Болашақ мамандармен кездесті
Бүгінде жастардың басым бөлігі тер төкпей-ақ орынтаққа жайғасқысы келетіні жасырын емес. Бұл – қазіргі қоғамның бас қатырар мәселелерінің бірі. Осы ретте, әлеуетті кәсіпорындардың басшылары түрлі білім ошақтарында студенттермен кездесіп, олардың жұмысшы мамандықтарына деген қызығушылығын арттыруға күш салуда.
ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму миниистрлігіне қарасты Жол активтерінің ұлттық сапа орталығының Бас директоры Замир Сағынов Назарбаев Университетінің "Құрылыс және экологиялық инженерия" факультетінде білім алатын 3және 4 курс студенттерімен жүздесуінде жолшылардың қиында қызықты жұмысы жөнінде тың ақпараттармен бөлісті. Сондай-ақ ол автожол саласындағы жұмыстарға икемі бар жұмыстардың келешекте екі қолға бір күрек табуына өндірістік ақылы тәжірибеден өту зор ықпал ететінін атап өтті.
Жалпы, оқу ордасында өткен кездесу барысында кәсіпорнының жұмысы және сұранысқа ие жұмысшы мамандықтары, Жол активтерінің ұлттық сапа орталығындағы жас мамандардың жалақысы жөнінде нақты айтылды. Бұдан бөлек, Назарбаев Университетінің ғылыми кеңесшілерімен бірлесіп жүргізіліп жатқан әлемдегі ең озық технологиялардың бірі Superpave (СуперАсфальт) әдісін енгізу жұмыстары туралы сөз болды. Ал студенттер жолшымен автомобиль жолдарында қолданылатын инновациялық технологияларды талқыға салды.
Еркін форматта өткен кездесуде жалынды жастардың өз ой-пікірлерін айтуға да мүмкіндік берілді. Болашақ инженерлер мен құрылысшылар көкейлеріндегі көптеген сұрақтарына жауап алды. Атап айтқанда, Ұлттық сапа орталығына жұмысқа орналасу және ақылы өндірістік практика, орталықтың цифрлық жобалар, КazRoadLab - ЖҚМ сынақтарын жүргізу процестерін автоматтандыру жүйесі және InfoZhol - автожол құрылысы саласындағы барлық нормативтік-техникалық құжаттарды қамтитын бағдарламалық өнім жөнінде толыққанды мағлұматтар берілді.
Айта кетейік, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму миниистрлігіне қарасты Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы 2019 жылы құрылды. Еліміздің 17 аймағында филиалы бар кәсіпорынның негізгі қызметі – жолдарды салу, реконструкциялау, жөндеу және күтіп ұстаудағы жұмыстар мен материалдардың сапасына сараптама жүргізу сондай-ақ жолдарды диагностикалау, аспаптық тексеру. Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы инспекторлары қызмет еткен жылдары ел ішіндегі жолдарға 44 мыңнан астам тексеріс жүргізілген. Ал ағымдағы жылы халықаралық және республикалық маңызы бар 16,9 мың шақырым жолдарға диагностика жүргізілді.
Келесі мақала