ҚАРЖЫЛЫҚ қолдаудан ҚАПЫ ҚАЛМАЙЫҚ
Мойынқұм ауданы әкімінің орынбасары Ержан Әмірханов Биназар ауылында болып, О.Жандосов атындағы орта мектепте «Жамбыл облысы тұрғындарының табысын арттыру» пилоттық жобасы бойынша тұрғындармен жиын өткізді.
Аталған пилоттық жоба бойынша 2019 жылы ауданда алдымен Айдарлы ауылының тұрғындары несие алды. Жоба 5 бағыт бойынша, атап айтқанда, І үй іргесіндегі жерді тиімді пайдалану, ІІ мал шаруашылығын дамыту, ІІІ ауыл сыртындағы жер үлесін тиімді пайдалану, ІV кооперативтерді жабдықтау, V тұрғындардың өз кәсібін ашу негізінде жүргізіледі. Жобаға қатысатындарға қойылатын негізгі талаптарға несие алушының жеке кәсіпкер болып тіркелуі, мерзімі өткен несиесінің, мемлекеттік кірістер органдары алдында салық берешегінің болмауы, несие алушының жасы зейнеткерлік жастан аспауы, несие кепілмен қамтамасыз етілуі тиіс. Несиенің ең жоғарғы сомасы 7 миллион 697 мың 600 теңгеге дейін. 2,5 пайызбен кепілге қойылған мүліктің 70 пайызы 5 жылға беріледі. Оның бір жылы төлемге демалыс мерзімі болып есептеледі. Ауылдық округ әкімдігінде несие алуға ниет білдірген азаматтарға көмектесетін мамандар бар.
Айта кетейік, Биназар ауылындағы 250 отбасында 1500 тұрғын бар. Несие тек мемлекеттік қызметте жұмыс істейтін азаматтарға берілмейді.
– Біздің ауданға облыс тарапынан 25 қарашаға дейін мерзім белгіленді. Пилоттық жоба үшін бөлінген 405 миллион теңге осы уақытта игерілмесе қаржы басқа аудандарға беріледі. Бұл несиелік тарихы таза, кепілге қоятын мүлкі бар, өз ісімді ашып, табысымды көбейтсем деген азаматтарға берілген зор мүмкіндік. Қапы қалмаңыздар. «Тараз» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясында аудан әкімінің бір маманы отыр. Ол несие алуға ниет білдірген азаматтардың өткізген құжаттарының дұрыс-бұрыстығын анықтап, ары қарай өткізуге көмектеседі, – деді Ержан Әлімханұлы.
Жиын барысында қатысушылар тарапынан қойылған сауалдарға нақты жауап берілді.
Жолдыбай ДӘМЕТОВ, журналист. Мойынқұм ауданы
Келесі мақала