Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Ауызсумен қамтылмаған ауыл қалмады

Ауызсумен қамтылмаған ауыл қалмады
Автор
Халықты сапалы ауызсумен қамтамасыз ету мемлекеттің ең маңызды әлеуметтік міндеттерінің бірі екені баршаға аян. Бұл мәселе жылдар бойы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей бақылауында болып, ел қазынасынан қажетті қаражат жыл сайын тиісті мөлшерде бөлініп отырды.

Бүгінде Әулиеата өңірінде ішкі желісі жоқ немесе су құбыры тартылмаған ауылдар жоқтың қасы. Өңірімізде ертеректе «Ақ бұлақ» мемлекеттік бағдарламасы, кейінгі кезде «Ауыл – ел бесігі» сияқты жарқын жобалар аясында қарқынды жұмыстар атқарылып, тұрғындардың тұрмысын жеңілдетуге айтарлықтай септігін тигізді. Облыстың ең шалғай елді мекендеріне дейін су құбырлары тартылып, жаңа су айдау стансалары салынып, су сорғылары орнатылды. Бұрын суды піспе құдықтан тасып ішкен немесе ашық су көздерін пайдаланған ауыл халқы бүгінде үйінің ішіне келіп тұрған таза суды пайдалануда.

Облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық басқармасының сумен жабдықтау, су бұру және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Смат Сатымбеков бүгінде аймақта ауызсумен қамтылмаған бірде-бір елді мекен қалмағанын айтады.

– Облысымыздағы 357 елді мекенде 1 миллион 222 мың адам тұрады. Оның ішінде 4 елді мекен қала мәртебесіне ие болса, қалған 353-і ауылдық жерлерге жатады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың берген тапсырмасына сәйкес облыстағы барлық қалалар мен ауылдар былтыр 100 пайыз таза ауызсумен қамтамасыз етілді. Бұған халықтың өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында қолға алынған игі істер мен мемлекеттік бағдарламалардың дер кезінде орындалуы септігін тигізді.

Өткен жылы осы мақсатқа бюджеттен 13 миллиард 900 миллион теңге бөлінген болатын. Бұл қаражатқа 24 елді мекен мен 9 тұрғын алқапта жаңадан су жүйелерін жүргізу және құрылыс жұмыстарын аяқтау жоспарланды. Барлық атқарылған істер туралы мәліметтер жинақталып, орталық атқарушы органға тиісті есеп уақытында берілді.

Жалпы елді мекендерге ауызсу құбырын тартуға қатысты құрылыс жұмыстары облыста жылдар бойы үздіксіз жүргізілді. Сонымен қатар ескірген су құбырлары жаңартылып, кейбірі бойынша жаңадан су айдау стансалары іске қосылды.

Бұдан бөлек, осы жылы облыс көлемінде 19 елді мекеннің тозығы жеткен ауызсу желілерін қайта жаңғырту жоспарланған. Бұл мақсатқа жалпы көлемі 17,1 миллиард теңге қаржы қарастырылып отыр. Оның ішінде 8,2 миллиард теңгесі облыстық бюджеттен, қалғаны Арнаулы мемлекеттік қор есебінен бөлінбек. Аталған жобалар бірнеше аудан бойынша кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Атап айтқанда, Жуалы ауданы бойынша Қайрат, Көлбастау және Бақалы ауылдарындағы ауызсу желілері жаңартылады. Қордай ауданында Күнбатыс-2, Гвардейск және Қарасай батыр ауылдары қамтылмақ. Меркі ауданында Ақарал, Сыпатай және Жамбыл елді мекендерінде тиісті жұмыстар жүргізіледі. Ең көп жоба Мойынқұм ауданына тиесілі. Мұнда Хантау, Мыңарал, Шығанақ, Бірлік, Биназар, Мойынқұм және Құмөзек ауылдарымен қатар Мойынқұм су жеткізу магистралі (водовод) да қайта жаңғыртылады. Сондай-ақ Сарысу ауданында Жайылма мен Маятас ауылдарындағы ауызсу желілерін жаңарту көзделген.

Осы жобалардың 8-і Арнаулы мемлекеттік қор қаражаты есебінен, 11-і облыстық бюджет қаражаты есебінен іске асырылуда. Анықтама ретінде айта кетсек, Арнаулы мемлекеттік қор қаражаты есебінен қолға алынған 8 нысанның жетеуінде құрылыс монтаж жұмыстары басталып, мердігер ұйымдарға шартқа сәйкес қарастырылған аванстық 30 пайыздық қаражат толық көлемде аударылды. Оның ішінде Мойынқұм ауданы аумағындағы Биназар ауылы бойынша жүргізіліп жатқан су жүйелерін қайта жаңғырту жобасына қатысты мемлекеттік сатып алу рәсімдерінің қорытындысына байланысты сот процесі жүріп жатыр.

Негізі облыс аумағында ұзындығы шамамен 7 200 шақырым ауызсу желілері болса, 1 800 шақырымы, яғни жалпы желінің 24,7 пайызы тозығы жеткен деп есептеледі және күрделі жаңғыртуды қажет етуде. 2026 жылдың жоспарлы көрсеткіштеріне сәйкес жыл соңына дейін 424 шақырым ауызсу желілерін жаңарту көзделуде. Бұл жұмыстар толық орындалған жағдайда облыс бойынша ауызсу желілерінің тозу деңгейі 1,5 пайызға төмендейді деп күтілуде.

Сонымен қатар ауызсу жүйелерін және су бұру (кәріз) инфрақұрылымын қайта жаңғыртуға жалпы құны 77,9 миллиард теңгені құрайтын 41 жоба дайындалған. Аталған жобаларды жалпы сипаттағы трансферттер және Арнаулы мемлекеттік қор қаражаты есебінен жүзеге асыру жоспарланған, – дейді Смат Құнанбайұлы.

Соңғы жылдары Мойынқұм ауданында ауызсу инфрақұрылымын жаңарту бойынша ең ірі әрі ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. Осы ретте атқарылып жатқан жұмыстардың барысын аудан әкімдігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Бауыржан Төлегеновтен сұрадық.

Бөлім басшысының айтуынша, аудандағы 24 елді мекен, онда күн кешіп жатқан шамамен 28 430 тұрғын 100 пайыз орталықтандырылған ауызсу жүйесіне қосылған және тұрақты түрде сапалы ауызсу тұтыну мүмкіндігіне ие болған.

2025 жылдың жоспарлы жұмыстары аясында бұған дейін сапалы ауызсу жүйесімен толық қамтылмаған 4 елді мекенде, атап айтқанда, Ақсүйек, Ақбақай, Қашқантеңіз және Бурылбайтал ауылдарында жаңа су жүйелерін салу және қолданыстағы инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары жүргізіліпті. Аталған елді мекендерде тұрғындарды сапалы ауызсумен қамтамасыз ету мәселесі түбегейлі шешімін тапқан. Сонымен қатар Хантау елді мекенінде жүзеге асырылып жатқан су құбыры жүйесін салу және жаңарту жұмыстарының 95 пайызы орындалып, нысан 2026 жылға өтпелі жоба ретінде рәсімделген. Бұл жоба осы жылы толық аяқталып, пайдалануға берілмек.

– 2026 жылы Мойынқұм ауданы аумағында ауызсу инфрақұрылымын жаңғырту мақсатында 7 жоба бойынша ауқымды құрылыс-монтаж жұмыстары жоспарлануда. Бұл жобаларға 10,1 миллиард теңге қаржы қарастырылған. Оның ішінде Арнаулы мемлекеттік қор есебінен 5,7 миллиард теңге, облыстық бюджет есебінен 1,4 миллиард теңге, сондай-ақ төтенше жағдайлар салдарынан қалпына келтіру жұмыстарына арналған қаражат есебінен 2,89 миллиард теңге бағытталды. Осы арқылы аудан тұрғындарын сапалы ауызсумен қамтамасыз етуді түбегейлі жақсарту және тозығы жеткен су жүйелерін кезең-кезеңімен жаңарту көзделді.

Аталған жобалардың толық іске асуы Мойынқұм ауданы бойынша ауызсу жүйесінің сенімділігін арттырып қана қоймай, магистральдық және ішкі желілердің тозу деңгейін айтарлықтай төмендетуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар ауылдық елді мекендерді тұрақты әрі сапалы ауызсумен қамтамасыз ету көрсеткіштері жаңа деңгейге көтеріледі деп күтілуде, – дейді Б.Төлегенов.

Әулиеата өңірінің шалғайда жатқан елді мекендерінің бірі – Ақсүйек ауылы. Бұл ауыл аудан орталығы Мойынқұм ауылынан шамамен 250 шақырымдай қашықта орналасқан.

Ақсүйек ауылының әкімі Ғани Жүнісовпен тілдескенімізде ол елді мекеннің тарихымен қоса, бүгінгі тыныс-тіршілігіне дейін айтып берді.

– Ақсүйек ауылы – тағдырлы тарихы мен еңбекқор халқы бар ерекше мекен. Бүгінгі күні шағын ауыл ретінде танылғанымен, іргетасы сонау 1956 жылы қаланған. Сол кезеңде бұл жер 1951 жылы ашылған уран кен орнының негізінде бой көтерген жұмысшы кенті болатын. КСРО дәуірінде Ақсүйек «Шөлдегі оазис» атанған үлгілі елді мекендердің бірі еді. Қысқа уақыт ішінде тұрғын үйлер, мектептер, ауруханалар, дүкендер мен түрлі кәсіпорындар салынып, тіршілік қайнаған орталыққа айналды. Ауылдың негізгі тірегі – уран өндіретін кеніш болды. Тиісті кәсіпорында өндірілген уран рудасы өңделіп, ел экономикасына өз үлесін қосты.

Уақыт ағымымен бірге елді мекеннің де тыныс тіршілігі өзгерді. Бүгінде Ақсүйек ауылында 752 адам тұрады. 29 көшеден тұратын ауыл жаңару мен даму жолына түскен, болашағы айқын шағын ауылдардың бірі. Өзім 2022 жылдың 25 шілдесінде ауыл әкімі қызметіне сайланып, содан бері ел игілігі жолында қолымнан келгенінше еңбек етіп келемін.

Соңғы жылдары Ақсүйекте бірқатар маңызды инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, 2022 жылы жаңа су құбырының құрылысына 1 461,3 миллиард теңге бөлініп, жұмыстар басталды. Құрылыс жұмыстарының аяқталуына аз ғана қалды, шамамен 95 пайыз жұмыс атқарылды. Жоба толық аяқталмағанына қарамастан ауыл тұрғындары тәулік бойы үздіксіз таза ауызсумен қамтамасыз етілуде.

Негізінде Ақсүйек ауылына қажетті ауызсу үшін ұңғыма елді мекеннен 38 шақырым қашықтықтағы Хан тауының етегінен қазылған болатын. Ауыл тұрғындарына таза су сол жерден тартылған құбыр арқылы дизельді станса көмегімен жеткізілуде. Алдағы мамыр айында электр қуатымен жұмыс істейтін жаңа су айдау стансасы іске қосылады. Қазір қажетті қосалқы стансалар су нысанына жеткізіліп, орнату жұмыстары жүріп жатыр. Сонымен қатар тиісті құжаттарды рәсімдеу процесі аяқталуға жақын.

Сондай-ақ 2025 жылы электр желілерін жаңартуға бюджеттен 230 миллион теңге қаражат қарастырылып, құрылыс жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде электр бағандарының 85 пайызы ауыстырылып, төрт жаңа заманауи трансформатор орнатылды. Бұл игі шаруалар ауылдағы электрмен жабдықтау сапасын жақсартып, қауіпсіздікті арттыруға септігін тигізді. Инфрақұрылымға қатысты жұмыс мұнымен толық аяқталған жоқ, сол бағаналарға 212 жарықшам орнатылды. Жақын уақытта құжаттары әзірленіп, толық іске қосылады.

Инфрақұрылымды дамыту бағытында да атқарылған жұмыс аз емес. Оның ішінде ірі жобалардың бірі үш негізгі көшенің орташа жөндеу жұмыстарына 152 миллион теңге бөлініп, жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жол сапасы едәуір жақсарды. Осындай татымды тірліктер арқылы тұрғындардың күнделікті өміріне қолайлы жағдай жасалып, ауыл ажары да ашыла түсті, – деді Ғани Спартакұлы.

Ауыл тұрғыны Алтынбек Жағанов елді мекен тұрғындарының еңбекқор, ауызбіршілігі жарасым тапқан, өткеніне құрметпен, болашағына сеніммен қарайтынын сөз етті. Оның айтуынша, ауыл тарихы еңбек пен табандылықтың айғағы болса, бүгінгі жетістігіне бірлік пен жүйелі жұмыстың арқасында қол жеткізіліпті. Ол алдағы уақытта да бұл ауылдың көркейіп, дамудың даңғыл жолымен ілгерілей беретініне сенім білдірді.

– Мен осы ауылдағы Ақсүйек көшесінің тұрғынымын әрі осы ауылда ардагерлер кеңесінің төрағасымын және медиатормын. Ауылымыз жылдан-жылға көркейіп келеді. Қазіргі ауыл әкімі сайланғалы бері елді мекенде біраз шаруа тындырылды. Халықтың кейбірі қолындағы азын аулақ малын күнкөрісіне жаратса, енді біразы «Эврика-Барит» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мен «Жамбыл-Цемент» кен өндірісінде жұмыс істейді.

Мұнда малшаруашылығымен, жеке кәсіпкерлікпен айналысып, заман ағымына ілесе білгендер жетерлік. Соның бірі ретінде «Райымбек» шаруа қожалығының иесі Есім Айдынды атауға болады.

Жастардың спортпен айналысуына да барлық жағдай жасалған. 2018 жылы футбол алаңы салынып, жасөспірімдер алаңсыз спортпен шұғылданып жүр. Жолдың жайы да жақсы, ауызсу үйге келіп тұр. Енді тек көгілдір отын мәселесі шешімін тапса деген тілегіміз бар. Себебі облыс бойынша Мойынқұм ауданы ғана газдандырылмаған деп естідік. Қазір ауылдықтар қатты отынның бір тоннасын 13 мың теңгеден алып, қыс мезгілінде көмір жағып, күл шығарып жүр. Сондықтан табиғи отынның қызығын ақсүйектіктердің де көргісі келетінін жасырып қайтеміз? Сәтін салса, ол қуанышты да көретін күн туады деген сенімдемін, – дейді ауыл тұрғыны А.Жағанов.

Жалпы облыста ауызсу құбырын тарту, тозған су жүйелері мәселесі мемлекеттің жүйелі қолдауының арқасында толық шешімін тауып келеді. Салынған су құбырлары мен жаңа стансалар ауылдағы ағайынның тұрмыс сапасын қала деңгейіне жақындатып, күнделікті тіршілігін едәуір жеңілдетуде. Ендігі кезекте бар инфрақұрылымды тиімді пайдаланып, тозығы жеткен желілерді уақытылы жаңартып отыру басты назарда болмақ. Таза судың келуі өңірдегі әлеуметтік жағдайды жақсартумен қатар, ауылдардың болашақта дамуына жаңа серпін беретіні ақиқат.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ

 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар