"БАЛМҰЗДАҚТЫҢ" бір күні
Биыл жоғарғы оқу орнында білім алып жатқаныма үшінші жыл. Қазір бізде қалаға алғаш келгендегі аңғалдық та, адалдық та жоқ. Көп нәрсеге көз үйренді. Алғашқы айларда жаңа орта, жаңа адамдар, сабақтан бас көтермей таң атқаннан күн батқанға дейін оқу оқып, мамандықты қайтсем игеремін деген ой маза бермегені анық.
Бір-екі жыл артта қалып, университет қабырғасындағы ортаға үйренісіп, үлкендігіңді сезінген шақта айналамызға қарап, жақсы мен жаманды айыра бастадық. Студенттік шақ, шіркін, таусылмастай көрініп еді. Үш жыл да көзді ашып-жұмғанша өте шықты. Әр курс өзінше қызық. Әсіресе, бірінші курстағы балғын шақта талай тосын оқиғалар бастан өтті. Ендеше оқуға келген ең алғашқы күнімнің қызықты бір үзігін баяндайын. Сонымен…
Қыркүйектің бірінші жұлдызында таңертең ұйқымды қандырып, мәз болып тұрсам, сағат тілі 9-ға таяп қалыпты. Бір күн бұрын кешке жақын куратордың хабарласып, сағат 10:00-де университетке шақырғаны бірден есіме түсті. Тұра сала дайындалып, үйден шығамын дегенше сағаттың онға таяп қалғанын байқадым. Көшеден такси тоқтатып, әйтеуір әзер дегенде, белгіленген уақыттан аса үлкен білім ордасына кіріп бардым.
Бұрынғыдай көзіме таныс болып қалған мектеп қабырғалары емес, бұрын-сонды көрмеген оқытушылар мен көптеген жастардың ортасына келдім. Айналама жалтақтап, осы күнге дейін тек телефон арқылы байланысқан топ жетекшімді тезірек тауып алсам екен деп тілей бастадым. Сәл тұйықтау мінезімнің кесірінен тіпті жанымдағы адамдардан оқытушылардың кабинетін сұрауға да қысылдым. Өзіммен бірге оқитын группаластарыммен алдын ала танысып, университетке бірге келуді ойластырмағаныма өкіндім.
Бірге келуді ойлау былай тұрсын, оқудың бірінші күнінен-ақ ұйықтап қалғаныма ашуланып та алдым. Осылайша, қаққан қазықтай бір орнымда жарты сағат тұрдым. Бөтен адамдармен тез тіл табыса қоймайтынымды байқады ма, әйтеуір, бір кезде жаныма бір қыз келіп «Сен балмұздақсың ба?» деп сұрады. Ал, керек болса... Өзім кураторымды таппай, есімнен танып тұрғаным аздай, бұрын-сонды естімеген сөзді естіп, тағы да сасып қалдым. Дені дұрыс адам біреуге барып, «Сен балмұздақсың ба?» деп сұрайтын ба еді?! Мына бойжеткендікі жайшылық па екен дедім ішімнен. Бетіне қарап тұра бергенімнен айтқан сөзін түсінбегенімді аңғарса керек, әлгі қыз қайтадан «Сен бірінші курс студентісің бе?» деп сұрады. Басымды изедім. «Бәсе, бағанадан бері жалғыз өзің жалтақтап тұрсың. Содан саған көмектесейін деп келдім» деп әлгі қыз жымия сөйледі. Әйтеуір не керек, әркімнен сұрастырып жүріп мені кураторым мен группаластарым отырған кабинетке ертіп барды. Ары қарай, куратор топтағы студенттермен таныстырып, оқу жайлы ақпараттар алып, үйге тарқадық. Қайтар жолда екінші мәрте сабаққа мүлдем кешікпеймін, басқа адамдармен қысылмай сөйлесіп кетемін деп іштей қайталап келдім. Бірақ, айтқан сөзім айтқан жерімде қалды-ау деймін...
Сол күннен бері де сабаққа бірнеше рет кешіктім. Кешігіп жүріп, талай қызықтарды да бастан өткердім. Үлкен өмірге қадам басқандарың қайырлы болсын, балмұздақтар!
Гүлсім ДӘУЛЕШ, М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің студенті
Келесі мақала