ОТАННЫҢ БЕРІК ҚАЛҚАНЫ
МЕМЛЕКЕТТІК ШЕКАРАМЫЗДЫҢ БОЛУЫ – ТӘУЕЛСІЗДІГІМІЗДІҢ АРҚАСЫ. БОДАНДЫҚТАН АДА ЕЛДЕР ҒАНА ӨЗІН ӨЗГЕГЕ АЙБЫНДЫ ЕЛ РЕТІНДЕ КӨРСЕТЕ АЛАДЫ. ӘЙТСЕ ДЕ ЕЛ ІРГЕСІНІҢ БҮТІН, МЕМЛЕКЕТТІК ШЕКАРАНЫҢ МЫҒЫМ БОЛУЫ ШЕКАРА ҚЫЗМЕТІНІҢ ЖҰМЫСЫМЕН ТІКЕЛЕЙ БАЙЛАНЫСТЫ. ҚАЗАҚСТАННЫҢ ІРГЕЛІ МЕМЛЕКЕТ БОЛУЫ ҮШІН РЕСПУБЛИКА БОЙЫНША ОСЫДАН 30 ЖЫЛ БҰРЫН ШЕКАРА ҚЫЗМЕТІ ҚҰРЫЛҒАНЫ ЕСТЕ. ОНЫҢ ІШІНДЕ БІЗДІҢ ӨҢІР БОЙЫНША ТҮРКІСТАН ЖӘНЕ АЛМАТЫ ОБЛЫСТАРЫНЫҢ АРАСЫНДАҒЫ ҰЗЫНДЫҒЫ 700-ДЕН АСА ШАҚЫРЫМ ҚЫРҒЫЗ ЕЛІМЕН АРАДАҒЫ ЕЛ ШЕБІН КҮЗЕТУ ҚЫЗМЕТІНЕ ШЕКАРАШЫЛАР 2000 ЖЫЛЫ КІРІСКЕН-ДІ.
Қазіргі таңда ҚР Ұлттық Қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің облыстағы департаментіне Жамбыл, Меркі, Қордай аудандары бойынша шекара басқармалары қарайды. Аталған департамент өкілі, полковник Дархан Ахметов тәуелсіздік алғалы бері бұл салада кешенді жұмыстар жүргізіліп, шекараны күзету қызметі барынша жетілдірілгенін айтады.
– Ел тыныштығын қорғау бағытында атқарылған әрбір толайым тірлікке кез келген шекара қызметкерінің қосқан үлесі зор. Олар шекараны заңсыз кесіп өткендерді, бір елден бір елге үйір-үйір жылқы асыратын барымташыларды, есірткі тасымалдаушыларды құрықтау секілді қауіппен бетпе-бет келетін сан түрлі міндеттерді орындайды. Есірткі бизнесінің жолын кесуге қатысты бір ерлік істі баяндар болсам, шекарашылар осыдан екі жыл бұрын елдің Қырғыз Республикасымен шектесетін тұсында героиннің ірі партиясын тәркілеген еді. Бұл жағдай Қордай ауданындағы автокөліктік бақылау-өткізу пунктінде орын алды. Желтоқсанның ызғарлы күнінің бірі болатын. Есірткі тасымалдаушылар «ғасыр тажалын» шекарадан алып өту үшін «Toyota Prado» маркалы жол талғамайтын көлікті пайдаланған. Сол күні Қордай ауданы бойынша шекара қызметінің инспекциялық-тексеру кешенінің аға технигі, кіші сержант Мақсат Дәуітаев өзінің «Қордай» шекаралық бақылау бөліміндегі жауынгерлік қызметін атқарып жүреді. Қырғыз елінен келе жатқан қазақстандық көлікті тексеру кезінде рентген аппаратының көмегімен көзден таса жерде жасырынған әлде бір затты байқайды. Жылдар бойы тәжірибе жинақтаған ол жүктің мұқият жасырынғанын сезеді. Осылайша аталған көлікті жіті тексеруге шешім қабылдайды. Иісшіл ит Джек те көлікте есірткі бар екенінен белгі береді. Шынымен-ақ көлікте 60 келіден астам героин жасырынған екен. Қырағылық танытқаны үшін ол Президент Жарлығымен ІІІ д әрежел і «Айбын» орд енімен марапатталды. Оның үстіне М.Дәуітаев осы қызметте жүріп, яғни 2017 жылы шекарадан 2,5 келі героин, 16,7 келі марихуана алып өтпекші болғандардың да жолын кескен еді. Ол кезде де «Мемлекеттік шекараны үздік күзеткені үшін» ведомстволық медалімен марапатталған болатын, – дейді Д.Ахметов.
Қылмыскерлер қанша құрықталып жатса да есірткі тасымалдау әрекеті тиылмай келеді екен. Мәселен 2020 жылы көлік доңғалағына жасырып, 39 келі героин мен 96 келі гашиш алып өтпек болғандар құрықталыпты.
Бұдан бөлек, шек арашылардың қызметтік иттің көмегімен әртүрлі оқыс жағдайдың алдын алған кездері де болған. Мәселен 2017 жылы ақпан айында Көксай шатқалында 91678 әскери бөлімінің жауынгерлері жоспарлы әскери жаттығулар өткізіп жатқанда қар көшкіні орын алғаны көптің есінде. 75 адам мен 7 техникадан тұратын құтқару бөлімі қар астында қалып қойған адамдарды құтқару-іздестіру жұмысын жүргізген. Арада бірнеше сағат өтсе де іздеу жұмысы еш нәтиже бермеді. Сол кезде көмекке келген шекарашылардың қызметтік иттері қалыңдығы 9 метр қардың астындағы адамдардың денесін тапқан еді. Нақты айтқанда, Б.Момышұлы шекара бөлімшесінің сарбазы, эфрейтор Қуанышбек Карбозов ерлік жасаған болатын. Ол ҚР ҰШҚ Әскери кеңесінің шешімімен «Үздік шекарашы» ретінде танылды.
Мұны сөз етуіміздегі басты мақсат – шекарашылардың ерлікке толы еңбегін дәріптеу. Осы мақсатта, Шекарашылар күніне орай ҚР ҰШҚ Жамбыл облыстық департаменті Жамбыл ауданы бойынша басқармасының «Жасөркен» шекара бөлімшесіне арнайы барған едік. Онда бізді аталған бөлімшенің бастығы, аға лейтенант Нұрбол Ризабеков қарсы алды.
– Біздің міндетіміз – Қырғыз елімен арадағы мемлекеттік шекараны күзету. Қазақ елінің тәуелсіздігін сақтау. Бұл істе инженерлік құрылғы мен ерікті жасақтардың, ауыл тұрғындарының тигізіп жатқан көмегі айрықша. Ал бөлімше келісімшарт негізіндегі әскери қызметшілермен және мерзімді әскери қызметшілермен қамтылған. Жасақ және ауыл тұрғындарының көмегімен шекарадан заңсыз мал айдайтындардың, өткізу бекетіндегі шетел азаматының құжатсыз шекараны кесіп өтуінің жолын кесеміз. Осы жылдың шілде айының өзінде Қырғыз Республикасынан Қазақстанға екі мәрте заңсыз мал айдау фактісі орын алды. Қолға түскендерді малымен қоса Қызылқайнар ауылдық округі әкімдігіне тапсырдық. Ары қарай тергеп-тексеру жұмыстары әкімдік арқылы жүзеге асуда.
– Бөлімшеде қазіргі уақытта «Шекарашылардың жас достары» атты үйірме жұмыс істейді. Оған шекараға жақын орналасқан Жасөркен ауылындағы Жасөркен орта мектебінің 10-11-сынып оқушылары тартылған. Үйірме аясында әртүрлі сабақтар, түрлі іс-шаралар ұйымдастырылады. Оның ішінде оқушылар қару-жарақты шашып-жинаудан бастап әскерилерге тән көптеген ерекшеліктермен танысады. Сонымен қатар аталған мектептің алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімімен тығыз байланыстамыз. Ауыл тұрғындарымен әркез кездесу өткізіп, Шекара қызметінің заңды талаптарын және ережелерін түсіндіреміз. Одан бөлек жергілікті билік өкілдерімен де мемлекеттік шекараны күзетуде бірлесе жұмыс істейміз. Сондай-ақ түрлі мәдени іс-шаралардың өтуіне осы бөлімшенің жеке құрамы атсалысады. Әсіресе, жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеу, әскери қызметке баулу мақсатында Жамбыл аудандық жастар ресурстық орталығымен және мектеп ұжымымен тығыз жұмыс атқарып жатырмыз. Елге белгілі қоғам қайраткерлерін, танымал тұлғаларды әскери бөлімшеге шақырып, сарбаздар арасында тәрбиелік мәні зор іс-шара ұйымдастыру да бізде дәстүр ретінде қалыптасқан. Қандай да бір заңсыздықтың жолын кескендер басшылық тарапынан әртүрлі деңгейде марапатталып тұрады. Бұл өзге жеке құрам үшін үлгі-өнеге, – дейді Нұрбол Қуанышбекұлы.
Нұрбол Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданы, Ақсу ауылында дүниеге келіп, 9-сыныптан кейін оқуын Семей қаласындағы Ш.Уәлиханов атындағы әскери мектепте жалғастырған. Одан кейін Шекара қызметінің академиясына оқуға түсіп, оны бітіре сала «Жасөркен» шекара бөлімшесі бастығының орынбасары болып қызметке тағайындалыпты.
Бөлімше қызметінің жай-жапсарына және қатардағы жауынгерлер Наурызбек Нұрғалиев пен Максим Вольскийдің 4 ақпанда шек ара бұзушыны қалай ұстағандары жөніндегі айтқан әңгімесіне қаныққаннан кейін шекарашылардың сенімді серігі саналатын қызметтік иттер мен қызметтік аттардың атқаратын жұмысына куә болдық. Үйретілген жылқылар сарбаз бұйрығына орай жерге жату, тұру қимылдарын мүлтіксіз орындады. Ал қызметтік иттердің арасында иісшілдері әлдебір жасырынған затты дәл тапса, тағы бірі қылмыскерді қуып жетіп жеңінен тістеп, жерге құлатып, жауынгер келгенше тырп еткізбей ұстап тұрды. Осындай өнерімен бізді тәнті еткен қызметтік иттің бірі – Микки.
– Микки «Бесағаш» шекара бөлімшесінде өткен үлкен бір жарыста бірінші орын алған. Облыс бойынша өткен тағы бір жарыста екінші орын иеленді. Мұндай жетістікке жетуде қызметтік иттің нұсқаушысы итке берілетін бұйрық сөздерді және басқа да талаптарды жетік білуі тиіс. Сонымен қатар итпен іштей сырласу, оның жан дүниесін түсіне білу, уақытылы тамақтандыру, демалдыру да қызметтік ит нұсқаушысына зор абырой әкеледі. Соның арқасында қызметтік иттер қылмыскерлерді ұстауда, есірткіні табуда шекарашыларға айтарлықтай көмегін тигізіп жатыр, – дейді қатардағы жауынгер Амангелді Шыңғыс.
Мемлекеттік Шекара қызметінің басқа әскери бөлімдерге қарағанда өзіндік ерекшелігі бар. Соның бірі – демалыс не мереке күні деген желеумен шекараны күзетсіз қалдырмау. Сарбаздардың басым көпшілігі шекараны күзету міндетін атқарады. Десе де әр жексенбі сайын кино көру, концерт тамашалау, шахмат, дойбы ойнау, спортпен айналысу секілді мәдени, спорттық іс-шаралар тұрақты ұйымдастырылады екен. Мұндайда қызметтік міндетін атқарған сарбаздар аптаның кез келген күнінде бір күн басшылықтың бұйрығымен демалады. Ел шебін қырағылықпен күзетіп жүрген сарбаздардың өнерін тамашалау барысында мерзімді әскери қызметтік борышын өтеп жүрген нұр-сұлтандық Ергеш Қазыбектің табиғи даусына қайран қалыстық. Ол бізге Ақан серінің «Балқадиша», «Қараторғай» Естай Беркімбайұлының әні «Құсни-Қорланды» және басқа да халық әндерін нәшіне келтіре орындап берді. Сөйтсек ол ес білгелі білімін музыка саласында жетілдіріп келе жатқан азамат екен.
Е.Қазыбек Түркістан облысына қарасты Сарыағаш ауданы, Қошқарата ауылында дүниеге келгенімен 5 жасында Нұр-Сұлтан қаласындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының музыка мектебіне қабыл д аныпты. Од ан к ейін ол осы университетке қарасты музыка колледжін тәмамдайды. 6 жасынан бастап университеттің ұлттық саз аспаптар және симфониялық оркестірінің құрамында Лондон, Париж, Дубай, Берлин, Баку, Шанхай, Мәскеу секілді әлемдегі бірнеше қалаларда өнер көрсеткен. Жақында Шекара қызметінің 30 жылдығына орай ұйымдастырылған Нұр-Сұлтан қаласындағы фестивальден жүлделі оралыпты.
– Отан алдындағы борышымды өтеп жатқаныма 10 айдан асты. Енді бірер айда борышымды толық өтеп бітемін. Одан кейінгі тіршілігімді осы музыка саласымен байланыстырмақшымын. Ән қоржыным негізінен халық әндерімен толыққан. Мақсатым – ұлттық өнерімізді, оның ішінде халық әндерін әлемдік сахналарда кеңінен насихаттау, – деді Ергеш Қазыбек.
Ол бұдан бөлек дзюдодан І разрядтағы спорт шебері. Мұнда спорт құмар жастар жетерлік. Мәселен Нұрболат Озаев спортың бокс, Ғабдулин Дархан грек-рим күресінен, Максим Феденёв спорт шеберлігінен үміткер болса, ал Азиз Ниязов аралас жекпе-жектен Алматы облысы бойынша чемпион. Біз сәті келгенде спортшы жігіттердің де өнерін тамашалауға уақыт таптық.
Кең байтақ жерге ие халқымыздың тыныштығы шекарашылардың қолында. Қай елде шекараның тұтастығы, беріктігі сақталса, сол ел сөз жоқ өркендейді. Біз осы жолда маңдай терін төгіп жүрген шекарашылармен тілдесу барысында олардың бойынан Отанға, елге, жерге деген патриоттық сезімді байқадық. Ал мұндай сезім қатардағы жай адамдардың да рухын көтеретіні белгілі.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ
Келесі мақала