АСТЫ ДӘМДІ ПІСІРУ ДЕ ӨНЕР
Ақтөбе ауылындағы Билер кеңесінің, сондай-ақ аналар алқасының мүшесі, көпшілікпен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеп жүрген жанның бірі болғандықтан Манаткүл Сәрсенбаеваға хабарласып, қыз-келіншектер бетіне лайықты, яғни тірліктің көзін тапқан, үлгілі ұрпақ тәрбиелеп отырған көпбалалы аналар жайлы сұрадық. Манаткүл апай бірден Айнагүл Махмұтқызын ұсынды.
– «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дейді. Айнагүл ауылдағы қоғамдық жұмыстарға белсене араласады. Оның қолынан шыққан қолөнер бұйымдары түрлі көрмелерге қойылып жүр. Ал аспаздық өнерін ауылдағы жиын-тойларда байқадық. Оның пісірген түрлі тағамдары дәмділігімен ерекшеленіп тұрады. Кейін мектепке аспаз болып жұмысқа шықты. Жалпы еңбекқор келін. Отбасында қандай жұмыс болсын көзін тауып істейді. Бау-бақшасы да жайнап тұрады. Барлығына уақыт тауып, үлгереді. Қысқасы, он саусағынан өнер тамған жан.
Қазақтың салт-дәстүрін де жақсы ұстанған, ізетті, кішіпейіл, үлкеннің алдын кеспеген, сәлемін үзбеген, ауылға сыйлы келіннің бірі, – дейді Манаткүл апай.
Айнагүл Тастанбекова Ақтөбе тірек мектебінде 2013 жылдан бері аспаз болып еңбек етеді. Айнагүлдің дәмді тамағы мен тиянақты ісіне оқушылар да, ұстаздар да дән риза.
Айнагүл жолдасы Бағлан Есімов екеуі бес қыз, бір ұл тәрбиелеп отыр. Тұңғыштары Меруерт Тараз қаласындағы «Болашақ» колледжін тәмамдап, бүгінде «Дара» балаларды оңалту орталығында педагог-медбике болып жұмыс істейді. Екінші перзенттері Фатима 11-сынып оқушысы, жан-жақты өнерлі қыз. Өткен жылы Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына орай өткен аудандық мәнерлеп оқу байқауында І орынды иеленген. Ал биылғы жылы мектепішілік «Оқуға құштар» байқауында да І орынды жеңіп алған. Фатиманың арманы – қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болу.
Наргиза 9-сыныпта оқиды. Ол сабағынан қосымша домбыра үйірмесіне қатысады. Ұлдана үздік әрі өнерлі оқушы.
Егіз кенжелері Алинұр мен Алина 2-сыныпта оқиды. Алина жақында ғана «Оқуға құштар» байқауында домбыра ұтып алыпты. Екеуінің де сабақ үлгерімі жақсы.
– Менің хоббиім тігін тігу, тамақ пісіру. Балаларыма кішкентай кездерінде мерекелік костюмдер, көйлектер тігіп беретінмін. Қазір қолым босағанда ғана тігемін. Құрақ құраймын. Тігу адамды сабырлылыққа тәрбиелейді әрі жаныңды тыныштандырады. Тігіс тігіп үйрену кез келген әйелге керек өнер. Тігінші болып кетпесең де, үйдің қажетін тігіп үйрену – әйелдің міндеті. Сондықтан үйде қыздарды отырғызып қойып тігуді үйретемін. Тігін тігуге кішкентайымның қызығушылығы бар сияқты.
Тамақты дәмді етіп пісіру де өнер. 2010 жылы мектепке буфетші болып жұмысқа кірдім. Ол кезде ескі мектепте едік. Жаңа мектепке 2013 жылы ауыстық. Осы жылдан бастап аспаз болып жұмыс істеп келемін. Менің міндетім – берген ас мәзіріне қарай балаларға уақытылы, дәмді тамақ дайындап беру. Аспазға керегі – тамақты дәмді, таза пісіру және тазалық. Қосымша түрлі тәттілер, самса, тағы да басқа бәліштер пісіремін.
Аспаз үшін тамағың елдің көңілінен шығып, ризашылығын алсаң ең үлкен бақыт та, жұмысыңнан алған ләззат та сол. Ондай сәтте іштей қуанып, шаршағаныңды да ұмытып кетесің. Жұмысыңды беріліп, ризашылықпен істесең алғысқа да бөленесің.
Қазақта «Ауру – астан» деген сөз бар. Біз отбасымызда негізінен барынша таза пісірілген, табиғи тамақтарды тұтынамыз. Отбасымызбен сүйіп жейтін
тамағымыз – ет және палау. Бау-бақшамызға керекті көкөністердің барлығын егіп, отбасымызбен оған қарап, базардан ештеңе сатып алмауға тырысамыз. Бұл бір жағы балаларды еңбекке баулу.
Бала тәрбиелеу өте үлкен, жауапты жұмыс. Әсіресе қыз баланың тәрбиесі қиын. «Қызды қырық үйден тыю» дейді халқымыз. Ұлды да, қызды да адалдыққа, тазалыққа, өтірік айтпауға, еңбекқорлыққа, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуге, жан-жақтылыққа, өнерді сүюге тәрбиелеу керек. Адам өзін сыйлай білсе, кісіні де сыйлай, құрметтей алады, өмірдің мәнін түсінеді, – дейді Айнагүл.
Айнагүл көпбалалы ана. Қарашаңырақта өзінің отбасына ғана емес, ауылына сыйлы келін. Сондықтан Айнагүлден ене мен келін арасындағы сыйластық туралы да сыр бөлісуін өтінген едік.
– Менің енем сондай жігерлі, шыдамды жан.
Өмірде әр адамның анасы бар. Ене екінші анаңдай жан. Сондықтан енеңді өзіңнің анаңдай қабылдау керек. Ата-анаңа не істесең, ертең барлығы алдыңнан шығады. Өзіміз құрметке, сыйға бөленгіміз келсе, сол құрмет, сыйды үлкенге, айналамызға көрсете білуіміз керек.
Үйде балалары әкелерін қатты жақсы көреді, сыйлайды. Әкесі де ешқашан, әсіресе қыздарына дауыс көтерген емес. Отбасында сыйластық, өзара түсіністік болуы бәрінен де маңызды.
Адамда алға қойған нақты мақсат болуы тиіс. Уақытты дұрыс пайдалана білген, еңбектене білген адам өмірде мақсатына жетеді, – дейді Айнагүл.
Шынында, кейбір жандар уақытын дұрыс пайдалана алмайды.
Уақыт – бәрінен қымбат. Сондықтан алтын уақытыңды өсек-аяң, арзан ойын-күлкіге емес, жақындарыңның жанында болуға, рухани, материалдық даму жолында пайдалы іс істеуге арнаған абзал. Өкінішке қарай, ауылда да, қалада да уақытын ұйқымен, телефонға үңілумен, арзан ойын-күлкімен өткізетін қыз-келіншектер аз емес. Әрбір күніміз, әрбір сәтіміз болашаққа жасалған баспалдақ. Сондықтан уақытты тиімді пайдалану әрбір адам үшін, әсіресе әйел-аналар үшін үлкен пайда екенін естен шығармағанымыз дұрыс.
Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ, журналист, Жуалы ауданы
Келесі мақала