Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

«ДВИЖУХА» ТАРАЗДА ТҮСІРІЛГЕН АЛҒАШҚЫ ВЕБ-СЕРИАЛ

«ДВИЖУХА» ТАРАЗДА ТҮСІРІЛГЕН АЛҒАШҚЫ ВЕБ-СЕРИАЛ
ашық дереккөз
«ДВИЖУХА» ТАРАЗДА ТҮСІРІЛГЕН АЛҒАШҚЫ ВЕБ-СЕРИАЛ
«Егер де Таразға «Человек Паук» келетін болса онда ол жаяу жүретін еді. Себебі Таразда биік ғимараттар жоқтың қасы. Және де бұл қалада өздерін «Форсаждың» актерлары сезінетін маршруттың водительдері бар» деген сөздер «Тik-tok», «Instagram», «Youtube» әлеуметтік желілерінің белсенді қолданушыларына жақсы таныс болар. Айтылған цитаталар өзіміздің жамбылдық жастар қолға алған «Движуха» веб-сериалынан алынған. «Осындай ерекшеліктері бар қаланың адамдары да ерекше. Ендеше сол ерекше адамдармен жақынырақ таныса отырыңыздар» деп басталатын веб-сериал тек әулиеаталықтар ғана емес, еліміздің түкпір-түкпірінде, алыс-жақын шетелге қоныс аударған жерлестеріміздің арасында үлкен қолдауға ие болып, қызу талқыға түсті. Көрермендердің ықыласына ие болған туынды облысымызда бұрын-соңды болмаған жаңалық деуге келеді. Себебі, алдыңғы жылдарда фильм түсіру тәжірибеміз болғанымен, «Движуха» веб-сериал жанрындағы тұңғыш жоба. Алдымен көрермендерге түсінікті болу үшін веб-сериал деген ұғымға аздаған түсінік беріп өтсек. Веб-сериалдар – кейінгі жылдары өркендеп келе жатқан жаңа жанр. Заманына сай веб-сериалдарға деген көрермендердің қызығушылығы жылдан-жылға арта түсті. Веб-сериалдардың тілдері де жастардың жаргондарына қарай икемделген, диалогтары да қарапайым. Жаңа формат үнемі қозғалыста жүретін, әр сағат, минут, секунд сайын ағылған ақпаратты жылдам қабылдайтын аудиторияға арналған. Мұндай сериалдарды, қысқа фильмдерді көп уақыт жұмсамай-ақ аз ғана уақытта, жол-жөнекей де көре беруге болады. Қазақстандық веб-сериалдардың негізін салушылардың бірі – жастардың арасында кең танымал «Миллион» жайдарман командасы. «Әпке», «Жездуха» секілді шынайы өмірді әзілмен әдемі өрнектей білген веб-сериалдары көпшіліктің көңілінен шықты. Интернет кеңістігі қарыштап дамыған жаңа дәуірде біздің тараздық жастар да көштен қалмай келеді. Оған дәлел – жоғарыда сөз болған Тараздағы жасампаз жастардың атсалысуымен түсірілген «Движуха» туындысы. Сериал желісі оқуын жаңа тәмамдаған жастардың шытырманға толы қызықты оқиғаларына құрылған. Жастардың көбісі оқуын бітіре салып, «Ендігі өмірім қалай болмақ?» деген сұрақтың шешімін таба алмай, жұмысқа тұру, үй іздеу, үлкен өмірге бейімделу секілді өзгерістерді бірден қабылдай алмай біраз қиындықтарға тап болып жатады. Сол мәселелер Самат, Еламан, Дидар есімді тараздық үш жігітті де айналып өткен жоқ. Басты кейіпкерлердің образдары өмірден алынған, студенттердің жинақтық бейнесі. Мәселен, Самат – бандиттерге қатты еліктейтін, бірақ адамдарға титтей де арам ойы жоқ бұзықтау жігіт. Еламан – жеңіл мінезді, ал Дидар – апасының тәрбиесін көрген қазақы азамат. Оқиға осы үш жігіттің диплом алғаннан кейінгі, жұмысқа тұру, пәтер табу жолындағы қиын да қызықты өмірлерін суреттейді. Күлдіре отырып қоғамдағы табиғаты сан қилы жастардың бейнесін шебер суреттей білген, көрермендеріне ой салған сериалдың тәрбиелік мәні де зор. Веб-сериал қай уақыттан бастап қолға алынды, мұны түсірудегі мақсат неде, түсірілім барысында қандай қиындықтар кездесті? Бұл сұрақтарға жоба авторларының бірі Дидар Аппасов жауап берді. – Сериалдағы жігіттермен таныстығымыз бұрыннан бар. Қаламыздың жас тұрғындары жақсы білетін болар, «Жайдарманның» жоғарғы лигасында бірге ойнағанбыз. «Жайдарманда» жүріп «АТУ», «Миллион» командасындағы жігіттермен жақсы араласып кеттік. Сериалды түсіруімізге себепші болған да «Миллион» құрамасындағы ағаларымыз. Ол кісілер біздерге, жалпы жайдарманшыларға «Халықтың есінде тұрғанда, ел-жұрт түрлеріңді танып тұрғанда мүмкіндікті босқа жіберіп алмаңдар. Әрекет етіңдер, түрлі жобалар бастаңдар», деп ақылын айтып отырды. Шымкенттің қарапайым ғана жігіттері көпшілікке «Әпше» веб-сериалы арқылы танылып, «Жездуха» жобасымен отандық комедия тарихында өлмейтін образ алды. Қазір де тынымсыз еңбектерінің арқасында Түркия, Дубай елдерін аралап, сериалдарын шет елдерде түсіріп жүр. Ағаларымыз ешкімнің қолдауынсыз-ақ өздері көтерілді. Біз де сол кісілердің жолын берсін деп «Движуханы» қолға алдық. Негізінде әйтеуір Таразда бұрын-соңды болмаған жаңа жобаны бастау біраздан бері ойда жүрген. Тіпті Еламан екеуміз «Вайн түсіреміз бе? деп те ойладық. Бірақ қазір екінің бірі вайнер мен блогер. Оның үстіне ақырындап олардың да заманы өтіп барады. Не жасасақ болады деп ұзақ ойлана келе, жайдарманшы ағаларымыздың түрткі болуымен тәуекел деп веб-сериалды жарыққа шығардық. Жоба авторлары Самат Кеңесбаев, Байғали Жолдас (оператор) «Қарекет» қорында жұмыс жасаса, командамыздың тағы бір мүшесі Еламан Юсупов – жастар саясаты мәселелері басқармасында қызмет етеді. Веб-сериалды түсірудегі басты мақсатымыз – оқуын бітірген студент жастардың, әсіресе ауылдан, ауданнан келген талапкерлердің қандай қиындықтарға кезігіп жататынын ашық көрсету. Сериалдағы кейіпкерлердің қателіктерін кейінгі жастар қайталамаса, ондай келеңсіз жағдайларға ұшырамауға тырысса деген тәрбиелік мақсаты да бар. Біздің жобаның тағы бір ерекшелігі – жас аудиторияға арналғанын, әрі қаламызда бәрі бір-бірін танитынын ескере отырып, былапыт сөздерді мүлде қолданбадық. Бұл сериалдағы ең басты акцент – Тараздық колорит. Себебі, әр өңір сериал түсірсе өз облысының жан-жақты қырын барынша көрсеткісі келеді. Мәселен, «Жездухада»-дан шымкенттік, «BayGuys»-тан алматылық, «Физрук»-тан семейлік аура сезіліп тұрады. Біз де өз сериалымызда тараздық менталитетті көрсете білдік деп ойлаймын. «Жәй ғана бастап көрсек қалай болар екен?» деп қобалжып шығарған сериалымызды көрермендер жылы қабылдады. «Tik-tok», «Instagram» әлеуметтік желілерінде цитаталарға бөлініп кеңінен тарап жатыр. Сондай еңбекпен жасаған жобамыздың сәтті шыққанына қатты қуаныштымыз. Ең басты жетістігіміз Таразды «Көк базар» бар кездегіден кейін көрмеген шетелдегі жерлестеріміздің өзі тамашалап, мақтап, қаланың қаншалықты дамығанын көріп, толғаныстарын жасыра алмады. Жаңа бөлімі шыққан сайын ыстық лебіздерін жолдап, қолдау білдіріп отырады. Бірақ өкінішке орай отбасылық жағдайларға байланысты әрі қарай сериалға түсе алмайтын болдым. Сюжет желісі бойынша менің кейіпкерім бірінші сериядан кейін ауылына қайтып, сценарий Самат пен Еламан екеуіне ғана қатысты болып өзгертілді. Алдын-ала жазылып қойған желіні өзгерту де оңай шаруа емес. Алайда жігіттер жарады. Көрермендер саны көбеймесе, жоба деңгейі жоғарыламаса түскен емес. Мен де сценарий барысына қолымнан келгенше көмектесіп тұрамын. Алдағы уақытта тек мұнымен тоқтап қалмай осы командамен жаңа жобаларды қолға алсақ деп жоспарлап отырмыз, – дейді Дидар Аппасов. Жігіттердің айтуынша, түсірілім барысында біраз қиындықтар да, естен кетпес қызықты оқиғалар да орын алыпты. Түсірілім алаңын таппай біраз әбігерге түскен, демеушілері болмағандықтан қаржы жағы да оңайға соқпағаны белгілі. Алайда көңілі кең, жүрегі жұмсақ қаламыздың тұрғындары, кафе, дүкен қожайындары өздері тілектестік танытып, тегін түсіруге рұқсат берген. Екі-үш серия интернет желісіне салынып, қызу талқыланып жатқанда облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Жомарт Зұлпыхар жігіттерді қабылдап, қандай да бір көмек қажет болса қол ұшын созуға дайын екендігін айтқан. Оның үстіне «Бауырсақ скетч» арқылы танымал, өнер барысы атанған Біржан Шөпбай, әзілкеш, жайдарманшы Олжас Сүлейменов, Арман Жаналиев ағалары да үлкен қолдау көрсетіп жүр. Алғашында жігіттер веб-сериалдарына Біржан Шөпбай ағасының түскенін қалаған. Өкінішке қарай ол кісі Жахан Отарғалиевтың «Жохан 2» сериалына түсіп жатқандықтан тиесілі рөл «Тараз 2000» жайдарман командасында ойнаған Олжас Сүлейменовке бұйырды. Ағаларының дарынды інілеріне көмегінің бір дәлелі – сериалға тегін түсіп, сценарий жазу барысында ақылдарын айтып тұрады. Тағы бір жақсы жетістік командадағы жігіттерге облыстық «мен» деген, ең танымал вайнер, блогерлерінің өзі хабарласып, сериалға түсіуге өтініш білдіріп жатыр. Әрі қаламыздағы ірі сауда орындары, кофеханалардан жарнамаға ұсыныс түсіп жатқандығы да жігіттердің еңбегінің ақталғаны болар. Көшеде жүргенде, көпшілік орындарда студенттер, оқушылар жағы танып, сериалдағы образдарымен атап, суретке түсіп жатқаны да жақсы жетістік. Жалпы веб-сериал 15 бөлімнен тұрады деп жоспарланған. Бұйырса екінші кезеңін түсіруді жоспарлап отыр. Мүмкіндік болып жатса Тараз қаласымен шектеліп қалмай «Жездуха», «BayGuys» жобаларының актерларын сериалға қосу ойда бар. Айта кетерлігі, веб-сериал авторларынан «BayGuys» сериалындағы Жалғас өзіміздің Жамбылдан шыққан, асалық жігіт екендігін естіп көңіліміз тағы бір марқайып қалды. Жоба авторларының жанашыр ағалары Серікбол Берікқожаға, Асхат Олжабайға және оператор-монтаждаушы Байғали Жолдасқа айтар алғыстары шексіз. Жақында жігіттердің шабыттарына шабыт қосылып, бұдан өзге де жұлдызды жобалар жарыққа шығып қалуы ғажап емес. Таразды сағынған шетелдегі жерлестеріне үлкен сый жасап, шаһардың қазіргі келбетін көрсетуге мүмкіндік сыйлап, сағынышын басуға дәнекер болған жігіттерге сәттілік тілейміз.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар