«Мойынқұм мүбәрактың» мақсаты – сауапты іс қылу»
Жақсылық жасап жарысуды дәріптеп жүрген жастар, шүкір, баршылық. Солардың бірқатарын Мойынқұм ауданынан кездестірдік. Қайырымды істің қанатын кеңінен жайып, көмекке мұқтаж жандарға жәрдемдесуді мақсат еткен мойынқұмдық жастар «Мойынқұм мүбәрак» қайырымдылық қорын құрыпты. Бүгінге дейін атқарған істері аз емес. Келер күннен күткен кемел істері де көңіл көншітерлік. Бұл жайында толығырақ қордың президенті Жомарт Мырзабаймен сұхбаттасып, білген едік.
– Жомарт Сәкенұлы, қайырымдылық қорды құруға не себеп болды, онда қанша адам жұмыс істейді?
– Әдеттегісінше мектепті тәмамдағаннан соң мен де арман қуып Алматыға барып, жоғары білім алдым. Сонда жүргенде дос-жарандарыммен бірге көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын созумен айналыстық. Анығырақ айтсам, 2017 жылы жастар бірігіп, «Жақсылық жасап жарысайық» деген Алматы қаласы бойынша қайырымдылық қорын құрғанбыз. Оған да мен жетекшілік еткенмін. Заңды түрде тіркелмей, жастар өз қалауымызбен, шын ниетпен жұмыс істегенбіз. Сол іс маған әдет секілді бойыма сіңіп қалыпты. Ауылға келгеннен соң да осы істі «Неге өз ауданымда жалғастырмасқа?» деген ой келді. Себебі мұқтаж жандар ауылда да бар. Осындағы достарыма ойымды айтып едім, бірден қолдап әкетті. Аудандық жастар ресурстық орталығының аға инспекторы Ғабит Қанатұлы қор президентінің орынбасары болып, ұйымдастыру ісіне белсене көмектесуде.
Қорымыз алдыңғы жылы ақпанда өз жұмысын бастаған. Биыл қаңтар айында заңдастырып, 2 адамды заңды түрде тіркедік. Дегенмен ортақ мүдденің жұмыстарын 8 адам бірлесіп атқарамыз. Әрине, қайырымды іс болғандықтан аудан жастары шын ниетпен өздері-ақ атсалысуда. Жастардың ісіне тәнті болған үлкендер мұны заңдастырып жүзеге асыру керегін ескерткен соң биыл ресми түрде тіркелдік.
– Бүгінге дейін қандай шараларды жүзеге асырдыңыздар?
– Негізі біреуге көрсеткен көмегіңді айтып, жариялап, мақтан етуге болмайды. Шын ниетпен жасалғандықтан Алланың разылығы үшін айтпағанымыз жөн ғой. Әйткенмен сұрағыңыз үшін жалпылама мәлімет айта кетейін. Осы істі қолға алғалы бергі 2 жыл ішінде ауданымыздағы 220 отбасыға көмек бердік. Азық-түлік таратумен де, қыстың күнінде отын-суына да, науқас жандардың еміне қажетті қаржы жинап беруде де, одан басқа да жәрдемге зәру ауылдастарымызға қолдан келгенінше көмегімізді аямай келеміз.
Біз қорға қаражатты демеушілерден банктің мобильді қосымшалары арқылы жинаймыз. Сондықтан қанша қаражат жиналғанын көрсетіп, демеушілерімізге есеп беріп отыру керек әрі сенімділік үшін әрбір жиналған қаражаттың қалай жаратылғанын, кімге нендей мақсатпен жұмсалғанын суретке, бейнетаспаға түсіріп, әлеуметтік желідегі арнайы парақшамызда жариялаймыз. Әрине, көмек алған азаматтардың аты-жөнін, суреттерін өз рұқсаттарымен ғана жариялаймыз.
Айта кетейін, демеушілеріміз де өз аттарын атағанымызды қаламайтындықтан мобильді қосымшаға қаржы салғандардың аттарын көрсетпей жариялаймыз.
– Көмекке мұқтаж жандарды қалай анықтайсыздар?
– Әлгінде айтқанымдай, қорымыздағы 8 адамның ішінде ауданға қарасты ауылдарды аралап, шынымен көмекке мұқтаж адамдарды табуға міндеттілері бар. Тағы біреуі табылған кісілердің тұрмыс- тіршілігін зерттеп, хал-жағдайларын анықтайды. Және кім қандай қолдауды қажет ететінін де зерделейді. Соған қарай қорға жиналған қаражатпен көмектесеміз.
Біздің басты мақсатымыз – ауданымызда тұрмыстық жағдайы төмен кісілердің қатарын азайту, яғни кедейшілікпен күресу. Мейлінше үйі жоқтарға да баспана әперуге тырысамыз. Биыл 3 үй беруге ниет еткенбіз. Әзірше 1 ғана баспана алып бердік. Қазіргі уақытта тағы бір үй дайын тұр, тек құжаттарын реттеу жұмыстары қалды. Бұйыртса, ниетімізге жетеміз деген ойдамыз.
Сонау жылдарда Мағжан Жұмабаев атамыз:
«Жұмсақ мiнез жiбектер.
Сүттей таза жүректер.
Қасиеттi тiлектер –
Мен жастарға сенемiн!» дегеніндей, біз жастар таза жүрекпен қасымызда жүрген, мұқтаж жандарға жәрдемдесуден аянбай, жалынды шақта тынбай еңбек етіп, табысымызды халқымызбен бірге бөлісе білсек ғана еліміз өркениетке жетеді. Мен өз замандастарыма осыны баса айтқым келеді. Және адами қасиеттерді дәріптейтін асыл дінімізде де садақа көп қауіп-қатердің бетін қайтаратынын айтады. Еліміз аман, бейбіт заман болып, әр отбасында бақыт тұрақтау үшін, ісіміз алға басып, абыройымыз арта беруі үшін барынша садақа жасайық. Бір шаңырақ астында бірлесіп күн кешкен отандастарымыздың әрбірінің жағдайына бейжай қарамай, ортақ мүддеге жұмыла білейік деп, елімнің барлық жастарын жақсылық жасауға шақырамын. Жастар осылай ізгі мұратқа бірігіп, ел мүддесіне еңбектенуден аянбаса аға буын да қолдау көрсетеріне сенеміз. Бірлескен істе береке болатынына талай мәрте көз жеткізіп жүрміз. Жұмылған жұдырықтай біріге білсек, көтерер жүгіміз де жеңілдері анық. Біз осылай жетіспеушілік деген сынақты да бірлікпен аман-есен еңсереміз. Сол жолға бәріңізді шақырамын.
– Әңгімеңізге рақмет!
Қамар ҚАРАСАЕВА