«Тараз– қолөнершілер қаласы» халықаралық қолөнершілер фестивалі басталды
Биылғы ұлттық мұраны жаңғыртуға, қолөнерді дамытуға және дәстүр мен заманауи үрдістерді тоғыстыруға бағытталған «Тараз – қолөнершілер қаласы» халықаралық қолөнершілер фестивалі кеше басталды. Екі күнге жоспарланған мәдени іс-шара «Көне Тараз» тарихи этномәдени кешені аумағында өтуде. Фестивальға облыс әкімі Ербол Қарашөкеев қатысып, көрмені құттықтау сөзбен ашып берді.
– Тараз – уақыттың таңбасын сақтаған, өркениеттер үнін жеткізген, Ұлы Жібек жолының бойындағы адамзат мәдениетінің алтын арқауына айналған қасиетті мекен. Екі мың жылдан астам тарихы бар қала ғасырлар бойы сан түрлі халықтарды табыстырып, өнер мен дәстүрдің үзілмес желісін қалыптастырды. 2022 жылы Тараздың Дүниежүзілік қолөнершілер қалаларының тізіміне енуі – ел мерейін өсірген айтулы жетістік. Осы мәртебе – ата-бабадан аманат болған ұлттық қолөнеріміздің жаһандық деңгейде мойындалғанының айқын дәлелі.
Бүгінгі басқосу – мазмұны терең, мағынасы айрықша мәдени кеңістік. Мұнда дәстүр мен жаңашылдық үндесіп, өнер мен шеберлік жаңа деңгейде тоғысып отыр. Әр туындыда тарихтың ізі, әр өрнекте ұлттың жаны жатыр. Осы күндері Тараз төрінде алыс-жақын шетелдерден және еліміздің түкпір-түкпірінен келген шеберлер бас қосуда. Мұндай рухани алаң тәжірибе алмасуға жол ашып қана қоймай, тың идеялардың тууына, шығармашылық байланыстың нығаюына серпін береді. Фестиваль аясындағы көрмелер мен жәрмеңкелер, шеберлік сабақтары, ғылыми-практикалық кездесулер мен сән көрсетілімдері – ұлттық өнердің жаңа тынысын айқындайтын маңызды алаң. «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешені этноқалашыққа айналып, өткен мен бүгінді жалғаған ерекше рухани кеңістік қалыптастыруда.
Аталған игі шара өңірдің туристік тартымдылығын арттырып, қолөнер саласындағы кәсіпкерлікке жаңа мүмкіндік береді. Сонымен қатар мәдени байланыстарды тереңдетіп, ұлттық құндылықтарды ұлықтаудың жарқын үлгісіне айналуда.
Бүгінде Таразда жүздеген қолөнерші еңбек етіп, ұлттық өнердің дамуына өз үлесін қосуда. Алдағы уақытта қаланы ЮНЕСКО-ның шығармашылық қалалар желісіне енгізу бағытындағы жұмыстар да жүйелі жалғасатын болады. Бүгінгі іс-шара осы дәстүрдің лайықты жалғасы, – деді Ербол Шырақпайұлы.

Мұнан соң Қазақстан Республикасы Президентінің Кеңесшісі Мәлік Отарбаев сөз алып, ыстық ықыласын білдірді.
– Ардақты қолөнер шеберлері, қадірлі меймандар! Сіздерді «Тараз – қолөнершілер қаласы» халықаралық фестивалінің салтанатты ашылуымен шын жүректен құттықтаймын. Бұл фестиваль ғасырлар қойнауынан жеткен асыл мұраларымызды жаңғыртып, ұлттық өнеріміздің өрісін кеңейтетін тағылымы мол іс-шара.
Тараз – тарихы терең, шежірелі мекен. Бұл өңірден қыштан құмыра жасап, қолөнерді өркендеткен алтын қолды шеберлер көптеп шыққан. 2022 жылы аймаққа арнайы іссапармен келген Қасым-Жомарт Тоқаев та Тараздың қолөнершілер қаласы екенін өз көзімен көріп, оған куә болған. Жергілікті қолөнершілердің көрмесіне қатысып, ағаш пен теріден, киізден жасалған бұйымдарды, қыш ыдыстар мен ұлттық киім үлгілерін тамашалап, жоғары баға бергені баршамызға белгілі. Қасым-Жомарт Кемелұлы өз сөзінде халқымыздың мәдени мұрасын жаңғырту, ұлттық өнерді қолдау мемлекеттің басым бағыттарының бірі екенін атап өткен болатын. Бүгінгі фестиваль – сол игі жетістіктердің заңды жалғасы.
Осы орайда 2022 жылы Тараз қаласының дүниежүзілік қолөнершілер қалаларының тізіміне енуі баршамыз үшін зор мақтаныш әрі үлкен мәртебе болғанын айта кеткім келеді. Бұл – Тараздың ғана емес, бүкіл қазақ елінің бай мәдени мұрасы мен қолөнер дәстүрінің халықаралық деңгейде мойындалуы. Аталған жетістік жергілікті шеберлердің қажырлы еңбегінің, ұлттық өнерге деген шынайы жанашырлықтың нақты нәтижесі. Бұл іс-шара әр елден келген шеберлердің тәжірибе алмасуына, шығармашылық байланыстардың нығаюына және жаңа идеялардың туындауына жол ашады деп сенеміз. Сонымен қатар жас ұрпақты ұлттық өнерге баулып, төл мәдениетімізге деген құрметті арттыруда ерекше маңызға ие. Құрметті ағайын, қолөнерді дамыт у – өтк енді дәріптеп, болашаққа бағдар жасау. Бүгінгі ұрпақ бабалар аманатын жалғастырып, оны заман талабына сай жаңғырта білсе, ұлттық өнеріміздің ғұмыры ұзақ болмақ. Осы жолда сіздердің еңбектеріңіз бен ізденістеріңіз ерекше құрметке лайық. Шеберлеріміздің әрбір туындысы ел игілігіне қызмет етіп, ұлттық өнеріміздің мерейін үстем ете берсін, – деген Мәлік Нұржанұлы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі және «Тараз – қолөнершілер қаласы» халықаралық қолөнершілер фестиваліне атсалысқаны үшін бірқатар облысқа белгілі қолөнер шеберін Қазақстан Республикасы Президентінің Алғыс хатымен марапаттады.

Өз кезегінде Дүниежүзілік қолөнершілер ұйымының мүшесі, «Қазақстан этнодизайнерлер одағы» қоғамдық бірлестігінің президенті Салтанат Жапарова да сөз алып, мәні бөлек жиынның маңызына тоқталды. Мұнан соң өңір басшысы мен қонақтар көрмені аралап, шеберлердің туындыларын тамашалады.
Көрмені тамашалау барысында шеберлермен тілдесіп, пікірлесудің сәті түсті. Алғашқы кейіпкеріміз – Алматы қаласынан арнайы келген қолөнер шебері Гүлзира Сәрсембаева. Бүгінде жасы 74-ке келген шебермен сөйлескенімізде негізгі мамандығы физика пәнінің мұғалімі екенін білдік. Айтуынша, мектепте отыз жылдан астам уақыт ұстаздық қызмет еткен. Ал қолөнерге қызығушылығы бала кезінен басталған. Шебер тоқыма өнерін 11-12 жасында әжесінен үйреніпті. Сөзіне сүйенсек, Кеңес үкіметі тұсында ата-бабадан қалған ұлттық бұйымдарға сұраныс төмендеп, фабрикада дайындалған өнімдер қолданысқа енгендіктен қолөнермен шұғылдануды мүлде қойған көрінеді. Алайда осыдан бес жыл бұрын тоқыма өнерімен қайта қауышқан.
– Пандемия кезінде елдің барлығы үйінде оқшауланып отырғаны баршаға белгілі. Сол уақытта мен де бос уақытымды тиімді пайдалану үшін бала кезімде меңгерген тоқыма өнерімен айналысуды жөн санадым.
Білгенімді кейінгі ұрпаққа үйрету мақсатында қазір Алматы қаласындағы « Оқушылар сарайында» сабақ беріп жүрмін. Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Ұлттық орталық музейімен тығыз байланыстамын.
Көрмеге қолымнан шыққан терме, алаша, бау, басқұр секілді бұйымдарымды әкелдім. Мұның барлығы да таза жүннен ежелгі технологиямен иірілген, боялып, қолмен тоқылған табиғи өнімдер. Алашадан қалған қиындылардан қыздар күнделікті ұстап жүретін сәнді сөмкелер де тоқимын. Әр бұйымды әдемі шашақтармен безендіремін.
Фестивальда таныс әріптестермен, Түркістаннан, Талдықорғаннан келген шеберлермен, сондай-ақ Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстаннан келген бауырларымызбен қауышып, арқа-жарқа болып қалдық. Бәріміз бір-бірімізді жақсы танимыз, бір-бірімізден үйренеріміз көп, туысқандай болып кеткенбіз, – дейді Г.Сәрсембаева.
Реті келгенде шетелден келген қолөнершілерді де сөзге тартып, көрмеден алған әсерлері туралы сұрадық. Мәселен, Тәжікстанның Душанбе қаласынан келген Рахим Разыков биыл фестивальға екінші рет қатысып отыр екен.
– Өткен жылы тұңғыш рет келгенімде көне шаһар қатты ұнаған болатын. Тарихы тереңде жатқан Таразға биыл тағы да табаным тиіп отыр. Өзім табиғи былғарыдан түрлі бұйымдар жасаймын. 1982 жылы институт бітіргелі осы кәсіпті жаныма серік еттім. Қолөнершілік кәсіппен ұжым болып айналысамыз. Серіктестерім тастармен әшекейлеу жағына жауапты, ал мен таза теріні бұйымға айналдырамын. Біз мұнда өнімімізді елге көрсетуге және көңілі түскен адамдарға сатуға әкелдік. Жол шығынын да өзіміз көтердік. Осында келгенде бізді шекарадан күтіп алып, қонақүйге орналастырған, жағдайымызды жасап баққан ұйымдастырушы жігіттерге көп рақмет. Көрме жоғары деңгейде өтіп жатыр.
Біздің бұйымдарымызда тәжіктің ұлттық нақыштары мен ою-өрнектері бейнеленген. Бұл өрнектерді әйелдеріміз қолмен кестелеп шығады. Біз сол дайын кестелерді сөмкелерге, киімдерге аксессуар ретінде пайдаланамыз. Бұйымдардың бағасы еңбегі мен көлеміне қарай әртүрлі. Мәселен, сөмкелердің бағасы 50 доллардан басталып, 150 долларға дейін барады.
Қолөнермен айналысқысы келетін жандарға айтарым, бұл істе міндетті түрде жоғары білім немесе диплом болуы шарт емес. Ең бастысы, адамда шынайы ниет пен қалау болуы керек. Егер істеп жатқан ісіңді сүйіп, оған деген құштарлығың болмаса ештеңе шықпайды. Өз жұмысыңды бар ынта-зейініңмен атқарғанда ғана алға басуға, дамуға болады, – дейді Р.Разыков.

Ал қырғызстандық ағаш шебері Әбдіразақ Нұрадин көрмеге осымен үшінші рет қатысып отыр екен.
– Фестиваль өте жоғары деңгейде ұйымдастырылған деп ойлаймын. Себебі мұнда келген сайын қазақ халқының ерекше меймандостығын, сый-құрметін көріп жүрмін. Қай жерге барсам да құрмет көрсетіп, жылы қарсы алады.
Қолөнерлік кәсіппен айналысып жүргеніме шамамен 35 жыл болды. Ағаштан түрлі бұйымдар, мысалы, ыдыс-аяқ, әртүрлі тұрмыстық заттар, сонымен қатар ұлттық аспаптар жасаймын.
Жалпы осындай мәдени шаралар халықтарды жақындастырады деп ойлаймын, – дейді қырғызстандық шебер.
Ерекше атап өтерлігі – көрмеде тәжірибелі шеберлердің туындылары ғана емес, жастардың қиялынан туған ерекше дүниелер де қойылған. Мәселен, облыстық «Бақытты болашақ» оқушылар сарайының тәрбиеленушілерінің қолөнер бұйымдары ерекше назарымызды аударды. Көрмеге орталық оқушыларымен мұғалімдерінің саздан жасалған бұйымдары, папье-маше техникасы қолданылған туындылары қойылыпты.
Фестивальға жұмыстары ұсынылған авторлар – негізінен 12 мен 18 жас аралығындағы жасөспірімдер. Ерекше атап өтуге болатын жұмыстардың бірі – «Көктем аруы» деп аталатын қазақ қызының бейнесі. Бұл қолмен салынған картинаға ұқсамайды. Сұрап білгеніміздей, папье-маше техникасымен жасалған қолөнер туындысының бірі осы сурет екен. Оны жасау үшін алдымен ермексазбен бет пішіні сомдалып, үстіне қағаз бен желім қабаттап жапсырылады, кепкен соң қалыптан алынып, боялып, сәнделеді. Бұл туындының авторы – Айзере Сәкен есімді оқушы. Көрмеге келушілер балалардың жұмысына жоғары баға беріп, жасалу техникасына қызығушылық танытып, автормен бірге естелікке суретке түсіп жатты.
Фестиваль аясында кеше 15.00-де Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығында «Дәстүр және қазіргі заман» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылды. Сонымен қатар осы күні 19.00- де қолөнершілердің ұлттық киімдерінің сән көрсетілімімен бірге гала-концерт өтті. Концертте «HasSak» қазақ этно-фольклорлық ансамблі, «Қоңыр» тобы, Наркенже Серікбаева және жергілікті өнерпаздар өнер көрсетті. Бүгін, яғни 24 сәуір күні сувенирлік өнімдер жәрмеңкесі, қолөнершілердің шеберлік сағаты, өңірдегі туристік нысандарға экскурсия ұйымдастыру жоспарланған.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ




