Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Шындық шыңырауда жатпайды

Шындық шыңырауда жатпайды
ашық дереккөз
Шындық шыңырауда жатпайды
Елімізде «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия жобалық офисінің» жетекшілігімен әрбір өңірлерде мемлекеттік комиссиялар жұмыс жүргізіп жатқаны баршамызға белгілі. Бұл бағытта Жамбыл жерінде де кіші жұмысшы топ мүшелері тарапынан саяси науқан барысындағы тәркілеу, ұжымдастыру, ашаршылық кезінде сталиндік билікпен жүйелі түрде жүргізілген жазалау шаралары мен саяси қуғын зардаптары туралы біршама құжаттар зерделенуде. Мұрағат қорындағы Кеңес өкіметін күштеп орнату, түрлі зорлық-зомбылыққа және халыққа қарсы саяси науқандарды өткізу, халық наразылықтарын аяусыз басу жөніндегі РКП, КСРО, Қазкрайкомның, партиялық-кеңестік органдардың саяси шешімдерін іске асыру тәртібімен қабылданған қаулыларына, олардың жоғары тұрған инстанцияларға берген есептері мен арнайы ақпараттарына талдау жасалып, Әулиеата өңіріне қатысты мәліметтер жинақталды. Мұндай құжаттардың көпшілігі (1939 жылға дейінгі) Түркістан облысының мемлекеттік архивтерінің қорында сақталған. Бүгінде Түркістан облысындағы архив мекемелерімен әріптестік қарым-қатынас жүргізу арқылы құнды құжаттарға қол жеткізіп отырмыз. Сол кездегі солақай саясат бірінші кезекте ұжымдастыру, кәмпескелеуден басталып, оған көнгісі келмеген халықтарды үкіметке «қарсы шықты» деген айыптар тағып тергеді, соттады, қуғынға ұшыратты, ату жазасына кесті. Мысалы, №29 қордағы 35- істе 1927-1928 жылдарда болған жұт кезінде жергілікті жерлерде аштықтан, жұттан аман қалу үшін тұрғылықты халық үйлерін тастап үдере көшкені, күн көрудің қамымен шарасыздан 1 қойды 6 рубльге сатып, 1 пұт бидайды 4 рубльге сатып алғаны, тағы сол сияқты көптеген оқиға баяндалады. №29 қордағы 600-істе 1930 жылдың 14 қаңтарындағы «ұжымдастыру» туралы округ комитет хатшысы Костенко өзінің телеграмм арқылы жолдаған есебінде Меркі, Сарысу аудандарында байлардың қарсылық көрсетіп бас көтергендіктен 200 адамнан құралған әскери отряд жіберіліп қару қолданғаны туралы жазылады. Келесі бір деректерде Әулиеата уезінің Аса, Талас, Шу, Мерке болыстарындағы 200-300 малы бар байлардың аты-жөні, мал-мүлкінің тізімі, тұрғылықты ауылы, иелігіндегі жерлері, малшылары мен жұмысшылары, ұсақ және ірі қара малдарын бөлек-бөлек көрсетіп жазып, жоғары тұрған органдарға есеп жолдап отырған. Большевиктік ұғымдағы «бай» деген түсініктің айқындамасы да жыл өткен сайын түрленіп тұрды. 1928 жылғы тәркілеу туралы декрет бойынша байлар санатына көшпелі аудандарда 400, жартылай көшпелі аудандарда 300 ірі қарасы бар шаруалар жатқызылса, 1930 жылы көшпелі ауылдарды тексергенде 40-50 ірі қарасы барлардың өзі бай есебінде тәркіленгенін құжаттар айқындайды. Астық жинау отрядтарымен 1928 жылдан екпінді жүргізілген астық пен мал дайындау науқандары, түрлі салықтар, тұқым қорын жинау, 1929 жылы басталған күштеп ұжымдастырулар халық наразылығына да себеп болды. Наразылыққа шыққандарды, өз мүддесін қорғаушыларды большевиктік-сталиндік билік «банда», Қазақстанды Жапония, Түркия елдері жолымен дамытуды ұсынатын білімді адамдарды сол мемлекеттердің «тыңшылары», қуғын-сүргін босқындарын «Отанын сатқандар» және тағы басқалар деп жариялағанын көресіз. Бірақ, біз бұл жерде басқа халықтар мен мемлекеттерге қатысты қандай да бір айыптаулар, зерделеніп отырған мәселелерді саясаттандыруға құқымыз жоқ. Өйткені Мемлекет басшысының «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия» туралы 2020 жылғы 24 қарашадағы №456 Жарлығымен бір ғана мемлекеттік міндет қойылған-құрбандар мен зардап шеккендердің барлық санаттарын толық заңдық және саяси ақтауды аяқтау. Сондықтан мемкомиссияның, кіші комиссия топ мүшелерінің барлық іздеу, зерттеу және талдау қызметі осы міндетті орындауға бағытталған. Қаншалықты қайғылы болса да, жеке халықтар мен қазіргі заманғы мемлекеттерді қылмыс жасады деп айыптауға болмайды. Бұған халықтар мен мемлекеттер емес, халыққа қарсы саяси науқандар жүргізіп, арнайы жазалау органдарын құрып, оларды өз халқына қарсы пайдаланған большевиктік-сталиндік билік кінәлі. Тағы бір айта кететін нәрсе бар, бүгінде мемлекеттік комиссия шеңберінде кіші жұмыс топтарының бірі арнайы 1916-1930 жылдар аралығында ашаршылық пен большевиктік-сталиндік биліктің саяси қуғын-сүргін салдарынан Қазақстаннан кетуге мәжбүр болған қазақстандық босқындардың мәселелерімен айналысады. Олар өздерінің тарихи Отанында Президент Қ. Тоқаевтың Жарлығымен большевиктік-сталиндік биліктің саяси қуғын-сүргінінің құрбаны болған ата-бабаларына қатысты тарихи әділеттілікті қалпына келтіру жөніндегі жұмыс жүріп жатқанын білуге құқылы. Өз отбасының тарихына және саяси қуғын-сүргін құрбандарына қатысты әділетсіздікке немқұрайды қарамайтын жұртшылық, қоныс аударуға мәжбүр болған, қуғынға ұшыраған құрбандарды ақтауға байланысты қандайда бір дерекке ие азаматтар, ұрпақтардың жадында сақталған эпизодтар, құжаттар, қоныс аударылу барысындағы қиыншылықтар, оқиғалар, сондай-ақ ауыр сынақтар, аштық, ауруға байланысты өлім, мәжбүрлі қоныс аудару барысындағы басқа да фактілер болған жағдайда мемкомиссияның жұмыс тобының мүшелеріне жүгіне алады. Біз бұл мақалада архивте сақталған деректердің кейбірін ғана сөйлеттік. Алдағы уақытта саяси қуғын-сүргіннің құрбаны болған ата-бабаларымызға қатысты құжаттар кешенді түрде ғылыми тұрғыда зерттеуді қажет етеді. Нұрхат СЕРІКБАЕВ, «Тараз қаласының мемлекеттік архивінің» директоры, Жамбыл облысы бойынша «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі» мемлекеттік комиссия мүшесі, тарих ғылымының магистрі
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар