан.
Қазіргі таңда Жамбыл спорты алтын дәуірді бастан кешіп отырғаны спортсүйер қауымға мәлім. Бәлкім біздің бұл тұжырымымызбен келіспейтіндер де табылар. Дегенмен таланттыларды дер кезінде танып, бабын тауып, шарболаттай шыңдайтын салада атқарылған жұмыстарды, ұшан-теңіз еңбекті атап өтпеске болмайды.
Сондықтан сала қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбол Жүнісбековпен сұхбаттасып, мемлекет мәртебесін биіктетіп, абыройын асқақтатар салада атқарылып жатқан жұмыстарға қанығып қайттық.
– Нұрбол Әбдімажитұлы, облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасының екі шылбыр, бір тізгінін қолға алғаныңызға бес жылға жуықтады. Оған дейінгі еңбек жолыңыздан да жақсы хабардармыз. Ал өмір жолыңыз көпшілікке беймәлім. Сондықтан сұхбатымызды ата-ана, туған жер, өскен ортаңыздан бастасақ...
– Тараз қаласында туып-өсіп, осында мектеп табалдырығын аттадым. Мектепті тәмамдағаннан кейін М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде жоғары білім алдым. Ата-анамыз екі ұл, екі қызды қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай, мәпелеп өсірді. Әкем еңбек жолын мұғалім болып бастап, кейін құқық қорғау органдарында, Жамбыл облысы әкімдігінде абыройлы жұмыс істеді. Ал анам бар ғұмырын шәкірт тәрбиелеуге арнап, бала жүрегіне жол тапқан ұлағатты ұстаз.
Әке-шешеміз ұрпақ тәрбиесінде ата-бабаларымыздың дәстүріне берік болды. Кішіге ізет, үлкенге құрмет көрсету, кісіні алаламау, адам баласының ала жібін аттамау, ұрлық-зорлыққа жоламау, өтірік-өсектен аулақ болу, көпке адал қызмет ету өсиеттерін бойымызға сіңіріп өсірді. Жастайымыздан еңбекке баулыды. Жалқаулыққа жол бермей, жұмыс істеуді өмірлік бағдаршамымыз ете білді. Әке-шешеміздің отбасымыздағы тәлімі мен тәрбиесі өмірлік рухани азық болып келеді.
Бүгінде ата-анамыз немерелерінің тәтті қылығы мен шаттығына бөленген бақытты ата-әже.
– Ал спорт жолындағы алғашқы қадамыңыз қалай басталды?
– Спортқа келуіме себепкер болған туған ағам. Ағам самбо күресінен Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы атанды. Азия чемпионатында да алтыннан алқа тағынды. Әлемдік ірі жарыстарда талай мәрте атой салды. Ағама еліктеп төртінші сыныптан самбо күресімен айналыса бастадым.
Саналы ғұмырын күрес өнерін дамытуға арнап, ел спортына еңбегі сіңген тұлға, самбо күресінен 122 КСРО спорт шеберін, 8 халықаралық дәрежедегі спорт шеберін, 2 КСРО-ның еңбек сіңірген спорт шеберін тәрбиелеп шығарған даңқты бапкер Марат Жақыт ағайдың қол астында 8-9 жылдай жаттығып, шәкірті болдым.
Білікті бапкерлерімнің арқасында спорттық мансабымда мақтануға тұрарлықтай жетістіктерге жеттім. Самбодан Қазақстан Республикасының құрама командасында өнер көрсеттім. 2000 жылы Испанияда өткен жастар арасындағы самбодан Әлем чемпионатына қатысу мүмкіндігіне ие болдым. 2001 жылы ересектер құрамасына ауыстым. Сөйтіп сол жылы Қазақстан Республикасының Спартакиадасын ұтып, Әлем чемпионатына жолдама алдым. Ересектер арасындағы айтулы додада бабым келіскенімен, бағым жанбай, жүлдегерлер қатарынан көріне алмадым.
– Үлкен спортта жеткен жетістіктеріңіз аз емес тәрізді. Солай бола тұра бозкілемнен тым ерте, яғни 23 жасыңызда қоштасуыңызға не себеп болды?
– 2004 жылға дейін күресіп жүрдім. 2001 жылы Әлем чемпионатына барып келгеннен кейін түпкілікті дзюдоға ауыстым. Дзюдомен айналысып жүріп те бірқатар бәсекелерде топ жарып, жеңіс тұғырынан көріндім. Атап өтер болсам, 2003 жылы ел чемпионатында қола жүлдеге қол жеткіздім. Осылайша дзюдодадан Қазақстан құрамасына қабылдандым.
Дегенмен 2004 жылы үлкен спорттан қол үзуге тура келді. Анығы өзімді ізбасар тәрбиелеу бағытында да сынап көргім келді. Сонымен еңбек жолымды 2004 жылы облыстық мамандандырылған олимпиада жеткіншектерін даярлайтын балалар жасөспірімдер спорт мектебінде жаттықтырушы болып бастадым.
– Кейін «үлкен спортта әлі де жүре тұруым керек еді» деген өкініш болған жоқ па?
– Өкініш болмаса да «ерте тастап кеттім-ау» деген ойдың болғаны рас. Алайда еңбек жолымды жаттықтырушы болып бастағандықтан спорттан алыстап кеткен жоқпын.
Дегенмен мүлдем басқа салада қызмет еткен кездерім де болды. Мәселен, 2006-2007 жылдары «Сұңқар-2002» серіктестігінің қамтамасыздандыру бөлімінің инженері, «КМГ-Жайық» ЖШС-ның құрылыс маманы, 2007-2008 жылдары «Қазтеміртранс» акционерлік қоғамы президентінің көмекшісі, 2009-2011 жылдары «ЧД-cz» ЖШС директорының орынбасары, директоры болып, мұнай-газ, теміржол саласында да жұмыс істедім.
Бір бүйірім бұрып тұрғандықтан, әрі жаныма жақын болғандықтан кейін спорт саласына қайта оралдым.
– Бірнеше жыл алыстап кеткеніңіз болмаса, өміріңіз спортпен біте қайнасып келеді. Саланың ұңғылы мен шұңғылын бес саусағыңыздай білесіз десек те артық айтқанымыз емес. Сондықтан осы ретте сіздердің кезеңдегі және қазіргі спортшыларға жасалған жағдай туралы айтып өтсеңіз...
– Салыстыруға мүлдем келмейді. Айырмашылық жер мен көктей. Мәселен, атақты спортшыларымыздың, бапкерлеріміздің кезінде ешқандай жағдай жасалмағандықтан құрқылтайдың ұясындай тар жертөлелерде жаттығып, талай қиындықтарды бастан кешкенін өз ауыздарынан да естіп, баспасөзден де оқыған боларсыз. Шынында солай болды. Ал қазір жағдай мүлдем басқаша.
Дені сау ұлт қалыптастыру – мемлекеттік әлеуметтік саясаттың басты бағыттарының бірі. Ал денсаулықтың кепілі спорт екенін жақсы білеміз. Сол үшін де мемлекет тарапынан спорт саласын дамытуға, қолдауға айрықша көңіл бөлінуде. Мемлекеттік қолдаудың арқасында бүгінгі таңда өңірде спортты дамыту мақсатында жаңа спорт нысандары бой көтеріп, халық игілігіне берілуде. Өткен жылдың өзінде облыста 11 дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы жүргізіліп, 5 кешен пайдалануға берілді. Қалған 6 кешеннің құрылысы биыл аяқталады. Сонымен қатар 2022 жылы елді мекендерде жаңадан 12 дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы басталды. Мұның барлығы не үшін?! Спорт кешендері ауылдың ажарын ашып, көркін кіргізу үшін соғылып жатқан жоқ. Талантты спортшылар ауылдан көп шығады. Заманауи үлгіде салынған, барлық жағдайы жасалған, сәні мен салтанаты келіскен спорт кешендері ауыл жастарының, тұрғындарының спортпен шұғылданып, денсаулықтарын нығайтуға зор мүмкіндік. Сондықтан жыл санап құрылысы қарқын алып жатқан спорт кешендері талай таланттың жолын ашып, жұлдызын жарқырататыны сөзсіз.
Мұнан бөлек 2021 жылы Тараз қаласы мен аудандарда 89 спорт алаңшасы ашылып, тұрғындардың қуанышын еселеді. Әрине, мұнымен саладағы мәселелердің түйіні тарқатылып, барлық жағдай жасалды дей алмаймыз. Атқарылған жұмыстар аз емес. Тиісінше алдағы мақсат-міндеттеріміз де ауқымды.
Тағы бір айрықша атап өтер жайт, өңірімізде бірнеше жылдан бері спортшыларға айлық беріле бастады. Тарқатып айтатын болсам, спортшының жеткен жетістігіне қарай айлық тағайындалады. Егер жоғары нәтижелерге қол жеткізетін болса, айлығы да көбейе береді. Себебі спортшы болу оңай емес. Сыңғырлаған медальдардың ар жағында қаншама төгілген тер, мазасыз күндер мен ұйқысыз түндердің жатқанын ұмытпауымыз керек.
Жылдың 10-11 айында үй бетін көрмей, оқу-жаттығу жиындарында жүреді. Жарыстарда жарақат алады. Одан кейін денсаулығын қалпына келтіру үшін қаншама айын жоғалтады. Түсіне білгенге мұның бәрі үлкен еңбекті, күш-қуатты, қайтпас қайсарлықты қажет етеді. Сол себепті отбасын, жеке өмірін екінші сатыға ысырып қойып, еліміздің асқақ абыройы үшін барлық қиындыққа шыдап жүрген спортшыларға қандай құрмет көрсетсек те жарасады. Әрі басқа спортшыларға, жастарға мотивация.
– Әрине, спорт нысандарының саны көбейгені, құрылыс жұмыстарының қарқын алғаны жақсы-ақ. Бірақ мәселе тек санда емес, халыққа қолжетімділігінде. Егер спорт нысандары қаңырап бос тұрса, адам аяғы баспайтын болса, одан еш қайыр жоқ.
– Айтпақ ойыңызды түсіндім. Өте дұрыс мәселе көтеріп отырсыз. Бүгінгідей ақпараттық технология қарыштап дамыған интернет дәуірінде жастарды көптеп спортқа тарту өте өзекті мәселе. Қазір қай үйге бармаңыз бір бұрышта өзімен-өзі телефон шұқылап отырған кішкентай баланы көресіз. Бұрын ата-аналар асық ойнап, доп қуған балаларын үйіне кіргізе алмай әуреге түсетін еді. Бүгінде керісінше үйінен шығара алмайды. Біздің мақсатымыз – телефонға телмірген балаларды далаға шығару, мүмкіндігін ашу.
Өткен жылы бұқаралық спортты дамыту мақсатында және облыс тұрғындарын дене шынықтыру мен спортпен жүйелі айналысуға тарту үшін қосымша 96 нұсқаушы штаттық бірліктері енгізілді. Нәтижесінде нұсқаушылар қатары 233-ке жетті. 202 нұсқаушы аудандарда жұмыс істейді. Спорт нұсқаушыларына жүктелген негізгі міндет – бекітілген елді мекенінде дене шынықтыру және спортпен айналысатын тұрғындардың санын арттыру. Атқарылған жоспарлы жұмыстардың нәтижесінде жүйелі түрде спортпен шұғылданушылар қатары өсіп, шалғай елді мекендерде ұйымдастырылған спорттық іс-шаралардың саны да ұлғайды. Сондай-ақ сапасы артты және қатысушылары көбейді. Бұл өз кезегінде облысымызда бұқаралық спорттың дамуына оң ықпалын тигізіп отыр.
Жалпы 2021 жылдың қорытындысы бойынша облыста дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде шұғылданушылар қатары 405,6 мың адамға немесе облыс тұрғындарының 35,4 пайызына жетті. Ал 2022 жылдың бірінші жартыжылдығына 424,9 мың болып немесе облыс тұрғындарының 36,9 пайызын құрады. 2025 жылға дейін аталған көрсеткішті 50 пайызға жеткізу жоспарланып отыр.
Сөз басында айтып өткенімдей бірнеше жылда қаншама дене шынықтыру-сауықтыру кешені, спорт алаңшалары пайдалануға берілді. Егер кейінгі жылдары пайдалануға берілген және бұрыннан қолданыстағы спорт нысандары қолжетімді болмаса көрсеткіш өспейтін еді. Алдағы уақытта да Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы айтып өткендей спорттық инфрақұрылымның барынша қолжетімді болуын қамтамасыз ету мақсатында қолға алынған жұмыстарды уақыт талабына сай жалғастыра беретін боламыз.
Осы ретте мүмкіндігі шектеулі азаматтардың да спортпен айналысуына барлық жағдай жасалғанын атап өткім келеді. Нәтижесін өздеріңіз биылғы ХХІV жазғы Сурдлимпиада ойындарында көрдіңіздер.
– Шынымен-ақ Сурдлимпиада ойындарында жамбылдық жампоздар жасындай жарқылдады. Тіпті Қазақстан спортының тарихында бұрын-соңды болмаған жетістікке қол жеткізді десек те қателеспейтін болармыз...
– Әрине. Төртжылдықтың басты спорттық додасында Қазақстан ұлттық құрамасының спортшылары 28 медаль (3 алтын, 7 күміс, 18 қола) жеңіп алса, 11-і жамбылдық сурдоспортшыларға тиесілі. Бұл дегеніңіз ауызды қалай толтырып айтсаңыз да жарасарлық нәтиже. Жалпы тек Сурдлимпиада ғана емес, Олимпиада және Паралимпиада ойындарында жамбылдық спортшылар әрдайым лайықты өнер көрсетіп, ел мақтанышына айналуда.
Қазіргі таңда облысымызда жас ерекшелігіне қарамастан мүмкіндігі шектеулі азаматтардың өздері қалаған спорт түрлерімен айналысуына барлық мүмкіндік қарастырылған. Нәтижесінде мүмкіндігі шектеулі жандардың арасында спортқа бет бұрушылардың қатары жыл санап өсіп, жүзден жүйрік шыққандары әлемдік ареналары бағындырып жүр. Бүгінде облыс бойынша спортпен жүйелі түрде шұғылданатын дене мүмкіндігі шектеулі адамдардың жалпы саны биылғы бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша 4 045 адамды немесе 21,1 пайызды құрады. Өткен жылмен салыстырғанда 63 адамға немесе 0,4 пайызға өсті.
– Өкінішке қарай Қазақстан құрамасы Токио Олимпиадасында сүреңсіз өнер көрсетіп, 8 қоланы қанағат тұттық. Әрине, қазір кесіп-пішіп айту қиын шығар. Дегенмен 2024 жылы Франция астанасында өтетін ХХІІІ жазғы олимпиада ойындарында жамбылдық спортшылардан қандай үміт күтеміз? Кімдер ұлттық құрама сапында өнер көрсетуі мүмкін?
– Олимп шыңын бағындыру – әрбір спортшының арманы. Сол секілді төртжылдықтың басты бәсекесіне қатысу кез келген спортшының маңдайына бұйыра бермейтін бақ. Олимпиада ойындарына жолдама алу үшін спортшылар әртүрлі деңгейдегі әлемдік жарыстарға қатысады. Мәселен, дзюдошылар «Grand Slam» секілді рейтингтік турнирлерде, Азия, Әлем чемпионаттарында ұпай жинайды. Әлемнің мықты татами шеберлерінің арасында үздік отыздыққа кірген спортшы Олимпиадаға жолдама алады. Негізі жолдама алу әр спорт түрінде әртүрлі болып келеді.
Олимпиадаға әлі екі жылдай уақыт бар. Токио Олимпиадасында Қазақстан құрамасының сапында 5 жамбылдық спортшы ел намысын қорғады. Келесі Олимпия ойындарына бұдан да көп лицензия алуға мүмкіндігіміз бар. Ең біріншіден Елдос Сметовтен үлкен үміт күтеміз. Алдағы турнирлерде ұпай жинай алса, Елдостың Францияда барын салатыны анық.
Одан кейін 57 келіде еркін күрестен Азия чемпионатының күміс жүлдегері, екі дүркін Қазақстан чемпионы Рахат Қалжанның да қарқыны жақсы. Токио Олимпиадасында өнер көрсеткен таэквондошы Руслан Жапаровтың да мүмкіндігі мол. Жуырда ғана Азия чемпионатында ел қоржынына жалғыз алтын жүлдені салған жас дзюдошы Данияр Шамшаевтың қазіргі аяқ алысы көңіл қуантады. Шілде айының 20-22 күндері аралығында Тайланд астанасы Бангкок қаласында өткен Азия чемпионатында жеңіс тұғырының ең биік сатысынан көрінген Нұрқанат Серікбаевтың да есімін айрықша атап өтуге болады. Грек-рим күресінен Дінмұхамед Қошқар, Сұлтан Әсетұлы, Ержет Жарылқасын сынды жас спортшыларымыздан да күтеріміз көп. Аталған үш спортшы биылғы грек-рим күресінен Қазақстан чемпионатында бір салмақта жүлделі үш орынды өзара бөлісіп алды.
Бокстан Қазақстан құрамасының капитаны Асланбек Шымбергенов және Дулат Бекбауов, Бейбарыс Жексен сынды былғары қолға шеберлерінің де бағы шауып, бабы келіссе, бір-бір жолдамаға ие болары анық.
Аталған спортшылардың қай-қайсысы болмасын мұз болып қатып, су болып қайнаған, шар болаттай шыңдалған, «сен тұр, мен атайын» дейтіндей сайыпқыран саңлақтар. Енді тек Олимпиада жолдамасы сарапқа салынатын байрақты бәсекелерде білгендерінен жаңылмай, оза шапса болғаны.
– Тіл-көзіміз тасқа, кейінгі жылдары облысымызда күрес түрлері өте қарқынды дамып келеді. Өзіңіз айтып өткендей бір салмақта үш бірдей жамбылдықтың жеңімпаз атауы осы сөзіміздің дәлелі болса керек-ті. Ұлттық спортымыздың жұлдызы әу бастан жоғары. Ал кенже қалып келе жатқан қандай спорт түрлері бар?
– Біздің алдағы мақсаттарымыздың бірі – үлкен теннис спортын дамыту. Жасыратыны жоқ, аталған спорт түрі бойынша жаттықтырушы тапшы. Дегенмен қол қусырып қарап отырған жоқпыз. Барлық мүмкіндіктерді пайдалана отырып тиісті жұмыстар істеліп жатыр.
Сондай-ақ садақ ату өнерін де дамытуға баса көңіл аударылуда. Қай жерден ашып, қалай дамытуға болатынын ойластырып жатырмыз. Осы орайда ұлттық спорт түрлерінің бүгінгі жай-күйіне де тоқтала кеткеніміз жөн болар.
Өздеріңіз де білесіздер, облысымызда ұлттық спорт түрлері қарқынды даму үстінде. Ат спортынан, тоғызқұмалақтан, асық атудан, қазақ күресінен жамбылдық спортшылар ешкімге дес бермей келеді. Биыл «Әулиеата» көкпар командасы Қазақстан Республикасы чемпионатының XII дүркін жеңімпазы атанды. Қазақстанда 12 дүркін чемпион атанған көкпар командасы жоқ. Сондай-ақ 2022 жылдың маусымында Ресей Федерациясы, Татарстан Республикасының астанасы Қазан қаласында аударыспақтан Әлем чемпионатының жалауы желбіреген болатын. Жаһандық бәсекеде жамбылдық Данияр Смаилов 100 келіден жоғары салмақта аударыспақтан Әлем чемпионы атанса, 70 келіде ел намысын қорғаған Дәулет Ережепбаев қола жүлдеге қол жеткізді. Бұл да ұлттық спорттың қаншалықты қарқынды дамығанын көрсетеді.
Қазақша күрестен де балуандарымыздың бәсі жоғары. Еліміздің сайдың тасындай іріктелген кіл мықты бозкілем шеберлері күш сынасатын «Қазақстан барысы» республикалық турнирінен жүлдесіз қайтқан кезіміз жоқ. Бейбіт Ыстыбаев «Қазақстан барысы» турнирінің үш дүркін чемпионы атанды. Әзірге Бейбіттің жетістігін қайталау ешбір балуанның қолынан келер емес. Дегенмен Ғалымжан Қырықбайдың да әлеуеті өте жоғары. 2021 жылы республикалық турнирде Ғалымжан екінші орынға ие болса, биыл қола жүлдені қанжығалады. Ғалымжан келесі жылы алтын белбеу мен алтыннан құйылған ауыспалы «тайтұяқты» Таразға алып келеді деп сенеміз. Жамбыл Тұрғыналиев те биыл турнирде керемет өнер көрсетіп, қазақ күресінің шын шебері екенін дүйім жұртқа дәлелдей білді. Сонымен қатар 2016 жылы ұйымдастырылған «Қазақстан барысында» үшінші орынға ие болған Айбол Айтбек, «Көрермен көзайымы» атанып, темір тұлпарды еншілеген Дәулетхан Жақыпов қазақша күрестің дамуына үлкен үлес қосқан мықты балуандар. Бұдан бөлек қазақша күресте атағы алысқа кеткен ағаларының ізін жалғап жас балуандар жаңбырдан кейінгі жасыл желектей жайқалып өсіп келе жатыр.
Құсбегілік өнердің де жыл санап көкжиегі кеңейіп келеді. Халқымыздың төл өнерін серік еткендер Қазақстан, Азия чемпионаттарында топ жарып, айтарлықтай табыстарға қол жеткізуде.
Бір сөзбен айтқанда, облысымызда ұлттық спорттың даму қарқыны өте жоғары. Мұнымен тоқтап қалуға болмайды. Алдағы уақытта да жоспар бойынша жұмыстарды жалғастыра береміз.
– Нұрбол Әбдімажитұлы, сөз соңында Спорт күніне орай әріптестеріңізге айтар ақжарма тілегіңізді тыңдасақ...
– Шетелде Мемлекеттік Туымыздың екі жағдайда көтерілетінін жақсы білесіздер. Біріншісі – Мемлекет басшысының басқа елге сапары кезінде, екіншісі – спортшыларымыз жеңіс тұғырынан көрінген сәтте. Сондықтан әлемдік ареналарда Әнұранымызды ойнатып, Туымызды көкте желбіретер спортшыларымыз көп болсын.
Барша әріптестеріме алғысымды айта отырып, еңбектеріне табыс, дендеріне саулық тілеймін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Халқымыздың денсаулығы нығая берсін. Ал денсаулық мықты болуы үшін спортпен шұғылдану керек.
– Әңгімеңізге рақмет.
Сұхбаттасқан Талғат НҰРХАНОВ