Халқымыз небір қисса, жыр-дастан, аңыз-әпсана, ертегі арқылы да балаларды өскенде әділеттіліктің ақ туын жықпауға, адалдық пен ар-намысты бәрінен биік қоюға, ел мен жерді көздің қарашығындай сақтауға дағдыландырған. Бейбіт күннің өзінде жасөспірімдерді найза лақтыру, садақ ату секілді тағы да басқа соғыс өнеріне машықтандырып, ел қорғаудың әліппесін санасына жастайынан сыналап сіңірген. Соның арқасында ұрпағы ел мен жерге ие болуды, Отанды сүюді, қадірлеп, қастерлеуді өзіне бұлжымас парыз санаған.
КСРО дәуірінде де кәмелетке толған кез келген бозбала Отан алдындағы әскери борышын өтеуді азаматтық міндет ретінде өзіне мақтаныш тұтқан. Денсаулығына байланысты әскерге жарамай қалғанының қабағы түсіп, өзін өзгеден қор санаған. Ол кезде әскер қатарына алыну азаматтықтың, жігіттіктің нағыз өлшемі болған. Қазір ғой, жастардың кейбірі Отан алдындағы әскери борышты өтеу мерзімін «босқа кеткен уақыт» деп санайтыны. Негізінде мұндай түсінік ойлы адамның санасынан орын алмауы тиіс. Жалпы патриоттық рух өздігінен қалыптаспайды. Ол үшін мектеп қабырғасынан бастап, жергілікті жерлерде жасөспірімдер мен жастар арасында ұйымдастырылатын патриотизмді нығайтуға арналған мазмұнды іс-шаралар науқан ретінде емес, санада серпіліс тудыратындай шынайы мәнге ие болуы шарт. Идеологиялық жұмыстар жалаң ұранмен емес, жастардың санасына қозғау салатын сапалы отандық фильмдермен, тарихи тағылымдармен және заманауи насихат құралдарымен көрініс табуы қажет. Әскерге барып келген жастар арасынан қоғамға танымал адамдарды шығарып, оларды дәріптеп, жеткіншектерді сол азаматтай болуды армандайтындай дәрежеге жеткізуіміз керек. Тегінде, мемлекеттік идеологияны жүзеге асырушылардың ісінде ешқандай кемшілік болмауы қажет. Себебі рухани тәрбие ақсаған жерде ұлттық қауіпсіздікке де қатер төнетіні ақиқат.
Әскери қызметтің беделін арттыру жолындағы тағы бір басты мәселе – әскерден жалтарушылармен жүйелі күрес жүргізу және құзырлы органдардың жұмыс сапасын жаңа деңгейге көтеру. Қандай да бір азаматтың әскерден жалтаруына жол берілуі – қоғам алдындағы жастардың Отанға деген құрметінің төмендегенінің белгісі. Осы бағытта құзырлы органдар заңның қатаң орындалуын қадағалап, жастармен тікелей диалог орнатуды, түсіндіру жұмыстарын тереңдете түсуді қолға алуы қажет. Сонымен қатар әскер қатарына шақыру науқаны кезіндегі медициналық тексеру нәтижесі жалпы жұртшылық үшін күмән тудырып, көкейге күдік ұялатпауы керек. Жыл сайын әскер қатарына аттанған сарбаздардың арасында денсаулығына байланысты мерзімінен бұрын үйіне оралатындардың болуы медициналық комиссиялардың жұмысындағы салғырттықты көрсетеді. Құзырлы органдар әскерден мерзімінен бұрын қайтқандардың қаншауының денсаулығы шақырылғанға дейін жарамсыз болғанын, ал комиссияның оны не себепті анықтай алмағанын жіті зерттеуі тиіс. «Әскерге жарамды» деп танылған азаматтың кейін денсаулығы сыр беріп, елге оралып жатса, оған әсер еткен факторларды анықтап, кінәлілерді жауапқа тарту қажет. Себебі сап-сау адамның әскерден денсаулығына байланысты қайтып келгенін көрген немесе естіген жастардың әскерге баруға деген ниеті су сепкендей басылып, бұл жайт жастардың әскерге барудан жалтаруына түрткі болуы әбден мүмкін. Денсаулығы жарамсыз азаматтарды әскерге жіберу немесе физикалық тұрғыда мықты жігіттердің әскери қызмет кезінде денсаулығынан айырылып қайтуы қоғамның әскерге деген сеніміне селкеу түсіретін жағдай. Мұндай кезде ешкімге де өкпе арта алмаймыз. Себебі атпалдай азамат «Отан қорғаймын» деп әскерге кетіп опық жесе немесе орны ойсырап, жақындары қара жамылса, әрине, жастардың жүрексінуі орынды. Егер медициналық іріктеу кезеңінде немқұрайдылыққа жол берілсе немесе ол жақта әлімжеттік үстем тұрса, қаршадай бала тұрмақ, қалың қолдың өзі қаймығуы әбден мүмкін. Сондықтан әрбір сарбаздың денсаулығының бұрын қандай болғаны әскерге аттандырған медициналық комиссиядан, ол жағдай жауынгерлік өмірінде орын алса, жауабы тиісті әскери бөлімнен сұралуы тиіс. Жастардың Отан алдындағы борышынан жалтаруына жол бермеу үшін оларға әскери ортаның қауіпсіз екенін, онда тек нағыз мықтылар шыңдалатынын іспен дәлелдеуіміз керек. Азаматтық парызды өтеу абырой, мақтаныш болуы үшін мемлекеттік аппарат, медициналық мекемелер мен қоғам жұмыла жұмыс істеуі қажет.
Аталған мәселелерді біз текке көтеріп отырған жоқпыз. Себебі Мойынқұм ауданында 90-ға жуық азаматтың әскерге барудан жалтарып жүргенін естігенімізде ойымыз сан-саққа жүгірді. «Олардың Отан қорғаушылар қатарынан табылмауына не себеп?» деген сауал көкейден кетпей қойды. Аталған ауданның қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің әскерге шақыру және әскерден тыс жұмыс бөлімшесінің бастығы Нұрбақыт Егізбековтің айтуынша, былтыр осы ауданнан 94 азамат әскер қатарына аттанған. Оның ішінде мерзімінен бұрын қайтарылған азаматтар болмаған. Бірақ 88 азамат маңызды міндетке мұрын шүйіре қарап жүр. Не үшін? Бұл – ойланарлық жағдай.
– Қазіргі таңда ауданымызда әскерге барудан жалтарып жүрген 88 азамат анықталды. Олардың жас айырмашылықтарына келсек, барлығы 1999-2008 жылы туған азаматтар. Жергілікті атқарушы органдар арқылы және «1414» нөмірінен смс-хабарламалар барлық азаматқа жеткізіліп жатыр. Әскерге шақырылушы азаматтардың Отан алдындағы борышын өтеуге барғысы келмей жүруінің себептері әртүрлі. Әскерге барудан бас тартқан азаматтарға негізінде Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексінің 387-бабы қолданылады. Ашып айтсақ, әскери қызметтен босатуға заңды негiздер болмаған кезде осы қызметке шақырылудан жалтарушылар мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не төрт жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не бір жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. Негізінде өзiнiң денсаулығына зиян келтiру арқылы, «аурумын» деп жалған сылтаурату жолымен немесе жалған құжат жасау немесе өзге де алдау арқылы жасалған дәл сол іс-әрекет үш мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не сегіз жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не үш жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. Егер әскерге шақырылушы тергеп-тексеру органы iстi сотқа бергенге дейiн әскерге шақыру пунктiне өз еркiмен келсе, ол қылмыстық жауаптылықтан босатылады, іс әскери қызметтен жалтару бойынша қаралады. Ауданымызда жасөспірімдер мен жастардың патриоттық сезімін арттыру бойынша білім ошақтарында алғашқы әскери дайындық пәнінен патриоттық сабақтар және жастар арасында мектепаралық сайыстар ұйымдастырылуда. Сонымен қатар «Жас сарбаз» клубтары жұмыс істеп жатыр. Ауданымыздың көрнекі жерлерінде әскери қызметін жақсы атқарып жатқан азаматтардың суреттері ақпараттық тақталарда (баннер) ілінген, – дейді Нұрбақыт Талантұлы.
Мемлекеттің қорғаныс жүйесінің мығым болуы әрбір азаматтың Отан алдындағы жауапкершілікті терең сезінуіне байланысты қалыптасады. Қоғамда әскери қызметке деген құрметті арттыру үшін жүйелі идеологиялық жұмыс жүргізу мінсіз болуы керек. Саналы ұрпақ тәрбиелеуде олқылыққа жол берілсе, оны түзеу оңайға соқпайды.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ




