САХНАДА – «ҰЛТ ҰСТАЗЫ»
Жуырда Асқар Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрында қазақ тіл білімі мен ұлттық әдебиеттану ғылымының негізін салушы, XX ғасыр басындағы ұлт зиялыларын тәрбиелеген ағартушы ғалым, қазақ руханияты тарихындағы аса ірі тұлға, қоғам және мемлекет қайраткері, Алаш қозғалысының ғана емес, барлық замандағы ұлтшылдардың рухани көсемі Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына орай «Ұлт ұстазы» спектаклінің премьерасы өтті.
Шығарма авторы – драматург Сантөре Пірманов. Қоюшы режиссері – Анар Сағымбекова. Сахналық туынды ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының шырғалаңға толы өмірі, шығармашылығы, жер тұтастығы мен ел бүтіндігін сақтап қалу жолындағы жанкешті еңбегі мен елдің саяси-рухани тұрғыда еңсе түзеу жолындағы қайраткерлігін бейнелейді. Сондай-ақ ұлт ұстазының басынан кешкен қиын-қыстау тағдыры баяндала отырып, ұлт мұраты жолында жасаған дамылсыз әрекеті насихатталады. Қойылым барысында Сантөре Пірмановтың ұлтымыздың аяулы тұлғасының ғибратты ғұмырын, күреске, жеңіске, жеңіліске, қиындыққа толы тағдыр жолын көрсету үшін жоғары жауапкершілікпен дайындалғаны, ішкі қиналыс-күйзелісін әрбір жасушасымен сезініп, бойынан өткізгені анық байқалады. Актерлер шеберлікпен сомдаған көркем бейнелер де нанымды шыққан.
Жалпы қойылымнан бүкіл ұжымның еңбегін көруге болады. Қай кейіпкерді алсақ та артистердің шеберлігі, жан дүниесінің тереңдігі сүйсінтпей қоймайды. Ахметтің бейнесін театр актері, ҚР Мәдениет саласының үздігі Кенен Ақүрпеков жан-жақты ашып, шын мәнісінде жоғары деңгейде сомдап шыға алды. Ахметтің әкесі Байтұрсынның бейнесін сомдаған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жүніс Әлімбеков берілген рөлді жоғары деңгейде алып шыға білді. Сол сияқты Әнуар Уалиханұлы, Байғали Мырзақұл, Нұрай Қаражанова, Жүніс Әлімбеков, Жадыра Құлтаева, Мәмбет Қожалиев, Жандос Ильябеков секілді сахна шеберлерінің еңбегін айтпай кетуге болмас.
Сахналық қойылым өзінің көркемдік дәрежесінде, бөлекше кеңістігінде қойылды.
«AR-AI»-ақпарат
Келесі мақала