«Халықтық ІРО» қайта оралды
Қазақ халқы «Басы қатты болғанның аяғы тәтті болады» дейді. Сол айтпақшы, елімізге тәуелсіздікпен бірге тыңнан келген жаңалық – отандық қор биржасының да бүгінде аяқ алысы жаман емес. Қазақстан қор биржасының (KASE) осыдан оншақты жыл бұрын жүзеге асырған «Халықтық ІРО» жобасы алғашында бірден адымдап кете алмағаны рас.
1999, 2006 жылдары «Халықтық ІРО» үлгісіндегі жобалар екі мәрте жүзеге асқанымен дәл 2012 жылдағыдай тасы өрге домалай қоймады. Жалпы Қазақстандағы «Халықтық ІРО»-ның тарихы сол 2012 жылдан басталады. Алдыңғы әрекеттерге қарағанда сол жылдың табысы анағұрлым жақсырақ болды. Бірақ түрлі факторлардың әсерінен бұл жоба кейінірек тоқтады.
Биыл күздегі «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында Мемлекет басшысы «Халықтық ІРО»-ны қайта жандандыру керектігін ерекше айтып өтті.
«Бұған дейін айтылғандай, мемлекет өзінің экономикаға араласуын біртіндеп азайта береді. «Самұрық-Қазына» қоры экономиканың басты салаларына бақылау жасауға ғана мүмкіндік беретін мажоритарлы үлесі бар инвесторға айналады. Қордың басқа активтері мен акцияларын жекешелендіру керек. Оны жүзеге асыруға «Халықтық ІРО» тәсілін де қолдануға болады. «Самұрық-Қазына» қоры жеке инвесторлар дербес жүзеге асыра алмайтын аса маңызды жобаларға инвестор ретінде қатыса алады. Мұндай жобаларды Президент анықтайды», деген-ді.
Міне, Президент өзі айтқандай, аталған қордың активтері мен акцияларын жекешелендіру мәселесі көп ұзамай айқындалып, алғашқылардың бірі болып «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының акциялары
9 қараша күні сатылымға шығарылды.
Акцияларының 90,42 пайызы «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорына тиесілі «ҚазМұнайГаз» акционерлік қоғамы шығарылған және орналастырылған акцияларының 5 пайызын, яғни 30 505 974 қарапайым акциясын сатуға ұсынып отыр. Бір акцияның құны
8 406 теңгені құрады. Бұл туралы жақында ғана өткен брифингте «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Алмасадам Сатқалиев хабарлады.
Оның айтуынша, енді осы ұсыныстан кейін «ҚазМұнайГаз» компаниясының «Самұрық-Қазынаға» тиесілі акциялары шамамен 85 пайыз шамасында қалмақ. Бұдан бөлек бұл компанияның тағы бір акционері бар. Ол – Қазақстанның Ұлттық банкі. Оның үлесі – 9,58 пайыз.
Ал бұған дейін, яғни қазан айында белгілі болғандай, «ҚазМұнайГаз» акцияларын орналастырғаннан кейін үш жылға ең төменгі кепілдендірілген дивиденд белгіленетіні де айтылды. Мұндай шешімді «Самұрық-Қазына» қабылдап отыр. А.Сатқалиевтің айтуынша, ол жыл сайын 200 миллиардтан 250 миллиард теңгеге дейінгі аралықты құрайды. Басқарма төрағасы бұл бірінші кезекте инвесторлардың қызығушылығын арттырмақ. Яғни инвесторлардың құнды қағаздарды инвестициялауға деген қызығушылығын оятып, олардың тұрақты дивидендтік табысын қамтамасыз етпек.
Инвесторлардың өтінімін қабылдау 9 қарашада басталғанын жоғарыда айттық. Өтінімдерді қабылдау институционалдық инвесторлар үшін 30 қарашада, бөлшек инвесторлар үшін 2022 жылдың 2 желтоқсанында аяқталады.
Қор басшысы мәміле талаптарын 5 қарашада Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі төрағалық ететін экономиканы жаңғырту жөніндегі мемлекеттік комиссия ұсынып, онымен осы жылдың 7 қарашасында «Самұрық-Қазына» қорының директорлар кеңесі келіскенін атап өтті.
«Әлемдік нарықтардың тұрақсыздығына байланысты біз IPO-ны тек қазақстандық алаңдарда – KASE және AIX-те өткізу туралы шешім қабылдадық. Бұл біздің ойымызша, ұлттық мүддемізге сай келеді. Бұл біздің қор нарығы тарихындағы ең ірі жергілікті IPO болады», дейді «Самұрық-Қазына» АҚ Даму және жекешелендіру жөніндегі басқарушы директоры Ернар Жанаділ.
Қазақстан әлемдік қауымдастықтың белді мүшесі және қор биржасы әлемдік экономиканың бір бөлігі болғандықтан жаһандағы жағдайдың Қазақстанға да әсер ететіні сөзсіз. Сондықтан биыл IPO өткізу туралы шешім кәсіби кеңесшілердің және мемлекеттік комиссияның ұсыныстарын ескере отырып қабылданған.
Оның үстіне қазір мұнай бағасының жоғары екені белгілі. Яғни әлемдік ауқымдағы сұранысқа ие. Қаржылық қызметтер нарығын цифрландыру да артып келеді Ал қаржылық сауаттылығы артып келе жатқан халыққа қор биржасында табыс табуға қолайлы жағдай жасау – мемлекеттің міндеті. «Халықтық ІРО» осы жұмыстардың кезекті қадамы. Қадам құтты болғай!
Келесі мақала