ЕЛДІҢ ЕРТЕҢІ – БІЛІМДІ ҰРПАҚ
Қазіргі жастардың тәрбиесі, оқу-білімге құштарлығы, еңбекке ынтызарлығы жайлы толғасам, қол бұлғап қыр астында қалған өзімнің студенттік жылдарым ойға оралады. ...Ауыл шаруашылығы саласында жұмыс істеп, Отан алдындағы әскери борышымды өтеп келген соң Тараз қаласындағы Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсібі технологиялық институтына оқуға түстім.
1 қыркүйектен бастап сабаққа кірісіп кеттік. Сабақ басталған соң екі аптадан кейін ауыл шаруашылығы жұмыстарына алып кетті. Шіркін, жастықтың жалыны қандай еді?! Шаршау-шалдығу дегенді білмейтін едік. Қайта бір-бірімізбен жарысып еңбек еттік. Тәңірберген Абдиев, Кеңес Тоғызбаев, Есен Иманалиев, Бақыт Әбдіров есімді жігіттерден бригада құрып, өзімізге тапсырылған жүктемені артығымен орындап тастайтынбыз. Институтымыздың сол кездегі ректоры Т.М.Мұхаметқалиевтың еңбекке деген құлшынысымызды байқап, жеңімпаз ретінде біздің бригадаға қызыл ту тапсырғаны да есте. Ол туды бір ай бойы ешкімге бермедік. Ауыл шаруашылығы жұмыстарына атсалысып қана қоймай, табыс та таптық. Әр бескүндікте 50 сом сыйақы беретін.
Қазір ойлап отырсам, ауыл шаруашылығы жұмыстары бізді шар болаттай шыңдап, бауырмашылдыққа, бірлікке, татулыққа, адал еңбекке баулыған екен. Өкінішке қарай, қазіргі кейбір жастардың бойынан дәл сондай еңбекке құштарлықты байқамаймын.
Одан бөлек бірінші курстың соңында әр факультет студенттік құрылыс отрядтарын, механикаландырылған студенттік отрядтар дайындайтын. Бірінші-екінші курс студенттерінің тең жартысы аталған отрядтарға кететін. Екі ай жұмыс істеп, айтарлықтай қаражат тауып, тамыз айының соңын ала бір-ақ келетінбіз. Механикаландырылған студенттік отрядтар еліміздің астықты өңірлерінде комбайн айдап, басқа да жұмыстар істейтін. Сонда 18-19 жастағы қыз-жігіттер жұмысшылармен терезесі тең еңбек етіп, егін орағының ойдағыдай аяқталуына үлкен үлестерін қосатын. Отряд қатарында жұмыс істеп, елге оралғаннан кейін бірсыпыра киім де алатын едік. Мұның өзі ата-анамызға айтарлықтай қаржылай көмек болатын. Ал қазіргі жастардың егін орағы кезінде комбайн, трактор айдап жүргенін, шынымды айтсам көз алдыма елестете алмаймын. Ат басындай алтын берсең де егістік басына бармайды-ау.
Бізге дәріс берген аға буын ұрпақ соғыстан кейін білімге құштар, көргені мен көңілге түйгені көп, шын мәніндегі зиялы қауым еді. Барлығының жүріс-тұрысы, киім кию үлгісі, сөз сөйлеу мәнері ерекше еді. Әрі бәрі бірдей әмбебап. Өнерге де, спортқа да машықтанған сайдың тасындай іріктелген, болмысы бөлек тұлғалар болатын. Т.Мұхаметқалиев, М.Қуатбеков, Х.Тұрғытбаева, О.Рахыжанов, Ө.Мәдиев, К.Бейсеуов, Ө.Чомонов, Ө.Зияханов, С.Қарымсақов, О.Хан, Е.Конобрицкий, П.Пантелеев, С.Смайлов... Тізімді әрмен қарай да жалғастыра беруге болады. Бұл кісілердің қай-қайсысы болмасын Мәскеуде, Ленинградта, Киевте білім алып келген майталмандар. Бірі кейін білім-ғылымның биігіне көтеріліп, академик атанса, енді бірі жоғары оқу орындарының ректоры, тағы бірі ғылыми институттардың директоры қызметіне дейін көтерілді. Өмірі өнеге, ісі үлгі осындай тұлғалардан тәлім-тәрбие алып өскен жастардың жаман болмайтыны анық қой.
Ең бастысы біздің кезімізде білім берудің қалыптасқан жүйесі бар еді. Оқуға түскенде іріктелу, оқуды бітірген соң жұмыспен қамтылу, еңбекті бағалаудағы әлеуметтік әділеттілік үстемдік құрып тұрды. Білімнің қадірі жоғары болатын. Жоғары білімге қол жеткізу оңай болмайтын. Сізге – өтірік, маған – шын, бір сыныпты 28 оқушы бітірсек, бесеуі ғана жоғары білім алды. Міне, осыдан-ақ жоғары оқу орнына түсудің талап-тәртібі қаншалықты күшті болғанын аңғаруға болады.
Ал қазір мектеп түлектерінің барлығы тегіс университетке түседі. Жағдайы жететіні де, жетпейтіні де. Оқу ақысын төлесе болды. Барлық ата-ананың оқу ақысын төлеуге шамасы келе бермейді. Сондықтан студенттің есіл-дерті оқуға төлейтін қаржы табуға ауады. Сабаққа қатысу, білім алу одан кейінгі мәселеге айналады. Меніңше, білім саласына ең кері әсер етіп жатқан фактор – ақылы оқыту ғой деп ойлаймын. Білімнің де қадірі кетті. Себебі бітірушілердің жартысы да жұмысқа орналаса алмайды.
Жоғары оқу орындарына қойылатын талаптың бірі – кітапхана, оқу залдарының талапқа сай болуы. Студент кезімізде оқу залынан орын табу қиын болатын. Кейбір кітаптарды іздеп жүріп зорға табатынбыз. Ал қазір кітапхананың қажеттілігіне күмәнданасың. Иә, ақпараттық жүйелердің дамуына байланысты қажетті мәліметтерді үйде отырып интернет арқылы алуға да мүмкіндік бар екені рас. Дегенмен бәрібір бірінші дерек көзінен алғандай болмайды.
Сондықтан еліміз еңсе тіктеп келе жатқан шақта жастарға білім беруді жетілдіру, сапасыз білім бағдарламалары мен оқу орындарына талапты күшейту қажет қой деп ойлаймын. Қай қоғамның болмасын болашағы жастар екені белгілі. Біздің жастарымыз ұлттық сана, ұлттық намыс рухында тәрбиеленіп, сапалы білім алып, еліміздің жарқын болашағына еңбек етсе екен деп үміттенемін.
Дүйсен ДІЛДӘБЕК, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің «Тіршілік қауіпсіздігі» кафедрасының доценті, техника ғылымдарының кандидаты
Келесі мақала