Жетіқарақшы (аңыз негізінде жазылған тылсым оқиға)
Құдайға шүкір, аудан өзінің туған үйіндей болды. Қанша басшылар ауысса да Табыс ауыспайды. Халық та үйреніп алған, мәселелерін Табыс арқылы шешуге тырысады бәрі. Зейнет жасынан да асып барады. Астанадағы басшылары «керек мамансыз, жастарға тәжірибеңізді үйретіңіз» деп, қызметін бір-екі жылға ұзартқан. Өзі де жалықты, демалғысы келеді. Оның үстіне жаңа келген прокурор жап-жас болып бұның жұмысындағы кемшіліктердің бірінен соң бірін ашып, облысқа әшкерелеп бітті. Бұрынғылармен шай-су ішіп тындыратын шаруаларын жаңа прокурормен шешу мүмкін болмай қалды. Енді алдын алып айтайын деген шаруаңды алдыңнан шығарады, айтып үлгертпейді. Және зілмен қадағалап еңсеңді түсіріп, мысыңды басатынын қайтерсің. Ең ауыры, соңғы жылдардағы есептен жасырылған қылмыстық істердің саны күрт өскені болып тұр. Көбі ауылдағы мал ұрлықтары. Кезінде учаскелік инспекторлардың малы ұрланғандардан алған кешірім арыздары түкке аспай, тіпті кейбіреулері инспекторлар бір-екі бас малын қайтарып беріп, қарсы арыз алғандарын, ал малдарының басым көпшілігі әлі күнге дейін табылмай отырғанын айтып қайта арызданғандар. Кейбіреулері тіпті ұрылардың атын атап, түсін түстеп, ұрлыққа полиция қызметкерлерінің қатыстылығын жазған. Қиыны осы болып тұр. Егер бұл дәлелденсе, жас прокурор аяйын деп отырған жоқ.
Аудан басшылығының қатысуымен Үйлестіру кеңесінде қаралған бұл мәселе ушығып, енді облыс әкімінің құқық қорғау құрылымы басшыларының қатысуымен болатын кеңесте қаралмақшы. Жас прокурордың арыны жаман, тоқтайтын түрі жоқ, Астанадан Кумов хабарласып, абыроймен отставкаға кетуге кеңес берген, бірақ облыс басшылары арызын әлі қарайтын емес.
Сонымен басы қатып отырғанда тау жақтағы аға учаскелік инспектор Жармақов кірген кабинетіне. Келе сала қомақты қаржы салынған қалтаны бастығына сырғыта салып, өзіне телміре қараған. Алайда бастығы қалтаны салмақтай ұстап, темір қобдидың астыңғы қабатына орналастырған соң біраз уақыт үндемей отырып қалды. Әдетте бастығы бұндай жағдайда қуанышын жасыра алмай, отбасы, жұмыс жайын сұрап, іш тартатыны бар-тын. Әккі полицей не болғанын бағдарлай қойды. Өзі де облыстан келген тексерушілер туралы әртүрлі алашапқын әңгімелерден хабардар болатын.
– Не болды, басеке? Көңіл күйіңіз жоқ қой, тағы сол прокуратура ма? – деп, тер сасыған фурашкесін оң қолына сығымдай ұстап бастығына ентелей жақындаған.
– Бұл жолы қиын соғатын түрі бар. Сенің тау жағыңнан арыз қарша борап тұр. Ол жақта не жаңалық?
Бастығының өз жұмысына көңілі толмай отырғанын байқай қойған Жармақов өзінен пәлені алшақтатқысы келіп:
– Ана Бұжырбеттің тілі шыға бастаған сияқты. Үлес туралы айта бастапты, – деп Шайтанқұздағы әңгіменің шетін жеткізген.
– Сенің тапқан адамдарың емес пе, маған не дейсің? «Өкіл әкем, өлсек жанымыз бір» деп ант-су ішкенің есіңнен шығып кетті ме?
Бұл жолы бастығы барлық жауапкершілікті өз мойнына артатынын сезген полицей үндемей төмен қарады.
ІV
...Иә, шынында, осы Бұжырбетпен алғаш кездескен кездері мен осы уақытқа дейінгі жасаған әрекеттері көз алдынан тізбектеліп өткен. Ең алғаш милиция мектебін бітіріп, осы ауданға учаскелік инспектор болып келгенде арманы асқақ, талабы таудай болатын. Бірер жыл адал қызмет етіп, білімін жетілдіріп, кәсіби маман болу арманы еді. Шектен шыққан жүктемелер мен күні-түні бітпейтін алашапқын жұмыс арманы тұрмақ, отбасына қарауға мұршасын келтірмеген. Тіпті сүйіп қосылған жары да тамақ тапшылығы мен тұрмыс тауқыметін жиі есіне сала беретін.
Ол кезде Бұжырбет аудандағы атақты барымташылардың бірі еді. Мойынқұм құмындағы алыс қыстаулардан үйірлеп жылқы әкеліп базарға салатын Бұжырбеттің қолы ашық, ақкөңіл жан сияқты көрінген. «Бауырым, мынау шоталың» деп жас «участковойдың» қолына үнемі бір-екі жылқының құнын тастап кететін. Алғашында шошынып алмаған еді.
– Маған сенің еш көмегің қажет емес. Менің сенен басқа араласатын кісілерім жеткілікті және олар облысты басқарып отырған кісілер. Мен саған өзім деп беріп отырмын, жағдайыңды байқап отырмын ғой, ағалық көмек деп қабылда, – деп іші-бауырына кірген соң пенде емес пе, бас тарта алмаған.
Шынында, жағдайы да жетісіп тұрған жоқ қой. Совхоздың екі пәтерлі үйінің жартысында тұратын жас полицейдің айлығы асынан аспайтын. Жолдасы екеуі еденде жатады, жөнді төсек орындары да жоқ. Үйіне келіп шай ішіп жүрген Бұжырбет бірде:
– Келін екеуіңнің жерде жатқаның ұят екен, үйіңе жөні түзу төсек-орын ал, – деп екі жылқының құнын ұстатқанда көңілі босап, осы Бұжырбетті шын жақсы көрген. Тіпті екі кісілік төсегін жуып отырып:
– Мен сізге өкіл іні болайын, – деп айтып салған.
Бұжырбет те әккі емес пе, орнынан тұрып жыламсырап, жалғыздығын, көп жылдан бері ажырасып кеткен әйелін, облыс орталығында интернатта жатқан балаларын айтып, кемсеңдеп бұны бауырына басты.
– Өле-өлгенше өзіңнің тілеуіңді тілеп өтемін. Өкіл іні емес, шын балам боласың,– деп қапсыра құшақтаған.
Әке құшағын жасынан сезінбеген Жармақов та қобалжып, өзінің қуанышын жасыра алмай кемсеңдеп қалған. Содан бері ол Бұжырбеттің сыйын қысылмай алатын болды. Әкесі емес пе, көмектесуге міндетті ғой. Жағдайы түзеліп, қоңданып алған Жармақовтың аты енді ауданға да белгілі бола бастаған. Бірде өзіне шақырған Құрманов:
– Сені ұрылармен ауыз жаласып жүр деген ақпарат бар. Өткенде ішкі қауіпсіздік басқармасынан келгендерді зорға қайтардым, – деп бетіне сықсия қараған. Және өңінде не ашу, не ыза табы жоқ, біртүрлі күлімсіреп отырғандай болды. Жармақов не деп жауап берерін білмей, тұла бойын қорқыныш билеп, аңтарылып бастығына қараған еді, телефон шылдыры сөйлеуге мұрша бермеді. Бастығы иегімен есікті нұсқаған соң жылыстап кабинеттен шыға жөнелген. Біраздан соң бастықтың шақыруымен тізесі дірілдеп ішке енген Жармақов сұлқ тұрып, «Бастық не үкім айтады» деп жалтақтап тұрған еді.
– Облыстағы бастықтардың тамағын тауып береміз деп жалақымызды да алмайтын болдық. Соғым сұратып жатыр, не істейміз, – деп бастығы бұған сығырая қараған. Ол елпең қағып:
– Оның жарасы жеңіл ғой, басеке, тек менің жанымды алып қалыңыз, құлыңыз болайын, – деп ағынан жарылды.
Содан бері Құрмановтың сенімді серігіне айналған Жармақов қызметтік өсуді армандауды мүлдем қойды. Бұрынғыдай күндіз-түні берілетін тапсырмалардан да босады. Жұмысы жеңілдеген соң ауыл шетіндегі ана жылы айдалып келген гректерден қалған базды жекешелендіріп, қосалқы шаруашылық жүргізіп қойған. Жанында арқырап Талас өзені ағып жатыр. Анда-санда бастығын әкеліп сырбаз жегізіп, қымыз ішкізеді. Екеуі тонның ішкі бауындай, жасырын сыр жоқ. Осындай отырыстың бірінде Құрманов:
– Сенің өкіл әкеңді ұстайық, – деп бұған ыржия қараған. Жармақов шошып кеткен.
– Не болып қалды, басеке? Маған ыңғайсыздау
ғой, – деп күмілжіген.
Әккі бастығы күні бұрын бәрін ойластырып қойған екен, серігіне қарап:
– Бұл жерде біздің қатысымыз болмайды. Қылмысты іздестіру бөлімінің жігіттері ұстайды, ал біз құтқарамыз, – деді.
Құрмановтың жоспары бойынша қылмысты іздестіру бөлімінің жігіттері көп ұзамай Бұжырбет пен оның серігі Қарамақауды бірнеше ұрланған жылқыларымен қолға түсіріп, бөлімге әкеліп қамаған. Арнайы мәлімдемелерін жазып, ұрланған айғақ малдарымен полиция бастығына табыс етіп, мақтауларын алып жөніне кеткен. Соңында тергеуші Қиясов бір ай қамауда отырған Бұжырбет пен Қарамақауды тергеуге көмектесіп, шығынды толық өтеуіне байланысты қамақтан босатып, істерін қысқартқан. Бірақ тергеуші екі ұрының алдын ала Жармақовтың кепілдігін алып, енді ұрлық табыстарымен полиция бастығымен бөлісетіні туралы ант-су ішіп уәде бергенінен бейхабар болатын.
Содан бері он жылдай уақыт өткен екен. Бұжырбет пен Қарамақау енді Құрмановтың барымташыларына айналды. Көрші аудандардың үйір-үйір жылқыларымен Шайтанқұзды толтырып тастаған. Пайда шаш етектен. Ұрлық малды табу мен қабылдап, сойып өткізу Жармақовтың қолында, үлес бөлетін де өзі. Бұжырбет пен Қарамақаудың қарсы айтатын сөздері жоқ. Қит етсе болды, шеф Құрманов ұстатып бұрынғы қылмыстарымен шықпайтындай етіп қамаймын деп қорқытады. Жармақов та шефтің атынан бұйрық беріп, екі сөзінде олар үшін түрме есігі айқара ашық тұрғанын еске салудан жалықпайды. Қайран дүние бірде бетін, бірде сыртын береді деген осы екен да. Енді міне, өзі қолдап жүрген өкіл әкесі өзіне қарсы шыға бастады. Кешегі сөздері жай емес, шошиын деді өкіл әкесінен.
Шынында да ол ашынып, жастығымды ала кетейін деп ұрлықтарын жайып салса, қызметтен де, дүниеден де, абыройдан да айырылатын түрі бар. Тіпті бастығының қазіргі халі оған араша түсетіндей емес. Сондықтан лажсыздан шефке бұл туралы айтпаса болмайтынын байқады. «Ол кісі ақылды ғой, бір шешімін табар» деген ойға тоқтаған еді...
Жармақов бастығынан шыққасын үйіне келген. Әйелі мен балаларын көрмегелі де біраз уақыт болып қалыпты. Әйелі өзімен мақтанады. Күйеуінің қызметі өте ауыр әрі қатерлі екенін сезеді де. Балаларына да үнемі әкесінің қиын да қатерлі жұмыста жүргенін айтып, оқуларын дұрыс оқып, тәртіпті болып жүрулерін қадағалайды. Біраз жылдан бері бастығы Құрмановтың демеуімен мектепте оқу ісінің меңгерушісі болып істейтін әйелі жұмыста болған соң үйреншікті әдетімен ас-суын өзі қамдап ішіп, түс қайта ауданға жаңадан келген прокурордың қабылдауына келді. Сөз арасында бастығы прокурорға кіріп шығуын тапсырған. Бірақ не шаруа екенін айтпаған.
V
Талапты ауданының прокуроры Аслан Дәрібекұлы жас болса да тәжірибелі маман. Көп жылдар тергеу саласында қызмет еткендіктен келе сала назарын тергеу жұмысының сапасына бұрған. Оны алаңдатқан негізгі мәселе – есеп көрсеткіштері бойынша қысқартылған және тоқтатылған істердің шамадан тыс көптігі болатын. Оның көбі мал ұрлықтарына байланысты болғандықтан бірден осы жағдайды өзекті мәселе ретінде қарастырған. Қысқартылған және тоқтатылған қылмыстық істерді зерделеу арқылы ол көптеген қарама-қайшылықтар мен жасырын заңсыздықтарды байқады. Біріншіден, жәбірленушілердің арызындағы ұрланған мал есебінің іс қысқартылған кезде толық көрсетілмеуі, соған байланысты жәбірленушілердің қарсы арыздары күмән тудырды. Сондай-ақ тоқтатылған істер бойынша алдын ала тергеу амалдары атүсті жүргізілген. Кейбір арыздарда мал ұрлығына қатысты сезікті кісілердің аты-жөні толық көрсетілгенімен, бірақ оларды анықтау және іздестіру жұмыстары мүлдем жүргізілмеген. Ал біршама қылмыстардың ауданның таулы аймақтарында орналасқан елді мекендерден екендігі де жас прокурордың назарынан тыс қалмаған.
Көмекшілері арқылы қарсы тексеру жұмыстары көптеген жәбірленушілердің қарсы арыздары бірнеше малдарын ұрылардан қайтартып, кейін қалғанын әкелдіріп береміз деген уәдемен аға учаскелік инспектордың өтінішімен жазылғаны анықталды. Сондықтан малдары жоғалып арыз бергендер осы уақытқа дейін заңды шешім қабылданбай келе жатқандығын тиек етіп, прокурорға қайта арызданды.
Осы тексеру барысында қысқартылған істердің біразы қайта жаңғыртылып, есептен жасырылған бірнеше оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сондай-ақ қылмыстық істерді көрінеу есептен жасыру фактісімен аға учаскелік инспектор Жармақовқа қатысты қылмыстық іс қозғау туралы облыс прокурорының келісімін алып, тексеру материалдарын облыстық ішкі істер департаментінің ішкі қауіпсіздік басқармасына жіберуді ұйғарған. Осындай қауырт жұмыстарды атқарып жатқан жас прокурорға полиция бастығы егде жасқа келген Құрманов бірнеше рет кісілер салып:
– Осы істерді қопармай, өзіміздің қызметтік өкілеттігімізбен шешейік. Мен де зейнет жасына келдім, тыныш кетейін, – деп келісімге шақырған.
Алайда азаматтардың меншік құқықтары бұзылып, полиция тарапынан қызметтік заңсыздықтар орын алып отырғанда қандай келісім болуы мүмкін деп, ол өзінің прокурорлық ұстанымынан таймады. Құрманов көбіне қызметкері Жармақовты қорғаштайды. Сондықтан бүгін Жармақовпен жеке кездесіп, түсінік алуға шақырған, Жармақовтың полиция бастығының сенімді қызметкері екендігі, көбіне бастығының тапсырмасымен жүріп, өз міндеттерін жеткілікті орындамайтыны және көп мал ұрлығына қатысы бар екендігі туралы жедел ақпараттар жеткілікті болатын. Соның
бірі – көптеген қысқартылған істер бойынша сезікті ретінде өтетін азамат Сейдалы Сердалиев. Лақап аты Бұжырбет екендігі де прокурорға белгілі еді. Аталған уақытта кабинетіне келген Жармақовты прокурор бірден қыспаққа алды.
– Сіз қабылдаған мал ұрлығы туралы арыздардың көбі қысқартылған немесе сезіктілер анықталмағандықтан тоқтатылған. Осының себебін түсіндіріп бере аласыз ба?
– Мен арыз қабылдап, алғашқы анықтама жұмыстарын ғана жүргіземін. Ал қалған тергеу амалдары мен процессуалдық шешімдерді тергеуші қабылдайды. Сондықтан бұл туралы солардан сұраған жөн болар, прокурор мырза.
– Олардан да сұраймыз. Дегенмен көп арыздарда сезікті ретінде С.Сердалиев деген азамат өтеді. Алайда ол кісіні табу тергеу үшін өте күрделі іс болып тұрған сияқты. Оның себебін түсіндіре аласыз ба?
– Меніңше, бұл сұраққа қылмысты іздестіру бөлімінің жігіттері толық жауап бере алар деп ойлаймын.
– Азамат Сердалиев сіздің өкіл әкеңіз болғандықтан оның қайда жүргені және немен айналысатыны туралы сізге белгілі болар деп ойлаған едім.
– Кешіріңіз, прокурор мырза. Менің өкіл әкем болғаны рас, алайда көп жылдан бері біз араласпаймыз және оның қайда жүргенінен де хабарсызбын.
– Жарайды, оқып шығып қолыңызды қойыңыз, әзірге боссыз.
Прокурордың кабинетінен терлеп шыққан Жармақов бұл сұрақтың арты жақсылыққа апармайтынын бірден сезді. Өз әріптестерінен де тиісті ақпараттар алынғаны белгілі болып тұр. Әсіресе Бұжырбеттің өкіл әкесі екендігін еске салғаны бекер емес. Өткенде тергеушілердің Сердалиевке қатысты іздестіру жұмыстарын жандандырып жатқанын да естіген.
Жеделдетіп бастығына келіп, бар жағдайды баян етті. Құрманов:
– Барлық жақтан көмек тоқтады, ішкі қауіпсіздік басқармасы да мал ұрлығына қатысты облыстық Үйлестіру кеңесінің шешімінен соң ешкімді аяйтын емес, басты нысаналары біз болып тұрмыз, – деп шындықты айтты.
– Тығырықтан шығатын жол біреу-ақ. Ол – қайткенде де Бұжырбет пен Қарамақау бұлардың қолына түспеу керек. Сенің тағдырың осы екеуінің қолында.
– Сонда не істеу керек? Оларды қайда тығамыз? Өздері де «шындықты айтып өлеміз» деп құтырып отыр.
– Ақыры өлім туралы айтып отырса, саған құтылудың жолын өздері көрсетіп отырған сияқты ғой, – деп сынай қарап, жауап күтті.
– Сонда қалай, түсінбедім?.. Оларды... – деп Жармақов бастығына ишара жасап еді:
– Әрине, басқа жол жоқ, – деп Құрманов ернін басты.
– Ендеше ертеңнен қалмай қалған малды жайғастырайын. Әсіресе ана Керайғырға қырғыздардың көзі түсіп отыр, біраз пұл болатын сияқты, – деп әккі полицей қоштаса бастаған.
VІ
Жармақов әкелген арақтың қуаты әлсірей бастаған кезде Бұжырбет серігіне:
– Мына Керайғырды қырғыздарға апарып сатайық, – деп ұсыныс жасаған. Себебі өткенде бригадир біраз жылқыларды сойып әкеткенде бір қырғыз өзін жеке шақырып, сыбырласқан. Жақын ауылда таудың етегінде тұратын атақты көкпаршы еді. «Осы айғырды шығарып берсең, қомақты қаражат беремін», деп уәде еткен. Бұжырбеттің ойы айғырды сатып, қалған жылқымен Қырғызстанға өтіп кету болатын. Әрине, басында баспанасы жоқ, бала шағасының қайда қалғанын білмейтін Қарамақауға бұл ұсыныс ұнай кетті.
Бұжырбет:
– Керайғырды ноқталап, ана жігіттерге жеткізсек, миллион қалтамызда болады. Ал ана менің өкіл балам да, оның шефі де құрысын. Айғырдың бағасы мына иттердің бізге беретін напақасынан мың есе артық, – деп ағынан жарылған.
Қарамақау бұл ұсынысқа бұрыннан дайын болатын, арқанын алып, серігінің соңынан ерді. Қызыңқырап алған Бұжырбет Керайғырдың алқымын уқалап жақындай берген. Оның жануар санасына мөлдір көздерінен мөлтілдеп жас тамшылап, көмек күткен Ақбиесінің бейнесі келді. Ақбиені шалмалап құлатқан тажал-адам енді өзіне ауыз салғалы келеді. Ақбиенің кегін қайтаратын сәт туған сияқты. Керайғырдың шыңғырып кісінеген дауысы үңгір ішін жаңғыртты. Шалт бұрылып, қос аяқтаған тепкісі Бұжырбетті шалқасынан түсірген. Ал не болғанын түсінбей мойнындағы шұбатылған шылбырға жармаса берген Қарамақауды басымен соғып жіберген жануар еркіндігін сезініп, шыңғырып кісінеген күйі үңгірдің шығар бетіне шаншылды. Кеудесімен ағаш кедергілерді қирата соғып, ылдиға шапты. Шіркін, еркіндік, әне-міне деп ажалын күтіп отырған тарпаңдардың қосыла шапқан табанынан Қаратаудың тасы дірілдеп, жотасы шулады. Балдыркөлдің жағасына үйірін ертіп шауып келген Керайғырдың қожайыны кеудесі қанға боялған жануардың қанын жуып, дәріледі. Керейғырдың тауға қарап кісіней бергенін байқаған қожайын егде биелердің жетіспейтінін бірден байқаған. Содан соң да айғырды тоқымдап, тауға беттеп, еркіне жіберген. Керайғыр қателескен жоқ, түйсігімен бар жайды сезініп, аршындай шапты. Шайтанқұзға жеткенде полиция машинасымен тұрған азамат қожайынның алдынан шығып қолын алып, екеуі сөйлесті. Бірақ бұл жануар ғой, не сөз болғанын түсіне алмады. Ал полиция көлігінің жанында ес- түссіз, бет-аузы қанға боялған Қарамақау жатқан. Аға учаскелік инспектор Жармақов қожайынға бір апта ұйықтамай, ұрылардың ізіне түсіп, қазір тауып жеткенде қайғылы оқиғаның үстінен түскенін айтқан еді.
– Бұжырбет тіл тартпай кетіпті. Ал мынаның жарақаты ауыр, есін білмейді. Бас сүйегі мыжылып кеткен сыңайлы. Ауданнан тергеу тобы мен жедел жәрдем шақыртылды, соларды күтіп отырмын,– деген тәртіп сақшысына қожайын шын ниетімен разы болып, алғысын жаудырған.
Жармақов Бұжырбет-Сердалиевтің өлігін көрсетпекші болған, қожайын ол жаққа барудан үзілді-кесілді бас тартты. Көп жылқылары, әсіресе төлбасы саналатын Ақбиесінің сойылып кеткеніне көзі жеткен қожайын Керайғырды қайта ылдиға салды және бұрынғыдай емес, ашу-ызамен, өшпенділікпен қамшылады. «Не жаздым» деп қиналған жануар «адамдар неткен қатал» деп қапа болған.
...Жетіқарақшы бара жатқанның балтасын, келе жатқанның кетпенін ұрлаған баукеспе ұрылар болыпты. Халық болып соңына түскен соң қылмысы басынан асқан жеті ұры жеткізбей аспанға қашып кеткен. Бастаған – алдыңғы төртеуі, ана артындағы үшеуі ерер-ермес болып жүрген олардың құйыршығы. Екі бүйірдегі жарық жұлдыз – екі батыр. Сонау қатар тұрған екі жұлдыз Ақбозат пен Көкбозат батырлардың аттары. Олар Темірқазыққа арқандаулы. Шұбатылған арқаны да көрініп тұрады. Аттар Темірқазықты айнала оттайды. Оларды аңдыған жеті ұры да түнімен төңіректеп, айналып жүреді. Ұрылар қайтсе де осы аттарды түсіріп алмақшы. Сақ күзетші алдындағысынан көз жазбайды. Сөйтіп жүргенде таң атады. Таң атысымен Жетіқарақшы көзден тайып, тасаланады.
Ал күндіз бәрі таза, бәрі ақ, тек Ақбие мен Керайғыр ғана жоқ. Керайғыр жарақаттары асқынғандықтан осы қыста соғымға сойылды.
Әбиірбек Қонысбаев, прокуратура саласының ардагері
Келесі мақала