Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Ғұн дәуіріндегі алып бамсы немесе «Алпамыс батыр» қиссасының ақиқаты қандай?

Ғұн дәуіріндегі алып бамсы немесе «Алпамыс батыр» қиссасының ақиқаты қандай?
ашық дереккөз
Ғұн дәуіріндегі алып бамсы немесе «Алпамыс батыр» қиссасының ақиқаты қандай?
Арғы ата-бабаларымызға жататын сақтар мен ғұндар, үйсіндер мен қаңлылар дәуірінен жеткен көне жазба деректер, ауыз әдебиетінің үлгілері, ауызша, жазбаша шежірелер, тасқа қашап жазылған жәдігерлер қассақтардың (қазақтардың) тарихынан там-тұмдап сыр шертетіні бар. Бұл жөнінде кезінде оқымыстыларымыз кейінгі ұрпаққа аманат ретінде көптеген тарихи дүниелер қалдырып кеткен. Әрине, ұрпақ санасын жаңғыртатын жәдігерлер қолымызға толық тимесе де қытай, моңғол шапқыншылығынан, араб басқыншылығынан, орыс үстемдігінен аман қалған мұраларымыз ғасырдан-ғасырға жетіп, ұлттық құндылықтарымызды жаңғыртуда септігін тигізіп жатыр. Меңдібай Әбілұлы, Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтының доценті, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі: Профессор Н.Келімбетов «Қорқыт Ата» кітабында «Қам-Бураұлы Бамсы – Бейрек туралы жыр» деп аталатын жырдың қадым замандарда айтылғанын атап көрсетеді. Яғни жыр Ислам дәуірінде емес, исламға дейінгі дәуірде жырланғанын жеткізеді: «Бұл жырдың өте қадым замандарда, Ислам діні қыпшақ даласына келгенге дейінгі дәуірлерде, яғни ежелгі түркілердің Көк Тәңірісіне табынатын кезінде айтыла бастағанын аңғару қиын емес...» (Н.Келімбетов, «Қазақ әдебиеті бастаулары», Алматы, «Ана тілі» баспасы, 1998 жыл, 102 бет). Ғалымның осы пікіріне сүйене отырып, «Қам-Бураұлы Бамсы – Бейрек туралы жырдың» («Алпамыс батыр туралы жыр») көне түркілерден бұрынғы дәуірде жырланғанын сезуге болады. Олай дейтініміз – ғұн дәуірінде ғұндар Көк Тәңіріне сыйынған. Ежелгі ғұндардың ең жаман қарғысы: «Көк соққыр! Көк соқсын, сені!..» деп келеді. Ал, ғалымдар Қ.Әбдезұлы, Г.Рыскелдиева, С.Тұрсынғалиева жалпы білім беретін мектептің 6-сыныбына арналған «Қазақ әдебиеті» оқулығында Алпамыс батырдың ғұн дәуірінде өмір сүргенін атап көрсетеді: «...Тарих беттеріне үңілетін болсақ Алпамыс деген батыр тарихта болған адам екендігін байқаймыз. Ол шамамен б.з.б. 110-50 жылдары өмір сүрген қолбасшы, батыр болған. Алпамыс батыр шүршіттермен соғыста ерекше ерлік көрсеткен қолбасы. Тайчу (Тайшық хан) Ғұн мемлекетін біржола жою мақсатында көшпелілер еліне бірнеше дүркін әскер аттандырады. Осы әскерге қарсы бағытталып, бірнеше аптаға созылған жойқын шайқаста Алпамыс шүршіт әскерлерін ойсырата жеңеді. Кейіннен тағы бір жойқын соғыстардың бірінде Алпамыс батырдың жау қолына түсуі жыр-дастанға айналып, біздің дәуірімізге жеткен...» (Қ.Әбдезұлы, Г.Рыскелдиева, С.Тұрсынғалиева, «Қазақ әдебиеті», Астана, «Арман – ПВ» баспасы, 2010 жыл, 26-бет). Бұл тұжырымға сүйенсек, Алпамыс шүршіттердің (қытайлардың) ханы Тайчумен соғысады. Тайчу да, Алып Бамсы да (Алпамыс) тарихи тұлғалар. Алып Бамсы жоғарыдағы ғалымдардың жазуынша б.з.б. 110-50 жылдары өмір сүрген. Ал «Көк түркінің көк семсері» атанған Күлтегін (684 – 731) Алып Бамсыдан кейін өмір сүрген. Осы дәлелдерге табан тірер болсақ Алып Бамсы ежелгі ғұн дәуірінің батыры болып шығады. Жырда Алпамыс Шекті деген елдің (рудың) Байсары деген байдың жалғыз қызы Гүлбаршынға үйленбекші болады. Алпамыс он жасында Қоңырат деген елге әкім болады (Қоңырат – ру аты). Алпамыстың әкесі Байбөрі мен Байсары көкпар тартысып жүріп жанжалдасып қалады да Байсары Қытайға көшіп кетеді. Жырдағы Тайша (Тайшық) ханның Тайчу деген қытайлардың ханы екені тарихтан белгілі екенін жоғарыда айттық. Жырда Тайша (Тайчу хан) («Алпамыс батыр» жырының кей нұсқасында Тайшық хан) қалмақтың немесе жоңғардың ханы деп сипатталады. Ежелгі ғұндар қалмақтармен емес, қытайлармен соғысып келген. Ғұн батыры Мөде туралы «Қазақстан тарихы» деп аталатын кітапта: «Мөде билік еткен алғашқы жылдардың өзінде-ақ Қытайдың шекаралық аудандарына жорықтар жасап, оған күйрете соққы берді...» деп жазылған («Қазақстан тарихы», Алматы, «Атамұра» баспасы, 2010 жыл, 245-бет). Қытайлар бейбіт өмір сүріп жатқан көшпелі ғұндарға басқыншылық соғыстар жасап тұрғаны тарихтан белгілі. «Қам – Бураұлы Бамсы – Бейрек туралы жырдағы» Байбөрінің Тәңіріге жалбарынып ұл сұрайтыны жөнінде профессор Н.Келімбетов былай деп пікір өрбітеді: «Мәселен, жырда Байбөрі перзентсіз екенін айтып зар жылаған сәтте көпшілік қолдарын көкке жайып: «Тәңір саған ұл берсін! – деп бата жасады». Сол жиында Байбіжан деген бек: «О, бектер, егер Көк Тәңірі маған қыз беретін болса, оны мен Байбөрінің баласына бесікте жатқанда қоссам деймін, осыған сіздер куәлік етіңіздер» деді» (Бұл сілтемені Н.Келімбетов Алматыда 1986 жылы жарық көрген «Қорқыт Ата кітабының» 34-бетінен алған). Сондай-ақ жырда Қорқыт Ата айтқанына көнбеген тентек Қаршардың қолын сиқырмен қарыстырып қояды. Сол сәтте Қаршар жалбарынып: «О, Қорқыт Ата! Тәңірге сенемін. Қолымды орнына келтір, Көктің бұйрығы, Тәңірдің жолы болса, қарындасымды Бамсы – Бейрекке берейін дейді» (Бұл сілтемені Н.Келімбетов «Қорқыт Ата кітабының» 40-бетінен енгізген). Міне, жыраулар мен жыршылар, айтушылар, қиссашылар Бамсы – Бейректі немесе Алып Бамсыны Алпамысқа, Бану – Шешекті Гүлбаршынға осылай айналдырған. Ғұн дәуірінің атақты батыры Алып Бамсы туралы ел аузындағы батырлық жырлар «Алпамыс батыр» қиссасына осылай айналған. Профессор Н.Келімбетов «Алып» деген сөздің әскери титул екенін дәлелдейді. «Алып» деген сөз – қазақтың сөзі, «Алып» - үлкен, тау тұлғалы батыр, дәу, ержүрек, жүрекжұтқан, балуан деген мағынаны беретінін ескерсек, Қамбар батырды – «Алып Қамбар», Ер Тарғынды – «Алып Ер Тарғын» (Алып Ер Тұңғаны еске түсіріңіз), Бауыржан Момышұлын – «Алып Бауыржан», Қабанбай батырды – «Алып Қабанбай», Наурызбай батырды – «Алып Наурызбай» т.б. деп атауға болады. Н.Келімбетов «Қорқыт Ата кітабындағы» «Қам-Бураұлы Бамсы-Бейрек туралы жыр» туралы былай деп жазады: «Көк түріктер заманынан көрініс беретін мұндай эпизодтарды «Қорқыт Ата кітабынан» жиі ұшыратуға болады. «Қам-Бураұлы Бамсы-Бейрек туралы жыр» бертін келе түркі халықтарының қоғамдық өміріндегі сан қилы тарихи құбылыстарға сәйкес бірқатар өзгерістерге ұшыраған сияқты. Соның нәтижесінде Бамсы-Бейрек туралы жыр «Алпамыс» жырына айналған секілді. Бірқатар ғалымдар Бамсы-Бейректің ғұндар дәуіріндегі толық аты Алып Бамсы деп санайды. Ғұндар «Алып» деген әскери титулды шайқаста ерлік көрсеткен батырлардың атына қосып айтатын болған. «Алып Бамсы» сөзі бірте-бірте келіп, «Алпамса», «Алпамша», «Алпамыс» атанып кеткен. «Бамсы-Бейрек» жыры өзінің композициялық құрылысы жағынан «Алпамыс батыр» жырына өте жақын. Ал сюжеттік тұрғыдан бұл екі жырдың бірінші және екінші бөлімдері бірін-бірі қайталайды. Басқаша айтсақ, Бамсы – Бейрек пен Алпамыстың дүниеге келуі, сүйген қызына үйленуі, батырлардың жау қолына қапылыста тұтқынға түсіп, ұзақ жылдар бойы зынданда жатуы, сүйген жарының басқа біреумен үйлену тойының үстінен шығуы, жыр қаһармандарының мұрат-мақсатына жетуі, тағы басқа жағдайлар екі жырда да бір-біріне ұқсас болып келеді. «Қорқыт Ата» кітабындағы Бамсы- Бейректің әкесі Қам-Бура мен «Алпамыс» жырындағы Алпамыстың әкесі Байбөрі бейнелері арасында айтарлықтай айырмашылық жоқ деуге болады. Екеуінің де іс-әрекеті, ой-пікірі тіпті сөйлейтін сөздері де мазмұны жағынан бір-біріне өте жақын келеді. Ал бұл жырдағы оғыз тайпасының батыры Бамсы-Бейректің әйелі Бану-Шешек пен қазақ жырындағы Алпамыс батырдың сүйген жары Гүлбаршын сұлуды бір-бірінен айыру қиын. Бұлардың бір-бірінен айырмашылықтары екі жыр сюжетінің кейбір ерекшеліктеріне ғана байланысты болып келеді. «Алпамыс» жырындағы сақау әйел Бадамшаның мінез-құлқы, жүріс-тұрысы «Қам-Бураұлы Бамсы-Бейрек туралы жырдағы» кекеш қатын Қысыршаның қайта жасалған бейнесі сияқты...» (Н.Келімбетов, «Қазақ әдебиеті бастаулары», Алматы, «Ана тілі» баспасы, 1998 жыл, 103-104-беттер). Тарих қатпарларына үңіле қарайтын болсақ ежелгі сақ, ғұн дәуіріндегі домбырашы-жыршылардың, жыраулардың, биші қыздардың болғанына көзіміз жетеді. Көне түркі дәуірінде өмір сүрген қытай ақынының киіз үй туралы «Көк орда» деп аталатын өлеңінде ғұн дәуіріндегі жыршы-жыраулар мен биші қыздар туралы: «Бір жағында сұңқылдайды жыршыңыз // Бір жағында мың бұралған биші қыз...» деп жырлайтыны бар (Н. Келімбетов, «Қазақ әдебиеті бастаулары», Алматы, «Ана тілі» баспасы, 1998-жыл, 30-бет). Олай болатын болса түркі дәуіріне дейін, яғни ғұн-түркі дәуіріндегі оқиғалар сипатталатын «Қам-Бураұлы Бамсы- Бейрек туралы жырдағы» баяндалатын дәстүрлердің қазақ халқының ежелден келе жатқан дәстүрі екенінен дерек беретініне назар аударуға тиіспіз.
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар