– Акционерлік қоғам өткен жылды 134 миллион теңге көлеміндегі пайдамен аяқтады. Активтері 31,3 миллиард теңгеге жетті. Жыл соңында тұрақтандыру қорындағы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары қорының жалпы көлемі 4,4 миллиард теңгені құрады. Ал тұрақтандыру қоры сауда желілеріне интервенция аясында 240,3 миллион теңге сомасына тауар жөнелтті. 2025 жылдың басынан бері тұрақтандыру қорының тауарлары азық-түлік жәрмеңкелеріне тұрақты түрде жеткізіліп, қала тұрғындарына төмендетілген бағамен сатылды. Сауда және интеграция министрінің Былтырғы 23 желтоқсандағы бұйрығына сәйкес әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізбесі 19-дан 31-ге дейін ұлғайтылды. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасына апта сайын мониторинг жүргізілуде. Өткен жылдың басынан бері тұрақтандыру қоры шамамен 65 миллион теңге сомасына тауарлық интервенция жүргізді. Тұрақтандыру қорының қажетті қор көлемін қалыптастыру үшін әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын сатып алу көлемінің есептеулері тиісті мерзімде дайындалды. Сонымен қатар 2026 жылдың басынан бастап «Құмшағал» және «Мыңбұлақ» ықшамаудандарында екі павильон ашылды. Ал алдағы уақытта тағы бір павильонды «Шалғай Қарасу» алқабында ашу жоспарлануда. Осылайша әлеуметтік павильондардың жалпы саны 15-ке жетті. Аталған жобаны іске асыру халыққа әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын қолжетімді бағамен ұсынуға, жергілікті тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға және бағаны тұрақтандыруға ықпал етеді. Былтыр Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін тарату бағдарламасы аясында республикалық бюджеттен 11 инвестициялық жобаны жүзеге асыруға 9,3 миллиард теңге бөлінді. Қазіргі таңда бағдарлама аясында бір көкөніс қоймасының құрылысы аяқталды. Аталған жобалардың арасында ерекше атап өтетіндері бар. Соның бірі – жылдық қуаттылығы 10 миллион жұмыртқа шығаруға қауқарлы заманауи құсшаруашылығы племелік репродукторларын өсіру кешені. Бұл жоба саладағы генетикалық потенциалды нығайтуға, импортқа тәуелділікті төмендетуге және ішкі нарықты жоғары сапалы отандық инкубациялық материалмен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Жобаның аяқталу мерзімі 2026 жылдың 30 желтоқсанына жоспарланған. Сондай-ақ 10 000 уақ малға арналған заманауи қой фермасын құру жобасын да атап өтуге болады. Ол да жыл аяғында іске қосылады. Биыл аталған бағдарлама аясында республикалық бюджеттен 6,5 миллиард теңге бөлінуі жоспарлануда. Бүгінгі күнге осы қаражатты игеру үшін қажетті өтінімдер жинағы қалыптастырылды, – дейді Қанат Әубәкірұлы.
Спикер аталған жобалардың маңыздылығы мен құрылған жұмыс орындары туралы да егжей-тегжейлі баяндап, «Ауыл аманаты» жобасының іске асырылу барысын да сөз етті. Бұл жоба аясында былтыр жалпы сомасы 3,7 миллиард теңгеге 518 жоба қаржыландырылыпты. Өткен жылдың қорытындысы бойынша «Ауыл аманаты» шеңберінде жобаларды қаржыландыруда Байзақ, Т.Рысқұлов, Жуалы аудандары ең үздік көрсеткіштерге қол жеткізсе, аудандар арасында Мойынқұм, Сарысу, Талас аудандары төмен нәтиже көрсеткен.
– «Тараз» индустриялық аймағының аумағында жалпы құны 157 миллиард теңгені құрайтын 24 жоба бар. Оның ішінде 2025 жылы 13 жоба тартылды. Аталған жобалар аясында шамамен 1 800 жаңа жұмыс орнын құру жоспарлануда. Өткен жылы индустриялық аймақ аумағында 3 инвестициялық жоба пайдалануға берілді. Олар – әк өндіру және дайын өндірістік алаңдарды салу бойынша жобалар. Шағын және орта бизнесті қолдау мақсатында «Тараз» индустриялық аймағы мен «Jibek Joly» арнайы экономикалық аймағының аумағында жалпы ауданы 40 мың шаршы метрді құрайтын заманауи өндірістік ғимараттар пайдалануға берілді. Бүгінгі таңда шағын өнеркәсіптік аймақтар аумағында есік, фиброцементті плиталар және шыңдалған шыны өндіретін кәсіпорындар жұмыс істеуде. Сонымен қатар тұрмыстық химия өнімдерін, сутегі асқын тотығына арналған ыдыстарды және тамшылатып суару жүйелерін өндіру жобалары іске асырылуда. Сондай-ақ шағын өнеркәсіптік аймақтарды одан әрі дамыту мақсатында қаржыландыруды тарту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Акционерлік қоғам инвестициялық және әлеуметтік жобаларды іске асыруға бірлескен қызмет туралы шарт жасасу арқылы және жобаны тікелей іске асыратын бірлескен кәсіпорын қатысушыларының құрамына кіру арқылы қатысады. Біздің қатысуымызбен әлеуметтік базар, күн электр стансасы және тамшылатып суару жүйелерін өндіру бойынша жобалар іске асырылды. Одан бөлек микрокаржылық ұйымдар мен басқа да нысандар тұрақты түрде қызмет көрсетуде. Биыл көкөніс сақтау қоймасын салу, экологиялық таза такси қызметін енгізу арқылы таксопарк құру, сондай-ақ автомобильдерге арналған газ толтыру-компрессорлық стансаларын салу жобаларын пайдалануға беру жоспарлануда, – деді спикер.
Бұрын «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамының құрылымында жұмыс істеген «Zhambyl Invest» дирекциясы инвестиция тартудың тиімді әрі дербес құралы ретінде өзін жақсы қырынан көрсетіпті. Міндеттер көлемінің артуын ескере отырып, аталған құрылымды жеке заңды тұлға ретінде бөлу туралы шешім қабылданған екен. Спикер бұл басқару тиімділігін арттыруға, операциялық икемділікті күшейтуге мүмкіндік беретінін жеткізді. Бүгінде «Zhambyl Invest» облыстың инвесторларына арналған өңірлік фронт-офис ретінде жұмыс істеуде.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ
Қоғам қауіпсіздігі қатаң бақылауда
Ұқсас жаңалықтар
Қазақстан мен Моңғолия президенттері БАҚ өкілдеріне арналған брифинг өткізді
- авторAR-AY
- 21 сәуір, 2026



