
Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, 2025 жылы ең көп сұранысқа ие бағыттар қатарында – «Педагогикалық ғылымдар», «Инженерлік, өңдеу және құрылыс салалары», сондай-ақ «Бизнес, басқару және құқық» салалары бар.
Айта кетейік, тест тапсыруға өтініштер 1 маусым мен 8 шілде аралығында app.testcenter.kz сайтында қабылданды.
Ғылыми-педагогикалық магистратураға түсушілер үшін тест үш негізгі бөлімнен тұрады: шет тілі, оқуға дайындығын анықтау, және білім беру бағдарламаларының бейіні бойынша сұрақтар. Барлығы 3 сағат 55 минут уақыт беріледі. Сынақтан сәтті өту үшін талапкер жалпы кемінде 75 балл жинауы тиіс. Бұл көрсеткіштің ішіне: шет тілінен 25 баллдан, дайындық деңгейінен 7 баллдан, және екі бейінді пәннің әрқайсысынан 7 баллдан кем болмауы тиіс.
Бейінді магистратураға тапсырушылар тек екі бейінді пән бойынша тестілеуден өтеді. Мұнда шекті балл 30, оның ішінде әр пәннен кем дегенде 7 балл жинау қажет.
Тестілеу нәтижесімен келіспейтін талапкерлер емтихан аяқталған соң 30 минут ішінде онлайн-апелляцияға өтініш бере алады. Апелляциялық комиссия шағымды бес күн ішінде қарайды. Қорытынды нәтиже талапкердің жеке кабинетіне жіберіледі.
2025 оқу жылына магистратура бойынша 13 мыңнан астам мемлекеттік грант бөлінген. Гранттар сұраныс жоғары мамандықтарға бағытталған.
Грант конкурсына құжат қабылдау кезеңі 12–18 тамыз аралығын қамтиды. Ал грант иегерлері 25 тамызға дейін белгілі болады. ЖОО-ларға қабылдау рәсімі 28 тамызға дейін аяқталады.
Сонымен қатар биыл 113 мыңға жуық талапкер білім гранттарын тағайындау конкурсына қатысуға өтініш берді. Өткен жылмен салыстыратын болсақ, 2024 жылы 104 мыңнан астам өтініш қабылданған болатын.
Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметі таратқан мәліметіне сүйенсек, биыл бакалавриатқа түсу үшін 77 мыңнан астам грант бөлініп отыр. Гранттардың басым бөлігі инженерлік және техникалық бағыттарға бөлінген. «Педагогикалық ғылымдар» және «Әлеуметтік ғылымдар, журналистика және ақпарат» бағыттары бойынша 150 сараланған гранттан бөлінген. Сондай-ақ «Серпін» бағдарламасы арқылы түсушілерге 2 412 грант бөлінген. Гранттар тізімінде Атырау және Маңғыстау облысы түлектеріне арналған 2 500 мақсатты білім беру гранты бар.
Соңғы бірнеше жыл бойы ең сұранысқа ие білім беру бағыттары бойынша талапкерлердің таңдауы өзгеріссіз қалып отыр. Өтініштердің көпшілігі «Педагогикалық ғылымдар», «Инженерлік, өңдеу және құрылыс салалары» және «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар» сияқты бағыттарға берілді. Қабылдау науқанының нәтижесіне сәйкес болашақ аудармашылар, мұғалімдер, психологтар, дизайнерлер және заңгерлер арасында бір гранттық орынға ең үлкен конкурс күтілуде.
«AR-AI»-ақпарат