Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

«АУЫЛ ЖАСТАРЫ АМАЛСЫЗДАН АЛЫСҚА КЕТУДЕ»

«АУЫЛ ЖАСТАРЫ АМАЛСЫЗДАН АЛЫСҚА КЕТУДЕ»
ашық дереккөз
«АУЫЛ ЖАСТАРЫ АМАЛСЫЗДАН АЛЫСҚА КЕТУДЕ»
Қазақтың ән-күй қазынасын «Біз екеуіміз», «Тұманда», «Жаса мәңгі, Астана», «Қаздар қайтып барады», «Тағы келді бір көктем», «Анашым», «Нәзігім», «Сағыныш», «Киелі менің Құланым» секілді ырғағы бөлек 50-ден астам әндерімен, «Шал тауы», «Сусамыр жайлауы» сынды иірімі ерекше 10-нан аса күйлерімен байытқан сазгер Дүйсенәлі Бықыбаев жақында ғана 65 жасқа толды. Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Дүйсенәлі Дыбысалыұлы 2014-2020 жылдары облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасын басқарған кезінде халықтың игілігіне арналған небір ірі істердің басы-қасында жүріп, ұтымды ұйымдастырушылығымен көпке танылды. Соның арқасында өңір мәдениетінің асқақ бейнесі қалыптасып, көне Тараз көпшіліктің мәдени-рухани ордасына айналды. Бүгінде Дүйсенәлі Бықыбаев зейнеттік демалысқа шыққанымен «Мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің облыстағы филиалын басқарып отыр. Біз көргені көп, көңілге түйгені бар ағамен орайын тауып сұхбаттасып, жастарға оң жол сілтер өнегелі әңгімесін тыңдаған едік.  – Дүйсенәлі аға, біздің халық «Болар бала жасынан» деп, бүлдіршін шақтан келешегіне үміт артып жатады. Сіз қандай бала болдыңыз, кімдерді ұстаз тұтып, кімнің ұлағатымен өстіңіз?  – Мен қос әженің еркесі болып өскен баламын. Т.Рысқұлов ауданының Қорағаты ауылында дүниеге келгенмін. Кейін Қазақ ауылындағы нағашы атамның қолында болып, мектеп табалдырығын сол жерде аттадым. Нағашы атам мен әжем барын алдыма тосып, барынша еркелетіп өсірді. Сол ауылдағы мектепте 4-сыныпқа дейін оқып, одан ары өз әкемнің туып-өскен ауылы Құмарықтағы Карл Маркс атындағы орта мектепті бітірдім. Нағашы атамның үйі үлкен жолдың бойында орналасқан. Екі бие ұстайтын және алма бағы бар еді. Көпшіл адамдар болды, үйден қонақ арылмайтын. Тіпті бейтаныс кісілер де жолдан ары-бері өткенде тоқтап, апамның қымызын, күбіге піспеген майлы айранын ішіп, жолға аттанатын. Атам алма бағындағы әр жемісіне құс шұқымасын деп жеке қап кигізіп, күтіп-баптап өсірген миуаларын да келген меймандардан аямайтын. Сондай үйге келген кісілердің дастарқан басындағы өнегелі әңгімелерін естіп, меймандос ата-апамның мейірімін көріп өскен баламын. Ол кезең соғыстан кейінгі қайта қалыптастыру жүріп жатқан уақыт. Қиын шақ болса да ауыл адамдары бір-бірін демеп, барымен бөлісіп жүретін нағыз мейір-шапағаттың қасиетін ұғындырған кез еді. Махаббат бар қиындықты жеңетінін дәлелдеген уақыт деп білемін сол кезді. Қазіргі ХХІ ғасыр ғылым-білімнің қарыштап, техниканың дамыған заманы болғанымен өкінішке қарай, біздің балалық шағымыздағы адамдар арасында тұнған мейірімді жоғалтып алғандай. Әкем мен анам колхоздың малын бақты, үздік шопан атанды. Ал ауылымыз Шал тауының баурайында, тамылжыған табиғаты көз сүйсіндірер көркем жер. Қыстан аман шыққанда ауыл жұрты бір-бірін асқа шақырып, арқа-жарқа болып жататын әдемі шақтарды көрдім. Сол кездерде сыйлыққа кітап беретін әдемі дәстүр бар еді. Мені алғаш кітапқа құмартқан сол дәстүр. Бала күнімнен сыйға келген кітаптардан Алпамыс батыр секілді халық ауыз әдебиетіндегі жыр-дастандармен сусындап өстім. Ата-анам шопан болған соң қыста қыстауға, жазда жайлауға көшкенде қасымызда алып жүретін кішкентай радиомыз бар еді. Күнде радиодан 4 сағаттай концерт берілетін, онда домбырадан төгілткен күй, тағылымға толы термелер орындалатын. Осыларды тыңдай жүріп, домбыраға, ән әлеміне қызығушылығым артып, балалығымдағы көргендерім мені өнерге жетеледі. Өнер өлкесінде ұстазсыз өркендеу мүмкін еместігі талай дәлелденген. Негізі өнер арғы аталарымда да бар екен. Нағашы атамның қолында жүргенімде бойымнан бірдеңе байқаса керек, маған ойыншық таңдағанда көбіне музыкалық аспаптар алып беретін. Көпшілікке белгілі журналист Қалыбек Атжанның әкесі Жапай деген әкей бос кезінде үйінің алдында баян тартып отыратын. Арамызда үй жоқ, қатар тұрамыз, баян тарта бастағанын көрсем қасына барып, әнін тыңдап отыратынмын. Сондайда Жапай әкей басымнан сипап «Осы сенен бірдеңе шығады-ау» дейтін. Ауылдағы мектепте музыка пәнінен сабақ беретін Ерғали Құлекеев деген ағамызға атам ертіп апарды. Сол кісі алғаш домбыраға баулыды. Кейін Карл Маркс атындағы мектепке барғанымда Бибізура Тілеулиева деген апай 7-сыныбымнан бастап домбыра тартуды үйретті. Тіпті мәдени-ағарту училищесіне оқуға түсуіме дейін көмектесті. Өнер әлемінің есігін алғаш ашқызған осы екі аяулы ұстазыма әлі күнге іштей алғысымды айтып жүремін. Одан кейін Мэльс Өзбековтің ауданға келіп, өткізген кездесулерінде домбырамен орындаған «Келші, айым» әнін үйреніп алдым. Осыдан кейін ән әлеміне деген құлшынысым одан сайын артты. Кейінірек қызметке араласқанда жол сілтеп, өнермен қоса қызмет жолындағы білгенін айтып, үйреткен Әлібек Әмзеев ағамызды да ұстазыма балаймын. Мәдени-ағарту училищесін аяқтағаннан кейін ауданның автоклуб меңгерушісі болып еңбек жолымды бастадым. –  Осыған дейін жауапты қызметтердің тізгінін де ұстадыңыз, сан алуан ойлы жандармен сырлас болдыңыз, жалпы қоғамның бет-бейнесін қалай сипаттар едіңіз? – Өмір өзі үлкен бір мектеп қой. Түрлі жағдайларға кездестіріп, сол арқылы сынай отырып, сабақ береді. Әр жағдайдан кейін адам болған соң ой түйесің. Халықта «Көңіл нәзік, сөз батыр» деген сөз бар ғой. Кейде көңіліңе тиіп, ренжітетін жайттар болады. Бірақ мен кең пейілді ата-әжемнен, ақжарқын ауыл адамдарынан мол өнеге алып өскендіктен болар, өмірде өкпе-реніш бітпейді, ондайды өшіріп тастап, жан-жағыңдағылардың бәрімен де емен-жарқын тіл табыса беру керек деп білемін. Адам болған соң бүгін бармыз, ертең жоқпыз, бәріміз де бір-бірімізге қонақпыз. Өткінші уақытты сыйластықпен ажарландырмасақ, несіне өмір сүрдік дейміз? Жарық дүниеде жер басып жүргеніңде айналаңмен араласып, сыйласып, бір-біріміздің қадірімізге жетуге мүмкіндік бар. Сол мүмкіндікті игілігіңе пайдаланып қалу керек. Атақ-даңқ, қызмет, қымбат көлік, сәулетті үй дегеннің ешбірі де жаның қысылғанда демеу бола алмайды. Ондайда алдымен қасыңнан табылып, жабыққанда жұбататын ата-анаң, жан жарың, бала-шағаң, ағайын-туыс, дос, ел-жұртың. Сондықтан өкпе-ренішке қымбат уақытыңды кетірмей, сыйластықты бірінші орынға қоя білу керек. Сыйлы болғың келсе, өзімшілдікті тыйып, қолыңнан келгенінше айналаңдағы адамдарға сый-құрмет көрсете бер. Өзің не жасасаң, алдыңа сол келеді. Бір ауыз сөз бәрін өзгертіп жібереді. Сөз құдіреті деген сол шығар. Кей кісілер осы өмірде мәңгі тұратындай, бүгін бұйырған билік, тақтан ешқашан ажырамайтындай аспандап кетіп жатады. Олай өмір сүру өте қауіпті, себебі ойламаған жерден қолындағысынан айырылған адам жержастанып қалғандай күй кешеді ғой. Оларды аяймын. Бұл өмірде ештеңе де мәңгілік емес екенін ұмытпасақ екен.  Әлгінде ұстазыма балаймын деген Әлібек Әмзеұлы ағамның шыншылдығын, бетке тура айтатынын, жағымпаздықтан ада болмысын жаныма жақын тұттым. Ол кісі «Не жағдай болса да халыққа ашық айта біл. Халықтан үлкен ешкім жоқ, халықпен бірге ортасында жүр» дейтін. Халық деген айналаңдағы адамдар ғой. Барша жанмен жылы лебізде тіл табысып, асқақтамай, өкпе-ренішке жол бермей жүрсең – ортаңда қадірлі боласың. Бүгінде қоғам екіге жарылып тұрғандай көріністе. Үлкендердің пайымдауы бөлек, жастардың пікірі мүлдем басқаша. Қазіргі көп жастар шетелде оқып келіп, сол жақтың өмірін көріп, еркіндігіне қызығып тұрады. Ал аға буын көп қиындықтарды, ауыртпашылықтарды бастан кешіп, тағдырдың ащы дәмін татқан соң әр нәрсенің қадірін біледі, тереңінен ойланып, ұлттық құндылықтарды сақтап қалуға басымдық береді. «Аштықта жеген құйқаның дәмі кетпейді» дегендей өткеннің салған іздері жүректерінен өшпейді. Туған топырақтың, өскен өңірдің әр тасының құнын біледі. Жастарды да кінәлай алмайсың, олар еркіндікті аңсайды, құқығының заңмен қорғалып, таңдаған еңбек саласында өз қалауынша жұмыс істегісі келеді. Көкейдегі ойын еш ірікпестен айтқысы келеді. Мақсатына қол жеткізгісі келеді. Әттеген-ай, оған бөгет көп қой. Шетелдің өркендеуі заңның үстемдігінен. Әділдік салтанат құруы үшін заң, идеология жақсы жұмыс істеуі керек. Бізде Тәуелсіздік алғаннан бергі 30 жылда ұлттық идеологиямыз қалыптаспады, басы басталып, соңына жеткізілмей қалып жатты, оны мойындауымыз керек. «Ура, ура» деп ұрандатқан қоғамда өмір сүргендейміз. Заңның әлсіздігі сенімсіздікті тудырады. Әлеуметтік теңсіздік қаңтар оқиғасындағыдай жағдайға әкеп соқтырады. Осыдан сабақ алып, оң өзгерістер жасалуы керек. –  Ән жазу болсын, мейлі проза, мейлі өлең шығару болсын, әр шығарманың астарында бір ой жатады. Сіздің туындыларыңыздың шығуына не әсер етеді? – Негізі мен ән жазудан бұрын күй шығара бастаған едім. Атам ағаштан шауып жасап берген кішкентай ғана домбырам бар еді. Қайда жүрсем де қасымнан тастамайтынмын. Тауда ат үстінде алып жүруге де өте ыңғайлы, талай сынды ол, талай мәрте жөндетіп алдым. Ол кезде нота білмеймін, естіген күйлерімді шертіп жүріп, өзім де күй шығара бастадым. Бірақ ол кездерде жазып алуды ойламаппын. Кейін күйді жақсы білетін ағаларыма тыңдаттым, нотаға түсірдік. Міне, осылай туған 11 күйім бар. Дулат бабаға арналған және «Дала сазы», «Жусанды дала», «Сусамыр жайлауы», «Сұлутөрім», Абсент тұлпарға арналған «Қасқатайым» секілді күйлерім көпшілікке танылды. Мен тауда өскен баламын ғой, табиғатқа ғашықпын, даланы сүйемін. Сондықтан болар көп шығармаларымның тууына байтақ даламыздың, таудың тамылжыған табиғаты әсер етті.  Елге Досымжан Таңатаровтың орындауымен жақсы таныс «Біз екеуіміз» әні бар. Әнін мен, сөзін ақын Кәріпжан Нүсіп жазған. Мен аудан әкімінің орынбасары қызметін атқарып жүргенімде жұбайым қатты науқастанып, көптеген жерлерге емдеуге апарып, ешқандай ем қонбай қиналып жүрген кезіміз еді. Сол сәтте жұбайыма деген сүйіспеншіліктен осы ән туды. Сөзін жаздыру үшін Кәріпжан ағаға бардым, ұсынысымды айтып едім, ол кісі «Мен балалар ақынымын, қалай болар екен...» деп біраз ойланды. Мен де Шаншар жеңешеме ғашық болған сәттерін еске түсіруін өтініп, «Отағасына адал беріліп, өмірдің ащы-тұщысын тең бөлісетін аяулы жарларға естелік ретінде бірге жазған туындымыз болсыншы» дедім. Міне, осылай 1998 жылы осы ән дүниеге келді. Досымжанның осы Таразда оқып жүрген студент кезі. Бірде үйге келгенінде осы әнді домбырамен орындағанымызды естіп, ұнатып, өзі орындауға алып кеткен болатын. Содан 2003 жылы Нұрлан Өнербаевтың «Ән тыңдайық» деген бағдарламасына осы әнмен қатысып, тыңдарманның көңілінен шықты. Бір сәтте көпке кеңінен танылған осы әннің дүниеге келуіне менің өз жарым Шәрияға, Кәріпжан ағаның Шаншар жеңешеме деген сүйіспеншілігі арқау болды. Өзім жақсы көріп оқитын лирик ақын Ғайни Әлімбекқызының «Қараша қаздар қайтқанда» деген өлеңін оқығанда ерекше әсерлендім. Астарынан сағыныш, қимастық көрдім. Өлеңнің «Орап алып ақ бұлттай алашаға, қаздар қайтып барады қарашада» деген жолдары қимас досыммен қоштасқан сәтімді еске салды. Аяулы ұстаз ретінде көпке таныс, аудандық білім бөлімін басқарған, ұзақ жыл ауылымыздың мектебінде директор болған Сейтжан деген бала күнгі досым қараша айында Жаратушы Иесіне қайтқан еді. Сол досыма деген қимастықты, сағынышты өлеңнің әлгі тіркестері дәл жеткізгендей сезіндім. Содан осы ән туды. Ол да Досымжан Таңатаровтың орындауымен елге танылды. Жақында ғана тәтті балалығымызды бірге өткізген тағы бір досым, құқық қорғау саласының майталманы Мейіржанды да ана дүниеге аттандырдық. «Қараша қаздар қайтқанда» әнім міне осындай қимас достарыма арналады.  Айта кетейін, Ғайни Әлімбекқызымен шығармашылық байланыс орнату арқылы 9 әнім жарық көрді. –  Сырт қараған адамға сіз бар арман-мақсаты орындалған жанға ұқсайсыз. Қазір сізді не толғандырады? – Кім де болса өзінің туып-өскен жеріне, өмір сүрген қоғамына қарай армандайды деп ойлаймын. Мысалы, америкалықтардың, қытайлардың көздейтін мақсаты мүлдем бөлек, біздікі менталитетімізге қарай тіптен басқаша. «Армансыз адам қанатсыз құспен тең» дейді ғой, асыл мұратты көздеп, әрекет ететін қазақ елінің көші өркениеттің биігіне жетсе екен деген ізгі тілегіміз бар. Қазір Жаңа Қазақстанды құрамыз деп мақсат еткен елімізге серпін беретін, қанат бітіретін тың идеология болса деймін. Аллаға шүкір, мемлекет болып қалыптастық, біраз дүние жасалды. Бірақ рухани мұқтаждық бар. Ондай кемшіліктерімізді түгендеуге үлкен меже қойып, соның жүзеге асуына бүкіл халық болып бірлесіп, жұмыла жұмыс істеуіміз керек. Менің арманым осы – қазақ елінің жұдырықтай жұмылған бірлігімен жан-жақты дамыған, өркендеген мемлекет болсақ. Балаларымыздың болашағы бақытты болуын тілеймін. Біз қазақы ауылда қариялардың шежірелі әңгімесін тыңдап өстік қой. Ал қазір кейбір кіп-кішкентай қара көз балалардың бір-бірімен өзге тілде шүлдірлесіп тұрғанын көргенде, жабырқаймын. Әрине, тіл білсін, үйренсін, бірақ өзді-өзі сөйлескенде ана тілімен тілдессе ғой дейсің. Қазақтың шұрайлы, көркем тілін жұтатып алмасақ ек ен. Тағы бірде жолыңды кесіп өтетін, тіпті тар жолдарда қағып өтетін жастарды кездестіргенде «Ееех шіркін, кешегі бабалар, әжелер салған жолдан жаңылды-ау бүгінгі жас...» деп көкірегің қарс айырылады. Жастар үлкенді сыйлап, алғысын алса, өз өмірін сол үлкендердің батасымен бақытты ететінін ұмытпаса ғой. – Аға, 1990 жылдардағы экономикалық дағдарысты бастан кешкен қиын-қыстау шақта сіз Т.Рысқұлов ауданы әкімінің орынбасары болдыңыз. Қиындық адамды шыңдайтыны рас, сол бір сын сағаттардан сәтті өтуге не көмектесті? – Иә, 1996-2000 жылдар аралығында аудан әкімінің орынбасары қызметін атқардым. Ол жылдар жарық жоқ, зейнетақы, жалақы кешіктірілген, бюджетке ешқандай түсім түспейтін, экономика әбден төмендеген, өте бір қиын кезең еді. Мен ол кезде әлі 40 жасқа толмағанмын. Жоқшылықтан ашынған халықтың жанайқайы жанға батқан күндерді де көрдік. Бірақ қолдан келер амал жоқ, жаппай ел сондай жағдайда. Тіпті әкімшіліктің өзінде де жарық жоқ, шаммен отырып, жұмыс істейміз. Таңертең автобусқа сығылыса мініп, жұмысқа келеміз. Мен идеология жағына жауапты едім, әлеуметтік сала, жалақы, пошта қызметі маған қарайтын. Сондықтан айқай-шудың ортасында жүрдім. Бір күніміз бір жылға татыды. Сол қиын сәттермен салыстырсам, қазіргі қиындықтар әлдеқайда жеңіл көрінеді. Қазір қымбат та болса жарық, газ, көлік, ішер ас бар ғой. Ол кезде тек ақша ғана емес, тіпті әлгі тұтынатын заттардың өзі қат болды. Аудан әкіміне ақсақалдардың ақылына жүгінуді ұсындым, сөйтіп ақсақалдар алқасын құрдық. Құр алқа құру емес, әрқайсысы бір-бір ауылға жауапты болды. Елмен етене жақын пікірлесіп, жағдайды түсіндіріп, аса қиын жағдайдағы отбасыларды анықтап, көп болып жұмыла жиналғаннан аз да болса талғажау ететін азық-түлік бөліп беруге әрекеттендік. Сондай күндердің бірінде кезекті бір үйге барсақ, балаларымен тамақтанып отырған сәтке түстік. Дастарқанда наннан басқа ештеңе жоқ. Ол нанның өзі ұнға ұрпақ араластырылып пісірілген екен. Кәдімгі малға жем ретінде берілетін ұрпақты ұнға қосыпты. Менімен бірге барған ақсақалдар алқасының мүшесі Тілеу Балпанов ағаның көзінен жас шығып кетті. Әбден қысылған халықтың жайын айтып жүріп, сондай мүлдем амалы жоқ отбасыларға 1-2 қап ұн, көмір таратуға қол жеткіздік. Сондай ауыртпалықтан да Аллаға шүкір, аман өттік. Жаңа айтқанымдай біз көпті көрген, шежірелі қариялардың ақылын көп тыңдадық. Өмір көрген көнекөздердің өнегелі әңгімесінен сабақ алдық. Өмірде қуаныш та, қиындық та өтпелі екенін, қиналған сәтте бір-біріне демеу көрсетсе, мейірім-махаббатпен де ас-ауқатсыз бақытты сезінуге болатынын ұғындық. Сірә, сол бір тар уақыттарда жебеу болған сол өнеге болар. – Қазіргі қызметіңіз де еріккеннің ермегі емес, сан саланың жоғын түгендеп, қызметкерлердің құқығын қорғауда нендей бастамаларды қолға алдыңыз? – Иә, зейнеттік демалысқа шықсам да мәдениет саласынан қол үзіп кеткен жоқпын. Сала қызметкерлерінің мұң-мұқтаждықтарын билікке жеткізіп, кем-кетігін түгендеуге жұмыс істейтін кәсіподақта еңбегімді жалғастырудамын. Заңгерімізбен бірге қызметкерлердің құқығын қорғауға басымдық беріп келеміз. Шынын айтайық, «Ауылым – алтын бесігім» десек те ауылдық жерлерде жұмыстың жоқтығынан жастардың көбі алыс-жақын қалаларға кетуге мәжбүр. Әйтсе де қалада жүрген жастардың да біразы үйсіз, күйсіз жүр. Сондықтан да біз ауылдық аймақтарда жұмыс көзі болатын әрі халыққа мәдени-ағарту ісімен қызмет көрсететін мекемелер, мәдени-демалыс, спортқа бейімдейтін орындар ашылса дейміз. Және сол мекемелерде қызмет ететін мамандарға жағдай жасалса, баспанамен қамтылса деген мәселелерді көтеріп жүрміз. Тағы бір осы саланың мәселесі – жалақының аздығы, тіпті көтеріліп жатыр дегеннің өзінде бүгінгі нарықты көтере алмайды. Және салынған мәдениет үйлерінде штаттық бірліктердің аздығы да ойландырады. Соның салдарынан жұмысты жоғары деңгейде жүргізуге мүмкіндік аз. Мамандардың жетіспеушілігі де көптен бері айтылып келеді. Мәдени-ағарту оқуларының, музыка мектептерінің жоқтығы да көп іске кедергі. Тараз өңірлік университетінде «Мәдениеттанушы» маманын даярлайды, оны да болса дәтке қуат етеміз. Бірақ ол толыққанды маманды дайындай алмайды. Өйткені музыка өте терең зерттеуді, ізденісті қажет етеді. Оған кәсіби көзқараспен келу керек. Ол үшін мектеп қабырғасында музыка мектептері қайтадан ашылу қажет. Жалпы өнер мектептері музыкалық білімді тереңінен бере алмайды. Егер ауылдарда, қалада музыка мектептері ашылса, содан білім алғандар мәдени-ағарту училищесінде, одан кейін жоғары оқу орындарында білімін жалғастырса, міне сонда ғана толыққанды маман дайындалып шығады. Өкінішке қарай, бізде ауыл тұрмақ Тараз қаласында да музыка мектебі жоқ, бары жабылып қалған. Аудандардың бәрінде музыка мектептері жабылған, қазір жұмыс істеп тұрғындары – өнер мектептері. Балаларды біліммен қамти отырып, өнерге, спортқа бейімдеу – бүтін еліміздің жарқын болашағына жол ашады. Сондықтан бұл жөнінде билікте отырған басшылар ойланса екен. – «Әрбір табысты ердің артында ақылды әйел тұрады» деген ұғым бар. Байқаймын, сіз ешбір жерде жұбайыңыз туралы көп айта бермейсіз. Шаңырағыңыздың шаттығын ұйытып отырған үйдегі жеңгей жайында білгіміз келеді... – Негізінде ер адамдардың әйелі туралы айта беруі біздің қазақы менталитетімізге келе бермейді ғой және жарым да өзі туралы айтқанымды қаламайды. Мақтансүйгіштігі жоқ. Дегенмен бүгін өзің сұрағандықтан айтайын, есімі Шәрия. Үш ұл, екі қыздың анасы. Ол кісімен мәдени-ағарту училищесінде оқып жүргенімде таныстым. Ол осы оқу орнының кітапхана саласында оқыды, түбі Меркіден шыққан. Ол кезде менің әкем мал бағады, үйдегі балалардың үлкенімін, Аллаға шүкір, 9 бауырым бар. Сондықтан да әкем ертерек шаңырақ құруымды қалады. Жақсы адамдардан өнеге алып өскенін Шәрияның сөзінен, қылығынан байқап, үйіме келін етіп түсірдім. Қайын атам да білімді кісі, қызмет атқарған адам. Адам баласының өз еркіне берілетін мамандық пен жар таңдауда қателеспесе, өмірі бақытқа бөленіп, өнегемен өрбиді. Мен жастарға осыны баса айтқым келеді. Ал өнеге деген бір ауыз сөздің астарында жеке бастың бақытын құруға себепкер болатын барлық құндылық жатыр. Егер адам жасынан ұлттық құндылыққа, халқының тәліміне, білім мен өнерге жақын болып өссе, спортпен де шұғылданып, денсаулығын сақтаса, одан өнегесіз іс шықпайды. Мен әрбір өреннің бойынан осыны көргім келеді. – Өнегелі әңгімеңіз үшін көп рақмет!

Сұхбаттасқан Қамар ҚАРАСАЕВА

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар