Студент бола тұра бизнеске қадам жасау да осы талапқа сай болудың көрінісі әрі үлкен жауапкершілік пен өмірлік мектеп екені даусыз. Әсіресе, қазіргі таңда онлайн бизнеске қызығушылық айтарлықтай жоғары. Себебі, бұл өз өнімін жылдам таныстыруға, тұтынушылармен тікелей байланыс орнатуға және жаңа нарықтарға шығуға ықпал етеді. Мұндай тәжірибе студенттердің кәсіпкерлік мәдениетін қалыптастырып қана қоймай, олардың болашақтағы мансаптық мүмкіндіктерін де кеңейтеді.
Әрине, студент жастардың бизнесі әртүрлі формада көрініс табуы мүмкін. Кейбір жастар білім беру саласында онлайн курстар жасап, өз дағдыларын сатса, басқалары шығармашылық немесе технологиялық өнімдер шығарады. Ал енді бірі киім, аксессуар немесе тұрмыстық тауарларды онлайн форматта сатып, өз кәсібін қалыптастырып жүр.
Мен де өз кезегімде осы мүмкіндіктерді мүлт жібермей, кәсіпкерлікпен айналысуды жөн көрдім. Осы мақсатпен алғашқы үлкен жобам – «DM_store.08» деген атаумен заманауи онлайн киім дүкенін аштым. Бұл идея бір күнде туындай салған жоқ. Айналама қарап, замандастарымның талғамы мен сұранысын бақылай келе, нарықта сапалы, стильді және қолжетімді киімдерге деген қажеттіліктің жоғары екенін түсіндім.
Қазіргі жастар үшін киім өзін-өзі көрсетудің, ішкі дүниесін паш етудің бір құралы. Сондықтан мұндағы негізгі мақсатым – тек зат сату емес, тренд пен ыңғайлылықты үйлестіретін ерекше бренд қалыптастыру болды.
Онлайн форматты таңдауымның да өз себебі бар. Студент үшін дүкен жалдау үлкен тәуекелді талап етеді. Ал әлеуметтік желілер мен интернет платформалар ең аз капиталмен ең көп аудиторияға шығуға септігін тигізетін таптырмас мүмкіндік.
Кәсіпті бастау барысында көптеген адамдардың тәжірибесіне де сүйенуге тура келді. Мәселен, кәсіппен айналысып жүрген студент достарымның бірі – Нұрдәулет Еркінбек. Ол әлеуметтік желі арқылы ерлерге арналған аксессуарлар мен күнделікті тұрмыста қолданылатын ұсақ гаджеттерді сатумен айналысады. Нұрдәулет бұл істі алғашында жай қызығушылық ретінде бастағанын айтады.
– Бастапқыда тек бір-екі тауар әкеліп, таныстарыма ұсынып көрдім. Бірақ күтпеген жерден сұраныс пайда болды. Содан кейін әлеуметтік желіде парақша ашып, түбегейлі кірістім. Студент үшін ең үлкен қиындық – уақыт пен жауапкершілікті қатар алып жүру. Сабақ, емтихан, тапсырмалар бар, сонымен бірге тапсырыстарды уақытында жеткізу керек. Бірақ дәл осы процестің өзі адамды тәртіпке үйретеді. Ең қызығы – әрбір сатылым саған жаңа мотивация береді. Сол кезде еңбегіңнің зая кетпегенін сезесің, – дейді Нұрдәулет ағынан жарылып.
Сондай-ақ Нұрдәулеттің айтуынша, студенттік кәсіпкерліктің тағы бір артықшылығы – адамдармен қарым-қатынас жасау дағдысының дамуы екен.
– Кәсіп бастағаннан кейін мен адамдармен сөйлесуді, келіссөз жүргізуді, тіпті жарнаманы қалай дұрыс жасау керектігін үйрендім. Бұрын бұл нәрселерге аса мән бермейтінмін. Ал қазір кез келген тауарды сатудың артында маркетинг пен сенім жатқанын түсіндім. Егер тұтынушы саған сенсе, ол міндетті түрде қайта келеді, – деп ойымен бөлісті Н.Еркінбек.
Тағы бір кәсіпкер студент – Айсұлу Ізбасқан. Ол әлеуметтік желі арқылы қолдан жасалған әшекей бұйымдар мен қыздарға арналған аксессуарлар дайындап, сатумен айналысады. Айсұлу түрлі моншақтардан білезік, алқа, сырға жасап, оларды ерекше дизайнмен ұсынуда. Оның айтуынша, бұл кәсіп ең алдымен шығармашылықтан туған көрінеді.
– Мен бала кезімнен қолөнерге жақын болдым. Бос уақытымда түрлі әшекейлер жасап жүретінмін. Кейін достарым мен жасаған бұйымдарды сатып алғысы келетінін айтты. Содан кейін бұл істі шағын бизнеске айналдыруға бел будым. Әлеуметтік желіде парақша ашып, әр бұйымды өзім суретке түсіріп, таныстыра бастадым. Көп адам кәсіп бастау үшін міндетті түрде үлкен капитал керек деп ойлайды. Бірақ тәжірибем көрсеткендей, ең бастысы – идея мен еңбек. Алғашында аз табыс табуың мүмкін, бірақ тәжірибе жинайсың. Кейін сол тәжірибе саған әлдеқайда үлкен мүмкіндіктердің есігін ашады. Ең бастысы – қорықпау және бастаған істі соңына дейін жеткізу, – дейді Айсұлу Ізбасқан.
Шыны керек, кәсіпті бастау барысында көптеген кедергі мен жаңа белестерге тап болатыныңыз айқын. Мен өз дүкеніме арналған тауарларды Алматы қаласындағы көтерме базарлардан алып отырдым. Ол жақта түрлі өндірушілер мен жеткізушілердің тауарлар жиынтығы өте кең болғандықтан, сапалы әрі қолжетімді киімдерді таңдау мүмкіндігі де мол. Алматыға барып, көтерме базарларды аралау да – өз алдына үлкен тәжірибе. Әрбір жеткізушімен сөйлесу, бағаны келісу, сапасын тексеру секілді процестер кәсіпкерліктің нағыз мектебі екенін түсіндірді.
Кәсіп жүргізу барысында ең үлкен мәселенің бірі – уақытты тиімді басқару, яғни тайм-менеджмент. Университеттегі сабақтар, емтихандар мен жобалар арасында жүріп, дүкеннің жұмысын жүргізу, тауар жеткізушілермен келіссөздер жасау және тапсырыстарды қабылдау оңай шаруа емес. Алайда, осы үдеріс барысында өзімді тәртіпке баулып, басымдықтарды дұрыс қоюды үйрендім.
Сондықтан «DM_store.08» онлайн дүкенінің жұмысы тек бизнес жүргізуді емес, сонымен қатар психологияны, маркетингті және логистиканы тереңірек түсінуге де көп көмектесті. Әрбір тұтынушымен сөйлесу, олардың көңілінен шығу және кері байланыс алу да үлкен тәжірибе сыйлады.
Айрықша атап өтерлігі, заман талабына сай онлайн дүкен ашу дегеніміз тек қолыңдағы тауарлардың суреттерін көркемдеп, желіге жүктеумен ғана шектелмейді. Мұның артында визуалды эстетиканы сақтау, жарнаманы дұрыс бағыттау және трендтегі контентті жасай білу секілді қыруар еңбек жатыр.
Дүкенімде ең әуелі әрбір киімнің сапасына, заманауи үлгіде болуына баса назар аудардым. Жоғары сапа, қолжетімді баға және тұтынушылардың сенімі – осы жолдағы айқын әрі басты ұстанымым болды.
Алғашында оңай болған жоқ. Дегенмен уақыт өте келе тапсырыстар көбейіп, тұрақты тұтынушылар қалыптаса бастады. Соның нәтижесінде осы кәсіп арқылы 300 мыңнан 800 мың теңгеге дейін табыс табуға мүмкіндік туды. Әрине, бұл өте үлкен бизнес болмағанымен, студент үшін өз еңбегінің жемісін көру үлкен мотивация береді.
Кәсіпкерлік жолындағы азғантай ғана тәжірибемнен түйгенім – бизнеспен айналысатын студенттің бойында сыни ойлау қабілеті жақсы дамиды. Кез келген қиындықты мәселе ретінде емес, шешімін табуды қажет ететін міндет ретінде қабылдауға дағдыланасың. Сондықтан қателесуден қорықпау керек. Себебі, бұл кезеңде біздің артымызда үлкен қолдау бар, ал қателіктер – содан сабақ алдыратын ең жақсы ұстазымыз.
Бұл тұрғыда «DM_store.08» жобасы мен үшін тек табыс көзі емес, шығармашылығымның, ізденісімнің және еңбегімнің жемісіне айналды. Осы арқылы өзім сияқты жастарға кез келген идеяны шындыққа айналдыруға болатынын дәлелдегім келеді.
Қазіргі уақытта оқу жүктемесінің артуына байланысты кәсібімді уақытша тоқтатуға тура келді. Дегенмен бұл – толықтай аяқталған жоба емес. Керісінше, болашақта жаңа тәжірибе мен мүмкіндіктер жинап, осы жобаны қайта жандандырып, одан әрі дамытуды жоспарлап отырмын.
Айтайын дегенім, студенттік кәсіпкерлік – заман көшінен қалмай, өзіңді дамытудың ең төте жолы. Әлбетте, оқу мен бизнесті қатар алып жүру үлкен қажыр-қайратты талап етеді, бірақ соңында алынған нәтиже мен жиналған тәжірибе кез келген қиындыққа татиды. Болашақта бұл шағын дүкенді үлкен брендке айналдыру – басты мақсаттарымның бірі. Ең бастысы – кез келген істі бастаудан қорықпау және соған деген адалдықты сақтау. Қайта оралмас студенттік шақ тәуекелдер мен жеңістердің уақыты болғандықтан, әрбір жас өз мүмкіндігін дұрыс пайдалана білуі тиіс.
Дариға МЫРЗА,
М.Х.Дулати атындағы Тараз
университетінің 4-курс студенті



