Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Балаларға арналған білім сайысы

Балаларға арналған білім сайысы
ашық дереккөз
Балаларға арналған білім сайысы
Облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасының ұйымдастыруымен облыстық соқыр және нашар көретін балаларға арналған «Болашақ» мектеп-интернатында байқау өтті. «Келешектің тұтқасы – білімді ұрпақ» атты білім сайысы «Зағип және компьютер» үйірмесінде компьютерлік техникада еркін жұмыс істеуді үйренген зағип оқырмандар арасында ұйымдастырылды. Әлемді танып, жан-жақты мәлімет алу және бөлісу үшін ақпараттық технологияның рөлі аса жоғары. Осы технологияларды еркін меңгеруге үйрету мақсатында арнайы кітапхана 2020 жылдан бастап «Зағип және компьютер» үйірмесін жүргізеді. Бұл үйірмеге зағиптар және көзі нашар көретін азаматтар қатысады. Үйірмеге келушілердің саны күн сайын артуда. Себебі бұл оқытуға кез келген жастағы зағип жандар қатыса алады, әрі тегін. Үйрену барысы қарапайым пернетақтамен танысудан басталады. Себебі тінтуірді көзі көретіндер ғана пайдалана алатыны белгілі. Ал зағип жандар пернетақта немесе дыбысты нұсқаулықты қолданады. Әрі қарай компюьтерді қалай қосып, сөндіру, негізгі бөліктерімен танысу, операциялық жүйелерді орындау, оффистік пакетті пайдалану, жазу, сызу, жаңа папка ашу, өшіру, қайта қалпына келтіру секілді қарапайым іс-әрекеттер орындала береді. Аталмыш курстың білім алушысы әрі кітапхана оқырманы Қанат Шералиев осы оқыту курсынан көп нәрсені үйренгенін, әрі қарай үйрене бергісі келетінін айтады. – Компьютер – заман талабы, оны қолдануды үйренуге баршаға кеңес беремін. Ал ғаламтор – толған ақпарат көзі, одан әркім өз керегін алады. Мен ән тыңдаймын, аудио кітаптармен танысамын, әртүрлі тағам түрлерін дайындауды үйренемін. Бізге осындай мүмкіндік ашқан кітапхана қызметкерлеріне алғыс айтамын. Әсіресе зағип жандарға ықыластары өте жоғары. Үнемі ізденіс үстінде жүреді. Жаңа жоба, жаңа курстар мен іс-шаралар ұйымдастыруда алдыңғы шепте көрінулеріне тілектеспін, – дейді Қ.Шералиев. Мамандар егер қалаушылар болса, оқыту әдіс­те­ме­сін одан әрі жетілдіріп, ақпараттық тех­но­ло­гия­лардың қыр-сырын үйретуге сақадай сай. Осы курста оқығандар «Келешектің тұтқасы – білімді ұрпақ» атты компьютер байқауына қатысып, өз білімдерін сынға салды. Нәтижесінде І орынды Айсана Сағындық, ІІ орынды Қанат Шералиев иеленсе, ІІІ орындарды Балнұр Қойшыбай, Шархат Бағұбек жеңіп алды. Жеңімпаздарға бағалы сыйлықтарды арнайы кітапхана директоры Жанна Алшынбаева табыстап, жылы лебізін білдірді. Ал «Болашақ» мектеп-интернатының директоры Гүлзира Тойшыманова тегін білім алуға мүмкіндік беріп отырған кітапхана ұжымына алғысын айтты. Іс-шара барысында аталған мектеп-интернаттың білім алушылары Жанель Медетқызы би билеп, Еламан Қыдырбаев, Алмат Жұматаев көрермендерді тамаша әндерімен сүйсіндірді. Кеш соңында облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасы «Балалардан – балаларға» жобасы аясында мерейтой иелері мен жергілікті ақын-жазушылардың шығармаларын зағип балаларға насихаттау және қазақ әдебиетін сүйіп оқуға баулу мақсатында Ахмет Байтұрсынұлы, Төлеген Айбергенов, Ескен Елубаев, Мұхтар Шахановтың өлеңдерін аудио кітап ретінде дыбыстап, жас жеткіншектерге тарту етті. Бұл жоба биылғы Балалар жылына орай жүзеге асырылып келеді. Дыбыстық кітаптарды табыстау сәтінде Керімбай атындағы №12 мектеп- гимназияның 7-сынып оқушылары жоғарыдағы ақындардың өлеңдерін мәнерлеп оқыды.

Ербол БЕГИМОВ, облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасының бағдарламашысы

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар