Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Мемлекеттік сатып алудың талабы күшейді

Мемлекеттік сатып алудың талабы күшейді
РСК
Өңірлік коммуникациялар қызметінде «Мемлекеттік сатып алу рәсімдерінің ашықтығы мен тиімділігі» тақырыбында баспасөз конференциясы өтті. Онда облыс әкімдігі мемлекеттік сатып алу басқармасының басшысы Ғалым Әбдіқазиев баяндама жасап, 2026 жылдың 4 айында атқарылған жұмыстар туралы әңгімеледі.

– Басқармаға мемлекеттік сатып алудың бірыңғай ұйымдастырушысы ретінде тапсырыс берушілерден жыл басынан бері жалпы сомасы 35,8 миллиард теңгеге 149 конкурс бойынша мемлекеттік сатып алу рәсімдерін жүргізуге өтінімдер келіп түскен. Басқарма тарапынан ұйымдастырылған мемлекеттік сатып алу рәсімдері аясында 26,5 миллиард теңгені құрайтын 127 лот бойынша жеңімпаздар анықталды. Жеңімпаздардың жалпы саны 67 мердігерді құраса, оның ішінде облыста тіркелген 45 мердігермен 18 миллиард теңгеге 87 лот бойынша келісімшарт жасалды. Басқа облыстарда тіркелген 22 мердігермен 40 лот бойынша жасалған келісімшарт сомасы – 7,8 миллиард теңге. Нәтижесінде жалпы келісімшарт сомалары 25,8 миллиард теңгені құрап, 0,7 миллиард бюджет қаражаты үнемделді.

Құрылыс-монтаждау жұмыстары бойынша 22,4 миллиард теңгеге 22 нысан бойынша хабарламалар жарияланды. Сонымен қатар тауарлар, қызметтер және құрылыспен байланысты емес жұмыстарды мемлекеттік сатып алу бойынша жалпы сомасы 13,3 миллиард теңгені құрайтын 127 конкурс жарияланды.

Мемлекеттік сатып алу саласындағы негізгі өзгерістерге тоқталсам, бұл – электрондық депозитарийге қатысты орын алған өзгерістер. Өйткені жүргізілген талдау жүйелі бұзушылықтар бар екенін көрсетті. Атап айтсақ, жұмыс тәжірибесін растайтын құжаттарға жалған мәліметтер енгізу фактілері анықталды. Оның ішінде нысандарды пайдалануға беру туралы бұрмаланған және жалған актілерді тіркеу орын алған. Мұндай жағдайлар сот дауларына әкеліп, нәтижесінде бюджет қаражатын уақытылы игеруге кері әсерін тигізді.

Осыған байланысты Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі нормативтік және техникалық шаралардың кешенін қабылдады. 2024 жылғы №676 және сол жылғы №809 бұйрық бойынша мемлекеттік сатып алу қағидаларына өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, құрылыс-монтаж жұмыстары бойынша тәжірибені растайтын құжаттарға қойылатын талаптар күшейтілді.

Сонымен қатар 2025 жылғы 1 наурыздан бастап жұмыс тәжірибесін растау тәртібі өзгертілді. Бұған дейін енгізілген құрылыс-монтаж жұмыстары, техникалық қадағалау және жобалау бойынша мәліметтер белгіленген мерзімде міндетті түрде қайта расталуға тиіс болды. Қайта тексеруден өтпеген деректер «белсенді емес» мәртебесіне ауыстырылып, конкурстық өтінімдерді бағалау кезінде есепке алынбайды, – деді Ғалым Қамбарұлы.

Сондай-ақ спикер құрылысқа қатысы жоқ жұмыстарды, яғни ағымдағы және орташа жөндеу, абаттандыру секілді жұмысты сатып алу кезіндегі біліктілік талаптар жайын сөз етті. Мысалы, бұрын қолданыста болған норма бойынша, тиісті лицензияның болуы арқылы әлеуетті жеткізушінің материалдық және еңбек ресурстарымен қамтамасыз етілгені расталатын болған. Бұл рәсімдерді жеңілдетіп, өтінімдерді қарау мерзімдерін қысқартып, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендететін. 2025 жылдан бастап жаңа қағидалардың енгізілуімен бұл тәсілдер өзгертіліп, ресурстарды меншік немесе жалға алу құжаттары арқылы растау бойынша қосымша талаптар пайда болған. Іс жүзінде бұл үдерісті күрделендіріп, сатып алу мерзімдерін ұзартып, жалған құжаттар ұсыну тәуекелдерін арттырған. Осыған байланысты бұрынғы норманы қайта енгізу туралы ұсыныс жасалып, бастама қолдау тауыпты.

Сонымен қатар «Омаркет» жүйесінде антифрод-бақылауды енгізу, жаңа қағидалардың 74-тармағын қолдануда тапсырыс берушіге әлеуетті жеткізушілерден жұмыстарды немесе қызметтерді нақты орындауды талап ету тетіктері жайы тілге тиек етілді.

Н.БОЛАТҰЛЫ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар