Бірлігі бекем бірлестік биік белестерді бағындыруда
Қоғам ілгері дамыған сайын өмірдің барлық салаларына жаңа мақсат талап етіледі. Жастардың көзқарасы, әр жалындаған жүрек пен жігерлі санадан туындаған жаңа идеясы болашақтың басты инвестициясы болмақ. Осы орайда әр облыста жастардың игілігі мен алға жылжуы үшін жастар ресурстық орталықтарымен қатар түрлі қоғамдық ұйымдар қызмет атқарып жүргендігін айта кеткен жөн. Солардың бірі – «Жамбыл облысы жастар ұйымдарының қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігі.
Бұл ұйым 2002 жылдың қараша айынан бері жұмыс істеп келеді. Бірлестікітің мақсаты – сан түрлі бағыттағы жастар ұйымдарына қолдау көрсету, жастардың бос уақытын тиімді пайдаланып, олардың бойында азаматтық көзқарас пен саяси белсенділігін арттыратын қасиет қалыптастыру. Бір кездері Андрей Емелин, Нұрлан Қанатов, Әлия Арзымбетова секілді қоғам белсенділері жетекшілік еткен бірлестіктің қазіргі
басшысы – Исламбек Дастан.
Бiрлестiктің негізгі мақсаты мемлекеттік саясатты насихаттай отырып, азаматтардың құқықтық-саяси сауаттылығын, азаматтық белсенділігін, көшбасшылық, басқарушылық қабілеттерін арттыру және саласына қарай әлеуметтік, қайырымдылық, мәдени, білім беру, денсаулық сақтау, саламатты өмір салтын насихаттау бойынша жобаларды жүзеге асыруға бағытталған.
Сонымен қатар ұйымға тартылған жастар қоғамдағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы иммунитет қалыптастыруға, діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу жұмыстарын жүргізуге барынша үлес қосуда. Белсенді жастар жергілікті өзін-өзі басқаруды жəне қоғамдық бақылауды дамыту интернет кеңістігінде мемлекеттік саясатты түсіндіру және ақпараттандыру жұмысын ұйымдастырып, тұрмыс сапасын арттыруға, жергілікті қоғамдастықтың өзекті мәселелерін шешуге бағытталған ауылдық бастамаларды жандандыруға да зор үлес қосуда. Ардагерлер ұйымдарының жұмыстарына көмек беру, Қазақстан Республикасы Мемлекет басшысының Жолдауларын насихаттауда да бірлестік тарапынан бірқатар істер атқарылуда. Облыстық «Жастар ұйымдарының қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің президенті Исламбек Дастанның айтуынша, осы уақыт аралығына дейін бірлестік тарапынан жүзеге асқан жұмыс аз емес көрінеді.
– Осыдан тура он жыл бұрын қауымдастықтың мүшелігінде он жеті бірлестік болса, қазіргі таңда отыздан астам ұйымның басы біріктірілді. Оның 70 пайызы облыс, қала, аудан аумақтарында белсенді жұмыстар жүргізуде. Қауымдастық тарапынан жастар қоғамдық бірлестігінің ашылуы мен тіркелуіне, мемлекеттік тапсырысқа қатысуына консультативтік көмек берілуде. Бірлестік мүшелері қоғам сұранысына сай «Операция Марс», «Бес әлеуметтік бастама», Жамбыл облысы әкімдігі ішкі саясат басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы бойынша «Интернет кеңістігінде тұрғындар арасында мемлекеттік саясатты түсіндіру бойынша ақпараттық қызмет орталығын ұйымдастыру» тақырыбы және Тараз қаласы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы бойынша «Сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік мәдениетін қалыптастыруға бағытталған іс-шаралар ұйымдастыру» секілді жарқын жобаларды жүзеге асырып келеді.
Облыстық, қалалық мәслихаттарға сайлау науқаны кезінде қауымдастық белсенділері сайлауға бақылаушы қызметін атқарып, бұқаралық ақпарат құралдарына және әлеуметтік желілерге өз бағаларын беріп отырады. Бірлестік президенті, қоғамдық кеңес мүшесі ретінде Тараз қаласында орналасқан «Жастарға қызмет көрсету орталығының» ашылуына себепші болдық. Мемлекет басшысы жүктеген міндеттерді атқаруға барынша күш салып келеміз. Тұрмыстық жағдайы төмен отбасынан шыққан балаларға көмек көрсету мәселесін назардан тыс қалдырған емеспіз. Ондай топтағы оқушыларды қажетті оқу құралдары, ноутбук секілді керек-жарақпен қамтып, қолдан келгенше көмек көрсетіп отырамыз.
Еліміздің ертеңгі болашағына баланып отырған жастардың бойында табиғатты қорғау, аялай білу сынды ізгі қасиеттерді оята білуіміз керек. Сол мақсатта әр жыл сайын Тараз қаласындағы жоғары оқу орындарының, колледж студенттерінің қатысуымен жүйелі жұмыстар жүргізуді үрдіске айналдырғанбыз. Мәселен, өткен жылдары Тараз қаласы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің жастар ресурстық орталығымен бірлесе «Самал» ықшамауданындағы каналдың жан-жағын тазалау жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар «Экологиялық ағарту және насихаттау бойынша іс-шаралар өткізу» атты мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында «Қарахан баба» кесенесінің аумағы көріктендірілді. Тек сенбілік жұмыстарын өткізумен шектеліп қалмай, мектептерде, жоғары оқу орындары мен колледждерде семинарлар мен кездесулер ұйымдастырып тұрамыз. Мұндай жұмыстар биыл да жалғасын тауып, қоғам мен жастарға шарапаты тиер жаңа жобаларды қолға алуды жоспарлап отырмыз. Ашықтық пен жариялылықты жатсынбай, әлеуметтік желілерде белсенді жұмыс жүргізіп келеміз, – дейді бірлестік төрағасы.
Қазақстан халқының ұрпақтар сабақтастығы, мәдениеті мен салт-дәстүрі, ана тілі, ұлттық және мәдени бірегейлік сынды маңызды мәселелерді көтеруге атсалысатын бірқатар мәдени іс-шаралардың өткізілуі қоғам талап етер заңдылық. Осы бағытта Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының «Ұрпақтар сабақтастығын және Қазақстан халқының дәстүрлерін танымал етуді қамтамасыз ету жөніндегі шаралар кешенін іске асыру» мемлекеттік гранты аясында «Жамбыл облысы жастар ұйымдарының Қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігі орта білім беру ұйымдары арасында «Ұлы дала өркениеттері» атты байқау ұйымдастырған. Аталған жоба – өткен жылдың ең жарқын, танымал жобаларының бірі десек артық айтқандық емес. Жоба облыстағы оқушылар арасында үлкен қолдауға ие болды. Байқауға республикамыздың шалғай және ең шағын ауылынан бастап, ірі қаладағы үлкен мектептердің ұжымдары мен оқушыларына дейін қатысқан еді. Ол жайлы да И.Дастан тарқата айтып берді.
– Байқау аға буын мен жасөспірімдердің арасында ұрпақтар сабақтастығын арттырып, Қазақстан халқының мәдениетін, ана тілін, ұлттық дәстүрлерін сақтауға және дамытуға, дәстүрді жаңғырту және дамыту мәселелеріне, ұлттық және мәдени бірегейлікті сақтауға, сондай-ақ жастарды өз халқының мәдениетін құрметтеуге, халық шығармашылығына жанашыр болуға тәрбиелейді. Байқауға қатысуға Жамбыл облысынан 47, Ақтөбе облысынан 20, Түркістан облысынан 18, барлығы 138 білім беру ұйымынан өтінім келіп түсіп, 59 білім беру ұйымы бекітілген 10 іс-шараның барлығын толықтай орындап шықты. Жобаның ережесі бойынша өткізген іс-шаралар мен жас өрендердің өнерлерін әлеуметтік желілерден «Ұлы Дала өркениеттері» хэштегімен көруге болады. Байқаудың жүлде қоры 1 800 000 теңгені құрады. Сыйақы бағалау талаптарына сай ең жоғары ұпай жинаған үш ұйымға берілді. Ақшалай сыйлықтар тек орта білім беру ұйымының қажеттіліктеріне бағытталды. Жобаны іске асыру кезеңінде жетістікке жеткен жастар тарихының портфолиосын құру бойынша меже 50 адам болса, нәтижесінде 112 адам туралы журнал жарық көрді. Жоба аясында Тәттімбет Қазанғапұлы, Құрманғазы Сағырбайұлы, Жамбыл Жабаев, Дина Нұрпейісова, Нұрғиса Тілендиев сынды өнер тұлғалары жайлы бейнероликтер жарық көрді. «Тіл – халық рухы» тақырыбында ана тілімізде ақпараттық ресурстар мен әлеуметтік желілерде жарияланымдар дайындалып, инфографика, бейнероликтер, мақалалар жарық көрді. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Жетістіктің тарихы» республикалық акциясы аясында 39 кейіпкер мен оның ұстаздары туралы мақалалар, бейнефильм жарық көрді, – дейді И.Дастан.
Қашанда игі істің жаршысы болып жүрген бірлестік жақында тағы да бір жақсы бастамаға себепші болды. Жамбыл ауданы әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығы, Жамбыл ауданы пробация қызметі, осы аудан әкімдігінің дене шынықтыру және спорт бөлімі және аталған бірлестіктің ұйымдастыруымен қол күрес, гір тасын көтеру, белтемірге тартылу бойынша жарыс өтті. Оған 27 адам қатысып, бірлестіктің естелік сыйлығы табыс етілді.
Сөз соңында бірлестіктің белсенді мүшелері жайында айта кеткен жөн болар. Студент кезінен қоғамдық өмірге араласып, тәжірибе жинап, шыңдалған бірлестіктің жоба үйлестірушілері Еркін Әбдиев, Олжас Теміралиев, Жатқанбай Әділет, Ақниет Нышанбай, Тұрлыхан Камал, қоғаммен байланыс жөніндегі маман Таңшолпан Серікжан, SEO маманы Азамат Сабданалиевтер бірлестік құрамында абыройлы еңбек етіп, қызу еңбекке араласып, елдің үмітін ақтап жүр.
Мемлекетіміздің саясатының негізгі мәні – жастардың бүгіні мен болашағына қамқорлық жасау. Оның облыста іске асуына жоғарыда аталған бірлестіктің қосып отырған үлесі ауқымды.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ
Келесі мақала