Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Кітапхана – білім мен руханият ордасы

Кітапхана – білім мен руханият ордасы
Автор
Кітапхана – оқырман мен кітап арасындағы алтын көпір іспетті. Ал, кітап пен кітапхананың тіршілігіне жан беретін, ұлттық құндылықтар мен оқырмандар арасын жалғастырушы – кітапханашылар.

Кітапхана – оқушылардың шығармашылық жұмыстармен шұғылдануына көп ықпалын тигізіп қана қоймай, оқырманның талап-тілектерін қанағаттандырып, оқумен тәрбиелеп, қажет болған жағдайда тиімді шешімдерді қабылдауды үйретеді. Әр кітапхана оқырманның жеке басының дамуын, қызығушылығын арттыруды көздейді. Қазір цифрлық технология дәуірі болғанымен рухани азық іздеген, көзі ашық, көкірегі ояу әрбір адамның баратын қасиетті шаңырағы – кітапхана.

Осы орайда бүгінгі оқырман талғамының қайда ауғанын өз көзімізбен көріп, цифрландыру салтанат құрып тұрған кезеңдегі кітапханалардың тыныс-тіршілігімен танысу мақсатында Шоқан Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасына ат басын бұрдық. Тарихи терең кітапханада орын алып жатқан өзгерістермен, іске асырылып жатқан жобалармен кітапхана директоры Эльмира Абдинова таныстырды.

– Шоқан Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапхананың тарихы 1898 жылы Әулиеата қаласында қоғамдық кітапхана болып ашылғаннан басталған. Алғаш кітапхананың кітап қоры небәрі 460 дана кітап, 4 газет, 10 журнал болған. 1965 жылы кітапханаға қазақтың тұңғыш ағартушы ғалымы Шоқан Шыңғысұлы Уәлихановтың есімі берілді. 1970 жылы кітапханамыз Ыбырайым Сүлейменов көшесінің бойынан арнайы соғылған екі қабатты ғимаратқа көшірілді. Бүгінгі таңдағы кітапханамыздың кітап қоры – 270305 дана. Ыбырай Алтынсариннің «Туы бірдің түбі бір, жолы бірдің жүгі бір» деген аталы сөзіне ден қойсақ, ұрпақ тәрбиесі – баршамызға ортақ. Біздің барлығымызға да ортақ міндет – оқырманның өзінің керек кітабын тауып, білімін жетілдіруге, өзіндік тұлғасын қалыптастыруына жағдай жасау, – дейді Шоқан Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапхананың Эльмира Абдинова.

Тарих қойнауына тереңдеп бармай-ақ, бүгінгі күннің биігінен қарағанның өзінде кітапханаларда көзіқарақты оқырманның көптеп жиналып жүргенін жақсы білеміз. Ең бастысы, тек қана кітап оқып қана қоймай, кітапхана қабырғасында болып жатқан іс-шараларға ынта-ықыласпен белсене қатысып жүргендері байқалады.

– Кітапханамызда өткізіліп жатқан фестиваль, байқау, жобаларға жастардан бастап еңкейген қарияға дейін қатысады. Кітапханаға келушілерді қызықтыру мақсатында кітаптардың онлайн түрдегі нұсқалары да қолжетімді болды. Қазіргі таңда «Қасиетін жоймаған құнды кітаптарды цифрландыру» жобасы аясында кітап қорындағы 1021 құнды және сирек кітаптардың сақталуын қамтамасыз ету мақсатында цифрландырылуда. Сонымен қатар «Шоқан асулары» жобасы аясында 47 кітап, жергілікті 84 ақын-жазушымен авторлық келісімшарт жасасу арқылы олардың шығармалары цифрландырылып, 188 кітаптың электронды нұсқалары кітапханамыздың сайтына орналастырылды. «Aulieata library» атауымен еркін кітап оқу құралы ретінде мобильді қосымшасы 2025 жылдың басынан бері іске қосылды. Қосымшаны өзінің смартфонына жүктеп алған әрбір оқырман қосымшаны ашқан кезде басты беті ашылып, қосымшаға енгізілген 26 кітап оқырманға онлайн түрде қол жетімді. Сондай-ақ кітапханамызда 6 сектор қарастырылған, техникалық қызмет көрсету және бағдарламалық қамтамасыз ету секторы, абономентті қамтамасыз ету, оқу залы, оқырмандарды тіркеу, мерзімді басылымдар, кітап айырбас және тарату секторлары оқырмандар үшін жұмыс істейді, – дейді Эльмира Елеусізқызы.

Кітап – бар рухани қазынаның әлемі. Оқырмандарды сол әлемге жетелеу үшін кітапханада сауалнамалар жүргізіліп, қызықты ойындар жүргізетін кітапханашылардың еңбегі зор.

– Кітапхана – жай ғана кітап сақтайтын орын емес, тыныштықтың мекені, білім мен шабыттың қайнар көзі. Айналамда сөрелерге тізілген мыңдаған кітаптар – әрқайсысы бір тарихты, бір оқиғаны ішіне сақтап тұр. Кітапхананың тыныштығы мен өзіндік иісі, уайым мен күнделікті күйбең тіршілікті артта қалдырады. Қазір технология дамып, ақпарат қолжетімді болып жатса да, кітапханаға келушілердің қарасы азаймайды. Кітапхана қызметкерлері де өте сыпайы, көмектесуге дайын тұрады. Жаңа кітаптар жиі келіп, кітап оқуға шабыттандырады, – дейді кітапхана оқырманы Айзере Тұрарбек.

Кітапхана – жастар үшін тәрбие мектебі, үлкендер үшін – даналық мекені. Мұнда өткен мен бүгін тоғысады. Әр оқырман өзіне қажеттісін табады. Бірі әдебиет оқып ой түйсе, екіншісі ғылыми кітапқа үңіліп, білімін арттырады.

Сымбат ҚУАНЫШ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар