Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Мұзда жүру қауіпті

Мұзда жүру қауіпті
ашық дереккөз
Мұзда жүру қауіпті
«Қараша, желтоқсан мен сол бір екі ай, Қыстың басы бірі ерте, біреуі жай», деп басталатын Абай атамыздың өлеңінен кез келген адам ауылдың тыныс-тіршілігі және адамдардың тұрмысымен қатар, нақ осы мезгілге тән ауа райынан да хабардар болатыны анық. Дәл қазіргі уақытта кейде күндіз ауа райы май тоңғысыз болғанымен, таң ата су мұз болып қатса, таңғалуға болмайды. Өйткені енді түн бірте-бірте суый береді. Жерге сыналап енген жауыннан кейін бір күндік қана үсік жүріп өтсе, тоңның қатуына осы да жеткілікті. Мұны сөз етіп отырған себебіміз, жердің тоңы қатқанымен, алайда бұл уақытта су айдындарында тек қабыршық мұз пайда болуы мүмкін. Негізі жауыннан кейін күн суып, даладағы шалшық су мұзға айналғанымен, ал өзен-көлдердің мұз болып қатуына баяу болса да есіп тұрған желден пайда болатын толқындар ырық бермейтінін айта кетуіміз керек. Нақты айтқанда, табиғаттың, ауа райының қас-қабағын бағып өскен қазақ қараша мен желтоқсан аралығында су айдындарында мұз қатпайтынын жақсы біледі. Бірақ аяз біршама уақыт тұрақты болса, онда көл-тоғандар мұзайдынға айналады. Кешкі немесе түнгі суықта көлге қабыршықтанып мұз қатып, тіпті ол таңға жуық берік мұзға айналса да күндіз ол белгілі мөлшерде еріп, өз тығыздығын жоғалтады. Тұрғындар осындай сәтте абай болғаны абзал. Десе де біз мұз үстінде жүру қай кезде сенімді, қай кезде қауіпті екенін облыстық төтенше жағдайлар департаменті азаматтық қорғаныс басқармасының офицері Уәлихан Уәлиевтен сұраған едік. Ол адамның мұз үстінде жүргенде қауіпсіздіктің негізгі шарты мұз қалыңдығының салмақпен сәйкестігіне байланысты болатынын сөз етті. – Бір адам үшін мұздың қауіпсіз қалыңдығы 7 сантиметрден кем болмауы крек. Жалпы мұзайдын салу үшін мұздың қауіпсіз қалыңдығы 12 сантиметр және одан да көп болуы тиіс. Жаяу өткел жасау үшін мұздың қауіпсіз қалыңдығы 15 сантиметрден асуы керек. Ал автомобильдер өту үшін мұздың қауіпсіз қалыңдығы кемінде 30 сантиметрге дейін барады. Ешқандай жағдайда мұз үстінде қараңғы уақытта және ауа райы қолайсыз болғанда (тұман, қар, жаңбыр) жүруге болмайды. Мұздың беріктігін аяқпен тексеру қауіпті. Егер ағашпен немесе шаңғы таяқшасымен ұрғанда су көрінсе, бұл мұздың жұқа екенін білдіреді. Мұндай жағдайда аяқты мұздан ажыратпай, адам иық тұсына дейін аяқтарын ашып, сырғымалы қадамдармен келген ізбен дереу кері қайтып кеткені жөн. Мұз жарылған немесе шытынаған жағдайда да дәл осындай әрекет жасау қажет. Мұз бетінен топпен өткен кезде әр адамның арасында 5-6 метр арақашықтық сақталғаны дұрыс. Егер адам рюкзак арқалап жүрсе, оны бір иыққа іліп алуы қажет. Бұл мұз жарылып, суға батқанда жүктен тез босап шығуға көмектеседі. Су айдындарында ең жиі кездесетін қайғылы жағдай ішімдіктің кесірінен де болып жатады. Сол үшін ішкілік ішкен адам мұзайдындарға жоламағаны дұрыс. Адам басына төнген қауіпті сезбей, төтенше жағдайда дәрменсіз күйде болады. Ата-аналардан балаларды мұзға (балық аулауға, шаңғымен және конькимен сырғанауға) қараусыз жібермеуін сұранамыз, – деді ол. Әне-міне дегенше күн де суытып, мұз да қатар. Сол кезде көзсіз батырлыққа жол бермей, мүмкіндігінше қауіпсіздік шараларын ұстанған адам қауіп-қатерден аулақ болатыны сөзсіз. Әр адам «Алла сақтансаң – сақтайды» деген нақылды естен шығармаса, мәселе туындамайды.

Н.Болатұлы

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар