Облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте алдымен әлеуметтік тұрғын үйлерді сатып алу барысы мен оның аудандарда іске асырылу деңгейі талқыланды. Аталған жиында облыс бойынша сатылатын пәтерлерді дайындау барысы, бөлінген қаржының игерілу деңгейі және аудандардағы меженің орындалу көрсеткіштері сөз болды.
Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе, яғни тұрғын үйлерді сатып алу барысы туралы облыс әкімдігі құрылыс басқармасының басшысы Ерлан Орынбаевтың баяндамасы тыңдалды. Оның айтуынша, биыл халықтың әлеуметтік осал топтары үшін жалға берілетін тұрғын үйлерді сатып алуға республикалық бюджеттен 21,5 миллиард теңге бөлініпті. Жоспар бойынша 1 415 пәтер сатып алу көзделген. Алайда бүгінгі күнге дейін небәрі 307 пәтер ғана сатып алынған.
– Қазіргі таңда тағы 284 пәтер бойынша конкурс өтіп жатыр. Қалған 824 пәтердің құрылыс жұмыстары жалғасуда. Дегенмен Талас пен Сарысу аудандарында құрылыс қарқыны баяу, дайындық деңгейі 50-60 пайыз шамасында. Бұл қаражатты толық игере алмау қаупін тудырып отыр. Сондықтан жергілікті атқарушы органдар сатып алу жұмыстарын жеделдетуі қажет. Жалпы, қаңтар-қыркүйек айларында облыста 522,2 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 101,7 пайыздық өсімді көрсетеді, – деді Ерлан Орынбаев.
Өз кезегінде аймақ басшысы пәтерлерді сатып алу қарқыны өте төмен деңгейде екенін еске салды. Қаражат тапшылығына қарамастан бұл бағытқа қомақты қаржы бөлінгенін, алайда облыс орталығында жоспарланған пәтерлердің бірде-бірі сатып алынбағанына қынжылып, Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековпен өзге де бірқатар аудан әкімдерінен жауап алды.
– Осы жылға 260 пәтер сатып алу жоспарланған. Қазіргі уақытта 104 пәтердің құрылысы толық аяқталып, мемлекеттік сатып алу конкурстары жарияланды. Алдағы 15 күннің ішінде нәтижесін шығарып, бұл мәселені толық шешеміз. Қалған пәтерлердің ішінде тоқсанына осы айда конкурс жарияланады. Олардың құрылыс жұмысы, яғни дайындығы 90 пайыз шамасында тұр. Қазіргі уақытта ауласын көріктендіру, абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Желтоқсан айында қалған пәтерлер конкурсқа шығарылады. Олардың да құрылыс жұмыстары белгіленген кестеге сай жүргізіліп жатыр, ешқандай қауіп жоқ. Жыл соңына дейін жоспарланған пәтерлер сатып алынады. Келесі жылға 400 пәтер сатып алу жоспарланса, олардың да құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр, – деді Бақытжан Әмірбекұлы.
Аудан әкімдері жыл соңына дейін меже 100 пайыз орындалатынына уәде берді. Шу ауданының әкімі Бақытжан Жәнібеков салынып жатқан тұрғын үйлерге пайдаланатын құрылыс материалдары, тұрғын үйдің пішіні мен келбеті бір келкі болуы үшін оны қойылатын талаптар тізіміне енгізу қажеттігі жөнінде ұсыныс айтты. Аталған ұсынысты қолдаған аймақ басшысы бұл мәселе хаттамаға енгізілетінін меңзеді. Десе де Талас ауданының әкімі Нұрбол Жүнісбековтің айтуынша, құрылыс жұмысы кешеуілдегенімен сапаға баса мән берілген екен. Ашығын айтқанда, Талас ауданында құрылысы жүріп жатқан барлық үй қыш кірпіштен салынып жатыр екен.
– Тұрғын үй мәселесін шешу – мемлекеттің әлеуметтік саясатының негізгі бағыттарының бірі. Әсіресе жылдар бойы кезекте тұрған әлеуметтік осал топтағы азаматтарды баспанамен қамту – жергілікті атқарушы органдардың басты міндеті. Бұл бағытта салғырттыққа жол беруге болмайды. Осыған байланысты аудан және қала әкімдері ұсынылатын пәтерлердің дайын болуын, құрылыс жұмыстарының сапалы әрі уақытылы аяқталуын қатаң бақылауға алсын. Құрылысы аяқталған нысандар бойынша пәтер сатып алу конкурстары жедел ұйымдастырылып, бөлінген қаражат толық игерілуі қажет. Барлық жұмыстар заңнама талаптарына және сәулет-құрылыс нормаларына сай жүргізілуі тиіс. Әсіресе мердігерлер құрылыс жұмысын сапалы атқаруы керек. Халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына арналған жалға берілетін тұрғын үйлерді сатып алу жұмыстары 10 желтоқсанға дейін толық аяқталуы қажет, жоспарлы жұмысты аяқтаудың нақты мерзімі осы, – деді Ербол Шырақпайұлы.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ғалым Исақов баяндама жасады. «Жасыл белдеу» бағдарламасының облыста орындалуын сөз еткен ол 2021-2025 жылдары аралығында 814,6 гектар аумаққа 12 түрлі 970 мың ағаш отырғызу бойынша «Жасыл белдеу» өңірлік жоспары бекітілгенін, өткен жылға дейін 636 гектар аумаққа 12 түрлі 775 мың ағаш отырғызылғанын тілге тиек етті.
– Бұл жұмыстар 130,2 миллион теңгеге жергілікті бюджет және демеушілер есебінен жүргізілді. Жылдан-жылға су ресурстарының тапшылығы көшеттердің дұрыс өсіп-жетілуіне кедергі келтіруде. Бұл мәселені шешу үшін жасыл белдеулерді суаруға арналған инфрақұрылымды дамыту қолға алынуда. Тамшылатып суару технологиялары кеңінен енгізіліп, су үнемдеу шаралары күшейтілуде. Сонымен қатар өңірдегі климаттық жағдайға байланысты 12 түрлі ағаштың кейбір түрлерінің өсіп-өнуі қиындықтарға алып келуіне байланысты олар терек, қарағаш, күлағаш, алма ағаштарына ауыстырылып, Экология және табиғи ресурстар министрлігімен келісілді. Осы жылдан бастап энергетика басқармасы тарапынан «Жасыл белдеу құру» жоспарына бақылау жүргізілуде. Биыл бұл жұмыстарға 305,6 миллион теңге қарастырып, 178,6 гектар аумаққа 195 мың ағаш отырғызу жоспарланған. Аталған ағаш көшеттерін отырғызу жұмыстарының сметасында 1 жылдық күтіп ұстау, суғару жүйесін жүргізу жұмыстары қаралған. Сондай-ақ қажеттілікке байланысты қоршау орнату туралы Тараз қаласы және аудан әкімдіктеріне тапсырма берілген болатын. Тараз қаласы мен ауылдық округтердің маңайына жасыл желектерді орналастырудың карта-схемалары әзірленді. Жалпы көктем мезгілінде аудан әкімдіктері тарапынан 130 мың ағаш отырғызылды. Өңірлік жоспарды орындау үшін қалған 65 мың ағашты күз айларында отырғызу жоспарланған, – деген ол ары қарай атқарылған жұмыстарды егжей-тегжейлі баяндады.
Өңірдің экологиялық ахуалын жақсарту мен маңайдың жасыл желекке орануы әр ауданның жауапкершілігін айқындайтын маңызды бағыт екені белгілі. Жиын соңында облыс әкімі Тараз қаласы мен аудан әкімдерінің «Жасыл белдеу» құруда атқарған жұмысына назар аударып, кейбір мәселелер бойынша нақты тапсырма жүктеді.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ



