TikTok желісінде белсенділігімен танылған Талғар қаласының бұрынғы әкімі Арыстанбек Әбілқайырұлы қызметтен кейінгі өмірімен көпшіліктің назарын аударды, деп хабарлайды arainfo.kz
Тікелей эфирлерде халықтың мәселесін тыңдап, әлеуметтік желі қолданушыларының ықыласына бөленген экс-шенеуніктің қазіргі тіршілігі желіде қызу талқыланып жатыр.
Бұрын мемлекеттік басқару жүйесінде қызмет атқарған ол бүгінде жалдамалы көлікпен жолаушы тасымалдап, күн көріп жүргенін айтты. Оның сөзінше, қазіргі уақытта тіпті жеке автокөлігі де жоқ.
«Көлікті жалға алып, күн-түн демей еңбек етіп жүрмін. Қазақта “есектің артын жусаң да, ақша тап” дейді ғой. Үйде бос жатқан ұят, бала-шағаны асырау керек», – дейді ол.
Айта кетейік, Арыстанбек Әбілқайырұлы Талғар қаласының әкімі қызметін бір жыл екі ай атқарған. Биыл 12 ақпанда ол денсаулығына байланысты қызметінен өз еркімен кету туралы шешім қабылдағанын хабарлаған еді.


