Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

ЖЕТІ БАСЫМДЫҚ ЖЕТІСТІККЕ ЖЕТЕЛЕЙ МЕ?

ЖЕТІ БАСЫМДЫҚ ЖЕТІСТІККЕ ЖЕТЕЛЕЙ МЕ?
ашық дереккөз
ЖЕТІ БАСЫМДЫҚ ЖЕТІСТІККЕ ЖЕТЕЛЕЙ МЕ?
Кез келген саяси партиялардың міндеті – мемлекет ұстанған саясаттың жүзеге асуына ықпалды ұйым ретінде атсалысу. Халық базынасы мен ел ішіндегі проблемаларды билікке жеткізуде де партиялардың жұмысы қарқынды болуы керек. Ел болашағы үшін көпке ортақ мүдденің орындалуын, ұлттық идеологияға негізделген ауқымды жұмыстар мен кез келген саланың ілгерілеуін бақылауда ұстаса, кемшілікті жасқанбай биік мінбер арқылы Үкіметке немесе басқа да тараптарға жеткізе алса, онда ол мемлекет сөз жоқ дамиды.  Егер қандай да бір елдегі жетекші партия билік басына келгенге дейін бәсеке үшін барын салып, одан кейін халық алдында берген уәделері мен саяси жоспарларын жүзеге асыруға немкеттілікпен қараса, қоғамдық мүдделердің ескерілуіне мән бермесе, тек билікті мақтап, ел ішіндегі жағдайға көз жұма қараса, оның соңы не болатыны белгілі. Мысалды алыстан іздемей-ақ қояйық. Елдегі жетекші партияның аузымен 30 жыл бойы «Елдегі жағдай қалыпты, ішкі саяси тұрақтылығымыз мығым, халықтың әл-ауқаты керемет, осының барлығы Президентіміздің арқасы» деп жүргенде шын мәнінде ел ішіндегі жағдайдың қандай екенін «Қаңтар оқиғасы» көрсетіп берді. Одан бері де аз уақыт өткен жоқ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен партияның кезектен тыс съезі өтіп, сол жиында бұған дейінгі «Nur Otan» партиясының атауын «AMANAT» деп өзгерту жөнінде ұсыныс түсіп, бұл ұсынысты Президент қуаттады. Аты өзгергенімен заты бұрынғы қуатты партия қазір қандай бастамаларды, нендей жаңашылдықтарды жүзеге асыруда? Аталған партияның жыл басынан бері атқарған жұмысы оның жаңа атауға сай екенін дәлелдей ала ма? Бұл көптің көкейінде жүрген сұрақ. Осы ретте біз «AMANAT» партиясы облыстық филиалының атқарушы хатшысы Дауыл Бейсенқұловты сөзге тарттық. – Рас, көпшіліктің көкейінде «Партияның атауы өзгергенімен жұмыс бағыты қаншалықты өзгерді?» деген заңды сауал барын жасырмаймыз. Аталған съезден кейін жұмыс бағыты өзгеріп, алдымызға жаңа мақсат-міндеттер қойылды. Соның бірі – партияны жаңғыртудың 7 басымдығынан туындайтын міндеттерді іске асыру. Бұл міндетті орындауға қазір қызу кіріскенбіз. Мысалы халықпен кері байланыс орнату құралдарының тиімділігін арттыру, партияластар арасындағы ынтымақтастықты сақтау секілді бағыттағы жұмыс партия филиалдарында бір жүйеге келтірілген. Партияның жұмысындағы ашықтық та көптің көз алдында. Атап айтсақ, партия жанындағы барлық Қоғамдық кеңес отырыстары әлеуметтік желіде тікелей эфир арқылы көрсетіліп келеді. Партиялық бақылауды күшейту де күйіп тұрған мәселе. Ол бойынша партия облыстық филиалының жанынан құрылған арнайы комиссия жаңа форматта жұмыс істеп жатыр. Осындай міндеттемелердің бірі – партияның бағдарламалық құжаттарын қайта қарау. Сонымен қоса халықтың әртүрлі топтарымен жұмыс істеу де күн тәртібіндегі мәселе. Бұл бойынша ұсыныстар әзірленіп, тиісті жұмыстар жүргізілуде. Жетінші бағыт – «Jas Otan» жастар қанатының жұмысын жетілдіру. Қазіргі таңда жастар қанатының атауы «Жастар рухы» болып өзгергені баршаға аян. Өз кезегінде мұндай өзгерістер жастарға да үлкен жауапкершілік жүктейді, – деді Дауыл Ынтықбайұлы. Біз партия тарапынан елді елең еткізердей қандай жобалар жүзеге асырылып жатқанын сұрағанымызда филиал хатшысы қазір «Жер аманаты» және «Ауыл аманаты» жобалары жүзеге асып жатқанын сөз етті. Жер мәселесіне Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та бейжай қараған емес. Әсіресе, Президент пайдаланылмай жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтаруға және оларды ауыл тұрғындарына қолжетімді ету жөнінде Үкіметке тапсырма бергені есте. Президент тапсырмасының орындалуын қазіргі таңда партия өз назарына алыпты. – «AMANAT» партиясы жанынан «Жер аманаты» комиссиясы құрылды. Қазіргі таңда ол комиссия пайдаланылмай жатқан және заңсыз бөлінген ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді мемлекет меншігіне қайтару мәселесімен белсенді айналысуда. Аталған комиссия біздің де өңірде құрылды. Комиссия жұмысының нәтижесінде бүгінгі күні 20,1 мың гектар жер ауыл меншігіне беріліп, тұрғындардың мал жаюына жағдай жасалды. Бұдан өзге шаруа қожалық өкілдеріне өз жерлерін жайылым жер ретінде беруіне де партия мұрындық болды. 500 гектар жеріне дейін берген жомарт азаматтар бар. Облыста прокуратура және жергілікті атқарушы орган өкілдерінің бірлескен зерделеуі барысында 683,6 мың гектар жайылым жер жетіспейтіндігі анықталған. Оны шешудің бірнеше жолы бар. Мысалы, 5 шақырымдық радиуста орналасқан жайылымдарды қайтарып, елді мекенге бекіту керек. Сондай-ақ шаруа қожалықтарының жерлеріне кедергісіз мал жаюға меморандум жасаудың маңызы зор. Сол секілді игерілмеген жерлерді мемлекет меншігіне қайтару күн тәртібінен түспейді. Партия облыстық филиалы алдағы уақытта бұл жұмыстарға белсене араласа беретін болады. «Ауыл аманаты» жобасының мақсаты – ауыл тұрғындарының табысының, әл-ауқаты мен өмір сүру сапасының артуына ықпал ету. Жоба аясында партия орталық аппараты жанынан ақпараттық марафон жұмысы басталды. Бұл бойынша өңірдегі елді мекендерді аралап, ауыл тұрғындарымен жүздесу көзделген. Топ мүшелері тұрғындардың жылдық мөлшерлемесі 2,5 пайызды құрайтын жеңілдетілген несиені қалай, қайдан алуға болатынын, кооператив құрудағы тиімділік, ауыл шаруашылығы техникасын лизингке алуда мемлекет қандай қолдау көрсететінін түсіндіріп, басқа да сауалдарға жауап береді. «AMANAT» партиясының тағы бір қолға алған жобаларының бірі – «Ардагерлерді ардақтайық», «Кедергісіз келешек», «Бақытты отбасы», «Жастар – Отанға!», «Халыққа көмек», – деді Д.Бейсенқұлов. Бүгінде партия жанынан ашылған «TALQYLAU» қоғамдық диалог алаңы жұмыс істеп жатқаны белгілі. Бұл республикада алғаш рет қолға алынса, өңірлер арасында біздің облыс қоғамдық диалогты өзге аймақтарға қарағанда ең бірінші болып өткізіпті. Сол жиында «Жастар және жұмыссыздық» тақырыбы қозғалған екен. Д.Бейсенқұлов аталған тақырыптың жастарға қатысты болуын «Қаңтар оқиғасы» кезінде көшеге шыққандардың көпшілігі жастар екенімен байланыстырды. Өйткені жастармен сұхбаттасу барысында жұмыссыздық, жағдайының төмендігінен көшеге шыққаны анықталған екен. Бүгінде мәселенің оңтайлы шешілуіне қоғам болып барынша атсалысу тетіктері қарастырылып жатса керек. Тағы бір айта кетер жайт, бүгінгі күнге дейін облыстық деңгейде 64 қоғамдық кеңес жұмыс істеп келіпті. Олар қоғамда қандай өзекті мәселелердің шешілуіне ықпал етті, қазір қандай шаруаларды қолға алуда? Біз осы мәселеге де назар аударған едік. Өткен жылы аталған кеңестердің 482 отырысы өтіп, онда Жол карталарының орындалу барысы, қоғамдағы өзекті резонансты 594 мәселе қаралыпты. Жергілікті атқарушы органдарға 2 мыңға жуық тапсырмалар мен ұсыныстар берілген көрінеді. Десе де аталған кеңестердің атауы мен талқыға салатын мәселелері бірін-бірі қайталайтыны ескеріліп, олардың саны аймақтық деңгейде 12-ден 9-ға, аумақтық деңгейде 9-дан 5-ке дейін қысқартылыпты. Онда қаралатын мәселелерді қоғам талқысына сала отырып, ашық өткізу тәжірибесі қолға алынып жатса керек. Осы арқылы алдағы уақытта қаузалатын мәселелерге терең үңілуге және берілген ұсынымдардың сапалы іске асуын талдауға мүмкіндік ашылады деген сенім бар. Елдегі жетекші партиямен бірге атын өзгерткен «Жастар рухының» алға қойған мақсаты не дейтін болсақ, бұл партиямен бірге жастар қанатының да жұмысын жаңғырту идеясынан туындаған екен. – «Рух» сөзі халқымыз үшін киелі құндылықтарды білдіретін ұғым. Бұл атау өте терең мағынаға ие, үлкен жауапкершілік жүктейді. Жаңа атау ұйымның жұмысын да түбегейлі өзгертуді талап етеді. Яғни, жаңартылған жастар қанаты жас ұрпақтың мүдделерін шын мәнінде қорғауы тиіс. Сондай-ақ жастар мен билік арасындағы өзара іс-қимылдың тиімді арнасына айналуы қажет. Негізінде оларға қандай да бір жауапкершілік жүктеуден бұрын мүмкіндік беруіміз керек. Яғни, еліміздің саяси өміріне, бизнеске, басқа да қоғамдағы маңызды мәселелерге еркін араласу үшін тең мүмкіндік беру. Президент бастамасымен осы өзгерістердің барлығы Конституциямызға енгізілді. Демек, жастардың бүгінгі қоғамға деген көзқарасы өзгеріп, бастамашыл топтың алдыңғы қатарында солар жүруі тиіс, – деді Дауыл Ынтықбайұлы. Міне, өңірде «AMANAT» партиясы облыстық филиалының атқарып жатқан азды-көпті жұмыстарының бір парасы осы. Алдағы уақытта елдің аманатын арқалаған партия мемлекеттің қарышты дамып, Қазақстанда әділетті қоғам орнауына күш салады деген ниеттеміз.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар