Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Байып кетемін деп, тайып кеткен тағдырлар...

Байып кетемін деп, тайып кеткен тағдырлар...
Автор
Интернет бар, әлеуметтік желі бар, қазір мүмкіндік көп. Алайда сол мүмкіндіктердің бәрі адал еңбекке жетелей ме? Өкінішке қарай, кей жастар үшін байлыққа жетудің ең қысқа жолы оңай ақша болып бара жатқандай. Қоғамды толғандырған мәселенің өзектісі де – осы.

Замандастарыммен сырлассам басым көпшілігі, яғни 20-25 жас аралығындағы жастар табыстың жеңіл жолын іздейді. Біреуі – блогер болуды армандайды, енді бірі – криптовалютадан бір күнде табысымды арттырамын деп үміттенеді. Оған себеп – әлеуметтік желілердегі «оңай табыс», «бір күнде миллион», «жылдам ақша» деген жарнамалар жастардың санасын улап бара жатқандай. Еңбектің қадірін түсінбей, бәріне бірден жетемін деген көзқарас қалыптасып келеді. Ал мұндай ойдың соңы кейде қауіпті жолға бастайды.

Соңғы жылдары интернет-алаяқтыққа қатысты қылмыстардың көбейгені де бекер емес. Бір қарағанда қарапайым жарнама немесе хабарлама болып көрінетін ұсыныстардың артында үлкен алаяқтық құйтырқы әркеттері тұруы мүмкін. Өкінішке қарай, мұндай даурықпа жарнаманы ұтымды пайдаланып, күнәлі әрі күмәнді іспен айналысып жүрген таныстарымды жеке танимын. Бірі жалған интернет-дүкен ашып, тауар жібермей ақша алады. Енді бірі банк қызметкері болып хабарласып, адамдардың жеке мәліметтерін алдап алуға тырысады. Ал кейбіреулер үшін бұл тіпті «жұмыс» сияқты қалыпты нәрсеге айналып кеткендей.

Осы тақырыпты зерттеу барысында мен алаяқтық жолға түсіп, кейін оның ауыр салдарын өз басынан өткізген бір жігітпен тілдескен едім. Ол өзін шартты түрде С деп атауды өтінді. Айтуынша, бәрі де оңай табысқа қызығудан басталған. Ол бір кездері интернет арқылы әтір сататын онлайн дүкен ашқан. Сырт көзге қарағанда бәрі заңды бизнес сияқты көрінген. Әлеуметтік желілерде түрлі брендтердің қымбат иіс суларын жарнамалап, «түпнұсқа өнім», «үлкен жеңілдік» деген жазбалармен адамдарды қызықтырған. Негізінде миллион теңгеге дейін бағаланатын әтірлерді 100-150 мың теңгеге ұсынып, сатып алушыларды алдын ала төлем жасауға көндірген. Бірақ шын мәнінде ол дүкен ешқандай иіс су сатпайтын. Бар болғаны әдемі жарнама мен сенімді сөз ғана. Телефон арқылы сөйлескенде өзін сенімді ұстап, клиенттердің күдігін сейілтіп отырған. Ал ақша түскен соң байланыс үзіліп, тапсырыс та жетпей қалатын. Осылайша ол бірнеше адамнан ақша алып, оңай табыс тауып жүрген. Алғашында бәрі жеңіл әрі қауіпсіз көрінген. «Ақша тез келеді, ешкім ұстамайды» деген ой санаға мықтап орныққан. Алайда бұл «жүйенің» ғұмыры ұзаққа бармапты. Күндердің бір күнінде алданып қалған адамдардың арызы көбейіп, істің ізі құқық қорғау органдарына жеткен. С-ның сөзінше, бір күні таңертең есік қағылып, үйіне полиция қызметкерлері келген. Қолын қайырып, бір сәтте алып кеткен сәтін ол әлі күнге дейін ұмытпағанын айтады. Сол күннен бастап оның өмірі мүлде басқа арнаға бұрылған. Алдымен тергеу изоляторында тоғыз ай отырған .Кейін сот шешімімен екі жылға жуық уақыт үй қамақта болған.«Барлығы қосқанда екі жыл тоғыз ай өмірім босқа өтті» дейді ол.

Оның айтуынша, абақтыда әсіресе алаяқтық бабымен ұсталғандарға көзқарас ауыр болады екен.

– Түрмеде ақша емес, адамның абыройы бағаланады. Ал алаяқтықпен келген адамға сенім де, құрмет те жоқ, – дейді ол. Сол себепті әр күні ауыр өткенін жасырмайды.

– Бір кезде адамдарды алдап алған жүз мың теңгелер маған сол жерде түкке тұрмай қалды. Сол ақшаның орнына бостандықты, уақытты, ата-анамның сенімін жоғалттым, – деп өкінішін білдірді.

Мәселенің тағы бір ауыр тұсы, ақша үшін ар-намысты да саудаға салатын жағдайлардың көбеюі. Әлеуметтік желілерде жеңіл табысқа қызыққан қыздардың түрлі күмәнді ұсыныстарға келісіп жатқанын да жиі көруге болады. «Жылдам табыс», «жақсы өмір», «қымбат сыйлық» деген уәделердің артында адамдық құндылықтың құлдырауы жатқандай әсер қалдырады. Бір сәттік пайда үшін өмірлік бедел мен болашақты тәуекелге тігу өкінішке қарай, бүгінгі қоғамда кездесіп отырған шындық. Бұл құбылыстың бір себебі, әлеуметтік желідегі жалған өмір. «Instagram», «TikTok» секілді платформаларда бәрі бай, бәрі сән-салтанатта өмір сүріп жатқандай көрінеді. Қымбат көлік, бренд киім, шетелдік демалыс, мұның бәрі мен қатарлы жасөспірімдердің санасында «осындай өмірге тез жету керек» деген ой қалыптастырады. Бірақ сол байлықтың артында қанша жылдық еңбек, қанша қиындық тұрғанын көп адам ойлай бермейді. Нәтижесінде кей жастар адал еңбекпен жететін табысты күткісі келмейді.

Сарапшылар да жастар арасындағы қылмыстың бір бөлігі дәл осы жеңіл табысқа деген ұмтылыстан туындайтынын айтады. Өйткені заңсыз жолмен келген ақша тез келеді, бірақ сонымен бірге тез жоғалады. Ал оның салдары – сот, айыппұл немесе өмірлік таңба. Бір сәттік пайда үшін тағдырын құрдымға жіберіп жатқан жастардың көбеюі қоғам үшін де үлкен қауіп. Әрине, барлық жастарды бірдей айыптауға болмайды. Елімізде білім алып, еңбек етіп, өз кәсібін ашып жатқан белсенді жас буын да аз емес.

Дегенмен жеңіл жолды таңдағандардың көбейіп бара жатқаны қоғамға ой салуы тиіс. Себебі бүгінгі жас – ертеңгі елдің тірегі. Мамандардың пікірінше, бұл мәселені шешу үшін жастар арасында қаржылық сауаттылықты арттыру маңызды. Сонымен қатар әлеуметтік желідегі алаяқтық схемалар туралы ақпаратты көбейтіп, заңсыз әрекеттердің салдарын ашық түсіндіру қажет. Жастарға табыстың ең сенімді жолы, білім мен еңбек екенін көрсету де маңызды.

Қорытындылай келгенде, оңай табысқа жетемін деген ой кейде адамды оңай жолға емес, тұйық жолға алып келуі мүмкін. Бір сәттік пайда үшін жасалған қадамның салдары жылдарға созылатын өкінішке айналатыны анық. Сондықтан бүгінгі қоғам үшін ең маңызды мәселе, жастарға табыстың ең қысқа жолы емес, ең дұрыс жолы бар екенін түсіндіру. Адал еңбек пен жауапкершілік қана адамның өмірін баянды етеді. Ал оңай келген ақша – көбіне оңай жоғалатын құндылық.

Алмат АБИРОВ,

М.Х.Дулати атындағы Тараз

университетінің 4-курс студенті

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар