Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

МАХР БЕРУ МІНДЕТ ПЕ?

МАХР БЕРУ МІНДЕТ ПЕ?
ашық дереккөз
МАХР БЕРУ МІНДЕТ ПЕ?
Махр – әйел затының неке қияр алдында күйеуінен талап етуге құқылы шариғат белгілеген ақысы. Алла Тағала қасиетті Құранда: «Үйленетін әйелдеріңе махрларын шын көңілден тарту етіңдер ...», деп бұйырады. Біраз уақыт бұрын БАҚ беттерінде, ақпараттық порталдарда «Махр» мәселесі қызу талқыға түсіп, сыйлыққа қымбат дүниелі, бағалы ұялы телефон сұраған қалыңдықтар сынға ұшыраған болатын. Тіпті «Тік-Ток»-та осы тақырыпта түрлі контенттер түсіріліп, көптеген оқырман мұндай қымбат сыйлықты сұрау ұят болатынын, керек десеңіз мұндай салт ұлтымызда жоқ екенін алға тартып жатты. Тақырыпқа тұздық ретінде Тараз қаласының тұрғыны Ғалым Ахметтің туысының басынан өткен оқиғаны баяндап берсек. – Қателеспесем, осыдан он жылдай уақыт бұрын ағам үйленіп, арқа-жарқа болдық. Ол кезде махр дегенді енді ғана естіп жүргенбіз. Әйтеуір, махрға сақина беріпті, орамал ұсыныпты деген әңгімелер естіп жататынбыз. Сол ағамыздың неке қиярына қатыстық. Жеңгеміз сонда ағамнан «Джип» көлігін сұрады. Егер көлікке шамаң жетпесе 2 бөлмелі пәтер алып бер деді. Әлгі жерде мінезді ағамыз ашуланып кетіп, «алмаймынға» басып, әбден әуре болғанбыз. Қазір махр жайлы айтылса, сол оқиға есіме түседі. Туысқандар арасында мысалға айналып та кетті, – дейді ол.  Осы орайда «Жалпы махр деген не? Оның қазіргі кездегі көлемі қанша? Жолдасы сыйлығын алып беремін деп уәде беріп, оны орындамаса бола ма?» деген сауалдарды «Әулие ата» мешітінің найб имамы Алтынбек Хусаиновқа да қойып көрдік. Махр – күйеужігіттің қызға беретін сыйлығы. Қалыңмалды қыздың ата-анасына, туған-туыстарына береді. Ал махрды неке қиған кезде жұбаныш ретінде қыздың өзіне ұсынады. Бауыржан Момышұлынан «Сіз Кеңес Одағының Батыры атандыңыз, енді өзіңіз секілді тағы кімді батыр деп атар едіңіз?» деп сұраған екен. Сонда батыр Бәукең «Әйелдер» деген екен. Сол айтпақшы, әйел адамның батырлығы соншалық, өзі танымайтын отбасыға келіп, тіршілік етеді. Әке-шешесін тастап, бауырларын тәрк етіп, басқа отбасыға сіңеді. Жарына бойұсынып, басқа үйге сіңісіп кету өте қиын нәрсе. Сол көңілді жұбату мақсатында шариғат бойынша махр сыйлығы беріледі. Ер адамдар үйінен алыстап, іссапарға уақытша кеткеннің өзінде шыдай алмай, жақындарын сағынып жатады. Ал әйел кісілер мәңгілікке сапарлатып, басқа ошақтың отын тұтатады. Сол үшін беріледі. Ең жақсы махр барынша аз сұраған немесе хақысын кешіріп жіберу болып есептеледі. Яғни ештеңені талап етпеу, талап етсе де аз нәрсені талап ету. Енді махрдың көлеміне келер болсақ, Пайғамбарымыз Мұхаммед(с.ғ.с) өзінің хадисінде махрдің ең азы 10 дирхам деген. 10 дирхам біздің теңгемен шаққанда, 20-30 мың теңгедей болады. Бұл баға жыл сайын құбылып тұрады. Әйел адам махр сұрағанда бағасы осыдан төмен болмауы керек, бірақ одан жоғары сұраса бола береді. Қанша болса да өз хақысы. Көп сұраған адамдікі қате деп айта алмаймыз. 100 мың, миллион, миллиард, алтын, бриллиант, бренд заттар сұрап жатса да өз хақысы. Бірақ күйеуінің жағдайына қарап сұрағаны жақсы. Кейбір ер азаматтың жүз мың, кейбірінің миллион теңгенің айналасындағы затты әперуге жағдайы жетеді. Соған қарап, бағамдап айтқан дұрыс болады. Егер мөлшерден көп сұрап жатса, оны қате деп айта алмаймыз. Себебі шариғат рұқсат берген. Шариғатта махрдың шегі жоқ делінсе де, сұраған осы екен деп күйеуіне шамадан тыс күш салу қыз әдебінің, тәрбиесінің, көрегенділігінің бір нышаны. «Ең жақсы әйел – махрды аз сұраған әйел» деген де ғалымдарымыздың сөзі бар. Махрға келісіп, алып бере алмаса, күйеуінің мойнында қарыз болып қалады. Тіпті ерлі-зайыптылар ажырасып кеткен кезде де күйеуі алып беруі керек. Ал махрды неке қиған кезде айтуды ұмытып кетіп немесе айтылмай кетіп, кейін сол тақырып қозғалса ерлі-зайыптылар оны өзара шешуі керек. Бірақ неке қиылғанда айтылуы абзалырақ. Махр жайлы оқиғалар өте көп. Соның бірі Пайғамбарымыздың заманындағы бір сахабаның басынан өткен. Ол кісінің жағдайы жоқ болғандықтан біраз уақыт үйлене алмай жүріпті. Кейін Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «Бір отбасыға барып, соның қызын аласың. Менен сәлем айтып бар. Олар қыздарын беруі керек. Махрына осындай сыйлық жасайсың» дейді. Сонда ол сахаба ондай беретін ештеңесі жоқ екенін айтады. «Ештеңе жоқ болса, Құран білесің бе? Әйеліңе Құранды үйрет, сол махр қатары болсын» дейді. Енді махрдың тағы бір шарты – ол беретін бір зат болуы керек. Сауап, ілім сияқтылар махр болып саналмайды. Бұл оқиғадағы сол сахабаға қатысты, бүкіл мұсылманға қатысы жоқ дейді. Кейбір руаяттарда, сол кісінің атынан жиналып махр бергендігі жайлы да айтылады. Құран үйрету арқылы махрдан құтыла алмайды. Бұл жердегі мәселе, қызға сыйлық ретінде әйтеуір бірдеңе беруі керек деген мәселе. Яғни адам өміріндегі бір қымбат деп есептелетін, көңілін көтеретін зат болуы керек, – дейді Алтынбек Сәлімгерейұлы. Шариғат бойынша махрды әркім өз білгенінше сұрауға құқылы. Бірақ сыйлық көлемі мен бағасы ақылға қонымды, тұрмысқа шыққалы отырған жарының қаржылық мүмкіндігі аясында болғаны абзал дейді дін мамандары.

Айжан ӨЗБЕКОВА

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар