ДИМАШ АХМЕТҰЛЫНЫҢ ШАПАҒАТЫ
Қазақтың тұңғыш Олимпиада чемпионы, белгілі палуан, Қазақстанның Еңбек Ері, біртуар азамат Жақсылық Үшкемпіровпен біраз жыл араласып, сыйласып, бірімізді-біріміз құрметтеп жүрдік. Таразға жолы түссе телефон шалып, кездесіп, дидарласып қалуды әдетке айналдырған едік.
Бірде сөзден сөз шығып, әңгіме реті Димаш Ахметұлы Қонаевқа ауды. Сонда Жақсылық:
– Мен Димаш ағаның жақсылығын, шапағатын көп көрдім. Егер оның маған деген қамқорлығы болмағанда, мүмкін мен спортта осындай биік дәрежеге жете алмас па едім, оны бір Алла біледі, – деп қалды.
Әңгімеге араласып отырғандардың құлақтары бұл сөзге елең етіп, оған кейбіреулердің тіпті таңданыс білдіргені жүздерінен байқалып қалды.
– Онда сол әңгімеңізді айтыңызшы, – деп қолқа салды Жақаңа жақын отырған Алтай Райқұлов деген азамат.
– Е, ол өзі бір қызық әңгіме, тіпті, газет- журналдарға жазылмаған оқиға десем де болады, – деп ортамыздағыларды ынтықтыра түсті Ж.Үшкемпіров жымия күліп алып.
– Үлкен спортқа ену мен үшін жеңіл болған жоқ. Қанша жылдар бойы күреспен айналыссам да спорттағы билік иелері, Олимпиада комитетінің басшылары, бас жаттықтырушылар менің жанқиярлық еңбегіме, талпынысыма, күрес шеберлігіме оңды баға бермей, маңызды біріншіліктерге, чемпионаттарға қатыстырмай, «көлеңкеде» ұстап жүрді. Мысалы, 1976 жылғы Олимпиадаға барамын деп әбден дайындалып, өзімді қайрап жүргенімде Ресейдің палуаны Алексей Шумаковты КСРО командасына қосты да, мен сыртта қалдым. Соны сезіп, жолымда кедергінің көп екенін ұғып, болашағымды болжай отырып, «Менен ештеңе шықпайды, спорттан кетуім керек» деген ойға келіп, көңілім құлазыған сәттер жиі бола бастады. Тіпті, күйзелістен спорттық жаттығуларға бармай қалған күндерім жиілей түсті. Алты айдай бозкілемге шықпаған кезеңім де болды. Менің ол күйімді естіп-білген Казақстанның дене шынықтыру және спорт комитетінің сол кездегі төрағасы Аманша Сейсенбекұлы Ақбаев шақырып алып: «Жақсылық, соңғы кезде сен спортқа қырын қарап, жаттығуға бармай жүр деп естідім. Дұрыс емес. Сен әлі талай жетістіктерге жетеді деген үміттеміз. Сондықтан жаттығуларыңды әрі қарай жалғастыр. Мына көңілден арыл, жабырқама», деп кеңес берді.
Бір-екі күннен кейін кабинетіне екінші рет шақырып: «Жақсылық, ертең таңертең екеумізді Қазақстан Компартиясының бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаев қабылдайтын болды. Соған дайындал, бірге барамыз», деп шығарып салды.
Димаш Ахметұлы бізді жайдарлы қабақпен, жарқын пейілмен кабинетінде қарсы алды. Хал-жағдайымызды, спорттағы жетістіктерді, Мәскеуде 1980 жылы өтетін Олимпиада ойындарына дайындығымыздың барысы жайлы әңгіме қозғады. Бір кезде маған бұрылып: «Жақсылық, үлкен спорт саласында жүрген өзің сияқты қаракөздер көп емес. Елдің атын шығаратын білім, мәдениет және спорт. Елдің атын шығаратын спорт майталмандарының бірі өзіңсің. Соңғы кезде спортқа селқостық танытып жүргеніңнен хабардармын. Ол мінезіңді таста, эмоцияға берілме. Ертеңнен бастап жаттығуларыңды қайта баста, жалқауланба. Әрі қарайғы іс біздікі. Қазақтың атын сендер шығармасаңдар, кім шығарады?» деп әр сөзін шегелеп, сәттілік тілеп, батасын берді. Димаш ағаның сол сөзі маған қамшы болып тиді. Намыс оты найзағайдай ойнап, бойыма күш-қуат жинап, ертеңіне қайта жаттығуыма кірістім, аянбай тер төктім. Кейін білдім, сол күні-ақ Дінмұхамед Ахметұлы Мәскеудегі Олимпиада комитетіне телефон шалып, басшылардан мені командаға қосуға өтініш білдіріпті. Ол өтінішін, тіпті, сөз реті келгенде КСРО-ның бас хатшысы Л.И.Брежневке де жеткізіпті.
Кейінгі менің Олимпиададағы жетістіктерім, спорттағы табысым бәріңе белгілі. Димаш ағаның бір сөзі, сенімі мен тілегі менің төбемді көкке жеткізді. Егер олай болмағанда, кім біледі, бәрі басқаша болуы да мүмкін еді ғой...», деп әңгімесіне түйін қойған еді Жақсылық.
Ұлтымыздың кемеңгер ұлы Д.Қонаевтың шапағатын, қамқорлығын, қолдауын көрген жандар, әсіресе жастар, елімізде аз емес. Соның бір «түйірі» біз жоғарыда баяндаған оқиға.
Қазақстанды ширек ғасыр басқарған Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың ардақты есімі ел есінде мәңгі сақталады. Ол басшылық еткен жылдары республикамыздың өнеркәсібі мен ауыл шаруашылығы, мәдениеті мен руханияты қарышты қадаммен дамып, еліміз аграрлы елден аграрлық-индустриялық елге, мәдениеті мен өнері, білімі мен ғылымы шарықтап өскен алдыңғы қатарлы республикаға айналды. Ол кісінің тұсында елімізде 27 өндірісті қала салынып, жерасты байлықтарын жаппай игеруге қол жетті. Астық өндіру 3 миллионнан 7 миллион тоннаға, қой саны 16 миллионнан 37 миллионға, ірі қара 4 миллионнан 10 миллионға өсті. Дінмұхамед Ахметұлының өз сөзімен айтқанда, ол елді басқарған жылдар ішінде бір Қазақстанды 7 Қазақстан етіп өсірді. Ол экономикамен қатар, білім мен ғылым саласын дамытуға айрықша көңіл бөлді. Жоғары оқу орындарының саны 26-дан 55-ке дейін, студенттер қатары 70 мыңнан 275 мыңға дейін, олардағы профессор-оқытушылар саны 9 мыңнан 22 мыңға дейін жетті. Барлық облыстарда мұғалімдер даярлайтын педагогикалық институттар ашылды. Ел алдындағы ерен еңбегі үшін Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы, КОКП Орталық Комитеті Саяси бюросының мүшесі Д.А.Қонаев үш мәрте Социалистік Еңбек Ері атағын алды. Мұндай құрметке, халық сүйіспеншілігіне бөленген қайраткер жоқтың қасы. Қанша жылдар өтсе де ел-жұрт оның есімін аялап, естеліктер айтып, тіпті аңызға айналдырып, жылы лебіз білдіріп отырады. Оның есімі Алматы облысының қазіргі орталығы, бұрынғы Қапшағай қаласына берілді. Бірнеше қалаға ескерткіші орнатылып, көшелерге аты берілді, музейлер ашылып, арнайы қор құрылды, біраз кітаптар баспалардан шықты. Бұдан артық мына фәни дүниеде адамға қандай бақыт керек?!
Иә, Димаш Ахметұлының өмір жолы, халқын құрметтеуі, ел-жұртпен араласуы, қарапайым еңбек адамына деген көзқарасы барлығы әлі күнге дейін халық аузында жүр. Қандай қызметте, небір биікте жүрсе де ол «Елден үлкен емеспіз» деп елімен бірге болды.
Ұлт кемеңгері Дінмұхамед Қонаевтың есімі халқымен бірге жасай бермек.
Сағындық ОРДАБЕКОВ, медицина ғылымдарының профессоры, Жамбыл облысының Құрметті азаматы, Тараз қаласы
Келесі мақала