Таразда тағы бір зауыт салынады
Ел экономикасын дамытып, әлеуметтің әлеуетін арттыруға ықпал ететін тағы бір ірі зауыт Тараз қаласынан салынбақшы. Ферросилиций өндіретін зауыт салу жобасын жүзеге асыру мақсатында арнайы келіссөз жүргізу үшін облысымызға үндістандық «Monnet Group» компаниясының өкілдері келді.
Іскерлік кездесуді алғы сөзімен ашқан облыс әкімінің орынбасары Нұржан Календеров облысты жан-жақты таныстырып өтті.
– Біз сіздерді көне шаһар Таразда көргенімізге қуаныштымыз. Қаламыздан салынғалы отырған ферросилиций өндіретін зауыт қомақты табыс түсіріп, облыстың экономикасын дамытып, жұмыссыздық мәселесін шешуге үлкен септігі тиеді деп ойлаймын.
Жамбыл облысы – аграрлық-индустриялық бағытта қарқынды дамып келе жатқан өңір. Облыс аумағында көптеген химиялық элементтер шоғыры бар. Сондықтан да мұнда химиялық бағыттағы өндіріске айрықша көңіл бөлінген. Инвесторларды қолдау мақсатында облысымызда «Тараз» химия паркі» арнайы экономикалық аймағы мен Тараз қаласында индустриалды аймақ құрылған. Бұлардың негізгі мақсаты – елімізде заманауи, экологиялық қауіпсіз технологияларды қолдана отырып, қосылған құны жоғары химиялық өнімдердің жаңа өндірістерін қалыптастыру, инвесторларға барынша жағдайлар жасау. Қазіргі уақытта Жамбыл облысы еліміздегі инвестициялық өсу бойынша алдыңғы орында, экономиканың барлық сегменттерінен оң үрдісінде келеді. Яғни бұл облысымызда инвестициялық мүмкіндіктердің айтарлықтай деңгейде екенін көрсетеді. Барлық инвестициялық жобалар тұрақты бақылауда және жан-жақты қолдауға ие болып отыр. Айта кету керек, өңірде жалпы сомасы 2 триллион теңгеге 75 инвестициялық жоба іске асырылуда, бұл арқылы 8000-нан аса жаңа жұмыс орны ашылады, – деді.
Үнді елінің «Monnet Group» компаниясының Жамбыл облысына салғалы отырған инвестициялық жобасымен тұрғызылатын жаңа зауыт құрылысында жер де таңдалып қойылған. Үндістандық өкілдер арнайы барып, аралапты.
Айта кетейік, биылғы 10 айда облыста негізгі капиталға салынған инвестиция 311,7 миллиард теңгені құрап, өткен жылғы осы кезеңмен салыстырғанда 3,1 пайызға артқан. Қазірде облысымыздың химия өнеркәсібі кәсіпорындар экспортының 70 пайыздан астамын қамтамасыз етіп отыр.
Мемлекетіміздің химиялық өнімін өндіру көлеміндегі үлесі шамамен 30 пайызды құрайды. Сонымен қатар «Қазфосфат» ЖШС базасында жалпы құны 1 милл иард АҚШ долларын, жылдық қуаты 1 миллион тоннаны құрайтын минералды тыңайтқыш өндіретін ресейлік «Еврохим» к омпаниясы ауқымды инвестициялық жобаны табысты іске асыруда. ТМД елдерінде баламасы жоқ, «Talas Investment Company» ЖШС жылына 15 мың тонна натрий цианидін өндіреді, бірегей зауыт осында іске қосылды.
Өз кезегінде «Monnet Group» кампаниясының өкілі Рунгта Маниш сөз сөйлеп:
– Жамбыл облысында бастапқыда қуаттылығы жылына 15 мың тонна, кейін 50 мың тоннаға дейін артатын, ферросилиций шығару бойынша металлургия зауытын салуды жоспарлап отырмыз. Зауыт құрылысына едәуір қаржы қарастырылған. Кәсіпорын екі кезеңмен салынатын болады. Зауыттың негізгі өнімі экспортқа бағдарланған, – деп бірлесе атқарылғалы отырған іске сәттілік тіледі.
Бұл үндістандық «Monnet Group» компаниясы 1994 жылы құрылыпты. Негізінен темір, болат және ферроқорытпа өндірісімен, маркетингпен айналысатын к омпания көмір мен темір рудасын өндірумен, көмірді жуумен және ішкі тұтынуға арналған электр энергиясын өндіруді де жүзеге асырады екен. Меншігінде ферромарганец, ферроалюминий, феррохром өндіретін үш зауыты бар.
Отыз жылдан бері экономикалық ынтымақтастық қатынаста байланыс орнатып келе жатқан Қазақстан мен Үндістан елдерінің арасындағы тағы бір біріккен іс осы кездесуде бастау алды. Жаңа зауыттың салынуын жоспарлаған басқосуда қос тарап ортақ келісімге келіп, меморандумға қол қойды.
Қ.РАХМЕТУЛЛИНА
Келесі мақала