Ардагерлердің айтары аз емес
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауынан туындаған міндеттерді жүзеге асыру мақсатында Тараз қаласындағы Ардагерлер үйінде «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің көшпелі кеңесі өтті.
Аудандық, қалалық, облыстық және өзге облыстардағы ардагерлер ұйымының басшылары бас қосқан жиынға республикалық «Ардагерлер ұйымы» РҚБ орталық кеңесінің төрағасы Бақтықожа Ізмұхамбетов арнайы қатысып, сөз сөйледі.
– Бізді жұрт бүгінгінің ақсақалы деп біледі. Сондықтан қандай да бір қоғамдық істің басы-қасында ардагерлердің жүруі заңды. Бүгінгі көшпелі кеңестің өткізіліп жатқанының басты мақсаты – алда келе жатқан сайлаудың мән-маңызын ашу. Бұл қазақстандықтар үшін тарихи кезең. Халық өзінің азаматтық міндеті ретінде сайлауға қатысып, өз дауысын беру керек. Мұндай тарихи кезеңде бәріміз «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарумыз» қажет. Ол біздің саяси мәдениетіміздің қалыптаса бастағанын білдіреді, – деді Бақтықожа Салахатдинұлы.
Әр облыстан жиналған ардагерлер ұйымының басшылары алдында облыс ардагерлерінің жұмыс барысы туралы облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев баяндама жасады. Ары қарай кеңес отырысына келген қонақтарға сөз берілді.
– Мен бүгінгі басқосуда Президент Жолдауындағы «Рухани үндестік – бірліктің бастауы» деп аталатын төртінші қағидаға кеңірек тоқталғым келеді. Мемлекет басшысы өз сөзінде «Төл тарихымыз, ана тіліміз бен ата дініміз – елді біріктіретін бірегей құндылықтар» деп атап көрсетті. Осынау қағидалы сөздердің астарында рухани құндылықтардың ұлттық негіздерін, жаңа қоғамдық қатынастар талабына қарай бейімдеу, оны рухани өмірдің өзегіне айналдыру маңызды саяси мәселе деп есептеймін. Алдағы кезектен тыс сайлауда да біздің халқымыз бірлік пен татулықты ту еткен біртұтас мемлекет, рухы мықты ұлт екендігімізді айдай әлемге пәш ететінімізге сенім мол,– деді Маңғыстау облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серікбай Төлетов.
Баяндамашылардың сөзінен кейін кеңес төрағасы Б.Ізмұхамбетов бірнеше ардагерді «Еңбек ардагері», «Құрмет белгісі» төсбелгісімен және құрмет грамотасымен марапаттады.
Жиналыс соңы ауқымды іс-шараға жалғасып, көшпелі кеңес отырысына келген қонақтар Шоқан Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында Қазақстанның мемлекет және қоғам қайраткері, ақын, техника ғылымдарының докторы Бақтықожа Ізмұхамбетовтің «Жыр жолымен», «Қоршаса ойлар...», «Шақырса шабыт», «Белестерге жалғасып жыр жолдары...», «Мотивы вечности» кітаптарының тұсаукесер рәсіміне қатысты. Оған облыс әкімінің орынбасары Еркін Үйсімбаев қатысып, Бақтықожа Ізмұхамбетовтің шығармашылығына толайым табыс тіледі.
Ары қарай ақынның өлеңдері оқылып, әндері айтылды. Қаламдас достары ақынға деген ізгі тілектерін жыр жолдарымен жеткізіп жатты.
Республикалық деңгейде өткен көшпелі кеңес көне шаһар Тараздың көрікті де тарихи жерлеріне саяхат жасаумен жалғасты.
Шапағат ӘБДІР
Келесі мақала