ҚОНАЕВҚА ҚОЛАДАН МҮСІН ҚОЙЫЛДЫ
Биыл АҚШ-тың отыз төртінші президенті Дуайт Эйзенхауэр «Мен бүгін зор тұлғамен қауыштым. Ол
терең саясаткер, халықтар даналығын толық меңгерген адам. Ол КСРО-ның сирек кездесетін тұлғасы» деп баға берген қазақ халқының ұлы тұлғасы Дінмұхамед Қонаевтың туғанына 110 жыл толды. Дінмұхамед Ахметұлы 1993 жылы 22 тамызда 82 жасқа қараған шағында жарық дүниемен қоштасқан болатын.
Өмірінің соңғы күндерін өткізген Алматы облысының Алакөл ауданындағы Ақши ауылында 2003 жылдың 15 тамызында арнайы құлпытас орнатылса, 1992 жылы Алматыда Д.Қонаев атындағы Халықаралық қор құрылды. 1996 жылы Тараз қаласында Халықаралық Қонаев қорының Жамбыл облыстық бөлімшесі ашылды. Қазақстан аумағы бойынша Дінмұхамед Қонаевқа 12 ескерткіш қойылған. Тараз қаласында да 2002 жылы ескерткіш-бюсті орнатылған. Биыл бұл аумақ тіптен ажарлана түсті. Халқымыздың даңқты перзентінің мерейтойына орай биіктігі 8 метрді құрайтын алып ескерткіші орнатылып, жан-жағы абаттандырылды. Ал бүгін еңселі ескерткіштің ашылу салтанаты өтті.
– Біз бұрынғы облыс әкімі Бердібек Сапарбаевқа кезінде қор атынан бірнеше рет хат жазған болатынбыз. Ол хатта айтылған өтінішіміз қазіргі аймақ басшысы Нұржан Нұржігітовтің қолдауына ие болды. Биыл Қонаевтай тау тұлғаның туғанына 110 жыл толып отыр. Осыған байланысты біздің орталықтың алдындағы шағын алаңшаға облыс әкімдігі жөндеу жұмыстарын жүргізіп берді. Ал ескерткіші халықтың қаражатына жасалды. Жалпы сомасы 66 миллион теңгені құрады. Одан бөлек 3,5 миллион теңгеге «Айналайын, ақпейіл жұртым» атты Д.Қонаев туралы замандастарының жазған пікірлері мен фотоальбомдары жинақталған кітап шығардық. Мұның бәрі халықтың қалтасынан шыққан қаражат, – дейді Д.Қонаев атындағы Халықаралық қордың облыстық бөлімшесінің хатшысы Жапар Күздеубеков.
Жалпы, Қонаев туралы көп еңбектеніп, оны кейінгі ұрпаққа танытуда көп күш салып жүрген бір орталық болса, ол – облыстық Д.Қонаев атындағы жасөспірімдер мен балалар кітапханасы.
– Қонаевтың аты көп аталмай тұрған кезде де біз туған күнінде еске алып, ескерткішінің алдына гүл шоқтарын қойып, оқырмандарымызға да кеңінен таныстырып отыратынбыз. Міне, биыл қазақтың сол бір тау тұлғасының 110 жылдығы. Бұл жалпы қазақ даласындағы ең үлкен мерекелердің бірі болып қалмақ. Өйткені Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қонаевты тұғырына қондырып, ол кісінің атын бір қалаға бергенін білесіздер. Міне бұл тұлғаға деген құрметтің өлшеусіздігін көрсетеді. Біз бұл тойға ең ұзақ дайындалған орталықтардың қатарынан боламыз десек қателеспейміз. Жыл басынан қалалық мектептерден, жоғары оқу орындары мен колледждерден және жақын аудандық мектептерден келген оқырмандарға «Қазақ ұлтының кемеңгері» атты экскурсия ұйымдастырдық. Онда Д.Қонаевтың өмірі мен халқына көрсеткен қажырлы еңбектері жайында ақпарат беріліп, «Қонаев – ұлттың ары мен намысы» тақырыбында медиатека көрсетілді. Оқырмандар Дінмұхамед Ахметұлы туралы өз білгендерін айтып, өлең жолдарын оқыды. Сондай-ақ, «Ғасырдың дара перзенті » тақырыбында ұйымдастырылған кітап көрмесіне шолу жасалды. Оқырмандар Д.Қонаев атындағы Халықаралық қордың облыстық бөлімшесіне де экскурсия жасап, ондағы қоғам қайраткерінің сақталған құжаттары, фото және видеоматериалдары, әр алуан портреттері, өзінің қолданған заттары таныстырылды. Бұл іс-шараға 100 оқырман қатысты. Сонымен қатар, қазақ халқының тарихында болмысы бөлек, мінезінің байлығымен, терең білім, ақыл-парасатымен дараланған Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың 110 жылдық мерейтойына орай «Ізі өшпейтін ізгі адам» өлеңдер шеруін өткіздік. Ондағы мақсатымызда оқырмандарға қазақ елінің біртуар азаматы туралы жан-жақты түсінік қалыптастыру, кемеңгер тұлғаның мемлекетке және халқына сіңірген еңбегін, ерлігін үлгі ету, – дейді кітапхана директоры Гүлфайруз Іңкәрбекова.
Шынымен де ұлы тұлға лары-мыздың тойын өткізу тек қана іс-шаралар тізімінен тұрмауы керек. Той өткізудегі басты мақсат да ұлылардың өнегесін ұрпаққа тарату болып саналады.
– Д.Қонаевтың бойында нағыз ел басқаратын жандарға тән қасиеттің бәрі болған. Оның өмірбаянынан тыс адамгершілігі, қайырымдылығы, кішпейілділігінің өзі бір-бір кітап деуге болады. Ел басқарған адамның артынан көбінде жақсы сөз ере бермейді. Алайда артынан жаман сөз ермеген тұлғаның бірі осы Қонаев болатын. Дәл қазіргі жастар мен ел алдында жүрген азаматтарға оның үлгі боларлық ісі көп, – дейді «Жамбыл су» кәсіпорнының қаржы жөніндегі директоры Асқарғазы Әлиасқарұлы.
Қалай болмасын Д.Қонаев өз бағасын халықтың жүрегінен алып қойған тұлға. Ол қарашадан хан дәрежесіне көтерілген саясаткер. Елім деп өткен ерін ел жүрегі мәңгі әлдилейтінін уақыт тағы бір мәрте көрсетті деуге болады.
Шапағат ӘБДІР
Келесі мақала