Ауқымды іс-шараға қаладағы 15 мектептен 300-ден астам оқушы қатысып, өзара білім, тәртіп және шеберлік бойынша бақ сынасты.
Слеттің басты мақсаты – жасөспірімдер арасында құқықтық сауаттылықты арттыру, тәртіп пен жауапкершілікке баулу, сондай-ақ полиция қызметінің маңызын түсіндіру.
Ашылу салтанатында облыстық полиция департаментінің бастығы Қайсар Сұлтанбаев сөз сөйлеп, мұндай бастамалардың жас ұрпақтың құқықтық санасын қалыптастырудағы рөлін ерекше атап өтті. Ол қатысушыларды тәртіпті, жауапкершілігі жоғары әрі елін сүйетін азамат болып өсуге шақырды.
Іс-шара барысында қатысушылар саптық дайындық, құқықтық білім, спорттық жарыстар және командирлер сайысы бойынша сынға түсті. Әр кезеңде оқушылар ұйымшылдығы мен белсенділігін көрсетті.
Сайыс қорытындысы бойынша жалпы командалық есепте бірінші орынды №46 орта мектептің «Жас сақшы» полиция сыныбы иеленсе, екінші орын Нарғозы Данаев атындағы орта мектепке бұйырды. Ал үшінші орынды №61 орта мектептің полиция сыныбы жеңіп алды. Жеңімпаздар диплом, кубок және медальдармен марапатталды.
Сонымен қатар құқықтық тәрбие жұмысына үлес қосқан педагогтар мен мекемелерге алғыс хаттар табысталып, жеңімпаздарға білім бөлімі тарапынан арнайы сыйлықтар берілді. Ұйымдастырушылар мұндай слеттер алдағы уақытта да дәстүрлі түрде жалғасатынын атап өтті.
Облыстық полиция департаментінің
баспасөз қызметі




