Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Экосағат экологиялық жауапкершілікті арттырды

Экосағат экологиялық жауапкершілікті арттырды
inbusiness.kz
Қазақ ұлттық сушаруашылығы және ирригация университетінде Су ресурстары және ирригация министрлігінің ұйымдастыруымен «Суды үнемде – болашақты сақта!» тақырыбында экосағат өтті.

Экосағаттың негізгі мақсаты – жастардың су ресурстарына деген жауапкершілігін арттыру, суды тиімді пайдалану мәдениетін қалыптастыру және заманауи су үнемдеу технологияларын насихаттау болды.

Іс-шараға су саласының жетекші мамандары мен сарапшылары қатысып, өз тәжірибелерімен бөлісті. Атап айтқанда, Сушаруашылығы ғимараттарын дамыту департаментінің директоры Сағи Мұрасұлы, Шу-Талас бассейндік су инспекциясының басшысы Нұрсұлтан Ақжолов, облыс әкімдігі ауылшаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Болат Сағынбеков және Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының бас директоры Серік Саиров студенттер алдында баяндама жасады.

Спикерлер өз сөздерінде су ресурстарының қазіргі жағдайы, су тапшылығының өзекті мәселелері және оны тиімді басқару жолдарына тоқталды. Әсіресе Қазақстанның су ресурстары шектеулі елдер қатарына жататыны, трансшекаралық өзендерге тәуелділігі және климаттық өзгерістердің су балансына әсері кеңінен талқыланды.

Сағи Мұрасұлы өз баяндамасында елімізде сушаруашылығы инфрақұрылымын жаңғырту, жаңа суқоймалар салу, ирригациялық жүйелерді қалпына келтіру және цифрландыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға ерекше тоқталды. Оның айтуынша, қабылданып жатқан кешенді шаралар су тапшылығын азайтып, ауылшаруашылығын тұрақты сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар қатысушыларға былтыр қабылданған жаңа Су кодексінің маңызы түсіндіріліп, онда су ресурстарын тиімді пайдалану, қорғау және сапасын сақтау мәселелеріне басымдық берілгені атап өтілді. Өнеркәсіп саласында суды қайта пайдалану жүйелерін енгізу және ауылшаруашылығында су үнемдеу технологияларын кеңінен қолдану негізгі міндеттердің бірі екені айтылды.

Экосағат барысында студенттер спикерлерге сұрақтар қойып, су саласындағы өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты. Бұл ашық диалог алаңы жастардың кәсіби қызығушылығын арттырып, олардың болашақтағы рөлін айқындауға мүмкіндік берді.

Айта кету керек, мұндай бастамалар студент жастарды экологиялық жауапкершілікке тәрбиелеумен қатар, су ресурстарын сақтау ісіне қоғамды кеңінен тартудың тиімді құралына айналып отыр.

Қазақ ұлттық сушаруашылығы және ирригация университетінде өткен экосағат болашақ мамандардың экологиялық санасын қалыптастыруға бағытталған маңызды қадамдардың бірі болды.

Сондай-ақ «Суды үнемде – болашақ үшін сақта!» әлеуметтік жобасын жүзеге асыруға қосқан үлесі үшін университеттің бірқатар оқытушысы мен студенттері арнайы марапаттарға ие болды.Бұл – олардың су ресурстарын тиімді пайдалану мәдениетін қалыптастыруға және экологиялық бастамаларды дамытуға қосқан елеулі үлесінің айқын көрінісі.

«AR-AI»-ақпарат

 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар