Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

ҚАЗАҚ ЕЛІ ТҰРАН ЖОЛБАРЫСЫН ҚАЙТА «ТІРІЛТПЕК»

ҚАЗАҚ ЕЛІ ТҰРАН ЖОЛБАРЫСЫН ҚАЙТА «ТІРІЛТПЕК»
ашық дереккөз
ҚАЗАҚ ЕЛІ ТҰРАН ЖОЛБАРЫСЫН ҚАЙТА «ТІРІЛТПЕК»
Ежелгі заманнан ХХ ғасырдың орта шеніне дейін Азия аймағын мекендеп келген Тұран жолбарысы туралы бүгінде деректерден оқып, музейден муляжын көру бақыты ғана қалып отыр. Өйткені жолбарыстың бұл популяциясы жер бетінен жойылып кеткен. Енді Дүниежүзілік жабайы табиғат қоры мен Қазақстан Үкіметі Тұран жолбарысын Іле-Балқаш өңіріне қайта жерсіндіруді көздеп, құны 50 миллион АҚШ долларын құрайтын әлемдік жобаны қолға алды.

Бұл қандай жыртқыш?

Зерттеушілердің ресми деректеріне сүйенсек, ХХ ғасырдың басында жер бетінде 100 мыңға жуық жолбарыс болған екен. Уақыт өткен сайын азайып келе жатқан жолбарыстардың бүгінде үш жарым мыңдайы ғана қалған. Ал Тұран жолбарысының тұқымы тұздай құрыған. Ертеректе Тұран жолбарысы Қазақстан, Иран, Кавказ, Түркия және Батыс Қытай аумағында өмір сүрген екен. Дегенмен өткен ғасырда бұл тұқымның жер бетіндегі дәм-тұзы таусылды. Тұран жолбарысының дене тұрқына сипаттама берсек, оның кәдімгі жолбарыстан алып бара жатқан айырмашылығы жоқ. Тек аздаған ірі денелі, салмағы 250-300 келі тартатын, ұзындығы 225 сантиметр, сабалақ жүнді болған. Тағы бір ерекшелігі – оның жүніндегі жирен түстің қоюлығы басым. Сабалақ жүнді дейтін себебіміз, қыс түсіп, күн суытқанда қарынасты жүндері қалыңдайды. Бұл біздің климаттық белдеудің қысының қаттылығымен, қарының қалыңдығымен байланысты екені анық. Сондай-ақ тұмсық мұрты да қалың шығуымен ерекшеленіп тұрған екен. Жалпы айтқанда, бұл жыртқыш ірі денелі болған. Төзімділігімен де танымал. Сондықтан ол азық іздеп күніне жүздеген шақырымды артқа тастай алады. Көбіне сулы жерлерде тіршілік еткен, яғни Азияның өзен-суларынан алыс кетпеген. Сол үшін де оның жүндерінің сары түсі қанық әрі сызықтары жіңішке. Бұны олардың көбіне нулы қамыстың арасында бой тасалап жүруінің эволюциялық сипаты деп түсінуге болады.

Түз тағысының соңғы «тұяғы»

Кейбір дала жануарлары сияқты Тұран жолбарысының да қыста қорек табуы қиындай түседі. Сондықтан олар қарын тойдыру қамымен тұрақты мекенін тастап та кете береді. Тіпті елді мекендерге келіп, адамға шапқан кездерінің болғаны да көне деректерден, көркем шығармалар мен ел аузындағы әңгімелерден жетіп отыр. Бірақ көбіне мұндай «кездесулердің» соңы адамның да, жыртқыштың да өлімімен аяқталып отырған. Өйткені зардап шеккен тұрғындар жолбарыстарға қарсы аңшылық жорыққа шығуға мәжбүр болған. Бұл популяцияның жойылу процесі ұзаққа созылмаған. ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында жалпы жолбарыстардың жер бетіндегі саны 100 мыңдай болса, соның 10 мыңдайы тұрандық болған екен. Кей деректерге қарағанда, мысықтұқымдас жыртқыштың бұл түрі соңғы рет Балқаш көлі маңында, Іле өзенінің төменгі ағысында қолға түскен екен. Яғни тарғыл шері соңғы рет 1940 жылы аңшылардың оғына ілініпті. Десе де басқа деректерде, тіпті 1974 жылы оның Іле бойынан ізін көргендер де болғаны айтылады. Міне, содан бері бұл түз тағысының өзі де, ізі де біржолата ізім-ғайым жоғалған. 1963 жылы Нью-Йорктің хайуанаттар бағында өткен әлемдік көрмеде үлкен айнаның үстіне қызыл қою түспен «Жер бетіндегі ең қауіпті жануар» деп жазып қойған екен. «Бұл не қылған жануар?» деп, алыстан анталаған жұрт айнаға жақындай бере өзін көріп, ойға батқан екен. Бұл адамдарды дала жануарларын аялауға үндеу үшін жасалған үлкен қадам еді. Сол айтпақшы, Тұран жолбарысының жойылып кетуі, бірінші кезекте, ең қауіпті тіршілік иесі – адам қолымен жасалған! Өйткені қазақ даласының жерасты және жерүсті байлығының бәрі патшалық Ресейдің отарына өткен күннен бастап тоналған. КСРО-ның біздің қазба байлықты қалай игергенін айтпай-ақ қояйық, ал егінге қолайлы алқаптың бәріне техника түсіріп, сары даладағы мыңжылдық мүлгіген тыныштықты бұзғанын білесіздер. Ауылшаруашылық мақсатында жер жыртудың соңы жолбарысқа қорек болған ұсақ жануарлардың даладан безіп, тіпті олардың да азаюына әкеліп соқты. Кейбірі ұшты-күйлі жоқ болды. Ал дала еңбеккерлеріне қауіп төндірмес үшін жолбарыстың көзге көрінгеніне қару кезеніп, қолдан қырған. Көңілге бір медеу болары, қазір ұрғашы Тұран жолбарысының Алматы қаласындағы Биология мұражайында тұлыбы ғана сақталып тұр.

Ұлы далаға жерсіне ме?

Орта Азиядағы ұлан-ғайыр атырапты алып жатқан еліміздің аумағы ықылым заманнан бері түрлі аң мен құсқа құтты мекен болып келеді. Бірақ уақыт өткен сайын түрлі факторлардың әсерінен саны азайып, тіпті жойылып бара жатқан жаратылыс түрлері де бар. Ал жойылып кеткендердің бірі – осы Тұран жолбарысы. Тұран жолбарысы генетикалық-молекулярлық жағынан Қиыр Шығыстағы Амур жолбарысымен ұқсастықтары өте көп. Бұл шері де бүгінде жойылып бара жатқан тұқым санатында. 2010 жылдан бастап Дүниежүзілік жабайы табиғат қоры (WWF) мен Қазақстан Үкіметі Амур жолбарысын да Іле-Балқаш өңіріне жерсіндіруді қолға ала бастады. Осы арқылы ғалымдар «бір оқпен екі қоянды атпақ». Яғни Амур жолбарысының саны көбейеді және Қазақстан жерін мекендеген мысықтұқымдас жыртқыштың популяциясы өзінің бұрынғы таралу аймағында қалпына келмек. Оның үстіне зерттеушілер Тұран жолбарысы мен Амур жолбарысының сыртқы болмысы бір-бірінен бөлек болғанымен арғы генінің, ататегінің бір екенін дәлелдеп отыр. Осының негізінде Дүниежүзілік жабайы табиғат қоры жолбарыстың осы қос популяциясының болашағын баянды етуді қолға алды. Енді осы жерде «Неге Қазақстан таңдалды?» деген заңды сұрақ тууы мүмкін. Әрине, орынды сұрақ. Мұндай үлкен ауқымдағы әлемдік бастамаларда кездейсоқ ешнәрсе болмайды. Әр сәті, барлық бағыты егжей-тегжейлі зерттеліп, зерделеніп, қысқасын айтқанда, жеті рет өлшеніп, бір рет кесіледі. Сол себепті Тұран жолбарысының байырғы мекенін табу жолында мамандар оның мекен еткен жерлерін барынша зерттеген. Дүниежүзілік жабайы табиғат қоры Ресей өкілдігінің директоры Игорь Честин Тұран жолбарысына тұрақ болуға Қазақ жерінен басқа елдерде қолайлы орын табылмағанын айтып ағынан жарылып еді. – Жолбарыс популяциясы үшін көлемі зор, адам қоныстанбаған аумақ қажет. Әзірбайжанда, Арменияда, Грузияда, Иранда, Қырғызстанда, Қытайда, Тәжікстанда, Түркменстанда және Түркияда жолбарыс тіршілік ететіндей жер қалмады. Кейбір шағын өлкелер кездескенімен, олардың жан-жағында халық тығыз орналасқан. Ауғанстан мен Иракты тіпті қарастырған да жоқпыз, себебі бұл мемлекеттердің ішкі саяси жағдайы күрделі. Ақыры Іле өзенінің сағасы мен Балқаш көлінің оңтүстік жағасы қолайлы болады деген тоқтамға келдік. Сол өңірдің ұңғыл-шұңғылына дейін барлап, Қазақстан ғылым академиясының зоология институтымен бірлесіп, есеп-қисабын әзірледік, – дейді Игорь Честин. И.Честин Іле-Балқаш өңірінде халықтың сирек қоныстанғаны да бұл жобаға үлкен қолдау екенін алға тартты. Ондағы халықтың тығыздығы 1 шаршы шақырымға екі адамнан аспайды екен. Бұл жоба шамамен 10 жылға жуық талқыланды. Қазақстан Үкіметі тек 2010 жылы ғана, яғни Санкт-Петербургте өткен Жолбарыс форумынан кейін бұл жобаны жүзеге асыруға келісім берді. Бірақ жыртқышты жерсіндіруге қолайлы аймақты тауып, бір тоқтамға келу, бұл бастаманың өрбу сценарийін құру да оңай болмады. 2017 жылы еліміздің Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Дүниежүзілік жабайы табиғат қорының арасында Қазақстанға жолбарыстарды қайта жерсіндіру бағдарламасын іске асыру жөнінде меморандумға қол қойылған. Бұл құжат 2018 жылдан бастап «Іле-Балқаш» табиғи резерватының құрылуына негіз болды. Резерват аумағы 415 мың гектарға жетті және оған Іле өзенінің бір бөлігі мен Балқаш көлінің қамысты, сулы, яғни шөбі шүйгін, жайылма орманды жерлері қамтылған. Сондай-ақ биыл да Қазақстан мен Ресей арасында популяцияны қалпына келтіру бағдарламасын қолдау жөніндегі меморандумға қол қойылу керек-тін. Былайша айтқанда, бұл жобада жолбарыстың бір өзін ғана зерттеп қою жеткіліксіз. Жолбарысты жерсіндіру үшін оның азығы болар жануарларды да көбейту керек. Яғни күн тәртібінде сол аумақтың экожүйесін талапқа сай ету мәселесі де бар. Ғалымдар жыртқыш жайлаған жерде жемтіктің мол болу керектігін де негізгі мәселе етіп көтеріп отыр. Сол себепті жоғарыда айтылған «Іле-Балқаш» табиғи резерватына тұяқты жануарлар топ-тобымен жіберілуі тиіс. Тарғыл шерінің негізгі қорегі – қабан мен кермарал екен. Зерттеушілер Іле өзенінің сағасында үш мыңнан астам қабанның барын анықтап отыр. Бірақ бұл аздық ететін көрінеді. Өйткені алып денелі, алапат күшті аңның қарны тою үшін қабанның саны 30-50 мыңға жетуі тиіс екен. Бұған қоса бұл маңдағы маралдың да санын көбейту жоспарланып отыр.

Жолбарыстарды қашан, қайдан әкеледі?

Жолбарыстар алдын ала есептеулер бойынша 2024 жылы Қиыр Шығыстың жабайы табиғатынан жеткізілуі мүмкін. Әрине, хайуанаттар бағынан алынуы да ғажап емес. Бірақ қолда өскен аңның бостандыққа бейімделуі екіталай. Ал Қиыр Шығыстағы жолбарыс популяциясына зиян келтірмей, жылына екі-үшеуін ұстап отырады. Осылайша зерттеушілер жарты ғасырдан кейін Балқаш маңында бұл мысықтұқымдас жыртқыштың санын 150-ге жеткізбек. Мұндағы жануарлар тобын да тұрақтандыру үшін шамамен 10 жылдай күту керек екен. Оған қоса жоба осы он жылға 20 миллион еуро көлемінде қаржыны қажет етеді. Қаражатты еліміздің Үкіметі және Дүниежүзілік жабайы табиғат қоры мен оның серіктестері шығармақ.

Түйін: Қазақ жерінде ХХ ғасырдың ортасына дейін жортып жүрген салақұлаш сарыала жолбарыстың қайта «тууына» қазір бүкіл әлем көз тігіп отыр. Әсіресе америкалық атақты актер Леонардо Ди Каприоның қамқорлығы ерекше. Ол бүгінде жолбарыстың әлемдік популяциясын құтқаруға белсене атсалысып жүр. Жер бетіндегі «Жолбарыс елшісі» атанған актер Тұран жолбарысына қатысты өзінің «Instagram» желісіндегі парақшасында «Сіздер естідіңіздер ме? Қазақстан жарты ғасыр бұрын жойылып кеткен жолбарыстарды Орталық Азияға қайтаратын тұңғыш ел болады. Бір кездері жабайы жолбарыстар Түркияның шығысынан Бали аралына дейін жортып жүрген, бірақ содан бері олардың таралу аймағы 90 пайызға тарылып кетті. Қазақстанның жолбарысты жерсіндіру жоспары – табиғатты қорғауға қосылған қомақты үлес», деп азаматтық, адамгершілік пікірін білдірген болатын. Осы жазғанымыздың бәріне сенетін болсақ, Тұран жолбарысы Ұлы даламызда жортып жүрер күн алыс емес. Тек жобаға жауапты мамандар оны орта жолда тастап кетпесе дейміз. Біз бұл тақырыпқа алдағы сандарымыздың бірінде қайта ораламыз.

Жасұлан СЕЙІЛХАН

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар