Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Түркістанның тарихын танытқан көрме

Түркістанның тарихын танытқан көрме
Автор
Облыстық тарихи өлкетану музейінің Көркемсурет галереясында Тәуелсіздіктің 35 жылдығына орай Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, қылқалам шебері Айнабек Оспановтың 70 жылдық мерейтойына арналған «Түркістанды тану» атты шығармашылық көрмесінің ашылу салтанаты өтті.

Түркістан топырағында туып, ұлттық өнердің өрісін кеңейткен Айнабек Мыңжасарұлының әр туындысы – тарих пен танымның, бояу мен болмыстың үндестігі.

Көрменің ашылу рәсімінде облыс әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы басшысының орынбасары Абирхан Жанқұлов құттықтау сөз сөйледі.

– Айнабек Оспанов – өз ісінің нағыз маманы, бейнелеу өнерінде өзіндік қолтаңбасын қалыптастырған тұлға. Ол сурет өнерінің түрлі бағыттарын меңгеріп қана қоймай, әр туындысы арқылы ішкі ізденісін, кәсіби шеберлігін және терең ой-толғамын айқын көрсетіп келеді. Шебер шығармашылық жолында үнемі ізденіс үстінде болып, өз-өзін дамытып, өнердің жаңа қырларын ашуға талпынып келеді.

Суретшінің туындылары мазмұндық тереңдігімен, көркемдік шешімдерінің ерекшелігімен және тарихи таныммен астасып жатуымен ерекшеленеді. Әрбір картинасында өткен мен бүгіннің байланысы, ұлттық болмыс пен рухани құндылықтар көрініс табады. Ол текбейнелеумен шектелмей, көрерменге ой салып, белгілі бір идеяны жеткізуді басты мақсат етеді, – деді Абирхан Абирбекұлы.

Сонымен қатар мерейтой иесіне басқарма басшысының алғыс хатын табыстады. ҚР Суретшілер одағының мүшесі, облыстық Суретшілер одағы филиалының төрағасы Болат Хусаинов бастаған өнер өкілдері ізгі тілектерін арнап, суретшінің шығармашылық жолына жоғары баға берді.

Кеш шырайын Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармонияның әншілері Айгүл Есекеева мен Бекарыс Көштаевтың орындауындағы халық әндері аша түсті.

Көрмеде қылқалам шеберінің 75 туындысы көпшілік назарына ұсынылған. Айта кетейік, «Түркістанды тану» көрмесі 20 мамырға дейін жалғасады.

Сымбат ҚУАНЫШ

 

 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар