Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

«Дәнекердің» діттегені – дау болдырмау

«Дәнекердің» діттегені – дау болдырмау
ашық дереккөз
«Дәнекердің» діттегені – дау болдырмау
Тіршілігіне татулықты ту етіп, берекені бірлікпен тапқан халқымызда «Басы ауырған бақсыға барады, даулы кісі жақсыға барады» деген сөз бар. Бүгінгі қоғамда дау-дамайды ушықтырмай шешуді қолға алған медиация институты елімізде өз жолын салып, дамып келеді. Осы бағытта жұмысты жандандыруды көздеген «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Орталық кеңесі «Дәнекер» жобасын жүзеге асырып отыр. Аталмыш жоба ардагерлердің өмірлік тәжірибелерін қоғамның өркендеуіне пайдаланып, ел ішін даудан сақтау мақсатында 2019 жылы қабылданған екен. Бұл туралы Орталық кеңестегі «Дәнекер» жобасының жұмысына жауапты үйлестіруші Жанат Елубаева жобаға қатысушы ардагерлердің міндеті – дауласушы тараптарды татуластыру екенін атап өтті. – Туындаған мәселенің дұрыс шешімін табу – біздің доспейілді халықта бұрыннан бар дәстүр. Ерте кезде де әр ауылдың өз биі болған, арада кикілжің туса, қос тарап билердің үкіміне мойынсұнған. «Алдыңа келсе, атаңның да құнын кеш» дейтін халқымыз кешірімділікті, кішіпейілділікті жақтайды. Дау сотқа өтіп кеткен жағдайда орташа деңгейге дейінгі қылмыстық істерге біздің билердің араласуына болады. Екі тарапты ортақ мәмілеге келтіріп, кінәлінің қатесін түзеуіне мүмкіндік беріп, сотталудан аман алып шығуымыз керек. «Дәнекер» жобасына отставкадағы судьялар ғана емес, ел ішінде беделі бар, сөзін өзгелерге өткізе алатын ардагерлеріміз қатыстырылды. Оларды билер кеңесіне қабылдауда ҚР «Медиация туралы» заңының 16-бабын басшылыққа аламыз. «Дәнекер» жобасының арқасында қаншама отбасы сақталды, қаншама ананың көз жасы тыйылды. Ардагерлеріміз біраз тәжірибе жинап, жақсы нәтиже көрсетіп келеді. Соның нәтижесінде мыңдаған даулы мәселе оң шешімін тауып отыр. Яғни, біздің азаматтарымыз сотталған деген жаман атақтан құтылуда. Осы жұмыстарда Жамбыл облыстық ардагерлер кеңесі жанындағы билеріміз барлық жағынан алда және осылай жалғаса да бермек, – дейді Ж.Елубаева. Билермен бірге тығыз жұмыс жүргізіп отырған сот жүйесінің мамандары да бүгінгі медиацияның қарқын алған қадамына қуанады. Азаматтық қоғамда өркениеттің өрлеуіне дәнекер болып жүрген билердің жұмысына разы. Облыстық соттың азаматтық істер жөніндегі сот алқасының судьясы Дәулет Тасыбаевтың айтуынша, біраз ардагерлерге сот алқасы құқықтық қолдау көрсетіп, оқытып, сертификат беріпті. – Өткен жылдары эпидемиологиялық жағдай кезінде аталмыш жоба Жамбыл облысында кикілжің болған отбасыларды жарастыруда, ағайын арасын жақындастыруда, түйткілді мәселелерді дау-дамайсыз шешуде өзінің тиімділігін дәлелдеді. Сондықтан ардагерлердің дау-дамайды шешудегі рөлі өте зор дегім келеді. Жамбыл облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі соты мен «Дәнекер» жобасына қатысушы ардагерлердің арасында тығыз қарым-қатынас орнаған. Болашақта да қатарымызға қосылған ардагерлерден құқықтық көмегімізді аямаймыз, – дейді Дәулет Еркебайұлы. Көргені мен өмірден түйгені көп ақсақалдардың даулы мәселелерді оңтайлы шешудегі жұмыстары тек облыс орталығында емес, аудандарда да жүйелі жүргізіліп отырғанын Талас аудандық билер кеңесінің төрағасы Саулембай Әбсадықұлынан естіп, білдік. – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың әділетті мемлекет, біртұтас ұлт, берекелі қоғам құру жолындағы мақсатты бағдарламасы аясында «Дау-дамайды шешудің баламалы жолын» қарастыратын Билер кеңесінің ісі – қазақ халқының қанында бар қасиет. Салт-дәстүрдің алтын қазығы болып табылатын Билер кеңесінің заманалар өтсе де өзектілігін жоймағандығын бүгінгі күннің шындығы айқындап отыр. Біздің құқық қорғау органдары өкілдерінің халықтың қалың ортасында болып, үгіт-насихат жүргізуі күрделі мәселе. Ал, жұртшылық арасында кездесетін дау-дамайдан бастап, тәрбиелік жұмыспен айналысу зиялы қауымның ғана емес, ең алдымен елін сыйлайтын аузы дуалы, сөзі уәлі ақсақалдарымыздың ортасынан сайланған билердің құзіретіне жататынын өмір әлдеқашан дәлелдеп қойған. Талас ауданында 2019 жылы 18 қазанда аудандық кеңестен бастап елді-мекендерде билер кеңестері құрылып, жұмысын бастаған. Жаңа бастаманы бірізділікке түсіруде алғашқы кездері қиындықтар кездесті. Бірақ біз облыстық билер кеңесінің, әсіресе облыстық сот пен аудандық соттардың көмектеріне сүйене отырып, жұмысты жүйелей алдық. Ең алдымен Медиация кабинеттері ашылып, билерді халықтың талқысына салып, баламалы жолмен сайлауды қолға алдық. Рас, алғашқы кезде кейбір ауыл әкімдерінің, ардагерлер кеңестерінің тәжірибесіздігінен билер мүшелігіне лайықты емес адамдардың сайланып кеткендігін жұмыс істеп жүрген кезімізде аңғарып, билерді шын мәнінде халық сыйлайтын, ары да, қолы да таза, отбасының үлгісі болып жүрген азаматтардан таңдадық. Соның нәтижесінде Талас ауданында билер институтының жаңа мектебі қалыптасты. 2020 жылы ақпан айында Ойық ауылының ақсақалдары, билері «Ішімдіксіз, бұзақысыз, отбасы берік үлгілі ауылға айналамыз» деп аудан халқына Үндеу тастады. Ол Үндеу барлық ауылдарда ардагерлер кеңестерімен талқыланып, қолдау тапты. Соның нәтижесінде аудандағы 24 елді мекенінің 12-сінде саламатты өмір салты қалыптасты. Дүкендерде ішімдік сатылмайтын болды. Осы Үндеудің облыс көлемінде мақұлдануына облыстық ардагерлер және билер кеңестерінің де үлес қосқанына ризашылығымызды білдіреміз. Содан кейін билер кеңестері ас, тойды аста-төк дастархансыз өткізуге, көкпарда ішімдік ішуді тиюға үндеді. Онымен тоқтап қалмай жастармен жұмыс істеуді жолға қойдық. Жыл сайын жастар арасында тәрбие жөнінде жиындар өткізіп қана қоймай 2021 жылы жас билердің қатысуымен бата беруден екі мәрте аудандық байқау ұйымдастырдық. Сол жылы облыстық ардагерлер және билер кеңестерінің ұйымдастыруымен аймақтық семинар өткізіп, 48 биге сертификат тапсырылды. Және олардың қызметін айқындайтын куәлік беруді қолға алдық, – дейді С.Әбсадықұлы. Билер кеңесі аудандық соттың Медиация кабинетінде дау-дамайды шешуге үнемі қатысып та отырады екен. Мысалы, өткен жылы аудан бойынша 118 дау-дамай қаралып, соның 48-і аудандық сотпен бірлесе шешімін тапқан. Сондай-ақ өткен жылы билердің тікелей араласуымен Қаратау қаласындағы «Флора» саяжайындағы көршілер арасындағы дау-дамайға нүкте қойылған. Билер ұлтаралық қатынасты нығайту жолында жастармен кездесіп, үш мәрте жиын өткізген. Әсіресе Қасқабұлақ ауылындағы дау-дамайды шешуде арағайындық жасап, мәмілеге келтірілген. Ал өткен жылы билердің көмегімен Бостандық ауылындағы бірінші топтағы мүгедек Шыңғыс Мұқанға құны 750 000 теңге тұратын электрлы қоларба алып берген. Билер 2021-2022 жылы асарлатып үй салу жобасына да белсене қатысыпты. Өткен жылы Талас ауданы бойынша 16 үйдің асарлатып салынуына ардагерлер жұртшылықты ұйымдастырса, биылғы 10 айда 6 үйдің асарлатып салынуына мұрындық болыпты. – Шәкіров ауылының биі Талғат Ысқақов Қазақстан бойынша ұйымдастырылған «Ұлы Дала жорығы» атты ат марафонына 6 азаматтың қатысуын ұйымдастырып, оларға демеушілік жасады. Жамбыл облысының атынан қатысқан олар 1200 шақырым жолдан аман-есен өтіп, жүлделі төртінші орынды иеленді. Биыл ғана билердің ұйымдастыруымен «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген тақырыпта Қаратау қаласы және Ойық ауылында халқымыздың салт-дәстүрін насихаттайтын бесік тойы байқауы өтті. Енді қараша айында Бостандық ауылында «Ауылым – алтын бесігім» атауымен іс-шара өткізуді жоспарлап отырмыз. Зерделеп көрсек, билерге халықтың жүгінуі 2020 жылмен салыстырғанда 2022 жылдың 10 айында 5 есе өсті. 2022 жылдың 10 айында 127 дау-дамай қаралды. Оның 79-ы аудандық сотпен бірлесе қарастырылды. Қаралған дау-дамайлардың 80 пайызы оң шешімін тапты. Аудандық Билер кеңесі жанында «Шешендік өнер» мектебі жұмыс істейді. Үйірмеге қатысушыларға шешендік өнердің қыр-сырын үйретеміз. Шешендік өнер сайысынан, бата беруден 4 мәрте ауданда жарыс өткіздік. Соның нәтижесінде бата берудің мектебі қалыптасты. Біз билердің еңбегін бағалауды да жолға қойдық. Мысалы, 2020 жылы ауданның «Үздік биі» байқауы өткізіліп, Ойық ауылының билер кеңесінің төрағасы Пана Рахыманбердіұлы жеңімпаз атанса, өткен жылы бұл атаққа Аққұм аулының билер кеңесінің төрағасы Пәрімбек Бейсенұлы ие болды. Ауданның «Үздік батагөйі» атағын аудандық билер кеңесінің мүшесі Серік Әбдібеков иеленді. 2021 жылы билер кеңесіндегі 14 адамға әртүрлі дәрежедегі марапаттар берілді. Оның ішінде төртеуі «Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына» арналған мерекелік медальмен, бесеуі «Талас ауданына еңбегі сіңгені үшін» төсбелгісімен марапатталса, бір биіміз «Талас ауданының Құрметті азаматы» атағын алды. Биылдың өзінде 4 би облыстық ардагерлер кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Аудан әкімдігінің қолдауымен елді мекендерде ардагерлер және билер кеңестерінің кабинеттерін жабдықтауға қол жеткіздік. Өйткені заман талабы билердің де жұртты қабылдайтын орнының болғанын қалап отыр. Бүгінгі таңда 20 елді мекенде 64 билер мүшесі бар. Олардың 51-іне сертификат берілді, – деген Сәулембай Әбсадықұлы мұндай жұмыстар тек Таласта емес, облыстың барлық аумағында жүргізіліп отырғанын тілге тиек етті. Халық арасында дау-дамай туындамай, орын алған кикілжіңнің оңтайлы шешілуіне қалтқысыз қызмет етіп жүрген билердің бітімгершілік ісі расында көңіл қуантады. Бірлікке бастайтын берекелі іс жалғасын таба берсін дейміз.

Қамар ҚАРАСАЕВА

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар