Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Мемлекеттік тілдің көсегесі қайтсек көгереді?

Мемлекеттік тілдің көсегесі қайтсек көгереді?
ашық дереккөз
Мемлекеттік тілдің көсегесі қайтсек көгереді?
Қазақстан Республикасы Конституциясының 7-бабында: «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі» деп тайға таңба басқандай көрсетілген. Ал мемлекеттік тілдің Қазақстанда шын мәнінде кең ауқымда қолданылуына не кедергі? Кезінде Әлихан Бөкейханұлы, Ахмет Байтұрсынұлы секілді ұлт зиялылары өзгеге бодан болған қазақ халқының тілінің жойылып кетпеуіне күш салды. Ұлт, тіл жанашырларының арманы орындалып, 1989 жылы Қазақстан Республикасында «Тіл туралы» Заң қабылданып, қазақ тіліне мемлекеттік тіл мәртебесі берілгеннен кейін қазақ тілінің даму дәуірі басталды. Алайда еліміз егемендік алып, етек-жеңімізді жиғалы 30 жылдан асса да ұлты қазақ бола тұра кейбіреулердің мемлекеттік тілді білмейтіні және қазақ тілінде сөйлеуге құлықсыздығы (әсіресе билік басындағылар) қынжылтады. М.Х.Дулати атандағы Тараз өңірлік университетінің аға оқытушысы, «TALDAU» социологиялық және маркетингтік зерттеулер орталығының жетекшісі Бақыт Әлмұратов баз біреулердің Қазақстанда Конституцияның 7-бабының 2-тармағындағы «Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады» деген норманы қате түсінетінін айтады. – Негізі мемлекеттік тілді ресми тіл деп те атайды. Мемлекеттік қызметкерлер орыс тілін ресми тіл деп өрескел қатеге барып жүр. Мемлекеттік тіл мемлекеттің тұтас аумағында, болмаса белгілі бір аймағында заңдық мәртебесі мемлекеттегі басқа тілдерден ең жоғары бекітілген тіл. Мемлекеттік тіл ең алдымен осы мемлекеттің Конституциясының тілі, Конституциясы жоқ елдің мемлекеттік тілі де жоқ деп есептеледі. Мемлекеттік (ресми) тіл көп жағдайда осы мемлекеттің сан жағынан басым, байырғы ұлттық тілі. Сондықтан да барлық ресми маңызды құжаттар мемлекеттік тілде дайындалады. Сол үшін әлемде мемлекеттік тілді ресми тіл дейді. Қажет болған жағдайда ресми құжаттар (заңдар, т.б.) басқа тілдерге аударылады. Біздің басты мәселеміз мемлекеттік тілде әлі күнге дейін 100 пайыз құжаттардың рәсімделе алмай келе жатқаны. Заң басқа тілде дайындалады, одан кейін мемлекеттік тілге аударылады. Қай заңды алып қарасаңыз да түпнұсқасы басқа тілде дайындалған, мағынасын түсіну қиындық туғызады. Мемлекеттік тіл сұранысқа ие болу керек. «Мемлекеттік тілде талап ету бұл ұлтшылдық, ұлтаралық араздық тудырады» деген алдамшы ойдан арылуымыз қажет. М.Шаханов кезінде Тіл полициясын құру керек деген еді. Ол да артықшылық етпейді. Керек болса дәл қазір оны да пайдалану қажет-ақ. Барлық коммерциялық құрылымның мобильдік қосымшасы мемлекеттік тілде сайрап тұруын қадағалап, талап етуіміз керек. ХХІ ғасырдың басында Францияның мәдениет министрі Тубон «Француз тілінің қолданылуы» атты заңға бастамашы болып, бұл заң қолдау тапты. Осы сияқты бізге де қазақ тілінің қолданылуына қатысты заң керек, – дейді ол. Осы орайда филология ғылымдарының докторы, профессор Сәмен Құлбарақ уақыттың өзі күн тәртібіне мәселелер қоятынын меңзеді. Сондай мәселелердің бірі – ҚР Премьер-Министрі Ә.Смайловтың мәжіліс депутаттарының сауалына берген жауабында айтылған қазақ тілін білмейтіндерге Қазақстан азаматтығы берілмейтіндігі жөнінде заң жобасына түзетулер енгізу туралы мәлімдемесі екенін алға тартты. – Мен мұндай түзетуді қолдаймын. Осы уақытқа дейін мемлекеттік тілдің мемлекеттік дәрежеде толық қолданысқа ие бола алмай келе жатқанына ҚР қарапайым азаматы ретінде қатты қынжылыс білдіремін. Қазіргі жас ұрпақты айтпаймын, өкінішке қарай олардың арасында да ана тіліне уызында жарымағандар әлі де көп кездеседі. Бәлкім, оларды кінәлауға болмайтын шығар, бірақ ондай жастардың ата-аналары, отбасы кінәлі екенін ашық айтуымыз керек. Ал бүгіндері қызмет тұтқасын ұстап жүрген орта буын, аға буын өкілдерінің әлі де құлдық санадан арыла алмай келе жатқаны және оған өздерін соншалықты кінәлі сезінбей, тіпті керітартпалықта болуы – мемлекеттік дәрежеде ойланарлық өзекті мәселе деп білемін. Мұндайда істі заң талаптарын күшейту арқылы жүзеге асыру қажет болар. «Мемлекеттік қызметкер мемлекеттік тілді білуі міндетті» деген талап қазір күн тәртібіне өткір қойылуы керек. Тәуелсіздік алғанымызға 30 жылдан астам уақыт болды. Былай керітартпалыққа салына берсек, жүз жылда да мемлекеттік тіл өз тұғырына көтеріле алмайды. Ал қазақ тілінің мүмкіндігі жоқ, шектеулі деп уәж айтатындар қазақ тілінің ішкі мол мүмкіндігін білмейтін шалалар деп білемін. Өткенде ғана М.Әуезовтің 125 жылдық мерейтойында ұлы жазушының өз шығармаларында 17 мыңға жуық қазақ тілінің сөз байлығын қолданғаны айтылды. Өзге әлемдік жазушылардың сөз байлығы одан төмен екендігі көрсетілді. Міне, осындай көркем де әуезді тілдің мол байлығын ғылымда, заңда, мәдениетте кең қолдана алып жүрміз бе? Қолдана алмасақ, кінәні өзімізден іздеуіміз керек. ХХ ғасырдың басында А.Байтұрсынов, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, М.Дулатов ғылыми терминдердің негізін қалыптастырды. Қазақ тілінде сөз жасаудың мол мүмкіндігі бар. Ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Күләш Ахметованың «Су бұрқақ» атты фонтан жөніндегі керемет өлеңі бар. Фонтан дегеннің орнына «су бұрқақ» қандай тамаша, келісімді. Мағынасы да айқын. Тек осындай сөздерді тілімізде батыл әрі жиі қолдана берсек, айналымға еніп, сіңісіп кететініне сөз жоқ. Гимнді «Әнұран», гербті «Елтаңба» десек қандай жақсы. Бұл сөздердің мағынасы әрбір қазаққа түсінікті, әрі тіліне жатық емес пе?! Мұнан артық не керек. Ал «балконды» «қылтима» дегеніміздей, дұрыс құралмаған, мағынасы ұғымсыз сөздерді халықтың өзі тілдік қолданыстан шығарып тастайды. Сондықтан айтайын дегенім, қазақ тілінің қандай да бір ұғымды дәл беруге мол мүмкіндігі бар. Қазақ тілі – бай тіл, мемлекеттік тілдің қандай қызметін болмасын атқара алады. Ал тілді білмесе, ол жеке адамның өз қасіреті. Біздің еліміздің азаматтығын алғысы келген адам мемлекеттік тілді, сөз жоқ, білуі керек. Сол арқылы елге сүйіспеншілігін, құрметін, адалдығын танытады. Тіл арқылы дәстүр-салтты, тарихты түсінеді. Шын жақсы ниет-тілектегі адам болса, қазақ еліне бауыр басып, дамуына үлес қосады. Бұл біздің мемлекеттегі ғана жағдай емес қой. Мәдениетті, дамыған елдің барлығында бар үрдіс. Германияға барып, неміс тілін білмесең, нан тауып жей аласың ба?! Неге бізге де осындай қадамдарға бармасқа?! Елдің дамуын тек бүгінмен емес, келешекпен де қарау қажет емес пе? Шет елдегі қандас ағайын Қазақстанның азаматтығын алғысы келсе, қазақ тілін білсін, оқысын, үйренсін. Одан олар неден ұтылады? Шын ниет қойса, тілді үйрену соншалықты ауыр емес. Қажеттілік болса, бәрі орындалады. Қазіргі уақытта менің айтайын дегенім, халық болып құлдық санадан арылуымыз керек. Оны өзгеден емес, өзіңнен баста. Ана тіліңді құрметте, ана тіліңде сөйле. Жиналыстарда ана тіліңде баяндама жаса. Қызмет орныңда ана тіліңде қарым-қатынас орнат. Сен өз тіліңді құрметтемесең, өзгелер құрметтемейді. Тілді соншалықты саясиландырудың қажеттілігі жоқ, ішкі ділің, рухың мықты болсын. Мұстафа Кемал Ататүріктің «Сен түрік болып туғаныңа қуан» дегені тәрізді біз де қазақ болып туғанымызға қуануымыз керек, – дейді С.Құлбарақ. Негізі «Қазақ пен қазақ қазақша сөйлессін, қазақша сөйлеуді әркім өз отбасынан бастасын» деген уәждер орындалса, бұл да мемлекеттік тілдің мәртебесі өсуіне ықпал ететін фактор шығар. Бірақ, мемлекеттік тілде сөйлеуді мемлекеттік қызметкерлерге міндеттемей қазақ тілінің көсегесі көгермейтіні және қазақ тілі Қазақстанда ұлтаралық қатынас тіліне айнала алмайтыны айқын байқалып тұр. Ал осындай заң нормаларын қабылдауға келгенде кімнен жасқанып немесе кімнің көңіліне қарап жүрміз? Себебі, кез келген өзгеріске арнайы заң әсер ететінін естен шығармауымыз қажет. Мәселен, бүгінде ағылшын тілінінің техника тіліне, тіпті әлемдік, халықаралық тілге айналғаны әмбеге аян. Ұлыбритания, АҚШ, Жаңа Зеландия, Аустралия секілді дамыған елдердің ана тілі болып есептелетін бұл тілдің тарихына көз жүгіртсек, бір кездері бұл да қазақ тілі секілді өз жерінде қағажау көргенін аңғаруға болады. Анығын айтқанда, 1066 жылы Англияны нормандар басып алғаннан кейін мұнда француз тілі мемлекеттік тіл ретінде үстемдік құрған. Сан ғасырлар бойы бұл елде үстемдік құрған француз тіліне қатысты сірескен сеңнің бұзылуына, яғни ағылшын тілінің өз жерінде бағының ашылуына себеп болған жалғыз фактор – патша жарлығы. Турасын айтқанда, арада сан ғасыр өтсе де ағылшын тілінің Англияда мемлекеттік тіл болып қалыптасуына, оның дамуы мен қанатын кеңге жаюына 1485-1509 жылдары билік құрған Англияның королі Генрих Тюдордың (VІІ Генрих) жарлығы себеп болған. Ағылшын тілінің осы бір тарихын өз еліміздегі қазақ тілінің жай-күйімен салыстырсақ сәл-пәл ұқсастық бар. Біз де Ресейге бодан болған дәуірлерде ана тілімізді ұмыта жаздадық. Соның зардабы әлі күнге жойылған жоқ. Сондықтан қазақ елінде мемлекеттік тілдің мәртебесі жоғарылауы үшін мемлекеттік деңгейде әрекет етуіміз керек секілді. Себебі, шетелде сол елдің мемлекеттік тілін білмегендер қара жұмыс та таппай қалатыны өмір шындығы. Ал бізде мемлекеттік тілде сөйлей алмайтын мемлекеттік қызметкерлер жетіп-артылады.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар