Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Қордайда қос бірдей мектеп ашылды

Қордайда қос бірдей мектеп ашылды
А.Рысмахан
Республика күні қарсаңында Президент тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында «Келешек мектеп» жобасы аясында Қордай ауданында 2 білім ошағы пайдалануға берілді.

Қордай ауданына жұмыс сапарымен барған облыс әкімі Ербол Қарашөкеев алдымен Қарасу ауылындағы №53 орта мектептің ашылу салтанатына қатысты.

Білім ошағы 300 балаға арналған. Жобаның тапсырыс берушісі – «Samruk-Kazyna Construction» акционерлік қоғамы, ал құрылыс жұмыстарын «Рэйс Капитал» серіктестігі жүргізіпті.

Салтанатты іс-шарада Ербол Қарашөкеев құттықтау сөз сөйлеп, мектеп ұжымы мен оқушыларды, ауыл тұрғындарын қуанышымен құттықтады.

– Бүгін – Қордай жұртының тарихында айрықша орын алатын жарқын күн! Өйткені дәл осы сәтте «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 2 бірдей жаңа мектептің есігі айқара ашылып отыр. «Келешек мектептері» – бұл жай жоба емес, бұл – жаңа дәуірдің білім философиясы. Бұл – ауыл мен қала арасындағы теңдікті қалыптастыратын, әр баланың дарынын ашатын, ұлттың интеллектуалды әлеуетін арттыратын бастама. Мектеп салу – бұл тек ғимарат тұрғызу емес, бұл – елдің болашағын тұрғызу. Себебі әрбір мектеп – ол баланың арманының бастауы, ұлттың болашағының қайнары, мемлекеттің ең мықты тірегі.

Қадірлі ұстаздар!

Сіздер – ел рухының сақшылары, ұлт келешегінің сәулетшісісіздер. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Бүгін саналы ұрпақ тәрбиелей алсақ, ертең заман көшінің басында жүреміз» – деген болатын. Бұл сөз – бүгінгі білім саласының ұраны, әр ұстаздың жүрегіндегі жауапкершіліктің айғағы. Ұстаздық – ұлы жол. Ол – тек білім беру емес, жүрекпен тәрбиелеу. Сіздердің еңбектеріңіз арқылы мыңдаған бала өз жолын тауып, еліміздің өркендеуіне үлес қосып жүр. Сондықтан сіздердің қажырлы еңбектеріңізге, төзім мен мейірімдеріңізге шексіз алғыс айтамын!

Қымбатты балалар!

Бүгін ашылып отырған бұл мектеп – сіздердің болашаққа ашылған есіктеріңіз. Бұл жерде сіздер біліммен сусындап, армандарыңызды жүзеге асыруға мүмкіндік аласыздар. Естеріңізде болсын, ең үлкен байлық – білім, ең үлкен күш – еңбек, ең асыл қасиет – адамдық. Жамбыл топырағы талай дара тұлғаларды тәрбиелеген киелі өңір. Сол тұлғалардың ізін жалғап, туған жерін біліммен, еңбегімен көркейтетін жаңа буын – сіздерсіздер! Ендеше, әр күндеріңізді ізденіспен өткізіңіздер, әр алған білімдеріңізді ел игілігіне жұмсаңыздар. Осы мектептен елін сүйетін, білімді, ізгілігі мол ұрпақтар түлеп ұшсын. Мектебіміздің іргесі берік, шаңырағы шат, шәкірттері талапты да табысты болсын! – деді Ербол Шырақпайұлы.

Бұдан кейін ауыл ақсақалы Тұрған Жасыбаев сөйлеп, батасын берді.

– Білімді ұрпақ – елдің ең үлкен байлығы. Сондықтан, бүгінгі ашылып отырған жаңа мектептің қабырғасынан талай үздік түлектер түлеп ұшатынына, елге адал қызмет ететін азаматтар өсіп шығатынына сенемін. Бұл – ұстаздарға зор жауапкершілік, ал оқушылар үшін үлкен мүмкіндік.

Құрметті ауылдастар! Жаңа мектептің табалдырығын аттаған әр бала білімге құштар, рухы биік, елін сүйетін азамат болып қалыптассын. Ауыл балаларына осындй мүмкіндік жасаған Мемлекет басшысына, облыс әкіміне, аудан әкіміне ауылдастарымның атынан алғысымды білдіремін, – деді ақсақал.

Жоба құны 3 миллиард 428 миллион теңгеден асатын білім ошағының қазығы 2023 жылы қағылған екен. Мұнда 28 оқу кабинеті, 80 орындық мәжіліс залы, 80 балаға арналған асхана бар. 667 шаршы метрлік үлкен спортзал, STEM зертханасы, робототехника кабинеті, 3 зертхана, кітапхана мен оқу залы, 2 компьютер сыныбы және 3 шеберхана оқушылардың жан-жақты дамуына мүмкіндік береді. Сондай-ақ коворкинг орталығы да қарастырылған.

Бұдан кейін Е.Қарашөкеев Қаракемер ауылына да арнайы барды. Ел игілігіне берілген №54 орта мектеп 300 оқушыға лайықталған заманауи білім ордасы саналады. Жобаға «Samruk-Kazyna Construction» акционерлік қоғамы тапсырыс берсе, негізгі құрылыс жұмыстарын «ТаразСтрой-2004» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізген. Құрылыс барысын техникалық тұрғыда «Самрук-Казына Девелопмент» компаниясы бақылауда ұстапты. Жобаның жалпы құны 3 миллиард 454 миллион теңгеден асады.

Мектептің ішкі жабдықталуы заман талабына сай. Оқушылардың сапалы білім, саналы тәрбие алуына барлық жағдай жасалған.

Облыс әкімі алдымен «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында өзге мектептердің атсалысуымен ұйымдастырылған көрмені тамашалады.

Ал салтанатты іс-шарада көпшілікті қуанышымен құттықтаған Ербол Шырақпайұлы өңірдің білім саласындағы жарқын жетістіктеріне тоқталды. Аймақ басшысының айтуынша, бүгінде өңірімізде жаңа мектептер салу, үш ауысымды және апатты мектептер мәселесін шешу бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Тек биылдың өзінде облыс бойынша 26 білім нысанының құрылысы жүргізілуде. Жыл соңына дейін 10 мектеп пен 5 қосымша ғимарат пайдалануға беріліп, 2026 жылы тағы 11 жаңа нысан бой көтермек.

Ашылу салтанатында заманауи мектеп бұрнағы жылдан бері көпшіліктің күткен ең үлкен қуанышы екенін жеткізген ауыл ақсақалы Ерғазы Бозшаев мемлекет, облыс басшылығына алыс айтты.

– «Келешек мектеп» жобасы аясында енді біздің балаларымыз лайықты жабдықталған сыныптарда, барлық жағдайы жасалған ғимаратта білім алады. Мұндай мүмкіндік үшін Мемлекет басшысына, облыс әкіміне, осы істің басы-қасында жүрген барша азаматтарға ауыл тұрғындары атынан үлкен алғыс айтамыз. Қаракемер ауылы Мұхтарбай Өтелбаев сияқты академикті, Әшірбек Көпішевтай жазушыны, Дәурен Әбіров секілді балетмейстерді, Ләзиза Аймашева сынды атақты дикторды дүниеге әкеліп, тәрбиелеген ауыл. Енді осындай заманауи мектептен білім алған жастардан елге қызмет ететін көшбасшылар шығады деп сенемін. Балаларымыздың жолы ашық болсын! – деді ауыл ақсақалды.

Қордай ауданы әкімдігі білім бөлімінің басшысы Санат Әшірбековтің айтуынша, Қарасай ауылындағы А.С.Пушкин атындағы орта мектеп бұған дейін үш ауысымда болған. Жаңа мектептің пайдалануға берілуімен үш ауысымды мектеп мәселесі шешілген.

Ал Қаракемердегі Әбіл Нүсіпбаев атындағы №14 мектепте де оқушылар саны көп болған. 560 орындық білім ошағында 800-дің үстінде бала оқыған. Қазіргі таңда 300-і жаңа мектепке ауысып, жүктеме азайған.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ,

Қордай ауданы

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар