Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Сүт өнімдеріне сұраныс артуда

Сүт өнімдеріне сұраныс артуда
ашық дереккөз
Сүт өнімдеріне сұраныс артуда
Бүгінде ауыл шаруашылығы саласында алға қойылған маңызды міндеттердің бірі – тауарлы сүт фермасы мен сүт және сүт өнімдерін өңдейтін кәсіпорындардың қатарын көбейту. Себебі осы арқылы сүт және сүт өнімдері өндірісі жандана түссе, ішкі нарық сәл де болса отандық сапалы тауармен қамтамасыз етілетіні анық. Сондықтан да мемлекет тарапынан осы бағытты ұстанған шаруаларға арнайы субсидия беру қарастырылған. Соның арқасында өңірдегі мал шаруашылығымен айналысатын, оның ішінде мүйізді ірі қара малын ұстайтын шаруа қожалықтар бағытын біртіндеп болса да етті-сүтті асылтұқымды мал ұстауға бұрып жатыр. Облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының баспасөз хатшысы Тұңғыш Жанұзақ аймақтағы 52 тауарлы сүт фермасы мен сүт өнімін тереңдете өңдеумен айналысатын 24 кәсіпорын жұмысының ырғақты жүруі мемлекет қолдауының нәтижесі екенін айтады. Бүгінде қалалықтардың дастарқанынан оңай табылатын айран, сүзбе, сары май, қаймақ іспетті сүт өнімін өндіруде Байзақ ауданы да алдыңғы қатарда келеді. Бұл Байзақта сүт кластерін дамыту ісі жүйелі жолға қойылғанын көрсетсе керек. – Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда осы жылдың қараша айында мүйізді ірі қара саны 108 пайызға артып отыр. Нақты айтқанда, 53 991 мүйізді ірі қараның ішінде аналығы – 23 906. Аудан бойынша 14 391,1 тонна ет (тірідей салмақта), 36 784,2 тонна сүт өндірілді. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда мал өнімдерінің барлық түрі артық өндіріліп отыр. Сүт өнімдерін қайта өңдейтін цехтар ашу бойынша Бәйтерек ауылдық округіне қарасты Қосақ ауылында орналасқан «Нұрлы жай» шаруа қожалығы қуаттылығы жылына 800 тонналық сүтті қайта өңдеу цехын ашуды жоспарлап отыр. Аталған шаруа қожалық иесі тиісті есептерін әзірлеп, несиелік қаражаттың шешілуін күтуде. Ал Темірбек ауылдық округінде «Есберген бақ» және Көктал ауылдық округінде «Дулат» шаруа қожалықтары жаңа сүт тауарлы фермаларын құру бойынша жұмыстарын 2023 жылға жоспарлап жатыр. Сонымен қатар аудан шаруашылықтарының қабілетіне қарай өндірілетін өнімін өңдейтін цехтар ашу бойынша ауылдық округ әкімдеріне тапсырма беріліп, аудан бойынша жалпы 85 инвестициялық жоба жинақталып, жоспары бекітілген. Бұл жобалар кезең-кезеңімен орындалатын болады, – дейді аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің маманы Ұлбосын Кұттыбаева. Осы орайда біз «Нұрлы жай» шаруа қожалығына барып, сүт өндіру ісімен жете танысқан едік. Осыдан 5 жыл бұрын асылтұқымды етті сиыр ұстауға ден қойған бұл шаруа қожалық қазіргі таңда күніне 4 мың литрге жуық сүт өндіріп отыр. Қожалық иелігіндегі «Сементал», «Чёрная пёстра» атты асылтұқымды ірі қараның ішінде 155-і сауынды сиыр, 100-і бордақыда тұрса, тағы да 150 сиыр Т.Рысқұлов ауданына қарасты құмдағы мал жайылымында екен. – Әр сиыр 20-30 литр сүт береді. Сүтті әрқайсысы 5 тонналық екі танкерге жинап, литрін 180 теңгеден сүт өңдеу кәсіпорнына өткереміз. Субсидияның сүт өндіру құнын арзандату бағыты бойынша сауынды сиыр саны 400 ден асса, әр литр сүтке 30 теңге, ал 600-ден асатын болса, 45 теңге төленеді. Біздің қолымыздағы сауынды сиырдың саны 50-ден жоғары болғандықтан әр литр сүтке мемлекеттен 20 теңге субсидия алып отырмыз. Бұл да болса көмек. Өзіміздің шаруашылықтың бірнеше ауыл шаруашылығы техникасы бар. Шаруа қожалық есебінен құмдағы мал бағып отырған екі отбасыны қоспағанда механизатор, қора тазалайтын, сауыншы, мал дәрігері, малдың жем-шөбін беретін бас-аяғы 12 адам жұмыспен қамтылған. Олардың жалақысы 80 мың мен 130 мың теңге аралығында. 95 гектар суармалы жеріміз бар. Малға жемшөп сол жерден дайындалады. Негізінде егін түрінің дені – сүрлемдік жүгері. Аудан әкімдігі қосымша 100 гектар суармалы жер беруге уәде беріп еді, алайда бұл мақсат әзірге орындалмай жатыр. Себебі, бізге берілетін басы артық суармалы жер жоқ. Десе де бұл мәселенің шешілетінінен үміттіміз, – дейді ауыл шаруашылығы өнеркәсібін жандандыруға үлес қосып отырған шаруа қожалықтың меңгерушісі Закир Тайыров. Біз мал қораны аралап көргенде бір табын сиыр жемшөп жейтін қорадан мал саууға арналған шарбағы бар екінші қораға айдап кіргізілді. Қора деген аты болмаса, нысан іші тап-таза. Бір айта кетерлігі, сауыншының кейпі біз ойлағандай болмай шықты. Сүт өндірудің технологиясын ежелден меңгеріп, бар тірлікті кезінде қолмен атқарған қазақтың бүгінгі ұрпағының көзіне «сауыншы» десе әйел адам елестейтіні анық. Ал біз кезіктірген сауыншы Руслан Мұхтаров есімді ер-азамат болып шықты. Ол алдымен сиырлардың желінін сүртіп, тазалап, одан кейін сүт саууға арналған үш бірдей аппаратты кезекпен сиырлардың желінінің үрпісіне кигізіп жатты. – «Сиырдың сүті – тілінде» дейді халық даналығы. Берілген жемшөп құнарлы болса, сүт те жақсы шығады. Сиыр сауу жұмысы жаңа технологиямен атқарылатындықтан мұнда бел ауыратын жұмыс жоқ. Менің міндетім – сиырларды күніне үш мезгіл сауу. Ол үшін айына 130 мың теңге еңбекақы алып отырмын. Отбасылымын, екі балам бар. Ырзығымызды осы шаруашылықтан айырып отырмыз, – деді Р.Мұхтаров. Закир Тайырұлы бір адам сиыр сауса, тағы бірі аппаратты жуумен айналысатынын, келесі бірі сүтті өткізгенге жауапты екенін сөз етті. Келесі жылы шаруашылық қайта өңдеу ісін қолға алмақшы екен. Ағарғаннан айырылатын май, қаймақтан бастап, балмұздаққа дейін өндіру көзделіпті. Аудандағы ауыл шаруашылығы тауар өңдірушілерінің ішінде сүт бағытында жұмыс істейтін «Қызыл жұлдыз», «Талас сүт», «MOLVID» іспетті үш ірі кәсіпорын бар екен. «Нұрлы жай» шаруа қожалығы өндірген сүтін тек қана Ботамойнақ ауылдық округінің Ботамойнақ ауылында орналасқан «Қызыл жұлдыз» сүт өңдеу кәсіпорнына өткізеді. Ол үшін арнайы келісімшарт жасалған екен. Ал бұл кәсіпорын осындай тауарлы сүт фермалары мен сүт қабылдау пунктері арқылы жеткізілген шикізаттан дайын өнімдер шығарып, облыс аумағындағы «Дәмді себет», «Дәмдес» іспетті бірқатар ірі сауда орындарына өткереді. 2019 жылы ашылған кәсіпорын әзірге 5-6 адамға жұмыс тауып берген. Алдағы жылы кәсіп аясын кеңейту, балмұздақ өнімдерін шығару жоспарда бар. Қытай секілді алпауыт елдерден бастап, істің көзін тапқан әрбір дамушы ел өз өнімі арқылы әлемдік нарықты жаулауға жанталасып жатқанына да талай жыл болды. Соның ішінде біздің халқымыз да ішкі нарықты жаулаған әртүрлі химиялық қоспалар арқылы дайындалған құрғақ сүттен бастап, сапасы сын көтермейтін шетелдік талай айран-сүтті тұтынуға мәжбүр болған. Ал ондай сапасыз өнімнен бас тарту үшін бізге әлі де болса өңдеу өнеркәсібін қарқынды дамыту керек. Сыртқа тауар экспорттамасақ та өзімізді-өзіміз жарылқау басты мақсат болуы тиіс.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар