Жемқорлыққа жол берілмеуі тиіс
Жасыратыны жоқ, біздің өңірде қандай да бір шаруа қолға алынса істі кешеуілдететін әкімшілік кедергі, мемлекеттік қызметшілердің халықпен қарым-қатынасында озбырлыққа жол берілуі, заңнаманың жетілмеуі салдарынан мәселелердің оң шешім таппауы секілді жайттар әлі де бар. Аймақ басшысы Нұржан Нұржігітовтің төрағалығымен өткен облыс әкімдігі жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссия отырысында Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Превенция қызметінің басшысы Саян Ахметжанов осы мәселені сөз еткен еді.
Айта кету керек, Саян Қылышұлы өңірге жасаған жұмыс сапары барысында аталған комиссия отырысына қатысқан болатын. Сыбайлас-жемқорлыққа қарсы күрес жүргізу жайы пысықталған жиында аймақ басшысы күн тәртібінде қаралатын мәселелерге кеңінен тоқталып, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу шараларын нығайту – мемлекет саясатының басым бағыттарының бірі екендігін атап өтті.
– Бүгінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы пәрменді шаралар қабылдануда. Сыбайлас жемқорлықтың түрлі схемаларының кез келген деңгейін анықтауда мақсатты жұмыс істеуге, уақытылы әрекет етуге мейлінше кеңінен мүмкіндік берілген. Мәселен, осы жылы Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өңірлерде әлеуметтік маңызы бар мәселелерді шешу мақсатында сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің картасы әзірленген еді. Осы бағытта ауқымды жұмыстар жүргізілуде, – деген Нұржан Молдиярұлы баяндама жасау үшін сөзді С.Ахметжановқа берді.
С. Ахметжанов аймақта белең алған жемқорлық фактілерінің негізінде Сыбайлас жемқорлық тәуекелдер картасын әзірлегенін жеткізіп, облыстың тәуекелдер картасына өңірде жемқорлық жиі ұшырасатын салалар мен шешімін таппай келген түйткілді мәселелердің енгізілгенін сөз етті. Сондай-ақ қарамағындағы қызметкерлердің жемқорлығы үшін облыс бойынша отставкасы қаралу сатысында тұрған бірқатар лауазымды тұлғалардың бар екенін айтып, облыс әкіміне аталған тұлғалардың жауапкершілігін заң шеңберінде қарауды және тәртіптік жауапкершілікке тарту жазасымен шектелмей, құқықбұзушылық деңгейіне қарай тиісті шара қолдануды ұсынды.
– Нұржан Молдиярұлы, осы өңір тұрғындарының әлеуметтік мәселелерін шешуде күш-жігерімізді біріктіріп, қолдау көрсетуіңізді сұраймыз. Бұл ретте Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет үшін барлығын қылмыстық іс қозғауға дейін жеткізу маңызды емес. Бастысы – бюджет есебінен салынып жатқан объектілердің сапалы тұрғызылып, белгіленген мерзімде тапсырылуы. Қазіргі таңда осы тәуекелдер картасы аясында аумақтық департамент тарапынан бірқатар жұмыстар бастау алды. Мәселен, ауызсумен қамтамасыз ету және суару мәселелерін шешу үшін «Раис» каналын реконструкциялау кезіндегі қаражаттың тиімсіз жұмсалуына жол бермеу, «Барысхан» массивіндегі үйлерді ауызсумен қамтамасыз ететін су құбырларындағы ақауларды жою бойынша шаралар қолға алынды.
Жол құрылысы саласында 15 объектінің (сомасы 144 миллион теңге) орташа жөндеу жұмыстары кезінде үстеме шығыстар көрсету, сметаны асыра бағалау тәрізді деректер мен мердігер мекемелердің сапасыз жұмыстары анықталды. Бұл жүргізілген жұмыстардың толық тізімі емес, сіздермен бірлесіп атқарылатын бастамалар да жетерлік. Жалпы бұндай тәсіл жемқорлыққа қарсы күресті әлсіретпейді. Керісінше, алдын ала жұмыс жасау арқылы тиімді әрекет етуге бағыттайды, – деген ол жемқорлық тәуекелдері жоғары салаларды нақты атап көрсетті.
Бұдан кейін аталған Агенттіктің облыс бойынша департаментінің превенция басқармасының басшысы Даурен Омаров сөз алып, халықтың проблемалық мәселелерін шешуге бағытталған аталмыш карта аясында атқарылған жұмыстарды баяндап, жиынға қатысушылар назарына карта бойынша арнайы әзірленген презентациялық жобаны ұсынды. Сондай-ақ ол сыбайлас жемқорлықтың алғышарттарын жою жұмыстары ауқымды жүргізілгенімен, оның салдарымен күрес бағытына да тоқтам қойылмай келе жатқанын тілге тиек етті. Жылдың 9 айында сыбайлас жемқорлыққа қарсы 11 мониторинг жүргізілгенін айтып, кешенді талдау нәтижесімен бөлісті.
– Осы жылдың 9 айында департаменттің араласуымен 60 (2021 – 55) қылмыс тіркелген. Оның ішінде сыбайлас жемқорлық деректері – 43 (2021 – 32). Есептік кезенде 46 іс сотқа жолданды (2021 – 34). Жасалған заңсыз іс-әрекеттер үшін 58 тұлға қылмыстық жауаптылыққа тартылды (2021 – 36). Егер құқықбұзушылықтардың түрлеріне тоқталатын болсақ, білім саласында бюджеттік қаражатты жымқыру, жұмысқа қабылдау, ауыл шаруашылығы саласында субсидия бөлу, денсаулық сақтау саласында қаржы жымқыру, тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы саласында атқарылмаған жұмыстарды қабылдау секілді жайттар жетеді. Тоқетерін айтқанда, аталған барлық салаға тән сыбайлас жемқорлық тәуекелдері мемлекеттік сатып алу кезіндегі құқықбұзушылықтар екендігін көрсетті, – деді Даурен Даниярбекұлы.
Өз кезегінде облыс әкімі сыбайлас жемқорлықтың алдын алуда жүргізілген жұмыста нәтиже жоқ екенін меңзеді.
– Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, оған қарсы мәдениет қалыптастырудың басында сіздер тұрсыздар. Егер сіздер дұрыс жұмыс жүргізсеңіздер, істі тиісті үйлестірсеңіздер қылмыстың саны былтырғыға қарағанда биыл өспейтін еді. Ал осының барлығы алдын алу жұмыстарына қатысты. Мен сіздің баяндамаңыздан денсаулық, білім салаларына қатысты бірде-бір дерек естіген жоқпын. Негізінде нақ осы салаларда «тұрмыстық коррупция» дендеп тұр. Ол саладағы мамандар мемлекеттік қызметші емес, бірақ олар тұрмыстық жемқорлыққа жол беріп отыр. Оны ел де айтып жүр. Мәселен, бюджет қаражатының едәуір бөлігі осы салада. Ал сіз осы сала бойынша, яғни тұрмыстық жемқорлыққа қатысты атқарылған жұмыстар жайлы тіс жармадыңыз, – деді Нұржан Нұржігітов.
Сондай-ақ аймақ басшысы облыс әкімдігі білім, денсаулық сақтау секілді бірқатар басқарма басшыларынан жауап алып, кейбір аудан әкімдерінен бейнебайланыс арқылы сөйлесті. Сыбайлас жемқорлықтың алдын алуда бірігіп жұмыс істеу қажеттігін еске салып, бірқатар мәселелер бойынша жауаптыларға тапсырма жүктеді.
Жиында Мемлекеттік қызмет істері агенттігі облыс бойынша департаментінің басшысы Шәкір Сұлтанхан бағынысты қызметкері үшін басшының жауапкершілігі институтын қолданудың өзекті мәселелері туралы сөз қозғады.
Бұдан кейін Саян Ахметжанов Тараз қаласының кәріз сулары құйылатын сүзгі алқап аймағына барды. Онда ағынды кәріз суларын тазарту барысындағы мәселелерге назар аударып, шаһарға арналған кәріздік тазарту құрылыстарын салу жұмысымен танысты.
Жалпы Тараз қаласында сарқынды суларды сүзу алқаптары 1962 жылы салынған. Сондықтан да оның жайы бүгінде қанағаттанарлықсыз жағдайда. Сүзу алаңдарының жобалық қуаты тәулігіне 43 100 текше метрді құрайды. Іс жүзінде тәулігіне шамамен 65 000 текше метр сарқынды су келіп түсуде. Апатты жағдайларды болдырмау мақсатында қосымша алқаптар қазуға 20 гектар жер телімі бөлініпті. Қазіргі уақытта мұнда құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Бүгінгі таңда Астана қаласында кәріз-тазарту құрылыстарын салуда тәжірибесі бар «Alarko», «Metito» компаниялары инвесторларының ұсыныстары қарастырылып жатса керек. Сол үшін де қазір Тараз қаласындағы кәріз-тазарту құрылыстарын жобалау, салу және қаржыландыру мәселелерін пысықтау үшін жұмыс тобы құрылыпты. Техникалық құжат та әзірленіп, «Тұрғын үй коммуналдық-шаруашылығын жаңғырту мен дамытудың қазақстандық орталығы» акционерлік қоғамымен келісілген көрінеді.
Келесі кезекте С.Ахметжанов М.Х Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің мәжіліс залында өңірдің бизнес қауымдастығы өкілдерімен және белсенділермен кездесіп, кәсіпкерлердің уәжіне құлақ асты. Одан кейін "ANTIKOR" орталығында қоғамдық қабылдау өткізді.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ
Ұқсас жаңалықтар
Заң
Қазақстанның екі үлкен қаласында бет-әлпетті тану жүйесі іске қосылды.
- авторAR-AY
- 20 қараша, 2024