ӨРТ СӨНДІРУШІЛЕР ОТБАСЫ
Күйеуі мен әйелі бір салада еңбек ететін отбасылар аз емес. Үйде де, түзде де жұптары жазылмай, биік асуларды бірге бағындырған жұбайлар жайлы аз жазылып жүрген жоқ. Десе де біз сөз еткелі отырған кейіпкерлеріміз қоғамда қауіпті мамандықтың бірі саналатын өрт сөндіру саласында жұмыс істейді.
Жалпы өрт сөндіру жүйесіне ешкімнің тосыннан келмейтіні анық. Өйткені ол жай ғана қатардағы қарапайым қызметтің бірі емес.
Өрт сөндіру саласы ең алдымен батырлықты, қажыр-қайрат пен шапшаңдықты талап етеді. Сондықтан да бұл салада мамандықты өз жүрек қалауымен таңдағандар еңбек етуде. Мұндайда адамдар да, мамандар да «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» тізе қоса қимылдамаса, тілсіз жауға тойтарыс беру қиын. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің өрт сөндіру саласында қызмет атқарып жүрген жас отбасының отағасы – Тараз қалалық №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің аға өрт сөндіруші-құтқарушысы, азаматтық қорғау сержанты Шухрат Муртаев. Оның жұбайы аталған департаменттің күштер мен құралдарды жедел басқару орталығының өрт сөндіру байланысы орталығы пунктінің аға байланыс шебері Карина Карташова. Тілегі мен ниеті, арманы мен мақсат-мұраты бір арнаға тоғысқан олар бір бірін осыдан жеті жыл бұрын қазіргі заманның жастарына тән әлеуметтік желі арқылы тапқан екен. Ол кезде Шухрат азаматтық қорғау саласына жаңа қадам басса керек. Ал Карина Сергеевна қаладағы колледждердің бірінде «ТЖ қорғау» мамандығы бойынша білім алып жүріпті. Алдына қойған мақсатына жетпей тынбайтын Шухраттың жасы ол кезде небәрі жиырма жаста болған. Соған қарамастан, Карина оны тәжірибелі, еңбекқор жан ретінде танып-білген. «Көп жасағаннан сұрама, көпті көргеннен сұра» дейді халық даналығы. Қызмет атқарғанына санаулы ғана уақыт өтсе де Шухрат айналасына еліміздің түрлі аумақтарына арнайы барып, апаттық-құтқару жұмыстарына да белсенді қатысып үлгерген өз ісінің нағыз маманы ретінде танылады. Осынау жылдар ішінде ол өзге әріптестерімен бірге бірнеше жанды тілсіз жаудың тырнағынан аман алып қалған. Ал оқуын өте жақсы деңгейде тәмамдаған Карина білімін одан әрі жетілдірмек ниетпен жоғары оқу орнына құжаттарын тапсырып, жергілікті телеарналардың біріне тілші болып орналасады. Дегенмен қайсар қыздың арманы мүлдем бөлек еді. Ол арагідік ойға шомғанда әрдайым өзін өрт сөндіру саласында қызмет етіп жүрген сәттерімен елестететін. Осылайша Карина да өрт сөндіру саласында ұйымдастырылған лауазымға орналастыру бойынша байқауға бірнеше жыл қатарынан қатысып жүріп, ақырында іріктеуден өтеді.
Осыдан төрт жыл бұрын Каринаның арманы орындалып, ол азаматтық қорғау саласына қызметке орналасады. Бүгінде Карина өзінің жастығына қарамастан тәжірибелі мамандардың қатарынан орнын тауып, ұжымда ұйымдастырылған барлық іс-шаралардың бел ортасынан табылып жүр. Тіпті ақпараттық технологиялар саласы бойынша да мекеме жұмысын жұртқа көрсетуде жаңа леп әкелді десек те болады. Ол ведомстволық әлеуметтік желі парақшасының жұмысын одан әрі жетілдіруге үлкен үлес қосты. Ашығын айтқанда, әрбір кезекшіліктен соң Карина «Instagram» желісіне өрт сөндірушілердің мәртебесін арттыратын жоғары деңгейдегі, сондай-ақ тұрғындарға төтенше жағдай орын алғанда қандай әрекеттер жасау қажеттігі жөнінде арнайы дайындалған бір минуттық бейнеролик салуды әдетке айналдыра бастайды. Міне, осылайша оның әлеуметтік желіге салған бейнеролигінің қаралым саны 40 000-нан асып, жазылушылар саны да есепсіз еселей түскен еді. Жазылушылар тарапынан өрт сөндіру саласындағы қызметке деген жағымды пікірлер толассыз жолдана бастайды.
Жоғарыда есімдері аталған бұл жұпқа танитындар «бұралаңы көп өмір жолында бір-бірін қателеспей тапқан бақытты жандар» деп баға береді. Расында да олардың сыртынан қараған адам бір-бірін қас-қабағынан танып, сезімі үлкен сыйластыққа жалғасқанын, түсінігі де ерекше үйлесім тапқанын байқайды.
Каринаға «Өрт сөндірушінің жұбайы болу қаншалықты қиын?» деген сұрақ қойғанбыз. Ол әрдайым жұбайы кезекшілікке түскен сайын оның тілсіз жаумен айқасқа бара жататынын жан-тәнімен түйсінетінін тілге тиек етті.
– Күйеуімнің басынан талай қауіпті сәттердің өткені рас. Оны тізбектеп жатудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Бастысы мұндай мамандық иелерінің тілеуін тілеу, өмірін бәске тігетін кезі аз болмайтынын ұғыну, осыны жан жүрегімен сезіну, қызметіне үлкен түсіністікпен қарау – әр әйел үшін парыз деп білемін. Біз қызмет пен отбасы мәселесін баяғыда-ақ жүйелеп, шешіп қойғанбыз. Мен оны қауіпті сапарға аттанып бара жатса да «қызметті таста, мамандығыңды ауыстыр» деп ешқашан айтқан емеспін. Себебі өзім де осы мамандықты сүйіп, осы салада еңбек етуді таңдадым. Сүйген мамандығыма келіп, сүйген жарымды табу да мен үшін берілген тағдырдың үлкен сыйы болды. Біздің жеке өміріміз бен қызметтегі көзқарасымыз біте қайнасып кеткен, – деді ол.
Расында да өрт сөндірушінің жұмысы өте күрделі екендігі жасырын емес. Бұл мамандық адамның бойынан әрдайым батылдық пен жігерді, талқыға түспейтін үлкен жауапкершілікті талап етеді. Өйткені бұл кәсіптің басында адам өмірі мен құнды мүліктерді тілсіз жаудан құтқару және басқа да игі істер тұр. Карина өзін және Шухрат екеуін өзге мамандықта мүлдем елестете алмайтындығын алғаш танысқанда-ақ түсініпті. Тіпті ол жұбайы екеуі үйде отырып шүйіркелесе қалса, әрдайым әңгіме ауаны жұмыс төңірегіне барып тірелетінін айтады. Екі жасты үнемі «өрт сөндіру саласын қалай жетілдіруге болады» деген сауал ойландырады. Бүгінде олар қызмет бабы бойынша бір-біріне айна іспетті. Әрдайым біріне бірі сын көзбен қарап, бірінің кемшілігін бірі толтырып, жетістігіне бірге қуанып отырады. Бұл жөнінде Карина «Бойымызда күш-қуатымыз тасып тұрған жастық шағымызда әрқашан аталмыш саланы одан әрі қарыштата дамытуға үлесімізді аянбай қосуды өзімізге серт етіп алғандаймыз» дейді мақтаныш сезіммен. Осылайша арман-мақсаттары бір жерден табылған екі жас бүгінде таным-түсініктері жарасқан, тату-тәтті әрі өзгеге тұрмыстық салт жағынан да үлгілі отбасына айналып үлгерді.
Шухрат Фархатұлы өзінің кәсіби жұмысы барысында басшылыққа және әріптестері арасында бірнеше рет көзге түскен жан. Мысалы, 2016 жылы Солтүстік Қазақстан облысында орын алған су басу оқиғасы кезінде белсенді әрекеті үшін аталмыш өңір әкімінің қолынан алғыс хатпен марапатталған. Мұнан әрі 2018 жылы Тараз қаласындағы Талас өзенінің суы арнасынан тасып, бірнеше үйдің ауласын су шайғанда да Шухрат оқиға орнынан табылған болатын. Шақырту бойынша оқиға орнына келіп жеткен Тараз қалалық №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің 10 адамнан құралған күштері мен құралдары ауладағы суды аулаққа сорып шығару жұмыстарымен қызу айналысады. Дәл осы сәтте су соратын мотопомпа істен шығып, құтқарушылар қол қусырып, абдырап қалса керек. Дегенмен Шухрат істен шыққан мотопомпаны жөндеп, лезде қатарға қосып, ұжымды, сондай-ақ құтқару қызметін қысылтаяң сәттен шығарды. Көп ұзамай ауладағы су толығымен сыртқа сорғымен шығарылып, тұрғындарға төнген қауіп те сейілді.
Бір жолы қыстыгүні Тараз қаласы, Сыпатай батыр көшесінің бойында орналасқан дәнекерлеу цехынан өрт шығып, оқиға орнына шығу кестесіне сәйкес Тараз қалалық №1 және №15 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің күштері мен құралдары келіп жетеді. Жүргізілген жедел барлау нәтижесінде цех ішінде газ баллонының бар екендігі және ол жарылса адам өміріне қауіп төндіріп, тілсіз жаудың құрығы цех жанында орналасқан қоймаға дейін жайылу қаупі туындайды. Дәл осы сәтте Шухрат ашық от көзінде қалып қойған, ыстықтан жарылуға шақ тұрған газ баллонын сыртқа алып шығып, одан әрі әріптесі екеуі оттегі баллонын да аулаққа алып шығады. Міне, осылайша Шухраттың кәсіби әрі батыл әрекетінің арқасында жарылыстың орын алуына жол берілмейді.
2019 жылдың 27 ақпанында 06 сағат 21 минутта 101 телефон нөміріне Тараз қаласы, Мыңбұлақ ықшамауданы, №62 тұрғын үйде жарылыс орын алғандығы жөнінде шақырту келіп түседі. Ал аталмыш оқиға орын алған күні Шухрат кезекшілікте болған. Өзге ұжымдастарымен бірге шұғыл түрде оқиға орнына аттанған олар
4 адамнан құралған іздестіру тобымен гидравликалық апаттық-құтқару құрылғысын пайдаланып, үйінді астынан зардап шеккен адамдарды іздестіру-құтқару жұмыстарымен айналысады. Ал олардың әрбір қимылы зардап шеккендердің өмірімен тығыз байланысты екендігі айтпаса да түсінікті. Әрбір сәттің қымбат екендігін жан-тәндерімен түйсінген олар аса бір шапшаңдықпен әрі сауатты әрекет ету арқылы бірнеше жанды үйінді астынан алып шығып, медицина қызметкерлеріне тапсырды. Олар мұнымен де тоқтап қалмай, одан әрі іздестіру-құтқару жұмыстарымен сағаттап айналысуын доғармайды. Үздіксіз іздестіру әрекетінің арқасында олар тағы да 3 адамның ес-түссіз жатқан денесін тауып, қауіпсіз жерге алып шығады. Осылайша Шухраттың тікелей қатысуымен 3 адам ажал аузынан аман қалады.
Сондай-ақ Тараз қаласы, №5 ықшамауданындағы бес қабатты тұрғын үйде орын алған өрт оқиғасы кезінде де Шухрат белсенді әрекетімен көзге түседі. Ол өрт кезінде бес қабатты тұрғын үйдің шатырындағы өртті сөндіру кезінде пәтерде қалып қойған мысықты өз иесіне тапсырады. Сөйтсе, әлгі әйел жергілікті «Ақтөс» жануарларға қамқорлық көрсету орталығының жетекшісі болып шығып, ол әйел өз кезегінде Шухратты әлеуметтік желіден іздеп тауып, алғысқа лайықты әрекеті үшін жұртшылыққа өрт сөндіру-құтқару қызметінің мамандарын жақсы қырынан танытуға үлес қосқан еді.
Бүгінде үнемі ашық-жарқын жүретін екі жас осылайша өз кәсіптеріне деген сүйіспеншілігін өздерінің белсенді әрекеті арқылы танытып келеді. Олардың ендігі мақсаты – алдағы уақытта офицер атанып, жұртшылыққа өрт сөндіру саласын жарқын әрі жаңа қырынан танытып, саланың одан әрі дамуына зор үлес қосу. Негізінде белгілі бір саладағы династия осындай мамандар арқылы қалыптасатыны белгілі. Біз де аталған жас отбасының болашақта өрт сөндірушілер әулетіне ұласатынына сенімдіміз.
Нұрым Сырғабаев
Келесі мақала