Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

ОҚУҒА БАРУ ДА ОҢАЙ ЕМЕС

ОҚУҒА БАРУ ДА ОҢАЙ ЕМЕС
ашық дереккөз
ОҚУҒА БАРУ ДА ОҢАЙ ЕМЕС
Жаңа оқу жылының басталуына санаулы күндер ғана қалды. «Арық атқа қамшы ауыр, жыртық үйге тамшы ауыр» демекші, қазіргідей қымбатшылық қос бүйірден қысып тұрған кезде балаларды жаңа оқу жылына дайындау ата-аналарға оңай соқпайтыны анық.  Оқу жылы басталатын шақ жақындаған сайын мектеп формасының құны былтырғымен салыстырғанда 25-30 пайызға қымбаттағанын жиі естіп жүрміз. Сондықтан базарға арнайы барып, саудагерлермен, ата-аналармен тілдесіп, ел арасындағы гу-гу әңгіменің анық-қанығына көз жеткізіп қайттық. Тараз қаласындағы ең ірі «Ауыл Береке» базары араның ұясындай құжынап жатыр. Бала-шағасын ертіп сабылған халықтың қарасы көп. Біз бірден оқушылардың керек-жарағының бағасымен танысудан бастадық. Саудагерлердің айтуынша, былтырдан қалған оқу құралдары әлі де сол бағада екен. Алайда жаңадан келген заттардың бағасы әлдеқайда қымбаттапты. Сонымен... Бір баланы мектепке апару үшін қажетті дәптер-қарындаш, бояғыштардың орташа бағасы 15 мың теңгені құрайды екен. Ал сөмкелердің ең арзаны 5 000 теңгеден, костюм-шалбарлардың бағасы 15 мың теңгеден басталады екен. Біздің есептеуімізше бір баланы мектепке дайындау үшін кететін қаражат орташа есеппен алғанда 60 мың теңгеден асып жығылады. Көз алдымызда көпбалалы отбасының отағасы 10-сынып оқитын үлкен ұлына 12 мың теңгеге аяқ киім алып берді. – Отбасымызда 4 бала бар. Былтыр 120 мың теңгенің көлемінде ақша кеткен. Биыл айтарлықтай қымбаттапты. 200 мың теңгенің өзі жетпей қалатын түрі бар. Себебі қазірдің өзінде 180 мың теңгеге жуық ақшам кетті. Алмаған заттарымыз әлі де бар, – дейді Тараз қаласының тұрғыны Ербол Құрманов. Міне, ел айтса айтқандай-ақ базар бағасы аспандап тұр. Айлығы шайлығына жетпейтін облыс тұрғындарының бір баласын 70 мың теңгеге киіндіруге шамасы қалай жетеді? Әрине қарызданып-қауғаланады. Үлкенінің киімін кішісіне кигізіп, кем-кетігін толықтырар. Алайда бағаның мұншалықты шарықтауына не себеп? Көпшіліктің көкейіндегі сауалды саудагерлердің өзіне қойып көрдік. –  Өзімнің де төрт балам бар. Күні бойы базарда сауда істеймін. Қазір қарапайым тұрғындар қымбатшылық болса бірден саудагерлерді кінәлайды. «Науқанды пайдаланып бағаны әдейі көтеріп тастаған» деп ойлайды. Шын мәнісінде мүлдем олай емес. Өйткені биыл біз де базардан қымбат бағаға сатып аламыз. Сондықтан біз ойымызға келген бағаны қосып жатқан жоқпыз. Бағаны нарық билейді, – дейді саудагер Арай Әуелбекова. Жалпы, биыл облысымызда жаңа оқу жылында 447 мектепке 240 мыңнан аса оқушы барады екен. Ал 22 мыңға жуық оқушы бірінші сыныпқа қабылданады. – 2022-2023 оқу жылына оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерді және қосымша оқу құралдарын сатып алу үшін 2,9 миллиард теңге қаржы бөлінді. Алдағы жаңа оқу жылында оқушылар оқулықтармен 100 пайыз қамтамасыз етіледі. Қазір оқулықтарды баспадан тасымалдау жұмыстары басталды. 15 тамызға дейін аяқталады. Сондай-ақ білім мекемелеріндегі басты назар аударатын мәселе – оқушылардың қауіпсіздігі. Қазіргі таңда барлық білім ошақтары мен балабақшаларда бейнебақылау камералары орнатылған. Ал аудан орталықтары мен Тараз қаласындағы барлық 103 мектеп камерасы полициямен интеграцияланған. Сонымен қатар біздің облыста ерекше білім алуды қажет ететін 7 898 бала бар. Біз олардың да басқалармен тең дәрежеде білім алуына жол ашып, аймағымыздағы «Дара», «Қамқорлық», «Болашақ» сияқты республикалық қайырымдылық қорларымен бірлесіп жұмыс жүргізудеміз. Осы күнге дейін 5 ресурстық орталық және инклюзивті қолдау кабинеттері және «Асыл Мирас» аутизм орталығы ашылып, материалдық-техникалық базасы жабдықталды. Ал биыл 2 инклюзивті қолдау кабинеті ашылады. Сондай-ақ, «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қолдауымен арнайы білім беру ұйымдарына жиһаздар, құрал-жабдықтар алынады. Сонымен қатар, «Асыл-Мирас» аутизм және оңалту орталықтарына қосымша ғимарат соғу үшін жобалық- сметалық құжаттамаларын әзірлеу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Тағы бір айта кететінім, 1 тамыздан бастап «Бар мейірім балаларға» тақырыбымен «Мектепке жол» акциясы басталды. 2022 жылы жалпыға бірдей міндетті білім қоры есебінен аз қамсыздандырылған және көпбалалы отбасынан шыққан 47 601 оқушыны әлеуметтік қолдауға 4 миллиард 777 миллион 226 мың теңге бөлінді, – дейді облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы Бейқұт Жаманкөзов. Оқу жылының басталуына екі аптадан аса уақыт бар. Қаншама отбасы ұл-қыздарының керек-жарағын алып дайындалып та үлгермеді. Сондықтан жергілікті әкімдіктер ірі сауда нүктелерінде оқу жылы қарсаңында мектеп формасы мен кеңсе тауарларын сататын арнайы жәрмеңкелер ұйымдастырса, нұр үстіне нұр болар еді. Ал бұл дегеніңіз көптеген отбасы үшін үлкен жеңілдік.

Шапағат ӘБДІР

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар