Жалпы шетелдік жастар біздің елімізді білім ордаларындағы оқу ақысының арзандығы үшін таңдай ма? Әлде Қазақстандағы тыныштық пен жайлылыққа назар аудара ма?
М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің «Шетел тілдері» факультетінің студенті Аджай Готам Үндістанның Бангалор қаласынан келіпті. Ол білім сапасы жоғары болғандықтан Қазақстанды таңдағанын айтады.
– Тараз қаласына алғаш рет 2018 жылы келдім. Келген сәттен бастап көне қаланың аурасы бірден өзіне баурап алды. Уақыт өте келе Қазақстанға қайта келіп, осында оқуға түстім. Бұл таңдауыма еш өкінген емеспін. Негізінде Үндістаннан келетін жерлестерім медицина саласын таңдайды. Ал мен өзімді тіл саласында сынап көргім келді. Айтарым, Қазақстанда білім сапасы жоғары. Тек оқимын деген ниет болса болғаны. Білім алу үшін Қазақстанды таңдауыма бірнеше нақты себеп болды. Ең алдымен, Азия елдерінде оқу ақысы Еуропа мен АҚШ-пен салыстырғанда әлдеқайда қолжетімді. Қазіргі таңда біз сабақтарды ағылшын және орыс тілдерінде өтеміз. Тобымдағы студенттердің басым бөлігі өзім секілді түрлі елден келген. Сол себептен алғашында тілдік айырмашылықтар мен мәдени ерекшеліктерге байланысты бірден араласып кету оңай болмады. Уақыт өте келе бір-бірімізге бейімделіп, ортақ тіл табысып, тығыз қарым-қатынас орната бастадық. Қазір біз тек сабақ оқып қана қоймай, бірге уақыт өткізу арқылы бір-біріміздің тілімізді түсініп, өзге ұлттар жайлы көп ақпараттар алмасамыз. Сонымен қатар Қазақстандағы өмір сүру деңгейі шетелдік студент үшін қолайлы деуге болады. Басқа мемлекеттермен салыстырғанда оқу ақысы да, тұрмыстық шығындар да аса ауыр емес. Университет жатақханалары мен жалдамалы пәтерлердің бағасы салыстырмалы түрде төмен. Тағы бір байқағаным – тағамдары да өте сапалы. Азық-түліктер табиғи, құнарлы әрі бағасы да қалта көтерімді. Сондай-ақ қала таза, тыныш. Кейде топтағы студенттермен бірге табиғат аясында демалып, сейіл құрамыз. Бір сөзбен айтқанда, Қазақстан шетелдік студенттер үшін тиімді баға мен сапалы білімді үйлестіре алған елдердің бірі, – деді Аджай Готам.
Студенттердің айтуынша, Қазақстанның географиялық орналасуы, қолжетімді оқу ақысы, сондай-ақ көптілді білім беру мүмкіндіктері де шетелдік талапкерлер үшін тартымды себептердің бірі. Көптеген жоғары оқу орындарында ағылшын тілінде білім беретін бағдарламалардың саны артқан. Бұл өз кезегінде шетелдік жастардың таңдау жасауына оң әсер етеді.
Осы орайда елімізге Қарақалпақстан Республикасынан білім алуға келген студент Гүлсина Аймағамбетпен де сөйлесуді жөн көрдік.
– Таразда оқып жатқаныма биыл үш жыл болды. «Филология және гуманитарлық ғылымдар» факультетінде оқимын. Шет елге оқуға түсемін деп бала кезден шешім қабылдап, Қазақстанды да ешкімнің ықпалынсыз өзім таңдадым. Оқу барысы өзіме қатты ұнайды. Сондай-ақ студенттер үшін медициналық қызметтің қолжетімді болуы да Қазақстанды таңдауда маңызды себептердің біріне айналып отыр. Мен секілді шетелден келген жастар үшін денсаулық сақтау жүйесінің түсінікті әрі қолжетімді болуы – оқу барысында алаңсыз білім алуға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек студенттер қажетті оқу құралдарымен, соның ішінде кітаптармен тегін әрі кезексіз қамтамасыз етіледі. Университет кітапханалары талапты жастарға әрдайым ашық, қажетті ақпаратты еркін іздеуге жағдай жасалған. Жеке өз басым оқу орнын таңдауда, ең алдымен, оқытушылар құрамына ерекше мән бердім. Қазақстандағы жоғары оқу орындарында тәжірибесі мол, кәсіби деңгейі жоғары профессор-оқытушылардың дәріс беруі мен үшін маңызды болды. Олар тек теориямен шектелмей, практика жүзінде де тақырыпты жақсы түсіндіреді. Сонымен қатар мұндағы адамдардың ашықтығы мен мейірімділігі де бірден байқалады. Қандай да бір мәселе туындаса немесе түсінбегенде айналаңдағы адамдар көмектесуге дайын тұрады. Бұл елдің қонақжайлығы өзім секілді шетелдік студенттің жаңа ортаға тез бейімделуіне ықпал етеді. Білім беру тәсіліндегі айырмашылық та айқын сезіледі. Қазақстанда студенттің белсенділігіне ерекше көңіл бөлінеді. Сабақ барысында пікірін айтуға, сұрақ қоюға, өз ойын еркін жеткізуге мүмкіндік береді. Ал біздің елімізде көбіне лекция форматы басым болып, студент тек тыңдаушы рөлінде қалатын. Мұнда керісінше, әр студенттің қатысуы, ой бөлісуі, талқылауға араласуы талап етіледі. Осындай талаптардың арқасында жауапкершілігім артып, сабақ үлгерімім де айтарлықтай ілгеріледі, – деді студент Гүлсина Аймағамбет.
Еліміздегі әлеуметтік-мәдени орта да шетелдік студенттердің бейімделуіне қолайлы жағдай жасайды. Университеттер жанынан ашылған дайындық бөлімдері, тілдік курстар мен бейімдеу бағдарламалары шетелдік студенттердің жаңа ортаға тез сіңісуіне көмектеседі.
Біз келесі кезекте Түркияның «Yaşar» университетінде білім алып келген студент Құндыз Ескермесқызымен де тілдесіп, білім жүйесіндегі айырмашылықтар туралы пікірін білдік.
– Шетелде оқу тек диплом алумен шектеліп қана қоймай, ең алдымен, ойлау жүйеңді өзгертеді. Таңсық жерлер, бейтаныс орта, өзгеше мәдениет ой-өрісіңді кеңейтеді. Бастапқыда жаңа ортаға бейімделу оңай болмады, тілдік кедергілер, оқу форматының өзгешелігі біршама қинады. Оқу процесінің өзінде де айтарлықтай айырмашылық болды. Шетелде студенттен тек дайын ақпаратты қабылдау емес, оны талдау, салыстыру, өз пікірін дәлелдеу талап етіледі. Көп жағдайда тапсырмалар өмірмен байланыстырылады, кейс, жоба, зерттеу жұмыстары арқылы нақты мәселені шешуге бағытталады. Яғни алған біліміңді бірден практикада қолдануға мүмкіндік бар. Тағы бір маңызды тұсы – оқытушы мен студент арасындағы қатынас. Мұнда сенің пікіріңе мән беріледі, қателесу қорқынышты емес, керісінше, ол да оқу процесінің бір бөлігі ретінде қабылданады. Сабақта үндемей отыру емес, белсенділік таныту негізгі талаптардың бірі. Сонымен қатар бейтаныс ортадағы күнделікті өмір де үлкен мектеп болды. Уақыт, қаржы, тұрмыс сынды өмір сүруге қажетті ресурстардың барлығын өзің жоспарлайсың. Әртүрлі елден келген студенттермен араласу да көзқарасыңды кеңейтеді. Әрқайсысының ойлау жүйесі, мәдениеті бөлек, сол арқылы өзімнің де дүниетанымым өзгерді, – деді Қ.Ескермесқызы.
Шетелдік студенттер санының артуы отандық білім беру саласына жаңа серпін береді. Бір жағынан, университеттер арасындағы бәсекелестікті күшейтсе, екінші жағынан, оқу сапасын жетілдіруге, инфрақұрылымды дамытуға және халықаралық байланыстарды нығайтуға ықпал етеді. Осылайша Қазақстан жоғары білім беру кеңістігінде өз орнын айқындап, шетелдік жастар үшін тартымды білім орталығына айналып келеді.
Сымбат ҚУАНЫШ



